Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:51, 03 Мамыр 2023

Көпбол Демесінұлы: Жәңгірхан мавзолейін салу бақыты маған бұйырды

None
None

Ертеңгісін, редакциямызға жетпістің жуан ортасына келген бір ақсақал ат басын тіреді.

-  Осы анық «Жас Алаш» па? – деген сұрағына басында таңырқаса қарасақ та, жөн сұраса келе, «сұрай-сұрай Меккеге де барыпты», дегеннің мәнін ұққандай болдық.

Сөйтсек, маңғыстаулық атамыз кіші ұлына: «Жас Алашқа» баруым керек, маған дереу билет алып бер», десе, ұлы да еш ойланбастан Астанаға билет алып, самолетіне отырғызып қоя беріпті.

Әйтеуір, әлеуметтік желінің әупірімімен бұл басылымның Алматыда орналасқандығын анықтайды. Енді қайтпек керек? Не пойызға билет жоқ. Содан жаһанданудың және бір кереметі Индраиверге жүгініп, жолшыбай бұзылып жатқан автобустың тағы бір адамын салып алып, қысылып-қымтырылып жеткен беті осы екен.

Қонақ үйден орын алып, қол жүктерін қоя салып келген бойда: осы, анық «Жас Алаш» па? – деп отырғаны да сол.    

Жөн сұраса, редакциямызға өз аяғымен келіп отырған, атадан балаға мирас болып келе жатқан сәулет өнерінің арқасында халықтың ыстық ықыласына бөленген, сәулетшілік өнер мен қауырсын қанат қаламды қатар ұстаған суретші, шебер, мүсінші – Көпбол Демесінұлының өзі екенін естігенде әңгімеміз өзінен-өзі осы арнаға ауысып жүре берді.

— Ақсақал, алдымен редакциямызға қош келдіңіз! «Өлі риза болмай тірі байыз таппайды» дегендей, қазақта өткен тарихи тұлғалардың рухын дәріптеп, сәулетті кесене тұрғызудағы еңбектеріңіз жайында өз аузыңыздан естісек. Жалпы бұл ата кәсіп пе, жоқ, өзіңізден басталған іс пе?

— Ол ұзақ әңгіме, айналайын. Қазақтың көші қайда бармады, басы қайда қалмады?.. Біздің де аталарымыз сол 1929-да қыр асып, қиын жылдарда түрікпеннің  Мары Кушка деген жерін паналапты. Содан әбден ес жиып, 1972 жылы ағайындарымыз атқа қонып, елге қарай үдере көшкен.

1976 жылы, араға төрт жыл салып 27 жасымда мен де қамдандым. Аллаға мың шүкір, ел ауған бес үй түтін едік, сексен үй болып елге оралдық. Әкеме топырақ сол жақтан бұйырды. Анамды елге жеткіздім.

Бір қызығы, негізгі көш Шымкенттің Шардарасын сулы-нулы, өмір сүруге қолайлы жер деп бетке алған шақта мен шаңды қиян Маңғыстауыма бет бұрдым. «Ай тақыр мен көк ала шаңның арасынан не іздемексің, артымыздан ер!» – деген ағайынның да сөзіне қарамастан қатын мен үш баламды алып,  Атажұртқа аттандым. Кіші баламды жарты жолда қырқынан шығарғаным да есімде… Кейіннен әлгі Шардараға көшкендердің барлығы дерлік шұбырып Маңғыстауға қарай қайта ағылғанда өз жолымның дұрыстығын түсіндім.

Негізі арғы аталарымда азын-аулақ қол өнершілер болған дейді, нақтысын біле алмадым. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» деген сөз бар ғой қазақта. Шешем, марқұм, өте ісмер адам еді. Сол, нағашы жақтан да қонған болар деп топшылаймын.

-  Көшуге не себеп болды? Жалпы түрікпен деген қандай халық?

— Мен, өзім сол жақта тудым, мектепті де, Политехникалық институтты да түрікмен тілінде бітіргем. Әке-шешем құм ішінде мал бақты да, он жыл бойы интернатта жатып оқыдым. Түркімен жақсы халық. Достыққа өте адал.

Дей тұрғанмен, «Өзге елде сұлтан болғанша...» деген де сөз бар ғой, қарағым. Бұл жақта сұлтан болуың екі талай, әрине. Оның үстіне артыңда Қазақстандай елің тұрғанда кімге өкпелейсің? «Сосын, есің барда елің тап» демекші, бала-шағаның болашағына да алаңдадық.

Бұл тұрғыда Н.Назарбаевтың басқа-басқа, ұлы көшке басында көмегі көп тиді. Түрікпен де, өзбек те өз бауырларына олай өліп өшкені шамалы. Ешқайсысы кіргізбейді де, керек болса. Алғашқы жылдары жан-жақтағы қазақты елге жинағаны үшін алғыстан басқа айтарым жоқ. Кейіннен қай сайтан түрткенін қайдам, бәрін бүлдірген өзі ғой, енді...

-  Содан, елге келдіңіз? Ағайын жатырқаған жоқ па?

— Жоқ, Маңғыстау жаман қарсы алған жоқ. Мамандығым бойынша қалалық су арналары мекемесіне кішігірім бастық, бригадир қылып қойды. Қасымда екі-үш ішкіш орысым бар. Мен мүлдем арақ ішпеймін. Қаланың кәріз, құдықтарын тексереміз. Қасымдағылар да сасық, кәріз де сасық, екі-үш күн әзер шыдадым. Сосын, қолды бір сілтеп кетіп қалдым да, МГДУ деген кеңсеге барып жұмысқа орналастым. Ең жоғарғы разряд 5 болса, мені 4 разрядпен қабылдады. Сол жерде жүргенімде қолымызға «Жадынама» (Памятка) деген бір жағы жылтырауық, қалайыдан жасалған бір беттік дүние берді. Сол қалайыдан қарап отырғанда КСРО-ның гербін ойып жасай салғанмын. Үстелдің үстінде жатушы еді. Бір күні үшті-күйлі жоқ. Сөйтсем, әлгі дүние Бүркітбаев Әнес деген бастықтың қолына түсіпті. Содан әлгі кісі «Мынаны жасаған адамды маған тауып беріңдер», десе керек. Шақырған соң алдына барсам: Маған кафедраға іліп қойғанға Қазақстанның гербін жасап берші деп өтінді. Оның не қиындығы бар, тастай қылып жасап апарып бердім. Содан риза болған басекең разрядымды 5-ке көтеріп, сол мекемеге суретші қылып тағайындай салсын. Бес жүз сом жалақы ол кезде үлкен ақша. Қазір қарап отырсам менің өнерге келуіме ең алғаш себеп болған да сол сәт сияқты.

— Сол жерде мүсін жасап бастадыңыз ба? Неден басталды сәулет өнері? Сол жайында кеңірек айтсаңыз...

— «Быт комбинат» дегендер болушы еді ғой ол кездерде, арада біраз уақыт өткен соң сол жерде басшы болып істейтін бір құрдасымның қарамағына орналасып, соның жанынан құлпытас даярлайтын мекеме ашып алдым. Бұл жерде де қасыма 4-5 алқаш орысты тауып берді. Жұмысшыларым солар. Тастарды әкеліп, сызып дайындап беремін. Орыстар шауып, кесіп, қашап қалыпқа келтіреді.

  Бір күні жұмыс басына жақсы көлік мінген нән орыс келді де, маған: «қазақтарыңнан бит тауып берші», деп өтінгендей кейіп танытты. «Мен де қырсығып: қаншадан аласың?» – деп едім, «он сомнан», – десін. Сосын, «жүр» дедім де, соңымнан ертіп вагонда тұратын 4 ішкіш орысымның ортасына алып келіп, әлгінің өтінішін көздерінше айтып, ал өздерің есеп айырысыңдар дегем. Ана алқаштарым да биттерінің берекесін бір көріп мәз боп қалыссын. Әр қайсысы ышқырларынан екі биттен алып беріп, саудасының сәнін келтірді. Екі жақ та мәз. Кетіп бара жатып әлгі орысым басын шайқады. Мен де: «қазір қазақтар биттемейді, бит керек болса тура осында, мына бауырларыңа келерсің», деп кекете күлдім.

— «Аттыдан жаяу жүріп кек аламын», демекші, қит етсе қазақты тұқыртқысы кеп тұратын орыстан да осылай өш алған кездерім болған дейсіз ғой.

— Иә, иә, тура солай! Міне, осы бит сатқыш орыстармен жүріп тас қашауыма жол ашылғанын байқамаппын да. Сөйтіп тас қашап жүргенде алғашқы еңбегім Балықшылардың Балуанияз батырына кесене тұрғызудан басталды.

Мұны да салуыма сеп болған жай, алдында саламыз деп жүрген шеберлері аяқ астынан айнып қалған ба, әлде тым көп қаржы сұраған ба, сондай бір әңгімесі бар, анық есімде жоқ. Сосын, «әкел, көрейінші», дедім де, алдымен өздерінің жобасын қарап шыққам. Ел шетіне жақын орналасқан ескі қорымдардан осыған ұқсас мазарларды іші-сыртынан дұрыстап қарап алған соң, «мен мұны саламын», дедім.

Бірақ мен елге қызмет қылған азаматтың ескерткіші үшін ақы алмаймын, деп алмай кеткем. Сөйтсем де, қоймай 60 мың салып жіберіпті.

Міне, менің алғаш кесене салу жұмысым осылай, 1991 жылы Балуанияз батырдан басталған. Содан жұмысым жүріп берді. Жекеден де, өкімет тарапынан да тапсырыстар түсе бастады. Махамбеттің, Мұрат Мөңкеұлының, Қайырғали Смағұловтың кесенелерін тұрғыздым. Басқа облыстардан да «құда түсушілер» көбейді.

-  Қайырғали деп отырғаныңыз атақты «Қазақ солдаты» Қайрош па?

-  Иә, иә. Дәл өзі!

-  Басқа облыстан демекші, Орал облысының Орда жерінде орналасқан «Жәңгірхан» кесенесіне кім тапсырыс берді?

-  Бұл өзі ұзақ та, қызық әңгіме. Бірде Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласына барғанда сол кездегі татар елінің басшысы Минтемир Шаймиев Нұрсұлтанды Қазанда Ленин оқыған университетке ертіп барыпты. Содан ғимарат ішін аралап жүргенде жарда ілулі тұрған үлкен үш кісінің суретінің жанына тоқтап қазаққа жақсы таныс, атақты миссионер Илминскийдің жанындағы суреттегі қазақты нұсқап, «бұл кім?» десе керек. Сонда Шаймиев, «бұл қазақтың соңғы ханы – Жәңгір Бөкейханов. О кісі осы университеттің өркендеуіне өз үлесін қосқан адам», – депті. «Қалайша?»  деген сұрағына, «жылына екі-үш қазақ баласын оқытып шығару үшін келісіп, қомақты қаржы аударып отырған», деген сөзді естіген Назарбаев елге келе сала сол кездегі облыс басшысы Қабиболла Жақыповқа телефон шалып, анық-қанығына көз жеткізген соң, тікелей тапсырыс беріпті.

Бір күні маған Оралдан хат келді. Қойшы, сонымен Оралға барып байқауға қатыстым. Сол жолы да менің жобам лайықты деп табылып Жәңгірхан мавзолейін салу бақыты маған бұйырды. Екі айда салып бітірдік.

Ашылуына Назарбаевтің өзі келді. Қолымды алып, құрмет білдіріп жатыр. Облыс басшысының резиденциясында түнімен қонақта болдық. Әкежан Қажыгелдин де бірге болды. Сол түні біраз адамдармен ұзақ әңгімелестік. Кейін білдік қой, сөйтсек, тап сол күні Қажыгелдинді бұл қызметінен алып тастаған беті екен...

— Бала-шағаңыздан сіздің жолыңызды жалғастырғандары бар ма?

Бар болғанда қандай. Төрт құбылам – төрт ұлымның төртеуі де жолымды қуды. Қазір барлығы да осы іспен айналысады. Өздері сызады, өздері жобалайды, өздері салады. Мен қартайдым. Аяғым ауырады. Сондықтан ақылшы ретінде ғана араласқаным болмаса, қазір балалардың еркі өздерінде. 13 немерем бар. Үш қызым да өз жұрттарын тапқан.

-  Мына шағын мақалаңызды поштамен салып жіберсеңіз де болар еді ғой, ақсақал-ау? Сонша жер шалып, келіп несіне әуре болдыңыз?

-  Қайдан білейін?...Өз қолыммен табыстайын. Осы газетті шығарып жатқан азаматтардың жүзін көрейін, танысайын, батамды берейін дегенім шығар. Айналаның бәрі өтірік. Елді мансапқұмарлық пен жағымпаздық жайлап алды.  

«Мұнайдың көзін ашқан адай болса,

Адайдың көзін ашқан Қырымбек қой», деп қыртылдатқан Мэлсті (Қосымбаевты айтады – ред.) де көргенбіз.

Біздер жақта халыққа жақын әкім болғандар аз. Ешқайсысын мақтай алмаймын. Міне, осындай шындықтарды ашық жазатын өздерің сияқты басылымдар қазір жоқтың қасы. Бізде, елде «Жас Алашты» жақсы оқиды.

— Сонда қанша адам жаздырып оқиды екен, біле алмадыңыз ба? Біздегі мәліметтерге сүйенсек мүлдем аз ғой. Жазылуға кедергілер жоқ па?

— Жоға, қазір жазылу деген қалды ғой. Дүңгіршектен сатып алып оқимыз.  «Жас Алаш» аз түседі. Сәл кешіксең таусылып қалады да, сосын бір-бірімізден сен алдың ба, сен алдың балап сұрап жүріп, тауып оқимыз. Осыны шешсеңіздер. Көбірек жіберуге болады ғой. Өтіп кетеді, қанша әкелсең де. Жиын-тойларда, отырыстарда барлығының айтатыны «Жас Алаш». Батыл жазасыздар. Мәселе көтере білесіңдер. Елдің алғысын жеткізіп қояйын. Осы жолдан таймаңдаршы. Елдің іздеп жүріп оқитын жалғыз газеті де қазір – «Жас Алаш».

Тегтер: