Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 09 Тамыз 2023

«Корейлер той-тойлап, асқа барып жүрмейді». Кореяда жұмыс істейтін қазақ қызымен сұхбат

None
None

Оңтүстік корей еліне барып жоғары жалақыға жұмыс істейтін қазақтар саны жыл өткен сайын артып келеді.

Олар заңсыз түрде болсын хангук елінде қалып, кез келген қара жұмыс істеп, ақша табуға дайын. Себебі Корей елінде Қазақстанмен салыстырғанда жалақы жоғары.  Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, былтыр 38 мыңдай ел азаматы Кореяның шекарасын асқан. K-ETA тапсырып Кореяға кеткендердің жартысы елге қайтпай қалады. Осы орайда Jas Alash тілшісі Кореяда 6 жылдан бері жұмыс істеп жүрген отандасымыз Сайрангүл Даханмен сұхбаттасты.

Корей елінде 6 жылдан бері жұмыс істеймін

Корей елінде 6 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұлге елге тұлғалық жағынан өсу, тіл үйрену мақсатында келдім. Алматыда жұмыс бар, қабілетім де жететін еді. Бірақ жалақы жағына көңілім толмайтын. Оның үстіне мен аударма саласы қызықтыратын. Әпкем де сол салада жұмыс істейді. Сол кісіге қатты қызығып өстім. 7 тілде сөйлейтін. Мен де сондай маман болсам деп армандадым. Сеулге алып келген шабыт сол болған сияқты. Абай атындағы педагогикалық университеттің журналистика факультетінде грантта оқыдым. Бірақ үшінші курс кезінде біздің мамандық жабылып, бізді әл Фараби атындағы университетке ауыстырды. ҚазҰУ-дан бітіріп шықтым. Университет қабырғасында жүріп әлем халықтарын танысам деген жолда әрекет ете бастадым. Сол жолда еңбектеніп келе жатырмын. Бір жағынан осы әрекетім де мені шетелге алып шықты.

«Корей еліндегі екі қазақ жігітінің дүрбелеңі басқа қазақтарға кедергісін келтірген жоқ па?» деп менен көп сұрайды. Жоқ. Мұндай дамыған елде ұсақ-түйек заң бұзушылықтар болып тұрады. Қазақстан емес, әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі ұлт өкілдері келіп жатады. Басқа елдің азаматтары да байқамай, қасақана заң бұзады. Кейбірі шарасыздықтан теріс әрекетке барады. Ұлттық намыс тарапанынан қарағанда әрине ұят іс. Шекарадан қашып өту, ұлтқа көлеңке түсіретін нәрсе.

Қазақтар жалқау ма?

Бұл ел ішінде ғана айтылатын сөз. Бірақ мен шетелдегі қазақтарды жақсы білемін. Финландия, Америка, Лондон, Жапония, Венгрия т.б елдерде таныс, жора-жодастарым жұмыс істеп, оқып жатыр. Бірақ олардың ішінен ешқандай жалқау қазақты көрген жоқпын. Ал Кореядағы қазақ атынан сөйлейтін болсам, олар өте мейрімді, бауырмал, еңбекқор және сабырлы азаматтар деп айта аламын. Қазақстан ғана емес, дамыған елдің бәрі шетелге шығып жұмыс істеген. 38 жыл боданда болған корейлер де Жапония, Араб елдеріне, Америкаға екі қолға бір күрек ұстау үшін барған. Еңбегін сатқан. Сол арқылы Кореяны дамытқан. Қазір де бұл елдің жастары Еуропа, Америка, Жапония елдеріне көп кетеді. Себебі Корей жалақысынан Еуропа, Америка, Жапония жоғары төлейді. Оның үстіне өз елінен гөрі шетелде зауыт немесе өндіріс фабрикасын ашатын болса, мемлекет тарапынан қаржы бөледі. Сондықтан болар, қазіргі жастар  шетелге шығып жұмыс істеуге, оқуға құмар. Кетіп жатқандар өте көп. Яғни шетелге кету қазақ жастарының ғана емес әлемде болып жатқан үрдіс.

Кез келген адам еңбегін жоғары бағаға сатқанды қалайды

Қазақтар ғана шетелге барса ауыр жұмыс істеп, еліне келсе ауыр жұмыс істемейді деген сыңаржақ пікір бар. Бірақ қате. Өйткені жапондар Америкаға барса жүк таситындай жұмыстарды істейді, жоғары жалақы төленетін кез келген істен қашпайды. Кореялықтар да сондай. Әрбір елдің азаматы өз елінде істемейтін істі істейді. Неге? Себебі жоғары жалақы. Қомақты қаржыға еңбегін сатады. Бұл жоғарыда айтып өйткенімдей қазақ жастары басындағы проблема емес. Олар да өз елін тастап кеуге мәжбүр. Сондықтан «қазақ жастары туған жерін тастап кетті», «Ата-бабасы қорғаған жердің қадірін ұқпады», «әр елде қаңғып ыдыс-аяқ жуып, «грущик» болып жүр», «қоқыс тазалайды» деп кінәлаудың дым қажеті жоқ. Дәл осы этаптан әлемнің барлық дамыған елдері өткен. Біз де бұл жолдан өтуге тиістіміз, уақытша сынақ қана. Қазақ жастарының өркендеп дамуына, әлем жастары қазіргі өмірге қалай бейімделіп жатқанын көру арқылы тәжірибе арттыруына сеп болады. Шетелге шыққан қазақ балалары мықты болып келмесе, осал болып елге оралмайды.

Шетелде жүрген қазақтар сауатсыз деген пікір қате

Біздің елде мынадай жаңсақ пікір бар: «Шетелде жүрген қазақтар сауатсыз, қолында дипломы жоқ. Түк бітіре алмағасын басқа елге кетті. Сондықтан өзгенің қырыққабатын көтеріп, пиязын тасып жүр» дейді. Салыстармы түрде аударма саласында Кореяда жүрмін. Келгендерге жұмыс табуға көмектесемін. Емханаға бару керек болса немесе үй табу керек болса аудармашы ретінде қасында жүремін. Сонда байқағаным келіп жатқан қазақтардың барлығы көзі ашық, көкірегі ояу қандастарымыз. Бәрін де диплом бар. Бірнеше оқу орнын бітіргендерді де көремін. Бұл шетелге шыққан қазақ жастарының өте сауатты екенін білдіреді. Олар тек жұмыс істеп қана қоймай, көп тәжірибе жинайды. Кәсіпті қалай құру керегін үйренеді. Бұл жер бауырының, әке-шешесінің ақшасын жұмсап, аяқты көтеріп жататын жер емес. Етің тірі болмаса, аш қалатын ел. Сондықтан ақсаусақ болып елде жүрген балалар хангук елінде еңбектің отына әбден піседі, ақша табуды үйренеді. Оның тегін келмейтінін біледі. Шетелге шыққандарды қолынан түк келмейді деген қате. Бірнеше мамандық иесін кездестірдім. Заң саласында 10 жыл қызмет атқарған мамандар да бар. Өйткені Қазақстанда жалақы аз. Мына жерде өзіңнің еңбегің мен уақытыңды жақсы бағалай аласың. Әр минут ақша. Ақшаның ізінен кетті деп айтарсыздар, бірақ елімізде 20-30 жылда жететін жетістікке шыдасаң Кореяда 5-7 жылда жетуге болады. Дәрігер, журналист, заңгер, аудармашы т.б мамандық иелері бұл жерде тегін жүрген жоқ. Жұмыс істеп қосымша өзін дамытып жатыр.

Хангуктар қазақтарды жоғары бағалайды

Аударма саласында жүргендіктен корейдің көптеген компаниясымен келісім шартқа отырып, адамдарды жұмысқа жіберемін. Сол кезде корей басшылары қай ұлттың, қайдан келгені тәптіштеп сұрайды. Себебі қазақтар тұрақты шыдап, жұмыс істейді. Сондықтан біздің елдің ұл-қыздарын олар жақсы көреді. Бірден алып кетуге тырысады. Себебі қазақтар тәртіпті біледі, мейрімді. Жалақы алғасын басқа ұлт өкілдері сияқты ішіп кетіп, жұмысқа шықпай қалмайды. Қалтасы қалыңдаған сайын олар қаланы қыдырып, қаңғып кетпейді. Өз миссиялары бар. Өз жыртығын жамағасын, аға-бауырына көмектеседі. Бірнеше әулетті асырап отырған қаршадай қыздар мен жігіттер бар. Олар бір емес бірнеше жерде жұмыс істейді. Оларды қалай жалқау деп айта аласың. Жаңа айтып өткенімдей өте мейрімді. Басшылар олардың өзіне емес, әулетіне жұмыс істеп жатқанын көріп таңғалады. Оның үстіне корей оқулықтарында «Қазақстанға ауып барған корейлерге нанын бөліп берген қазақтар өте мейрімді» деген ақпарат бар. Солай оқытылады. Сондықтан корейлер ортасында осындай үрдіс қалыптасты. Қазақ десең «олар мейірбан» деп шығады. «Олар өздерін ғана емес ағайын-туысын да ойлап тұрады» дегенді де айтады. Мен соған қуанам.

Шетеласқан жастарға ренжімеуіміз керек

Бұл жақтағы ірі компанияларда да жұмыс істеп жатқан өзіміздің қаракөздеріміз. Олар бар мүмкіндікті пайдаланып ақша тауып жатыр. Медицина мамандары күндіз құрылыста жүріп, кешке өз саласы бойынша жұмыс істейді. Стамотологтар да бар солай жұмыс істейтін. Сондай маманның бірі менмін. Қолымда ҚазҰУ-дың дипломы бар, журналист-полиглотпын, бұл жерде не істеп жүрмін, Қазақстанға кетемін десем болады. Жоқ, бұл жерде еңбекті бағалайды. Соған сай жалақы береді. Шаш әрлейтін мамандықты бітірген қыздар мұнда күндіз зауыттарда жұмыс істеп, кешке өз мамандығы бойынша тапсырыс қабылдайды. Сондықтан шетелге кеткен қазақтар мамандығын ұмытты деген қате түсінік, керісінше дамытып жатыр. Несиесін төлеп, көлік алып, үй салып жатыр. Тіпті Кореяда бірнеше жыл жұмыс істеп, елге барып өз өндірісін ашып жатқан таныстарым да бар. Бұл Қазақстан үшін пайдалы. Сондықтан шетеласқан жастарға ренжімеуіміз керек.

Қазақтардың шетел асып, заңсыз жұмыс істеуіне не себеп?

Неге әлем халықтары доллармен жоғары жалақы алғанда біз арзанға жұмыс істейміз? Уақыт өтіп жатыр. Басқалар 8 сағат жұмыс істесе, біз де солай  емес пе? Мысалы, елде менің таңғы 8-ден түнгі 03-ке дейін жұмыс істеген күндерім болды. Сонда алатыным 70 мың теңге. 6 жылдың алдындағы жалақы сондай болатын. Қазір білмеймін. Сондықтан әркім өзінің құнын білгісі келеді, ел қатарлы өмір сүрсем, көлік мінсем дейді. Сондықтан олар еңбегін бағалайтын, жақсы жалақы төлейтін жұмыс іздейді. Сол мақсатпен басқа елге барады. Заңсыз болса да кетеді. Мысалы, Кореяда шамалауымша 14 мың қазақстандық заңсыз жүр. Бірақ ел қатарлы жұмыс істейді. Ештеңеден шеттетілмейді. Тұрақты медицина т.б нәрселерді пайдалана алмау мүмкін, бірақ қуғын-сүргін көріп, қаңғып жүрген жоқ. Рейд кезінде ғана оларға тықыр таянуы мүмкін, қалған уақытта бәрі дұрыс. Ақшаң болса ем аласың, емін-еркін қыдырасың. Соншалықты қасіретті мәселе емес. Өзбекстан мен Қырғызстанда қаншама мың квота бөлінеді. Неге біздің Қазақстан да сондай мүмкіндіктен пайдаланбайды? Неге шетелден кәсіп ашпайды? Егер еліміздің азаматтарында сондай құқық немесе еңбек визасы болса талай кәсіпкерлер шығатын еді. Олардың қолын байлап отырған жалғыз мәселе – виза. Ал өзбек пен қырғыз бұл жақта дүкен ашам десе де өз еркі. Тауарын әкеліп сата алады. Неге қазақ жастары әлем пайдаланып жатқан мүмкіндіктен құр қалуы керек? Ішің ашитыны сол. Жылына неше мың қырғыз бен өзбек корей тілі курсына келіп, қосымша жұмыс істейді. Олар бізге қарағанда сауатын арттырып жатыр. Біздің қазақ жастары да мұндай мүмкіндік болса пайдаланатын еді.

Жөргек ақыға нан алып, күн көретін заман өтті

Біздің бұлардан үйренеріміз көп. Себебі корейлер 3 айлығынан бастап балабақшаға баласын бере алады. Сол жерден бастап егістік алқабына апарып, картопты қалай егеді, сәбіз қалай шығады деген нәрселерді үйретеді. Киімін жинатады, тәртіпке баулиды. Бәрін өзіне істетеді. Осы арқылы тұлға болып қалыптасуына көмек береді. Сондықтан олар өскенде өз тамағын өзі істейтін, ақша таба алатын адам болып қалыптасады. Бізде керісінше, шұлығын мамасы жуып, әкесі ақша беріп тамақтандырады. Бұлар балаларының білім алуына инвестиция құйып отырады. Бала өмірге келді ме, жөргек ақысын, көрімдігін банктен шот ашып соған сала береді. Кейін жоғары білім алатын кезде оның банк картасында неше мың доллар тұрады. Арзан, болашағы бар акцияларды сатып алады. Бәрі баласы үшін. Жауапкершілік жоғары. Біз сияқты «бала өзімен-өзі өседі, ержетіп не бойжетіп жатса көрерміз» деп көлік мініп, той-тойлап, астан асқа барып жүрмейді. Біздің ата-аналар балаға инвистиция құюдың орнына құдалығымды ерекше өткерсем, оларға елде жоқ қызыл балық жегізсем деумен өмірін өткізеді. Қара жұмыс істейтін корейдің балалары шетелде беделді университтерде оқиды. Неге? Себебі ол той-тойлап жүрмей, баласына ақша құйған. Осыны қазақтар үйрену керек. Сол кезде ғана сапалы орта қалыптасады. Тойға шашқан ақшаны балаға салу керек. Жөргек ақыдан бастап ай сайын түсетін ақшасының бәрін банкке сала беру керек. Сол кезде ғана бала шетелде оқуға мүмкіндік алады. Жөргек ақыға нан алып, күн көретін заман өтті. Мұны мелекет қолға алып реттеу керек, әйтпесе дамымаймыз.

Қалай сауатсыз анадан сапалы ұрпақ көреміз деп ойлайсыңдар?

Одан кейін корей жастары 30-дан асып барып қана тұрмыс құрады. Олар қазақ, қырғыз, өзбектерге таңғалады. «Аузынан анасының сүті кетпеген жас балаларды қайтіп тұрмысқа бересіңдер?» дейді. «18 жас бала ғой, кеше ғана өмірге келді емес пе, үлкен өмірге енді қадам басып жатыр емес пе?» деп жүректерін ұстайды. «Баланың баланы өмірге әкелуіне қалай мүмкіндік бересіңдер, ол тұлғалық жағынан әлі қалыптасып үлгерген жоқ қой?» дейді. «Өзінің саласында белгілі жетістікке жеткен жоқ, білім алған жоқ, сендер қалай сауатсыз анадан сапалы ұрпақ көреміз деп ойлайсыңдар?» дейді. Хангуктар 30 жасынан кейін ғана тұрмыс құру туралы ойлана бастайды. Бұлардың жастары оқып жүріп жұмыс істейді. Студенттерге жақсы мүмкіндік бар. Қымбат ноутбук аламын деп, студенттік картаңды көрсетсең көп жеңілдік жасайды. Емханада да солай, компанияға жұмыс істеуге барсаң оңай жерден жұмыс тауып береді. Оның ешкімнің басынуына, артық жұмыс істеуіне жол жоқ. Себебі ол болашақ бір маман. Бізде де осындай дүниелер жасалса, студенттерге мүмкіндік берілсе деп ойлаймын.

Ерте отбасын құруға бізде тыйым салу керек

Бізде жас кезінен бір-бірін танымай үйленіп алады. Сосын ажырасады. Салдарынан жетім бала мен жесір әйел қалады. Енді салыстырыңыз, 30-дан асып, оң-солын танып, отбасын құрған дұрыс па әлде жас кезінде отбасылы болған ба? Әрине біріншісі. Біздікілер бесіктен белі шықпай жатып тұрмысқа шығып кетеді де, сосын балалы болып отырады. Не білімі жоқ не жиған капиталы жоқ. Сосын отбасында қиындықтар басталады. Бұл үлкен қасірет. Ерте отбасын құруға бізде тыйым салу керек. Әйтпесе дамымаймыз. Корейлердің ұлтшылдығына таң қаламын. Олар ағылшын тілінде бірдеңе сұрасаң корей тілінде жауап береді. Көрей тілінде сөйлесең, оларға бұл елдің тілін білетініне көздерін жеткізсең ғана саған ағылшынша жауап береді. Егер әлеуметтік желіге корейдің болашағы туралы жақсы бір сөз айтса, оны бүткіл корей қолдайды, таратады. Авторды қолпаштағанда жер-көкке сыйдырмайды. Олардан үйренетін бір қасиет ұлтшылдық.

Корейлер қырсық ұлт

Корейлер қырсық ұлт. 38 жыл бодан да болса да рухы өлмеген. Олар өнімдеріне келгенде де патриот. Бір корей жапон көлігін мініп жүрсе, ала көзімен атады. Отандық өнімдерін ғана сатып алуға тырысады. Олигарх болса да корей затын тұтынады, көлігін пайдаланады. Саналы қырсықтық деген осы. Бұл өз дүниесін бағалауға деген ұлы қырсықтық деп білемін. Осы қырсықтықты үйренсек деймін.

Біз 70 жыл бодан болдық. Ана тілімізді аяққа таптап отырмыз. Корейлерге егер «жапон немесе қытай тілінде сөйлейміз» десе бір күнде халық билікті өртеп жіберетін еді. Бұл жақта митингке де емін-еркін шыға береді. Өткенде ғана сондай наразылықтың бірі өтті. Кореяда сол үшін ешкімді атпайды, қудаламайды. Тек полиция адамдар бастырылып өлмесін деп қарап жүреді. Заң халық үшін, халық заң үшін. Бәрі халық үшін жасалған. Барлық жерде камера, әжетханалар тегін.

Он миллионнан астам халқы бар Сеулдің өзінде көшеге орнатылған камераның саны 1000 адамға бір ғана камерадан тиеді. Өйткені халқы тәртіпті.

Лос Анджелесте 1000 адамға 9 камерадан айналса, адамгершілік пен сауапты ұлы миссия тұтатын қасиетті қала Бағдатта 1000 адамға 16 камерадан,   қайнаған  қазандай Сингапурда 1000 адамға 18 камерадан, Делиде 27 камерадан келеді екен. Ал, салыстырайық! Қай ел алда және қай ел тәртіпті?!

Корейлерге камераның керегі жоқ. Халқы тәртіпті және сауатты. Су жаңа айфоныңды тамақ ішкен дәмханаға әдейі ұмытып ертесі барсаң, тұрған орнында жатады.  Машина ашық, үй ашық, интернет арқылы тапсырыс берген заттарың сен жұмыстан келгенше үйіңнің есігінде жатады. Камераның да дымға керегі жоқ-ау  деп ойлайсың, бірақ, бір қылмыс туылса ізін суытпай тауып алады. Бүкіл ауыл-аймақ камерамен толық қамтамасыз етілген. Ешкім түнде жүруден қорықпайды,  себебі қылмыс жоқ.

Хангуктар уақытын кептеліске кетірмейді

Ешқандай мұғалім тамыр-таныспен жұмысқа кірмейді. Мұғалім бір мектепке жұмысқа тұрды ма сол мектепте бала-бақша болады. Балаларын сол жерге береді. Кептеліспен бала-шағасын басқа жерге тасып жүрмейді. Мысалы, мен бір мектепке жұмысқа тұрсам, үкімет сол мектептен қасынан үй береді. Уақытымды кептеліске кетірмеймін. Қаскелеңнен қала орталығына келем дегенше 3-4  сағат уақытымды өлтірмеймін. Сенбі-жексенбі қыдырамын, ата-анама барамын. Міне, жағдай жасау деген осындай болады. Медицина саласы да дәл осы. 3-қабатында жұмысым болса, бірінші қабатында баламды апаратын бала-бақша болады. 4-қабатқа барып ұйықтаймын. Біздің Қазақстанда бар ма, осы айтып отырған жағдай? Жоқ! Дамыған ел деген осы. Осылай жағдай жасалғаны үшін 62 тамырымен халық мемлекетке қызмет етеді. Өйткені, билік солардың дегенін жасап отыр, мүддесін қорғап отыр. Билік жұмыс істесе, халық оның айтқанын істейді. Бір-бірін түсінеді, бір-біріне қиындық туғызбайды деген сол.

2 корей, 2 корейдің жұмысын 1 жапон істейді

Корей азаматы болсаң сенде 4 түрлі борыш болады. Біріншісі, заңға бағынасың. Екінші, «елшими, иелханда» дейді яғни еңбекқор болуың керек. Жалқаусың ба, бұл елдің азаматы емессің. Үшіншісі, салық төлеу. Төртіншісі, армияға бару. Бұлардың еңбекқорлығын айтып жеткізе алмаймын. Мен 18 жасыма дейін қытайда өстім. Қытайдан мықты халық жоқ деп ойлайтынмын. Қателескен екенмін. 3 қытайдың жұмысын 2 корей, 2 корейдің жұмысын 1 жапон істейді деген тәмсіл бар. 60-70-тегі қарттар жұмыс істегенде сені шаң қаптырады. 30-ға толмаған өзім оларды көргенде ұяламын. Қазір үйрендік қой. Әр минут қымбат екенін білеміз. 2-3 жұмыс істейміз. Ұйқыны ұмыттық. Бұлар кезінде аштық пен бодандықты көрген халық. Тау-тасты аралап тамыр жеген. Сондықтан тағы да аш қалып, бодан болғысы келмейді. Міне, мотивация. Бір қателік жасадың ба, екінші рет оны қайталама. Кез келген уақытта президентті ауыстыра алады. Кейінгі 75 жылда 13 президент ауысқан. Оның екеуін темір торға қамаған. Биліктің бірдеңесі ұнамаса дәл қазір наразылық білдіреді. Бүгін айтпаса ертең азабын шегетінін біледі. Бүгін еңбектенбесе ертең аш қалатынын біледі. Олар тез-тез істеп, бірден нәтиже көргенге үйренген. Күтпейді, билік бір күні жағдайымызды жасар деп отырмайды. Ешкімге сенбейді, тек өздеріне сенеді.

Бостандық адамды аздырады

Бұлардың қырсықтығына әлі таңғаламын. Мен қалың қытайдың ішінде өстім. Темірдей тәртіппен оқыдым. «Ағылшын тілін білмесең аш қаласың» деп үйретті. Қандай қиындықтардан өттік. Қазақстанға келгенде бостандықтың не екенін көрдім. Рахат екен деп жүрдік. Бірақ бостандық деген дұрыс емес екен. Бостандық адамды аздырады. Корей еліне келіп баяғы тәртібе қайта оралдым. Жатпай-тұрмай оқуға, еңбектенуге қайтадан дағдыландым. Өйткені айналаңның бәрі солай жасайды. Таңғы төртте тұрады, жүзу алаңына барады. Жұмысын істейді. Кешке тағы бір жұмысына кетеді. Бір корейдің басында бірнеше мамандық бар. Біз сияқты «мен журналистпін» деп басқа жұмыс істемей үйде омалып отырмайды. Корейлер кез келген уақытта мамандық ауыстырудан қорықпайды.