Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
23:17, 18 Наурыз 2019

Көп білгенін азсынған...

Белгілі әдебиеттанушы, әуезовтанушы Рафат Әбдіғұловтың өзі оқыған мектепте ғалым есімімен кабинет ашылды.
Жамбыл ауданы Жамбыл аулындағы Жамбыл орта мектебінде білім алған Рафат Әбдіғұлов ұзақ жылдар Әуезов мұражай-үйінде қызмет етіп, Әуезовтың елу томдығын құрастырып, қолжазбаларына ғылыми түсініктер жазды. Сүйінбай мен Жамбылдың шығармалар жинағын құрыстырып, Сұраншы, Саурық батырлар, Мақаш балуан сияқты тұлғалардың өмір жолдарын архивтік негізде зерттеп жазған.Қазіргі кезде әдеби үрдістерге етене араласып, жаңа буын жастардың шығармаларына өз бағасын берген. «Қуаныштың қатарлары» циклды мақаласы өз қатарластарының шығармашылық портретін жасаған тың зерттеу ретінде оқырмандардың есінде қалды.Жұмабай Шаштайұлы: «Біз – Андабаев Сағат, мен, Рафат Әбдіғұлов, Бақыт Балаева мектеп табалдырығын орысша аттадық. Мен орысша түк түсінбедім. Содан ақыры ең бірінші Рафат пен Бақыт кетті, содан кейін мен орыс сыныбынан кеттім. Қазір ойласам, адамның кішкене мақтаншақтығы, кемшілігі болады. Мен өзімді орысша жақсы біліп қалдым ғой деп ойладым. Бірақ ең таңғаларлығы, Рафат орыс тілін шынымен жақсы білді. Классикалық әдебиеттегі ең қиын сөздердің аудармасын сұрасаң, қиналмай түсіндіріп беретін. Түсіндірме сөздіктен оқығандай болатынсың. Болашақ ұрпақ кімнен үлгі алу керек? Менен үлгі алмай-ақ қойсын… Қаншама уақытымыз зая кетті. Ал Рафаттан үлгі алса болады. Қазір ойласам, егер Рафат Рымғали Нұрғали сияқты ұстазға жолықанда, мүлде басқа деңгейге жетер ме еді?! Рымғали Нұрғалидың жанында жүрген адамдарды білемін ғой...Мен жиырмадан асқан жасымда жаза бастадым. Алдында ақын боламын дедім. Кейін өлеңмен қоштасу қиын бола бастады. Бірақ оны ешкімге айта алмадым. Бір күні жазып жүргенімді Рафатқа оқытамын. Ол мені әкеме танытып сынады. Оны көргім келмей кететін. Одан жек көретін адамым болмайтын сол сәтте. Кейін Отарға барып, тағы түзеймін. Тағы сынайды. Кейін жұмсара бастады. «Қияда» деген әңгіме жазып біткем. Соны оқып: «Мынаны ұялмай кез келген жерге бастырсаң болады» деді. Мен қатты қуанып кеттім. Болды, жазушы болдым деп ойладым. Кейін сол әңгімені Рымғали Нұрғалиұлына көрсетіп едім, бір жыл оқымай қойды. Бір күні Рымғали мені іздеп жатыр екен. Осындай он әңгіме жазсаң жазушы боласың деді. Ертең кел деді. Ертесі барып ем, мынау әлі бітпеген. Тағдырды көрсете алмағансың деді. Жаман жыным келді. Бітті екен деп жүргем ғой. Кейін оны толықтырып жаздым, «Аспанқора» деген повеске айналды. Содан менің айтайын дегенім, егер Рафат пен Рымғали болмағанда, бәлкім, мен осы деңгейге жетпес едім, кім біледі… Менің өмірімде Рафат жолықпағанда, не болар еді деп ылғи ойлаймын.Мына ашылып жатқан кабинеттен Рафат сияқты адал, әділ азаматтар өсіп шығуына тілектеспін.»Кенжехан Матыжанов: «Рафат өте сауатты еді. Белинскийді жатқа айтатын. Кейбір мақалаларын мысалға келтіргенде, сөзіне ілесе алмай қалатын едік. Ауылдан келген балалармыз, орысшаға жүйріктігіміз жоқ. Біз шетел әдебиетін онша жақсы білмей, оқуға түстік. Қаншасы аударылды соны оқып жүрдік, қалғанын біле берген жоқпыз. Рафат орыс тілі арқылы ол әдебиетті де жақсы оқитын. Усвяцова деген мұғалім шетел әдебиетінен лекция оқыды. Орысша. Бір сөзін түсініп, бір сөзін түсінбейтін едік. Сол кісі айтатын: «Қазақтілді студенттердің арасында Рафат Әбдіғұлов сияқты сауатты шәкірт көрмедім. Мен үшін үлкен жаңалық болды» деп. Семинар сабақта Рафат әлгі кісімен таласып кететін көрінеді. Біздің арамызда сол кезде Рафатқа Белинский деген ат қойылған. Онша оқымайтындар, Рафаттан қашып жүретін. Аз білгенін айтқысы кеп тұратын адамдар болады. Рафқаң көп білгенін азсынып, айтпай жүретін. Бойын жасырған тұлпардай болатын. Оның әуезовтану, сүйінбайтану, жамбылтану ғылымдарына сіңірген еңбегі қазақ әдебиеттануындағы іргелі жұмыстар боп бағаланады».  Түйін: Өзіне ғана жарасатын зор денесімен асықпай жүріп, ақырын бұрылып, жағымды даусымен ауыл әңгімелерін де шебер баяндайтын. Бір кездері «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Жасырып-жабатыны жоқ...» деген сұхбаты әдеби ортада қызыға оқылып, қызу талқыланып еді. Сол кезде Рафат Әбдіғұловтың ғалымдығынан бөлек, азаматтық болмысын аздап болса да танығандай болып едік. Енді қайырылып келмейтін уақытты, ағаны ойлаған сайын, кеуде тұсың шым ете түсетіні болмаса, бәрі де баяғыдай ғой...Фотолар автордікі.
Тегтер: