Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:55, 21 Желтоқсан 2023

Көп мақталған «Күлпетті» оқығанда...

Шархан Қазығұл
Фото: kaztag.kz

«...Жазушы ештеңені ойдан шығармайды. Бәрібір басынан кешіргенін жазады. Тіпті атам заманғы Мысыр перғауынын сөз еткен күнде де кейіпкерінің басында болып жатқандар суреткердің өз басынан өткендерді еске салып отырады. Сондықтан кез келген көркем шығарма – бет алды қиял қаңғырысы емес, адам жаны деп аталатын аран үңгірді қазымырлана індеткен археологиялық зерттеу», – депті Кекілбайұлы.

Рас-ау. Тіпті өзі оқиға ішінде болмаса да, тақырыбын зерттеп, зерделеп барып, қолына қаламын алады. Олай болмаған күнде, жазып отырғаны құрғақ, сенімсіз шықпақ. Ал нысанаға алған оқиғаны кейіпкерлер арқылы суреттегенде өзі де сол оқиға ортасында жүргендей күйінішпен, қиналыспен жазбаса, жадағай баяндау болып қана қоймақ.

Осы күні қазақ әдебиеті романнан кенде емес. Соңғы уақытта шығып жатқан кітаптардың да легі қатты. Біз қуансақ, жаңа кітаптың шыққанына ғана қуанып жүрміз. Ал олардың бағасын, көркемдік жетістігін, толайым табысын айтып, талдап, тарқатып жатқанымыз жоқ. «Әдебиетке көңіл бөлінбейді» деген сөзді айта-айта әбден сүйекке сіңіріп алдық па, бәйге өтсе де, кітап шықса да – қуанатын болыппыз. Бәйге қалай өтті, кітап қалай шықты, шығарма қалай жазылды – оған әзірге көп алаңдап жатқан жоқпыз. Артықтық етпес, кітап шыға берсін, көркем әдебиет жазыла берсін. Тіпті әдебиетімізге көңіл бөлінбей жатқан тұста да ештеңе жазылмай қалған жоқ. Жүрегін жазуға байлаған жазарман қауым көңілін тербеп, жан дүниесін астан-кестен еткен жәйтты жазбай тұра алмайды.

Көңіл бөлу деген сол – өткен жылы «Меценат» сыйлығы тағайындалды. Жеңімпаз қаламгер ғұмырының соңына дейін айына 500 АҚШ долларын алып отырмақ (жеңімпаздарға Құдай ғұмыр берсін!). Сол сыйлықты алғашқы боп «Күлпет» романы алды. Авторы – Шархан Қазығұл.

Тақырыбының өзі – оқырманға таңсық сөз. Алдымен осы не сөз болды екен деп қызығасыз. Екінші жағынан өмірін журналистикаға арнаған автордың алғашқы романы. Қалай жазды екен, онысы тағы роман болса, қандай тақырыпты өзек етіпті деп ентелей түсесіз. Бас кейіпкері Әбужанның аузымен автор «күлпет» сөзінің «жан азабы» деген мағына беретінін айтады. Демек роман Әбужанның жанын жеген азап туралы болмақ.

Кітап мұқабасының соңғы бетіне белгілі адамдардың «Күлпет» туралы пікірлері топтастырылыпты. Сонда жазушы Роза Мұқанова: «Ешкімді қайталамайды, ой ұрлығы да, сюжет ұрлығы да жоқ, жанын жеген кейіпкер арпалысы бар» деп бағалапты. «Ой ұрлығы да, сюжет ұрлығы да жоқ» дегені мақтау ма, әлде ішінде бір күдігі болып, сол күдік орындалмағанына қуанғаны ма? Расын айтқанда, мақтаудың түр-түрін оқып жүрміз ғой, дәл осындай көтерме сөзді бұрын-соңды оқымаппыз. Тосылып, тосырқап қалғанымыз рас.

Ал кітаптың басына берілген «Тынысы кең тосын туынды» атты мақаласында сыншы Құлбек Ергөбек мақтауды аямапты. «Жаңа типті роман» депті. Әдетте сыншылар бұндай жаңа типке ат қойып, айдар тағып жатушы еді. Ағамыз өйтпепті. Тек өте жоғары бағалағанын айтыпты. Одан ары адамның ындынын тауысып, оқуға ынтықтырды да қойды. Сонымен Абу Райс – Әбужанның жан азабы не болды екен деп, романға бас қойдық.

***

Азан шақырып қойған аты Әбужан – жұрт Абу Райс атап кеткен бас кейіпкер АҚШ-тан туған жері Қазақстанға оралу үшін әуежайда отыр. Өз ойымен арпалысып отырған Абу Райс ұшаққа отырарда сантүрлі ойдың жетегіне кетіп, мазасызданады. Тіпті өлім туралы да ойлайды. Ұшаққа отырып, белгілі биіктікке көтерілген соң ғана алаңы басылады. Бір танысының: «Ұшу барысында ең қауіпті кезең – көтерілу мен қону кезі. Белгіленген биіктікке бас тірегеннен кейін аса жүрексінудің қажеті жоқ. Өйткені бір ізге түскен ұшақтың жұмысынан ақау шығуы екіталай» деген сөзі есіне түсіп, әуе жолсерігінің белгілі биіктікке жеткенін айтқанын естігенде, жаны тынышталады. Абу Райстың бар алаңы осы ақпаратты оқырманға жеткізу үшін жазылғандай. Жанында отырған келіншекке көз қиығын тастап, сөйлесуге батпайды. Әлі ұзақ жол барын ойлап, онымен сөйлесетін уақыт келеді деп күтеді. Алда сол келіншекпен (Ләззат) Абу Райстың арасында әңгіме болатыны анық сезіледі. Қазақ әйелінің ұяңдығын ойлап отырған ол осы сәтте шешесін еске алады.

Бұл кезде сіз романның екінші линиясы басталды деп ойлап қаласыз. Өйткені автор үшінші жақтан баяндағанда, шегініс арқылы сол өмірді қатар алып жүретіндей көрінеді. Бірақ сіз күткендей болмайды. Абу Райстың әкесі Ерден мен анасы Рахияның басынан өткен бір оқиғаны қысқа ғана баяндап өте шығады. Ол оқиғада жылқышы Ерден алдындағы үйірін тебінге айдап шығады. Түс ауа ауа райы астан-кестен өзгеріп, ақ түтек боранға ұласады. Үйінен ұзап кеткен Ерден екі күн адасып, үйіне оралады. Сол күндері Рахия Құдайдан амандығын тілеп, дұға етумен болады.

Әбужанның ұшаққа мінердегі қобалжуын, ойымен арпалысын едәуір жазған автордың жылқышы өміріндегі осы бір қиындықты оп-оңай баяндай салғанына таңғалдық. Осы екі күнде Ерден мен алдындағы үйірі қандай азаптан өтті? Ерден қалай аман қалды? Ал кішкентай баламен үйде қалған Рахия амандық тілеп, түс көруден басқа шаруамен айналыспады ма? Романға азық болатын нағыз материал осы тұс еді. Шығарманың әжептәуір салмағын арттырар жылқышы өмірінің қиындығы мен үйде жас сәбимен қалған ананың уайымнан іш құса боп кете жаздайтын хәлін автор соншалықты жеткізіп жаза алмаған. Материалды білмейтіндігі де себеп болған шығар, екінші жағынан тәжірибесінің де жоқтығы ма, онша назар аудармапты. Ақ түтек бораннан аман келген Ерденге: «Амансың ба, азаматым?» деп қана сөз айтқан Рахияның «екі беті бал-бұл жайнап, өңді жүзіне қуаныш табы қонақтағандай еді» деп қана аяқталады. Шын мәнінде роман жүлгесінің соқталы бір тұсы болатын, кейіпкерлерінің психологиялық та, физикалық та қысым көретін тұсы еді. Отамалыға тап келген жанның арпалысын Тобық Жармағамбетов қалай суреттеп жазғанын есіңізге алыңызшы. Бұл одан бір кем түспейтін оқиға. Жә, бұл Абу Райстың оқыс қана ойына түсіп кеткен оқиға деп қарайық. Себебі бұл ешқандай линия емес. Жәй ғана бас кейіпкердің есіне оралған оқиға.

«Шіркін қазақ қыздары Ирина Немоляеваның нағыз антиподы ғой» деп, қазақ қыздарының ұстамдылығын ойлағанда кейіпкердің есіне осы оқиға қалай түсті екен дейсің. Иринаның кім екенін де сәлден соң айтамыз. Ал бұл оқиға Абу Райстың ойлағанынан әлдеқайда басқа сипатқа ие болатын.

Енді автор өз тарапынан Әбужанның әке-шешесі туралы не ойлайтынын баяндайды. Екеуінің арасындағы махаббатты ойлап отырып, әкесінің жас кезіндегі оқиғаға ойысады. Ақжұлпас ауылында өскен әкесінің деңгене жеуге барған хикаясын айтады. Деңгене деген не? «Деңгене деген – жігіттің нағыз сыналатын жері. Ол сыннан өзіміз талай өткенбіз. Нағыз қазақ екендерің рас болса, ертең жақсы көретін ағаларыңның үйіне барыңдар. Сосын деңгене жеуге келдік дейсіңдер. Ол ағаларың жөн білетін кісі болса, бір семіз қойын жығады сендерге. Бар етін бір шөкімін де қалдырмай қазанға салады. Екеуің бұйырған асты табақтың түбі жылтырағанша түгін қалдырмай тұтас жеп бітіруге тиіссіңдер. Тауыса алсаңдар, жарадыңдар! Жігіт болғандарың! Қолдарыңнан келмесе, өздеріңнен көріңдер. Екі қойды ағаларыңның қорасына байлап бересіңдер» (романнан).

Ерден әкесінің сыйласы болған Еренбай ағаларының үйіне Қамшыбай досы екеуі деңгене жеуге барған оқиғаны әзіл-қалжыңға сүйеп жазғандай болған автордың бұл шегінісі де «деңгененің» не екенін айтып, оқырманды «таңғалдыру» үшін жазылғандай. Этнографиялық әңгімені публицистикалық стильмен баяндап шыққан автордың диологтары да жансыз, жасанды. Осындай құрғақ баяндауларға келгенде өзін тежей алмайтын автор бұндай оқиғаларға едәуір орын береді.

Автор Ерденнің үздік малшы болғанын, Кеңес өкіметінің саясатын жас күнінен жақтырмағанын айтатын жерлерінде үшінші жаққа өтіп, бұл Әбужанның ойы емес, бір линиясы сияқты кейіпте оқылады. Шығарманың тұтас композициялық құрылымын анықтай алмаған автордың өзі қай тұстан шығарын білмей қиналғандай. Ерденнің малды қойып, аудан орталығына көшкенге дейінгі өмірін сыдыртып айтып шыққанда кейіпкердің ішкі қайшылығы түк ашылмай қалған. Жан дүниесімен Кеңес өкіметіне қарсы болған малшының партия бөлімінің жетекшісіне қатты сөз айтқан оқиғасы да құдды бір естелік сияқты. Кейіпкердің жан дүниесін қопара көрсетпеген соң, оқырманды да әрі-сәрі күйге бөлей алмайды. Қылышынан қан тамып тұрған биліктің күшейіп тұрған кезінде адам құқығы туралы көп ойлайтын Ерденнің түк кемшіліксіз адамдай суреттелуінің өзі балаң көңілден туған аңғалдық сияқты.

Ауылдан шағын қалаға көшкеннен соңғы тұрмыстың өзгеруі де адам көңіл күйіне ықпал етеді. Бірақ автор оған назар аудармайды. Бір жерден екінші жерге қоныс аудару қазақы өмір салтында тым қиын. Өскен жерін қимай, жаңа ортаға бой үйрете алмай жүрген кезеңнің өзіндік машақаты да бар емес пе? Автор осының бәріне тым үстірт қарайды. Оның мән беретіні сөйлемдер. Үндестік қуған сөйлемдер мен тауып айтатын сөздерден аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл оқырманды тамсандыру ма, жоқ әлде автордың өзіне тамсануы ма, кім білсін. «Өлемін деп құлшылық қылып, өлмеймін деп тіршілік қылып жүрген жанмын»; «Сағыныштың мұңлы мұнарасына мініп...»; «Ұсақ-түйек нәрсеге періште болып алданып, пенде болып қуанбайтын» сынды сөйлемдер проза табиғатына келмейтін құрылымдар ғой.

Аудан орталығындағы көршісі Нағашыбай қария да өте жақсы адам. Бір қызығы автордың кейіпкерлері қарапайым сөйлемейді. Үнемі нақылмен, ғибратты сөздермен сөйлейді. Ерден екеуінің алғашқы диалогында әдепкі тұрмыстық әңгіме жоқ. Нағашыбайдың қандай жан екені, сол заманда оразасын үзбей, намазын бұзбай жүрген адамның да темір құрсаулы жүйеге ішкі қарсылығы болып тұр ғой. Ол неге көрінбейді?

Осы оқиғаларды ұшақ ішінде ойлап келе жатқан Әбужан енді әкесінің айтқан ақылдарын есіне алады. Бұл жерде автор тіпті мақала жазып отырғандай. Өмірі мал бағумен өткен әкенің тағдыры жоқ. Өмірдің мәні, шын бақыт деген не деген толғамдарға ерік бере отырып, әке мінезін ашуға ұмтылмайды. Автор алаңдап отырған жәйттардың бәрі диалог арқылы ашылуға тиісті еді. Бірақ оған бармайды. Себебі прозадағы ең қиын дүние – диалог жазу. Ой жотамен осылай болуы керек сірә деп жаза салған дүниенің оқырман жүрегіне жетпей жататыны сол.

Ақтөбедегі мединститутта оқып жүрген Ерден ата-анасының қаза болғанын ести сала, Аралға қайтады. Нағашыбай қарт та кәнігі шешендерше жұбатады. Әке-шешесінің Аралдан Ауанға бара жатып, мұз үстінен жеңіл көлікпен өтеміз деп суға кеткенін автор оп-оңай айта салған. Ата-анадан жалғыз Әбужанға бұл нағыз трегедия еді. Әрбірден соң Әбужанның қалай ержеткені де байқалмайды. Ылғи шегініс арқылы баяндай берген. Оған қарағанда бір жеке линия ретінде алғанда, кішкене сенімдірек шығар ма еді. Ерден мен Рахияның мұз үстінде опат болғаны ұлдарының өмірін күрт өзгертуі тиіс еді. Жалғыз қалған адамның, туыстан тек нағашылары ғана ойына түскен жанның күйзелісі тым жұтаң. Дастарқан басында отырған Әбужан тағы шегініп, сонау бала кезде нағашыларының үйіне барған кезін есіне алады. Бұл – шегініс ішіндегі шегініс. Негізі Әбужанның ұшақ ішінде келе жатып, ойлап отырғанын ұмытпаңыз.

Нағашысының үйіндегі әзіл-қалжыңға құрылған әңгіменің романдағы көркемдік қызметі жоғын айтпай-ақ қоялық. Осы кезде Дүзбай қария жиеннің «қырық серкеші» барын айтады. Ерден оның не екенін білмейтін болып шығады. Деңгененің не екенін білген Ерденнің қырық серкешті білмегені қалай? «Ертең сенде қария боласың. Бәрін санаңа құйып ал» деген Дүзбай қарттың да ақылы жасанды. Қазақы дәстүрлерді насихаттап отырғаны ма, автор арасында осындай дәстүрді айту керек деп сүйреп әкеліп қосқан детальдары роман табиғатына табиғи сіңіп кете алмаған.

Ал енді қазақтың керемет дәстүрін мадақтап отырған Дүзбай қарт балықты жердің қазағы болса да, «ақ сазанды асып бермедің бе?» дейді кемпіріне. Оны кемпірі: «қонаққа балық асушы ме?» деп түзетеді. Біз ондай балығы мол жердің қазағы болмасақ та, «қонаққа балық же» деп айтпайды дегенді естіп өстік. Ал енді осы кезде Дүзбай қарт еламан сүйек жайында бір тәмсілді айтып береді. Осының бәрі «Еламан сүйек кетіпті, еліңе дұғай сәлем айт» деген хикаяны айтып беру үшін иіп әкелген диалог екені анық көзге ұрып тұр. Жалпы Шархан Қазығұл қазақы дәстүрді жақсы-ақ білетін шығар. Бірақ оның бәрі прозаға осылай кірісе беретін болса, көркем дүниенің мазасын қашыратын қондырмадай әсер беретінін сезбей ме екен?

Автор Әбужанның бала кезін жазған тұсында мақала жазғандай туған жер туралы толғамын баяндайды. Бала күнгі кафеге баратын әдеттерін, Темір деген досының болғанын айтқан тұстары, кейін студент болған шағын жазғанда да құрғақ тәппіштеуден ары аспайды.

Романдағы тәуір ашылған кейіпкер – Темір. Досының үйіне барғанда комсомол бастығы болған Темірдің рия үшін кітап жинап, қызметті малданып жүрген мінезін Сәулемен болған диалогта жап-жақсы ашқан. Студент болып жүріп, ұйымдардың жұмысына белсенді араласқан жастардың ертерек пысықайлыққа үйреніп, өтірік пен шынның арасында ғұмыр кешетіні рас. Автор адам бойында болатын осындай өзгерістерді бұл тұста әжептәуір көрсете алған. Тек көзге көрінер картиналар мен кітаптарды жинап, қымбат темекі шегіп, сырт көз үшін ғана әдемі боп көрінуді ойлайтын адамдардың ішіндегі бос кеңістікті аңғарған автор оны Темірдің үйіндегі мүліктердің орналасуы арқылы жақсы жеткізген. Не кітап оқымайтын, не өнердің қадіріне түбегейлі жетпеген шалажансар жандардың бұл қашанғы әдеті.

Ұшақта отырып, содан бері ойламаған досын есіне алған Абу Райс енді сонау бір жылдары ауылына бара жатып, танысқан Әсел деген қызды есіне алады. Онымен пойызда кетіп бара жатып танысқаны, Аралға бірге барып, үйіне қондырып, Нағашыбай қартпен таныстырғаны да дәл Темірдің үйінде болған диалогтай әсер бермейді. Әсел Аралға жолдамамен келген мұғалім екен. Тұрған пәтерін ауылына кетерде өткізіп кеткен. Енді қонақ үйге қонбақшы. Ата-анасы қайтыс болған соң, алғаш рет ауылына келіп тұрған Абу Райс қызды үйіне шақырады. Үйін, азын-аулақ малын Нағашыбай қарт қарап отырған. Екеуі түнде далаға қонады. Содан жұлдыздарға қарап, әңгіме айтады. Бұл да балаң әңгіме. Құрғақ сөз.

Кейін Әбужан Ақтөбеге оқуға кетерінде ақыры бұл үйде ешкім тұрмайды деп, Әселге тұра бер деп үйін қалдырып кетеді. Осы кездерде Әбужан ешқандай кемшіліксіз бір жақсы жігіт боп суреттеледі. Қызға ғашық болады. Қыз да оны ұнатқандай. Бірақ арасындағы диалог жас адамдардың хат жазысқанындай жасанды, көлгір. Түнде жұлдыздарға қарап, әлемнің жаратылысы, адамның пайда болуы, ғаламның құбылыстары туралы әңгімелесіп отырып, екеуі де бір-бірімен білім жарыстырып отырғандай. Әбішше айтқанда – қиял қаңғырысы.

Осыдан кейін Абу Райс ұшақта қасында отырған Ләззатпен сөйлесіп кетеді. Екеуінің арасындағы диалогтан ішің пысады. Жаратушы туралы философиялық ойлары, ұлттардың ерекше мінезі туралы пайымдары, ғалымдардан цитата келтіріп сөйлеулері – бәрі жансыз. Өмірде адамдар бірінші рет кездескенде бұлай сөйлеспесе керек. Мессенджер арқылы алыстағы адаммен ерігіп отырып хат жазысқандай әсер қалдырады. Осы күні әлеуметтік желіні қолданатын әрбір адамның басында бар оқиға сияқты. Ләззат пен Абу Райстың ұшақ ішіндегі әңгімелерінде Маркстың сөзі, Эйнштейннің өмірі, Достоевскийдің орамдары жүр. Құдай-ау, отыз бес жыл жырақта өмір сүрген қазақ, оның үстіне қазақ тілін ұмытпас үшін барын салған текті қазақ туған жеріне келе жатқанда бір қазақты кездестіріпті. Енді онымен әңгіме қандай болмақ? Әсте «философиялық» емес. Ең болмағанда Қазақстан туралы, ондағы өзгерістер туралы болуы керек еді ғой.

Ләззатпен әңгіме барысында осы романның аты қойылған «күлпет» сөзінің мағынасы ашылады. Ол бағана айтқан «жан азабы» деген сөз. Ал «күлмет» деген адамның өмірде біліп, білмей істеген қателігі, айыбы екен. Сонда Абу Райстың күлпеті не болды? Отыз бес жыл сыртта жүрсе, ол қандай ғұмыр кешті, кімдермен өмір сүрді, қандай қиындыққа ұрынды, нендей қателік жіберді, сол ашылса, айтылса дұрыс еді ғой. Тек шегініс арқылы оқиғаларды айтып, кейіпкердің аузына «жан азабын отыз бес жыл тарттым» деген сөзіне бола оқырман оның азап шеккеніне сене ме?

Енді автор Абу Райстың Ақтөбеден соғысқа кеткенін жазады. Әрине, сол шегініс арқылы. Алдымен Термез қаласына түсіп, онда Иринамен танысады. Ирина Немоляева дегеніміз осы қыз. Ауған соғысына өз еркімен сұранған. Медбике. Ал Абу Райс болса – хирург.

Ирина «өмір бір-ақ рет беріледі, оны қалағаныңша сүру керек» дейтін қыз. Абу Райс екеуі жақын сөйлесіп, қыз оны кешке кел деп шақырып кетеді. Қызға барсам ба, бармасам ба деп ұзақ ойланған соң, Абу ақыры барады. Автор қыз бен жігіттің жақындасып, төсек қатынасына түскенін ерекше шабытпен, ұзақ жазады. Тіпті суға кеткен ата-ананың қазасы, одан кейінгі ұлдың қайғысы, өмір бақи мал баққан әкенің тағдыры осыншалықты шабытпен жазылмаған шығар. Бұрын «Қызық газет» деген болды деуші еді, сол газеттің айқара бетіне беретіндей-ақ сюжет. Бірақ жазушылық деген ол емес қой. Кім біледі, әркім нені жазамын десе де еркі. Бірақ осыны тым анайыландырмай, аса нәзік берсе де жеткілікті еді ғой деп ойладық. «Сусап жүрген қыздың қан тамырын көптен бері бітеп келген әйелге тән тәни кептелістің тығыны ағытылып, алтын күрек желінен кейінгі бұрқырай еріген қар суындай селдете жөнелгенін жан-тәнімен күтіп жатқан Әбужан ал ілкі сәтте тосқауылдан діңкелеп, алысқа үздігіп тұрған атыздың арынды ағысына жол аша салған мұраптай тұла бойынан ләззат көгершінін еркіндікке ұшырып үлгерді. Аш ішектей созылған құмарлықтың кәусар бұлағы сарқылар тұста ләззаттың тәтті дәмін осылайша бір мезетте татып, мауқын бірдей басқан қыз бен жігіт ыстық төсектің сүйкімді аккордын ұйып тыңдап жатты» (романнан). Бұдан ары аш ішектей созылған сөйлемдерді келтіріп жату артық болар.

Әңгіме қайта Абу мен Ләззаттың арасында өрбиді. Тағы жасанды диалог. Абудың АҚШ-тағы өмірінен хабар беретін журналиске берген сұхбаты да сәтті шықпаған. Тым болмаса соны пайдаланып, кейіпкердің жан азабын берсе болатын еді. «Сіздің өмір туралы тосын ойларыңызға таңданып отырғанымды жасырғым келмейді, ағатайым» деп «ағатайлап» сөйлейтін Ләззаттың да ғалым екеніне сенбейсіз.

Енді Абу Кабулдағы Орталық госпитальға түседі. Сонда жаралы жауынгерлерге ота жасайды. Ешқандай соғыс жоқ. Соғыс туралы толғам, ой көп. Ремарктың «Салтанат сарайы» есіңізде ғой. Сонда жазушы майдан даласын жазбаса да, соғыс уақытын қалай шебер береді. Равик те хирург. Оның жасаған оталарын да нанымды жазады. Жоан екеуінің арасындағы махаббат та, түнгі қалада, барларда кездескендері романтикаға толы. Ал «Күлпетте» оқиға Кабулдың қақ ортасында өтеді. Не соғыс жоқ, не ота жоқ. Біреудің аяғын кескенін ғана айта салады.

Ақыры Кабулда Иринамен қайта табысады. Термезден кейін көрмеген екен. Ирина АҚШ-қа қашуды жоспарлағанын айтып, екеуі бір күнде қаша салады. Бұл деген соғыс кезінде үлкен оқиға. Жақсы, соғысты да, хирургтың отасын да ұмытайық. Бірақ сыртта отыз бес жыл тұрып, еліне келе жатқан Абу Райстың өмірінде болған ең үлкен оқиғаның бірі – Ауғанстандағы соғыстан АҚШ-қа қашу ғой. Кристин Ханнаның «Бұлбұл» романында Изабельдің одақтастарының ұшқыштарын Парижден Испанияға жасырын апаратын операциясы бар. Ол үлкен қауіп. Оп-оңай қаша салатын екі ауылдың ортасы емес. Қаншама тағдыр, қанша қатер бар. Әрбір деталін ойлап барып, жүзеге асырады. Ал Абу Райс пен Иринаны АҚШ-қа алып шыққан топтың әрекеті мүлде көрінбейді. Қалай өткені белгісіз. Автор бұл тақырыпты мүлде білмейтінін, зерттемегенін көрсетті. Тек бір инструкциямен ғана мұхит асып өте салады.

АҚШ-та тұрып, Димаштың концертіне барған жері де жайдақ мақаланың сарыны. Жалаң ақыл, туған жер туралы толғаныс романға мүлде келмейді. Тіпті соңында Абу Райстың бір баласы бар болып шығады. Отыз бес жыл өмірі АҚШ-та өткенде, қалай өтті? Баласымен қарым-қатынасы қандай болды? Оған шыққан тегі, атажұрты туралы айтты ма? Оқырманға шетте тұрған қазақтың өмірі қызық қой. Ол туралы бір ауыз сөз жоқ.

Ақыр соңында Абу Райс туған ауылына келеді. Үйіне жете бергенде есік алдында отырған бір әйелді көреді. Көзі таныс. Сөйтсе ол баяғы өзі тастап кеткен Әсел екен. Сол қалған күнінен бастап, отыз жеті жыл Әбужанның үйінен кетпей күтіпті. Нағашыбай көршісі: «Мен білетін Әбужан болса, оралады. Сенің күтуің біледі, қызым» депті. Соған сеніп, бір күн таныс болған Әбужанды Әсел отыз жеті жыл тапжылмай тосқан екен. Осыған нанасыз ба? Роман осымен аяқталады.

Джамиля Стехликова: «Роман «Кулпет» – гимн к вечной любви. Любви к Родине, любви к женщине!», – депті. Біз ешқандай мәңгілік махаббатты көре алмадық.

Осынша мақталып, дақпырты асқан романды оқығанда көңіліміз соншалықты қалады деп ойламаған едік. Біз мақтасақ – асыра мақтайтынбыз. Бірақ лайықсыз мақтауға болмайды ғой. Тым болмаса, үндемей қоя салуға не кедергі? Жүлде алсын, мейлі, оған көндіккен қауымбыз. Бірақ нашар шығарманы нашар деп айтпау ең бірінші – әдебиетке жасалған күлмет, авторша айтқанда. («Күлмет – адамның істеген қателігі, қылмыстық ісі» дейді автор).

Бұл шығарманы «жаңа типті роман» деп те, «қазақ қоғамындағы айтулы оқиғалардың бірегейі» деп те бағалай алмаймыз.

Бағашар Тұрсынбайұлы