Конституция коммерсанттың қарыз дәптері емес
«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты», деген мәтел болушы еді. Қазақтың қазіргі хәлі сол тоқал ешкінің күйіне келетін сияқты.
Қаңтар қырғынынан кейін «Жаңа Қазақстан құрдық, Нұрсұлтан Назарбаев жасаған отыз жылдық шіріген жүйені түп-тамырымен шауып тастайтын болдық», деп қала түгілі, қырдағы қоңыр қазақ қуанып еді. Кешегі кезектен тыс өткен «Аманат» партиясының съезінде Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін, өрекпіген көңіл су сепкендей, басылып қалды.
Басылмай қайтсін, бұдан былай Конституцияда Нұрсұлтан Назарбаевқа «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген мәртебе қоса берілетін болды. Бұл туралы Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымының докторы Ермек Әбдірасұлов брифинг кезінде айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияда қара басына ғана емес, үрім-бұтағына жетерлік заң нормалары бар.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық заң әлі өз күшінде. Аталмыш заң Конституцияға түзетулер енгізілген соң ғана күшін жояды. Бұл туралы мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді. Е.Қошанов: «Түзетулер енгізілген соң, елбасы мәртебесі алып тасталады. Конституцияда Назарбаевтың мемлекеттің негізін қалаушы ретінде рөлі қалады. Осы норма қабылданғаннан кейін Тұңғыш Президент туралы Конституциялық заң да күшін жояды», – деп ашық айтты.
Сонымен, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық заңда экс-президентке қатысты қандай ерекше құқықтар бар еді? Аталмыш заңда Назарбаев «Қазақстан Президентінің өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды, оны ұстап алуға, қамауға алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға, не жеке басын жете тексеруге болмайды. Назарбаевқа және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, хат-хабарларға, оларға тиесілі құжаттарға да тиісуге тыйым салынады. Өз өкілеттігін орындауды тоқтатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымдық жалақысының 80 проценті мөлшерінде ай сайын зейнетақы алуға құқылы» делінген...
Бір қызығы, біздің Конституция кім көрінген келіп өзгертулер мен толықтырулар енгізіп кете беретін құнсыз құжатқа айналып бара жатқан сияқты. Анығында, әркім бір шимайлап кете беретін Конституция коммерсанттың қарыз дәптері емес. Ата Заң Күлтегін құлыптасы сияқты тасқа қашап жазылған тарих болып қалуы керек еді. Амал қанша, мемлекеттің айбыны болып саналатын қасиетті құжат қазақтың емес, биліктегі жуандардың ығына жығылып, солардың сойылына айналып болды...
Айтпақшы, осы жолғы съезде «Адал» партиясы «Аманаттың» бел баласы екенін дәлелдеді. Саясат сахнасында өз рөлін жақсы сомдап, аты ауысқан «Аманатқа» қосылды да «қош, махаббат» деп, тарих қойнауына сіңіп кетті. Кезінде «Асар» деген әпкесі «Нұр Отанға» ұзатылған болатын-ды. «Адал» да сол жолды жазбай таңдады. Асарын асап, жасарын жасаған «НұрОтан» «Асарды» бір асап қылғығанда, аты ауысқан «Аманатқа» «Адал» алты малта ас болсын ба?
Президенттердің партиямен аты былғанбағаны дұрыс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аманаттан» шыққаны өте оң шешім болды. Мемлекет басшысының партияда болуы жағымпаздарды көбейтетіні анық. Егер президент бір партияда болса, жандайшаптар сол партияға кіруге таласып, қолдан құдай жасауға көшеді. Н.Назарбаев сондай кепті басынан кешкен жоқ па? Оның үстіне, «Нұр Отан» осы уақытқа дейін «билік партиясы» деген лақап атпен келді. Демократиялы қоғамда барлық партияның құқығы тең болуы керек! Съез кезінде Қ.Тоқаевтың өзі: «Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады», – деді. Біздің де ой осы еді.