Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 29 Қаңтар 2025

Көпсөзділік пен шашыраңқылық немесе қысқа жазу мен дәлдік

1
Фото: ашық дереккөз

Жаһандану заманында өткеннің көзіндей кейбір құндылықтар ескіре бастағандай сезіледі. Соның бірі ­ сөз өнері болса керек. Бүгінде дүниенің бар «қызығы» алақандай экранға сыйған заманда ықшам, жылдам нәрселерді тұтынуға дайын тұратын жұртқа шын шебер әдебиеттің өзі қызықсыз дүниеге айналып бара жатқандай екіұдай күй кешесіз.

 Дегенмен де бүгінгі оқырманға сипаттау мен баяндаудан тұратын бірнеше том романдардан гөрі қысқа жазылған бұқаралық әдебиет өтімдірек болып тұрғаны жасырын емес. Сол үшін бе екен, қаламгерлер арасында «қазіргі әдебиет көпсөзділік пен боссөзділікті ұнатпайды» деген қағида қалыптаса бастады. Әдетте, кез келген жас қаламгер, әсіресе қазақ жазушысы, білген сөзін түгел жазғысы келеді, қалыптасқан дәстүр, орныққан түсінік бойынша прозалық шығарманың басты қасиеті деп автордың сөзге бай, тілге шешен, дәстүрге беріктігін таниды. Асқар Сүлейменов: «Сөз бар да, ой бар. Сылдырмақ сөзді саудыратып тізіп шығу өнер емес» дейді. Десек те, кейде кітап қалыңдаған сайын қаламгердің таланты да артатын сияқты көрінетіні бар. Бірақ бүгінде күллі әлем оқырманы сүйсіне оқып жүрген постмодернистік шығармалардың қасиеті де сол – аз да саз, ықшам жазылғаны болып тұр. Жазушылардың осы тақырып аясында ойын білу үшін «Жас Алаш» дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға жазушы Ұларбек Дәлейұлы, Ерболат Әбікен және жазушы, ақын Асылан Қуанышұлы қатысты.

Ж.А: Бүгінгі әдебиет, оқырман көпсөзділікті, баттастырып суреттеу, баяндауды ұнатпайды дейді. Шынымен-ақ қазіргі оқырманға сипаттау мен баяндаудан тұратын бірнеше том романдардан гөрі қысқа жазылған бұқаралық әдебиет өтімдірек екені жасырын емес. Сонда бүгінгі оқырманның жазушыға қояр талабы қандай? «Көпсөзділіктің дәурені аяқталды» деген пікірге келісер ме едіңіз?

Ұларбек Дәлейұлы
Ұларбек Дәлейұлы

Ұ.Д: Әдебиет те, оқырман да ежелден көпсөзділікті, шұбаған сурет пен сапырылған қызылсөзді ұнатқан емес. Қай заманнан бері солай. Қазақта көп сөйлеп, мезі қылатын адамды «қырт» дейді. Сондай қырт шалдардың бірін өзім де көзіммен көргенмін. Ол тегіннен-тегін шыққан атау емес. Ал бүгінгі оқырманның талабы тіпті басқа. Әдебиет емес, тіпті өнердің барлық саласында барынша қысқалықты талап етеді. Мысалы, TikTok деген желіні сол үшін ойлап тапқан. Онда екі сағаттық фильмнің ойын, түйінін бірнеше минуттық видеомен көрсетуге тырысады. Адамдар соған үйреніп те кетті.

Бүгінгі оқырманның көбі жазушыға TikTok талабын қойғысы келеді. Ұлы әдебиет ондай жылт етпе баяндауды көтермейді. «Жазушы оқырманға бағынуы керек пе, оқырман жазушыға бағынуы керек пе» деген сияқты жауапсыз сұрақтар жер бетінен адам тұқымы жойылғанша айтыла береді. Бір жарым-екі сағаттық керемет спектакльдерді көрермен асығыс екен деп он минутқа қоймайды ғой. Сол сияқты, әдебиет дегеннің өзі ұзақ сөздерден тұрады. «Бір романның жүгін бір әңгімеге сыйдырыпты» деген сияқты өтірік қолпаштарға сенуге болмайды. Нобель сыйлығының иегері Мо Янның: «Оқырман оқымаса қойсын, өзім кең құлашты романдарымды жаза беремін» деген мағынада бір сөзі бар. Мен Мо Янға қосыламын.

Ал «Көпсөзділіктің дәурені» интернет пайда болған күннен бастап өткен.

Е.Ә: Даңғазалыққа белшесінен батқан бүгінгі қоғамда қысқа жазылған шығармалардың өзін, қырық жылдың алдындағыдай таласа-тармаса сатып алып оқып жүрген оқырмандардың шоғырын көрген жоқпын. Дегенмен бүгінгі қым-қиғаш өмірде, интернет пен телефонға, теледидарға байланған адамдарды көпірген қызыл сөзбен, сала құлаш суреттеумен алдай алмайсың. Төрт жүз бет немесе бес жүз бет романды ойып-ойып үш жүз бетке қысқартсаң мағынасы өзгермейтін романдар бар. Қалай дейсіз ғой! Үш бет диалогты жарты бетке, шығармаға кіре алмай, оқиға құра алмай, тұтас кеңістікті түгел суреттеп, сасқанынан шегініс жасап, кейіпкердің, тағы бір кейіпкердің, сосын тағы бір кейіпкердің өткен өмірін, астындағы атын, мылтығын, итін, кемпірін, балалық шағын баяндайтын тұстарын, тіпті он-он бес бет суреттеулерін алып тастағың келеді. Бұл оқырманды жалықтырады. Ал бұл шығарма жөнінде жақсы дақпырт тараса, сапасыз оқырман оны оқиды. Бірақ өміршең болмайды. Бұл менің романның дәуірі өтті дегенім емес. Талантың жетсе, артық сөз қоспай, шебер жазылған, терең ойға құрылған 500 бет роман жаз! Өз басым оқыр едім. Мейлі 1000 бет болсын, соған татыса мен оқыр едім. Ал баяндау әдебиеттегі бір тәсіл. Біз одан құтыла алмаймыз және оған зәруміз. Қалай баяндау – жазушының шеберлігі мен талантына қатысты. Шығарма өзі баяндау мен диалогтан тұрмай ма? Біреуі баяндауға шорқақ, енді біреуі диалогқа шорқақ. Екеуін дәл қабыстыра алған жазушы шебер жазушы. Бұқаралық әдебиет дегенде, оқырманның ығына жығылып, «бүгінгі оқырман не оқиды, қандай тақырыпты оқиды» деп сапасыздануға болмайды. Өйткені оқырман –өткінші, әдебиет классика.

А.Қ: Әсіреқызыл бояу мен көпірген көп сөз, мыңбатпан сурет, құрғақ баян жақсы оқырманға қай заманда да ұнаған емес. Кеңес одағы тұсында жасаған мен деген жазушыларымыз кірпіштей кітаптар шығарса, оның да өз себебі болды. Шығарманың көтерер жүгі бір томға сыймайтын дүниелердің жөні бөлек, олар туралы айтпай-ақ қояйық. Ол кезде әр жолыңа ақша төлейтін. Демек, неғұрлым ұзағырақ жазсаң, соғұрлым көбірек қаламақы аласың (ақындар да көбіне-көп осы себепті жол сындырып жазды). Тағы бір себеп – цензурадан өтіп кету үшін негізгі ойды көп сөздің арасына жасырды (авторлардың өзі солай дейді сұхбаттарында). Өйткені ол кездің «сүзгіштері», бүгінгідей емес, кітап оқитын еді. Одан кейінгі кейбір жазушылар тынысын көрсетіп, өзін дәлелдеу үшін де көлемдірек жазған болуы мүмкін. Еліктеп жазғандары да болғаны түсінікті.

Бұрын кітапты уақыт өткізу үшін де оқитын еді. Қазір бұл «қызметті» ұялы телефон атқарады. Сондықтан нашар шығармаларға уақыт жұмсағымыз келмейді. Әрі, бір минутта бірнеше видео көріп үлгеретін бүгінгі біз бар істің шешімін тезірек тапсақ дейміз. Бір жылда байып шыға келсек, үш айда шет тілін түбегейлі үйреніп алсақ, бір айда көлік мінсек, бір күнде бір кітап оқып тастасақ деп тұрамыз. Қысқа жазылған бұқаралық әдебиеттің өтімді болып тұрған себебі осы деп ойлаймын. Бірақ бұл неше жүз бет романдар оқылмайды деген сөз емес. Бір ғана мысал келтірейін. Жақында атақты жазушы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың «Сезім музейі» кітабын кітап дүкендерінен іздеп таппай қойдым. Таусылып қалыпты. Ақыры, бір досым сыйға берді. Осының өзі-ақ қазір көлемді романдар оқылмайды деген қасаң қағиданың қабырғасын қақыратпай ма! Атақты неміс жазушысы Михаел Энденің «Steppe & world» баспасынан шыққан «Аяқталмас хикая» (Die Unendliche Geschichte) атты кірпіштей кітабына да сұраныс көп. Бұдан нендей қорытынды шығаруға болады? Шебер орындалса, оқырман бет санына қарамай-ақ оқи береді. «Қысқа жазу – таланттың сіңлісі» деген дәйек сөз де сол Абайдың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» дегеніне саятын тұжырым деп есептеймін.

Ж.А: Әдетте, кез келген жас қаламгер, әсіресе қазақ жазушысы, білген сөзін түгел жазғысы келетін секілді сезіледі. Сосын, кітап қалыңдаған сайын қаламгердің таланты да артатын сияқтыкөрінеді. Кем мағынаға кеңінен көсіліп, қалам тербеуді жазушының шеберлігіне жатқыза аламыз ба? Осы жайлы сөз қозғайықшы…

Ұ.Д: Жазушының шеберлігі бір ғана шығармасымен өлшенбейді. Ол өмірінде бес не он кітап жазуы мүмкін. Соның біреуі керемет шықса, әдебиет үшін де, оқырман үшін де олжа. Қалғаны басып өткен соқпақтары ретінде былай қала береді. Кітаптың қалыңдығы да, жұқалығы да автордың талантына өлшем емес. Ешқашан! Мәселе – қай жанрда, қандай тақырыпты жазатынында. Әңгіме ме, хикая ма, повесть пе, роман ба? Әңгіме жазсаң – қысқа жаз, хикая жазсаң – толқыта жаз, повесть жазсаң – еліте жаз, роман жазсаң – оқырманды өзіңе тарта жаз дегім келеді. Мысалы, өзім тарихи-деректі роман жанрында қалам тартамын. Роман – бір немесе бірнеше дәуірді, оқиғаларды, кейіпкерлерді қамтиды. Оған айқара тартар құлаш керек. «Оқырманның уақыты жоқ, жұмысы көп екен» деп мен роман жүгін повеске арта алмаймын ғой.

Соңғы жылдары көзім жеткен бір нәрсе бар. Қазіргі оқырман тарихи дүниелерге құмар. Ол – өзінің тегін, тарихын, рухын іздеуден туған құмарлық деп ойлаймын. Екінші байқағаным – бүгінгінің оқырманы ойдан бәлен кейіпкер, оқиға құрап, болмаған дүниені болды қылып жазған, көркемдік бояуы қалың романнан гөрі, шынайы оқиғалар желісін тартып, нақты кейіпкерлерді негіз ете жазылған деректі шығармаларға көп аңсары ауады екен. Жаңа заман оқырманы тым ақылды, көп нәрсені біледі. Ойдан бірдеңелерді қиыстырып жазған бәлен томдарға қарағанда, бұлдыр тарихының шынайы көріністерін көрсететін дүниеге құмар.

Ерболат Әбікен
Ерболат Әбікен

Е.Ә: Көркем проза шешенсуді, көсемсуді қажет етпейді. Көркем шығарма жазу барысында сөз түйдек-түйдек болып бұрқырай құйылып, дәтті сөздер өз-өзінен төгіліп тұрса оның несі проза. Майдан қылшық суырғандай сөз маржандары біртіндеп түсу керек қой. Автор сөзге бай, тілге шешен болып, тілін келсін-келмесін безей берсе, онда шынайы болмайды. Оқырманды иландырмайды әрі жалықтырады. Қысыр сөз көбейген сайын мағынасы азаяды. Дәстүрді жазу – этнографияның міндеті. Қазақтың мынандай дәстүрі бар еді, анандай мұрасы бар еді деп, жазып отырған шығармаңа қай-қайдағы бірдеңені тықпаласаң жасандылыққа бойұрғаның. Адалдық туралы айтар болсақ. Әуелі әйеліңе, бала-шағаңа, отбасыңа адал бол. Сосын өз нәпсіңе ие бол! Құдайды сүй! Мұның біреуін орындамай тұрып қалай адал боласың. Өткенде бойында осының біреуі де жоқ, өзін ұлтшылмын деп есептейтін, билікке барынша жағынатын бір ағамыз маған «Сенің шығармаларыңда ұлт жоқ. Кейіпкер мен жер атауын қай ұлттыкіне өзгертсең сол ұлттың шығармасына айнала кетеді. Сен, бауыр, қазаққа тән дүние жаз» дейді. Қуанып қалдым. Неге? Әдебиет адамзатқа ортақ дүние емес пе? Ұлтқа адал болу мен өнерге адал болу екі басқа дүние.

Талант кітаптың қалыңдығы мен көп жазумен өлшенбейді. Тоқсан екі том жазған Лев Толстой соңында не деді? Бір жерден оқып ем, есіме түспей тұр. «Нағыз мықты Чехов, ол ұзын сонар дүниелер жазған жоқ. Бізді білмеймін, түбінде Чехов қылады» дей келе, өзінің көп жазғанына қынжылғаны бар. Мұны біреулер Чеховқа жеткізіп барғанда. «Данышпан шалдың қалжыңы ғой! Мысықтың тышқанмен ойнағанындай, менімен ойнағаны ғой!» деген екен. Сол Толстойдың тоқсан екі томының бүгін ары кетсе тоғыз томы ғана оқылатын шығар. Оқылғанда да күллі әлемді бағындырып тұрмай ма? Сол Чехов «Краткось – сестра таланта» демеді ме? Бұл жерде жанрға қатысты айтып отырғаным жоқ. «Соңғы парыздай» мықты роман жазған Әбдіжәміл Нұрпейісовті «мықты әңгіме жазбадың» деп қалай кінәлай аламыз немесе Бейімбет Майлинге «әңгімелерің сонша мықты, романың неге солғын» деп кінәлай аламыз. 40 шақырымға жүгіретін адамды 100 метрге жылдам жүгір десек немесе 100 метрге жылдам жететін адамды 40 шақырымға жүгір десек дұрыс па? Әдетте Спринтердің жылдамдығын марафоншы істей алмайды. Жеңіл салмақтағы боксшыға 50 келі салмақ қосып, ауыр салмақты боксшымен түс, яки ауыр салмақты боксшыға 50 келі салмақ тастап, жеңіл салмақтағы боксшымен түс дегенге парапар дүние ғой!

Бейімбет «Күлпәш» деген қысқа ғана әңгімесіне аштықтың зұлматын қалай ғана сыйғызды. Дәл осы тақырыпты, осындай деңгейде жеріне жете суреттеген қазақта роман бар ма? Чехов «Құндақтаулы адам» деген әңгімесінде қағидамен ғана өмір сүретін, шаблоннан шыға алмайтын, бейтарап ойлай алмайтын адамның образын қалай ашты. Дәл осы тақырыпты осындай деңгейде ашып көрсеткен орыс қоғамында роман бар ма? Әрине, жоқ. Талант қалыңдықпен өлшенбейді дегенім – осы.

А.Қ: Егер менің қазақ екенім, әрі жас қаламгер екенім рас болса, «бәрі білген сөзін түгел жазғысы келеді» дегеніңізді жоққа шығаруға мәжбүрмін. Өйткені мен – қысқа жазатын автормын әрі қысқа жазатын жас жазушылар да жетерлік. Мысалы, Есбол Нұрахметті ұзақ жазады деп айта алмайсыз. Санжар Бекжан да әңгімелерін 5-6 беттен асырмайды. Бақытбек Қадыр да көл-көсір қылып жазбайды. Досхан Жылқыбай да солай. Бұл тізім кете береді. Әрине, көпсөзділікке ұрынатын қаламгерлер де жоқ емес. Кейінгі кезде оқыған кейбір шығармалардан соны байқадым. Әсіресе сөйлемі «м-м-м», «с-с-с», «т-т-т» деп шығуы үшін түкке керегі жоқ тұрлаусыз мүшелерді «тықпалай беретіндер» бар. Алайда олар кейін, тәжірибесі толыса келе, осы жазғанынан ұялатын шығар деп үміттенемін.

Әдебиет – сөз өнері. Ендеше, автордың сөздік қоры бай, тілі шұрайлы болғанға не жетсін. Тек сол сөздер «кетігін тауып қаланып» (Абай) тұрса дейсің ғой! Ал кейінгі сұрағыңызға жоғарыда жауап бердім деп ойлаймын. Мо Янша айтсақ, оқитын адам мың бет жазсаң да оқиды, оқымайтын адамға бір бет мәтінің де алынбас қамалдай көрінеді. Сол секілді, нағыз жазушы бір бет жазса да, мың бет жазса да жалықтырмайды.

Ж.А: Осы орайда көпсөзділіктен арылу дегенді жас қаламгерлер жұтаң, қарабайыр жазу деп қабылдайтын сияқты. Әрине, бұл «тілге мән берудің қажеті жоқ» дегенді білдірмесе керек. Сонда сіздің ойыңызша, шын шебер шығарма қандай болу керек?

Ұ.Д: Әрине, көп сөзден, ұзын суреттен қашамыз деп, мақала сипатындағы шығармалар жазып жүргендер көп. Солардың біразы сөз иірімін сәтті қолданып, қысқа жазайын демейді, шамасының жеткені сол. Анығы – олардың көбінде қазақы тіл, тіпті қазақы ойлану жоқ. Себебі қазіргі қазақ та, оқырман да басқа. Жастар жайынан айтар болсақ, жазушысы да, оқырманы да Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауин заманының ауыл, дала көріністерін, ескі қазақ өмірін көрмегенінен. Ата-әжелер мектебінен өтпегендігінен. Заман өзгерісімен қарасақ, бұлай болуы заңды да. Біз ғана емес, жалпы адам баласы «цифрланып» барады. Сондығынан, құнарлы тілі, мәйекті мазмұны жоқ жұтаң дүниелер де қанша қысқа болғанымен оқырманды одан бетер жалықтырады.

Е.Ә: Көпсөзділіктен арылу дегенде ол автордың таланты, шеберлігі, ойы, тәжірибесі, бастысы, Құдай берген талантқа қатысты. Жаңағы боксшыны Құдай қалай арық немесе семіз қылып жаратқаны секілді, жазмышқа байланысты. Тілге де байланысты. Көп адам тілім мықты болсын деп сөздік ақтарып, архив қарап, архаизм жинайтын секілді. Тілім мықты болсын деп күрделі сөздерді үйіп-төгіп, жасандылыққа баратын секілді. Сөйлемді әдейі күрделестіретін секілді. «Ең қырпулы тіл ауыз екі тіл» деп Э.Хемингуэй баяғыда айтып кеткен. Бұл жердегі ауыз екі тіл дегені, жазушының аузынан немесе жүрегінен табиғи бұрқырап шыққан тіл дегені, яғни жазушының бойына сүтпен сіңіп, сүйекпен біткен тіл болмақ. Нағыз мықты тіл деп Қалихан Ысқақтың тілін айтар едім.

Асылан Қуанышұлы
Асылан Қуанышұлы

А.Қ: Кейіпкердің жан дүниесін аша білсе және оны оқырманға сезіндіре алса, шебер орындалса, шығарма атмосферасын бере алса әрі барынша қарапайым болса, қысқасы, «Ө-өй, мынаны мен де жаза алам ғой!» дегізсе, шебер жазылған шығарма сол шығар.

Ж.А: Осылардың ара-жігін қалай ажыратамыз?

Ұ.Д: Алдымен мына сұрақтың басын ашып алайық: жоғарыда айтқанымдай, автор өзі не жазғысы келеді? Оқырманы нені оқығысы келеді? Соны нақтылап алуы керек. Жазушы «Қазір бізде қай жанр өтімді» деп емес, қайсысына шамасы, ыңғайы келеді, соны жазсын. Роман жүгін повеске сыйдыра алса – шеберлігі. Әңгіме жүгін романға айналдырып жіберсе – мылжың қырттығы. Басқа ештеңе емес! Негізі бұл мәселені дәл қазір майшаммен қарай алмаймыз. Оны сұрыптайтын тек қана уақыт! Өз басым – кітапты ең көп оқитындардың қатарындамын. Бала күнімде әсер еткен томдарды қазір қайтара парақтап жүрмін. Солардың бірі – Михаил Шолоховтың төрт томдық «Тынық Дон» романы. Мен де асығыспын, менде де уақыт жоқ. Бірақ сол төрт томды қайталауға уақыт таптым.

Әлем әдебиетіне Сервантес келерден бұрын батыс қоғамында бір мезет рухани құлдырау болды. Сол кезде: «Енді әдебиет ақырласты» деген пікірлер көп айтылған. Одан бері төрт жарым ғасыр өтті.

«Әдебиет ақырласты ма?»

Әрине, жоқ! Кейін де солай болмақ.

Е.Ә: Көпсөзділік деген – ішіп алып, өз-өзін ұстай алмай еліріп сөйлейтін алқаштардың тілі сияқты. Бірақ алқаштардың тілін тыңдап тұрсаң арасында адамды баурайтын бірдеңе бар. Ал көркем шығармадағы көпсөзділік адамды жалықтырады. Басын бір оқып, ортасын бір оқып, аяғын бір оқып түсініп аласың, ондай шығарманы. Шашыраңқылық деген – бірдің басын, бірдің аяғын айтып лағу. Ондай шығармада біресе кейіпкердің өткенін айтады, біресе бүгінін айтады. Сосын басқа бірдеңені айтады. Бір кезде қарасаң, сүйісіп отырады. Бір кезде қымыз ішіп отырады.

– Ассалаумағалейкум, Бике!

– Уағалейкумәссәләм!

– Әлей болсын! Қайдан жүрсің!

– Төменгі ауылдан келдім Бике.

– Төменгі ауыл аман ба?

– Дін аман.

– Отыр, ендеше.

– Отырсақ отырармыз, сіздерді Құдайы қонақты сыйлайды деп естіген едік. Ха..ха.. ха.. иісін ай!

– Қымыз құйыңдар!

– Кімнің биесінің қымызы?

– Шылғаубайдың былтыр жау айдап кетіп, Байпақбатыр тауып

әкелген биесінің қымызы.

– Шылғаубай өзі тірі ме?

Міне, осындай диалогтар мен салақұлаш сөйлемдер. Жып-жылтыр сөз тіркестер ары қарай кете береді. Қысқа жазу деген – жүрекпен әбден екшеп барып, драмаға тән тәсілдермен сөзді қағазға үнемдеп барып керекті жерін ғана түсіру. Дәлдік тақырыптан, ойдан алшақтамау. Оқырманды бірден жетелеп әкету. Ой мен көздеген нысананы дүп басу. Өткен жылы 40 жасында өмірден озған Ғалымбек Елубай деген жазушы бар. Соны оқыған адам осы дәлдік пен қысқалық ұғымын түсінеді ғой деп ойлаймын. Нағыз қырпулы тілді де сол жерден түсініп алуға болады.

А.Қ: Көпсөзділікті «бөтен сөз» деп білемін. Кейде шашыраңқылық керек деп ойлаймын. Әрине, шашыраған мозаика бөліктерінен әлдене құрай алсаң. Ал қысқа жазу – мұрат емес, мұрат – дәл жазу.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: