Көрінбейтін соғыс: диджитал дәуірдегі наркоқатер
Сауда жолдарының, отаршылдық саясаттың, соғыстардың, жаһанданудың және көлеңкелі капиталдың астасып жатқан күрделі тарихына үңілсек, есірткі саудасы мәселесіне айналып келе береміз.
Бүгінде бұл бизнес тек денсаулық мәселесіне ғана емес, мемлекет қауіпсіздігіне, экономикаға, демографияға, құқықтық жүйеге, тіпті ұлттық болмысқа төнген үлкен қатерге айналды. Әлемдік деңгейде есірткі саудасы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың ең табысты түрлерінің біріне айналғалы қашан.
Есірткінің бастапқы тарихы адамзаттың ежелгі медициналық және діни тәжірибелерімен байланысты. Көкнәр шырыны, каннабис, кока жапырағы тәрізді заттар түрлі өркениеттерде ауырсынуды басу, рәсімдік трансқа ену немесе емдік мақсатта қолданылған. Бірақ бұл заттар жүйелі, трансұлттық қылмыстық бизнеске айналуы – жаңа дәуірдің жемісі. XIX ғасырда апиын саудасы халықаралық саясаттың құралына айналды. Мәселен, Апиын соғыстары Қытай мен Батыс державалары арасындағы текетірестің символына айналып, есірткі саудасының мемлекетаралық қақтығыстарға ұласуының алғашқы ірі мысалдарының бірі болды. Бұл соғыстар экономикалық мүдденің адам тағдырынан жоғары тұрғанын, есірткінің тек көше деңгейінен бірте-бірте геосаяси құралға айналып кеткенін көрсетсе керек. Ал XX ғасырда есірткі бизнесі жаңаша сипат ала бастады. Латын Америкасындағы кокаин өндірісі, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы «Алтын үшбұрыш», Ауғанстандағы апиын өндірісі – бәрі бірігіп, әлемдік көлеңкелі экономиканың қуатты сегментін қалыптастырды. Әсіресе Colombia аумағында әрекет еткен картельдер жаһандық қылмыстық құрылымдардың жаңа моделін қалыптастырды. Medellín Cartel тәрізді ұйымдар мемлекетпен тайталасуға дейін барғаны тарихтан белгілі.
Есірткі бизнесінің мемлекетке тигізер кесірі ең алдымен ұлттық қауіпсіздікпен өлшенері анық. Бүгінде Қазақстан үшін де есірткі бизнесі айықпас дертке айналып отыр. Қарулы топтар мен радикалды ұйымдардың қаржылануы көбіне заңсыз есірткі айналымымен байланысты екені анық. Кейбір елдерде есірткі өндірісі қарулы қақтығыстарды қаржыландыратын негізгі көзге айналғандықтан, елде есірткі бизнесіне қатысты сан түрлі шаралар жүзеге асып жатыр. Мәселен, «заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ішкі істер органдары жүйелі түрде есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жүргізіп келеді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті аумақтық бөлімшелермен өзара іс-қимыл барысында ақпан айының алғашқы онкүндігінде 158 есірткі құқықбұзушылығын анықтап, олардың ішінде 91-і қылмыстық теріс қылық болса, 68-ін қылмыс деп тапқан. 10 күн ішінде есірткі сату бойынша 48 фактінің жолы кесіліп, аса ірі мөлшерде сақтау бойынша 6 факт анықталған екен. Бұдан бөлек, 2 есірткі зертханасы жойылды, сондай-ақ есірткі контрабандасының және ұйымдасқан қылмыстық есірткі тобының әрқайсысы бойынша бір-бір фактіден тіркелді. Соңғы жылдары Қазақстанда синтетикалық есірткі түрлерінің таралуы, жасырын интернет-дүкендер арқылы сату, «закладка» әдісінің кеңеюі, жастардың бұл процеске ерікті түрде баруы белең алып тұр. Қазақстандағы есірткі саудасының өршіп тұруына себеп не десек, әлеуметтанушы Батыр Ниязов мұндай үдерістің жаһандық нарконарықтың өзгерісімен де, ішкі әлеуметтік факторлармен де сабақтас екенін алға тартты.
«Геосаяси тұрғыдан алғанда, Қазақстан Орталық Азия кеңістігінде транзиттік аймақ ретінде ұзақ уақыт бойы назарда болды. Ауғанстандағы апиын өндірісімен байланысқан «солтүстік маршрут» арқылы Ресей мен Еуропаға бағытталған тасымал жолдарының бір бөлігі Қазақстан аумағын қамтығаны белгілі. Алайда бүгінгі ахуал классикалық героин тасымалының шеңберінен әлдеқашан шығып кетті. Қазіргі кезеңде синтетикалық есірткі өндірісі мен таралуы жаңа сипат алды: оларды дайындау үшін табиғи плантация қажет емес, шағын зертханалар мен химиялық компоненттер жеткілікті. Бұл үрдіс халықаралық деңгейде де байқалады, мысалы, United Nations Office on Drugs and Crime өз есептерінде синтетикалық стимуляторлардың әлемдік нарықта жылдам өсіп жатқанын атап өтеді. Қазақстан да бұл тенденциядан тыс қалған жоқ.
Есірткі саудасының көбеюі – әлеуметтік теңсіздік индикаторы. Табысы төмен аудандарда, инфрақұрылымы әлсіз шеткері ықшамаудандарда синтетикалық есірткіге қолжетімділік жоғары болатыны халықаралық зерттеулерде дәлелденген. Қазақстандық контексте де әлеуметтік капитал деңгейі төмен қауымдастықтарда заңсыз дүниелер тезірек қалыптасады. Отбасы институтының әлсіреуі, ата-аналық бақылаудың төмендеуі, миграциялық бөліну – жасөспірімдердің бақылаусыз қалуына әсер етеді. Мектеп пен университет тек білім беретін мекеме ретінде шектеліп, тәрбиелік және әлеуметтік қолдау функциясын толық атқара алмаса, жастардың тәуекел тобына ену ықтималдығы артады. Мәдени аспектіні де назардан тыс қалдыруға болмайды. Кейбір музыкалық субмәдениеттерде, интернет-мемдерде, сериалдарда есірткі тұтыну қалыпты немесе «заманауи» өмір салтының бір бөлігі ретінде бейнеленеді. Символдық деңгейде бұл құбылыс қалыпты қабылдана бастады. Сонымен қатар пандемия кезеңі де бұған өз әсерін тигізді. Оқшаулану, онлайн өмірге көшу, әлеуметтік байланыстардың үзілуі психологиялық күйзелісті күшейтті. Бұл кезеңде онлайн-сауданың, оның ішінде есірткі саудасының да өскені байқалды», – дейді маман.
Есірткі бизнесінің түпкі тамыры көбіне әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық, білімге қолжетімділіктің төмендігі сияқты факторлармен байланысты. Заңсыз саудаға тартылған жастардың бір бөлігі үшін бұл табыс табудың жалғыз мүмкіндігі ретінде көрінетіні бар. Сондықтан мәселені тек қылмыстық қырынан емес, әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан да қарастыру қажет. Егер мемлекет азаматтарына лайықты өмір сүру мүмкіндігін ұсына алмаса, көлеңкелі экономика әрдайым өзіне тартатын балама жол болып қала бермек.
Сәруар Бақберген