Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 16 Сәуір 2024

Коррупциясыз мемлекет құру утопия емес

Коррупция
Фото: из открытых источников

Қазір әр салада белең алып тұрған сыбайлас жемқорлық қоғамдағы теңсіздікті күшейтіп, институттарға деген сенімге нұқсан келтіреді.

Саяси дисфункцияға ықпал етіп, елдің дамуы мен тұрақтылығына зиянын тигізеді. Әлем елдерінің дамуының кенжелеуіне басты себептердің бірі де осы коррупция. Transparency International мәліметі бойынша қазір Қазақстан сыбайластық пен жемқорлық көрсеткіші бойынша әлемнің 180 елінің ішінде 93-орынға жайғасқан.

Осы тұста біз жемқорлықпен тиімді күрестің әлемдік модельдері мен еліміздегі коррупциямен күрестің бағыт-бағдары туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры, педагогика ғылымының кандидаты Абай Қабақбайұлымен ой бөліскен едік. Әңгіменің маңызды деген бөліктерін ұсынып отырмыз.

– Жалпы коррупция Қазақстандағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Коррупция дегеніміз – лауазымды тұлғалардың мемлекетке, қоғамға экономикалық шығын келтіруі. Сондықтан осы тұста мен оған сыбайлас жемқорлық деген атауды лайықсыз көремін. Сыбайлас сөзінің мәні негізі қазақтың ұғымында көмектесу, қолдау дейтін жақсы мағынаны үстейді. Бірақ мұны қазір біз жемқорлықпен байланыстырған соң жағымсыз мағына білдіріп кетті. Жемқорлық сөзінің өзі де негізі хайуанаттарға немесе биологиялық нәсілдерге айтылатын «жемқор», «жемсау» дейтін сөзден шыққан.

Сондықтан халықаралық термин ретінде коррупция сөзін қолданған дұрыс. Ал енді әлемдік тәжірибеден қарасақ, коррупция жайлаған мемлекеттер соғыссыз-ақ елдігінен айырылып қалуы мүмкін. Кезінде әлемді дүр сілкіндірген Византия империясы өзінің алпауыт территориясын басқара алмай, тарих сахнасынан жойылған. Оған себеп те осы коррупция болатын. Ал одан берірек, тағы да сондай алып КСРО дейтін мемлекет болды. Ол да өзінің алапат күш-қуатына қарамастан, басқару жүйесіндегі, жалпы қоғамдағы жемқорлықтың әсерінен тамыры шіріген теректей бір-ақ сәтте опырылып түсті. Соғыссыз-ақ бөлшектеніп, бытырап кетті. Міне, біз сол совет одағының тарихи жалғасымыз. Біздегі басқару жүйе де сол күйреген империядан мұраға қалған.

Әлемде жемқорлықпен күрес жүргізіп жатқан мемлекеттер көп. Бірақ соның ішінде Еуропа мемлекеттері, сонымен қоса демократиясы мықты дамыған «Азия жолбарыстары» осы салада үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Мысалы, Финляндия, Скандинавия мемлекеттерінде тұтастай коррупция жоқ, бақытты мемлекеттер деп айтуға болады. Жылдағы әлемдік деңгейдегі рейтингте олар ғылым-білім, мәдениет, экономика саласында көш бастап тұр. Ондай мемлекеттердің бар екені утопия емес. Оған біз де тарихтан куәміз. Әрі экономикалық сәтті реформалар жүргізсек, олардың санатына кіруге болатындығына да көзіміз жетіп отыр. Осы тұста бұрынғы ТМД елдерінен жемқорлықпен күресте жетістікке жеткен Грузия мемлекетін үлгі етуге болады. Тарихта Саакашвилидің билігі кезінде, 2003-2013 жылдарда жүргізілген үлкен мемлекеттік реформа «Грузия парадоксы» деп аталады.

Сол кезде Грузия ішкі істер қызметінің 16 мың қызметкерін бір күнде жұмыстан босатып, оның орнын жаңадан жабдықталған кадрмен алмастырды. Көптеген мемлекеттік құрылымдарды қысқартып, орнына мобильді қызмет ететін, халықпен етене жұмыс жасайтын қызметкерлерді бекітті. Бүкіл салық механизмін банк жүйесіне енгізді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетте қағазбастылықты, бюрократияны жойып, мемлекетте меритократиялық басқару жүйесін тұтастай орнатып, «еуропаландырды». Сондықтан да Саакашвилидің мемлекет басқару кезіндегі жетістігі қазіргі Грузияның демократиялық бағытта дамуына серпін берді. Грузияны тарихта коррупцияны жеңген мемлекет ретінде алтын әріппен жазды. Енді біздің мемлекетімізге келетін болсақ, жалпы қазір мемлекеттік деңгейдегі ауқымды шаралар, оның ішінде коррупциямен күресетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды.

Ресми түрде күрес жүргізіліп жатыр. Дегенмен ол туралы белгілі бір тетіктерін, мысалдарын келтіріп, үлкен жетістікке жетіп жатыр деп айта алмаймын. Бірақ халықаралық деңгейдегі Transparency agency деп аталатын индекс бойынша Қазақстан 2023 жылғы рейтинг бойынша өткен жылы 101-орыннан 93-орынға түскен. Бұл үлкен жетістік. Әрі қарай да осы саланы мемлекеттік деңгейде қолдай алатын болсақ, Грузияның кейбір модельдерін алып, әлемдік деңгейдегі жақсы тәжірибелерді де енгізетін болсақ, коррупцияны жеңуге болады.

Басқа мемлекеттерде де осы салада жүргізіп жатқан түрлі күрестер бар. Мысалы, көрші Қытай мемлекетін қарасақ, коррупция бойынша айыпталушыны жазалау кезінде өлім жазасы сияқты ауыр жазалар қолданылатындығын телеарналар мен БАҚ-тан көріп жатамыз. Қазір Қытай елінің өзінде заң қанша қатаң болғанмен, коррупция орын алып тұрады. Осы себепті олар мемлекетке зиян келтіретін тұлғаларды жазалауда ашық, жария әрі барынша қаттылық саясатын ұстанады. Енді біздің мемлекетіміз демократияық бағытты ұстанатындықтан, алдағы мәселе мемлекетті цифрландыруға көшіру, бюрократияны, қағазбастылықты жою, қажет емес жалған ақпараттардан арылу болмақ. Себебі жалған статистика да мемлекетке үлкен қауіп төндіреді.

Жоғарыда айтқанымыздай, кезінде КСРО-ны тұралатқан да осындай жағдай болатын. Сондықтан айтылған мәселелерді біз күн тәртібіне қойып, халықпен бірге меритократиялық бағытты ұстанып, халықты тыңдайтын үкімет, халықты тыңдайтын билікті қалыптастыру керек. Осы тұрғыда президенттің ұстанып отырған саясатының бағыты дұрыс деп ойлаймын. Мұны әрі қарай қарқынды түрде дамыту қажет. Біз қазір бұрынғы супер президенттік мемлекеттен халықтық шынайы демократиялық мемлекетке айналып келеміз.

Қосқанат Бауыржан

Тегтер: