Коронавируспен күресте көз жұмған екі дәрігерге Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирус індетіне қарсы күрес кезінде қайтыс болған екі дәрігерді "Қазақстанның Еңбек Ері" атағымен марапаттау туралы қаулы шығарды.
Жоғары мемлекеттік награда Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі Олег Исаев пен Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозбағаровқа берілді. "Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын" деп жазылған қаулыда.
Тоқаевтың бұл қаулыға елде коронавирус құрбандарын Ұлттық аза тұту күні деп жарияланған 13 шілдеде қол қойған.
Қазақстанда 13 наурыздан бері, ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар 59 899 адамға жетті. Вирус кеселінен 375 адам қайтыс болды, олардың 111-і кейінгі бір аптада көз жұмды. Коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар арасында дәрігерлер бар.
Бұған қоса елде коронавирус жұқтырғаны анықталған, бірақ ресми билік "өліміне басқа ауру себеп болған" деп коронавирустан қайтыс болғандар статистикасына қоспаған тағы 101 адам көз жұмған.
Сонымен бірге Қазақстанда әдеттен тыс өршіген пневмониядан жүздеген адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігі оларды да коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне қоспай отыр. Кейбір мамандар мен сарапшылар бұл пневмония коронавирус инфекциясының салдары деп санайды.