Қонаевта төбелес кезінде екі адамды көлік қағып кетті

Қонаев қаласында төбелес кезінде екі адамды әдейі көлікпен қағып кеткен.
Оқиға 21 тамыз күні кешке "Бавария" кафесіне жақын жерде болған. Әлеуметтік желілерде тараған видеодан бір көліктің төбелес орнына келіп тоқтағанын көруге болады. Оның ішінен және жүксалғышынан бірнеше адам белгісіз заттарды (ықтимал суық қару) алып шыққан.
Алайда қарсы тарап күтпеген әдіс қолданған: көлікпен екі адамды қағып түсіріп, кейін көліктен шығып, қалғандарын қуып, ұрып-соққан.
Жәбірленушілердің бірі басынан, омыртқасынан және тізесінен қатты жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше ота жасалуы мүмкін екенін айтқанымен, қазіргі жағдайда операцияны кейінге қалдыруға тура келген.
Алматы облыстық полиция департаменті оқиға бойынша түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, тәртіп сақшылары ізін суытпай күдіктілерді анықтап, екі адамды қамауға алған. Олар уақытша ұстау изоляторына жеткізілген.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық іс «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қозғалған.