Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Конституция жобасында Құрылтайды таратуға шектеулер енгізілді

Құрылтай
Фото: Ақорда

  2026 жылғы 10 ақпанда Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында ел Конституциясының жобасына енгізіліп жатқан бірқатар маңызды өзгерістер таныстырылды. Жиында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Құрылтайды тарату тәртібіне қатысты ұсынылған жаңа нормаларға тоқталды.

Оның айтуынша, Конституция жобасы бойынша азаматтар мен сарапшылардан ұсыныстар әлі де келіп түсуде. Соның ішінде ең көп талқыланған мәселелердің бірі — Президенттің Құрылтайды тарату жөніндегі өкілеттігі.

Бақыт Нұрмұхановтың мәлімдеуінше, жарияланған Конституция жобасында Президенттің Құрылтайды тарату өкілеттігі императивті норма ретінде, яғни міндетті сипатта көрсетілген. Алайда ұсыныстардың бір бөлігі бұл норманы диспозитивті, яғни Президенттің құқығы ретінде бекітуді ұсынған. Осыған байланысты Конституцияның 46-бабының 2, 4 және 8-тармақтарына, 57-бабының 1-тармағына, сондай-ақ 62-бабының 1 және 2-тармақтарына тиісті түзетулер енгізілген.

Сонымен қатар Конституция жобасында Құрылтайды таратуға нақты шектеулер белгілеу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Құрылтайды келесі жағдайларда таратуға жол берілмейді:

  • төтенше жағдай немесе соғыс кезінде;

  • Президенттің өкілеттік мерзімі аяқталуына алты ай қалғанда;

  • Құрылтай бұрын таратылғаннан кейін бір жыл ішінде;

  • Конституция жобасының 51-бабында көзделген өзге де жағдайларда.

Ұсынылып отырған бұл өзгерістер мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға, сондай-ақ саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жұмысы алдағы уақытта да жалғасады, ал Конституция жобасына қатысты қоғамдық талқылау әлі аяқталған жоқ.