Қонаевта Бақыт Беделхан мен Бақыт Жағыпардың әдеби-шығармашылық кеші өтті
19 желтоқсан күні Қонаев қаласында қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған мазмұнды рухани кеш өтті.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шара ақын-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан мен айтыскер ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақыт Жағыпардың әдеби-шығармашылық кешіне арналды.
Іс-шара Алматы облысы әкімдігінің суретшілер мен ақын-жазушыларды ынталандыру мақсатында тағайындаған «Ақтангер» стипендиясын табыстау рәсімінен басталды. Қонаев қалалық кітапханасында өткен жиында облыстың қаламгерлері мен мәдениет өкілдері бас қосып, өңір әдебиетінің бүгінгі ахуалы мен болашағы жөнінде ой бөлісті.

Ал кешкі сағат 16:00-де аталған шара Қонаев қалалық мәдениет үйінде қос Бақыттың әдеби-шығармашылық кешіне жалғасты. Кеш барысында Бақыт Беделхан мен Бақыт Жағыпардың таңдаулы өлеңдері оқылып, ақындардың сөздеріне жазылған әндер шырқалды. Сонымен қатар Алматы облысынан шыққан ақын-жазушылардың жаңа кітаптарының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Шараға Алматы облысының зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, ақын-жазушылар мен әдебиет сүйер қауым қатысты. Кеш барысында қонақтар қос ақынның шығармашылығына қатысты ой-пікірлерін білдіріп, әдебиеттегі қолтаңбалары мен азаматтық ұстанымдарына жоғары баға берді.

Іс-шараның басты мақсаты – шығармашылық тұлғалардың өмір жолы мен еңбегін көпшілікке таныстыру арқылы өңірдегі әдеби ортаның дамуына серпін беру, өлең сүйер қауымды ұлттық әдебиеттің қадір-қасиетін бағалауға үндеу.
Қонаев төрінде өткен бұл рухани кеш Алматы облысындағы әдеби-мәдени өмірдің жанданып келе жатқанын тағы бір мәрте айқындап, оқырман мен қаламгер арасындағы рухани байланысты нығайта түсті.