Қонаевқа көгілдір отын қашан жетеді?
Алматы облысында тарифтерді есептеу жүйесі өзгеріске ұшырады. Енді тұрғындар суды аз пайдаланса, төлем де соған сай аз болады.
Мәселен, айына 3 текше метрге дейін су пайдаланатындар ең төменгі тарифпен төлейді, ал 3-тен 5 текше метрге дейін тұтынғандар 20 пайызға жоғары тарифпен есептеседі. Тұтыну көлемі 5-тен 10 текше метрге дейін болса, тариф 50 пайызға артады. Ал 10 текше метрден асқан жағдайда ең жоғары тариф қолданылады. Облыстық баспасөз қызметінің айтуынша, аталған жаңа жүйе отбасыларды ресурсты үнемдеуге ынталандырады. Әрі тарифтік өзгерістер инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға да мүмкіндік береді. Мәселен, 2024 жылы басталған жобалар аясында желілер жаңартылып, қызмет сапасы артқан көрінеді. Жиналған қаражат жаңа жабдықтар мен құралдарды сатып алуға жұмсалып, желілердің тозуы мәселесін шешуге бағытталып жатыр.
Одан бөлек, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2024 жылдың басынан бері 325 тарифтік өтініш қаралып, оның 204-і талаптарға сәйкес келмейтінін анықтағанын мәлімдеді. Департамент мамандарының ақпаратына сүйенсек, 5 жаңа тариф бекітіліп, тұрғындарға 117 миллион теңге қайтарылған. Оған қоса, жылу есептегіш құрылғылары жоқ тұтынушыларға 18 миллион теңге өтемақы берілген. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Сейітбекқызы былай дейді:
«Тарифтік өзгерістер тек бағаны реттеуге ғана емес, сонымен қатар қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Инвестицияларды тиімді пайдалану арқылы біз инфрақұрылымды жаңартып, тұтынушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттырамыз».
Су мәселесімен қатар көгілдір отынмен қамту жағы да назарда. Ең алдымен жылу электр станцияларын газға ауыстыру мәселесі кешенді жоспармен бекітіліп, өңірдегі ЖЭО-лар 2026 жылға дейін көгілдір отынға ауысуы керектігі айтылған. Екінші бағыт – Алматы қаласына жақын орналасқан бес аудандағы елді мекендерді газға қосу. Бұл тіпті «Алматы агломерациясы» туралы заңда да көзделген. Алматы облысы экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділовтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы ден қойып кіріскен. Алдағы үш жылда мұндағы елді мекендер толықтай газға қосылады деп жоспарланған. Ал облыс орталығы Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде. Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес көгілдір отынға қосу ісі үздіксіз жүргізіліп жатыр. Осы бағытта Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2021-2023 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламада бекіткені есімізде. Жауапты мекеме – «Қапшағай өңірінің газ желілері» ЖШС. Олар келер жылға дейін газ тарту жұмыстарын жүргізетінін баяндаған. Дәл қазір Қонаев қаласындағы 4-ықшамауданда ұзындығы 2,82 км болатын газ желілері салынып, аяқталған. Осының нәтижесінде 787 абонент көгілдір отынға қосылды.
«Біздің міндетіміз – инвестициялық бағдарлама негізінде көпқабатты тұрғын үйлерге газ тарту. 2023 жылы Қонаев қаласындағы 4-ықшамаудандағы бірқатар үйлерге газ тартылды. Бізге бөлінген 35 млн 800 мың теңгені толықтай игердік. Биыл 4-ықшамауданды толықтай газға қосу үшін жұмыс жасап жатырмыз. Жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Келесі жылы екінші ықшамауданда орналасқан тұрғын үйлерге газ кіргізу жұмыстары жалғасын табады», – дейді «Қапшағай өңірінің газ желілері» ЖШС-ның қаржылық директоры Қайыржан Уразалин.
Маманның айтуынша, 2024 жылдың соңына дейін Қонаев қаласының –3, 4, 5-ықшамаудандарында алаңішілік газ кіргізу жұмысы аяқталады. Инвестициялық бағдарламаға жалпы сомасы 39 млн теңге қарастырылған. Жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп, жыл соңына дейін тағы 765 абонент көгілдір отынды тұтынатын болады.
Балауса Ділдәбек