Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:42, 25 Тамыз 2022

Көрші

None
None

(103 жасында дүние салған Гүлжәмила жеңгемнің рухына)

         (Мөлтек әңгімелер)

«Бұл тамды бекер алдыңыз, арғы көршіңіз көк долы» дегенде, көзі тостағандай, арықша әйел Гүлжәмила ішінен: «Бірдеңесін алмасам, бірдеңесін бүлдірмесем; есігім ашық, дастарханым жаюлы болса, менде несі бар?!» деген. Бірақ азын-аулақ сескенгені рас.

Ауылды шақырып «құран оқытқан» күні кешке таман екеуі оңашада дүниеден өткен күйеулерін мақтасып, көзінің жасын сықты. Добалдай еріндері қарадай жыбырлайтын, ауыл Қарақатын атайтын еңгезердей жесір әйел: «Құдай бір перзентке зар қылды» деп еңкілдесе, «Бұрынғы барған жерімде қан жұтқызып, өмір жасым өксіген. Осы шалға келіп, анадан жаңа туғандай боп, бағым ашылған. Ой, бишара-ай, жақсы адам еді. Құдай маған ұзағынан қимады. Үш қыз, бір баламен қайтетінімді қайдам?! Қайным әйтеуір еліне әкеп қосты» – деп бұл күрсінді.

— Шал бишара сол жақта қалатынын білді, – деді Гүлжәмила  ақтарылып. – Құдай білдірді-ау?! Әйтпесе ана жаман сөзді үш мәрте айта ма?! «Мен бір-екі жылда еліме кетемін, кетпесем адамдар бұрылып қарайтындай үй-жай саламын» дейтін. Айтқандай топырақ сол жақтан бұйырды. Басына тай байтал байладым. Ауылға бордақымды сойып, құран оқытып, қайыр-қош айтып, содан кейін көштім. Балдарын еліне қосайын дедім. Арманыма жеттім. Е… – Гүлжәмила қыза түсті. – Мен үш үй тігетінмін. Бір үйде жәшік-жәшік кәмпит-пішінәң, қап-қап ұн тұрады. Сегіз қанат үй – қонақ үй. Қолымыздың кең екенін біліп, облыс, ауданның дәулерін перме бастық ылғи біздің үйге түсіреді. Жел келе жатса үйлерге арқан тастап, таспен бастырамын. Қайсыбірде кешке таман алтыаяқты машинемен дәулер келе қалсын. Кіріп жатыр, кіріп жатыр. Сөйтсек, санаққа шыққан екен. Санақ мал туылымнан кейін болады. Перме бастық: «Ешнәрсеге әуре болмай-ақ қойыңыз? Тоқпыз. Геройдың үйінен шықтық. Қонуға келдік. Кемпір-шалдары кеткесін балдары татымады. Шәй іше алмадық, шай болса, көрпе болса?» – деді. Мен небір қымбат, сұлу матадан барлық көрпемді алып жүремін. Шал бишара әңгімені десте-десте жіберіп жатыр. Барлығы балқып отыр. Баялыш шауып, даярлап қойғам. Күн боран. Үш итіміз бар, тышқан жорғалатпайды. Шал: «Мен төрт қақпа Түркістандағы әйгілі байдың немересімін, жеңгелеріңмен парымызбен қосылғамыз» дейді. Қос самаурын лезде бұрқ етті. Оны пештің арғы жағында қайнатам. Далада қайнамайды. Бәрі үйдің ішінде. Қарыс-қарыс он тапа нан жауып қойғам. Сары маймен ал соқ. Бәрі риза. Мен ол кез «мылқаумын», кезекті сөз болмаса сөйлемеймін. «Сіздерді кеш батқанда қинадық», – дейді кешірім сұрап. – Ал жеңеше, біз сыртқа шығып келгенше төсегіңді сала бер?». Олар келгенше төсекті дөңгелетіп, қабат-қабат етіп салып тастадым. Аналар төсекке орана, мал жайғауға кеткен шал сарт ете қалсын. «Бәйбіше? Облыс басшыларына жай мата көрпе, өз басшымызға шәй көрпе жамылдырғаның ұят емес пе?» деп көрпесін тұс-тұсынан жұлып-жұлып алғанда; бәрі жап-жалаңаш бүрісіп, жата қалды. Ал, күлә! Таң атқанша ұйықтамай бір керсен қамыр иледім, от жағып, тапа нан пісіріп қойдым. Нанды шоққа пісіремін. Перме бастық: «Жылқының еті ыстықтық. Кеше жедік» – деген соң, шал бір дәу қапаш қойды түн ортасы-ақ сойып, мен қазанға салғам.

Қамыр илеп, кесіп: «Пәдием? Пәдием?» – дегесін барлығы қыбырлап тұра бастады. Таң атқасын, қасқыр кеткесін, малдың басынан шал келді. Екі самаурын кешегідей екі иығынан демалып тұр. Олар шәй ішкенде, етті пісіріп, сүзіп алдым. Қамырды да пісіріп, етті үйіп алдына қойдым. Терлеп-тепшіп, жабылып жеп жатыр. Перме бастық риза, жайнап жүр. Жетпей қалса өз малымыздан қосатынымызды біледі. «Бұл үй баяғының иманды адамдары. Сапқозға Құдай жолықтырған. Малы үнемі түгел, санамаймыз» – дейді. Риза болып тұрысты. Сосын қоңсымыздың малын санады. Олардың малы арық, соятын кезде соятын малды бізден алатын. Және әрдайым түгел болмайды. Өйткені баласы ұры еді, құтаймайтын. Малды қыздары бағатын. Олар қайтіп жетістіреді? Біраздасын жұмыстан шығарып жіберіп, малын бізге қосты. Не керек, біз ояқтан жақсы атпен кеттік қой. Менің төркінім таза тұқым еді, арамдық жақпайтын...

 Бұрынғы екі көршісін үш айдан әріге шыдатпаған Қарақатынның  Гүлжәмиламен шүйіркелісіне таңғалмаған ауылда адам жоқ.

  СУРЕТ                                     

       Жазушыны ойда-жоқта дардай екі кісі іздеп келді.

     «Осындай да осындай. Бұл менің соноу мектептен үміт күткен сүйікті шәкіртім еді, – деді ақбас зейнеткер. – Төрт жылдан қаланың оқу бөлімінің меңгерушісі, жақсы атты еді. Сөгіс-пөгіс түгілім ескертуі жоқ-тұғын.  Білесің. Жаңа әкім әй-шәй жоқ алып тастады. Намыс үшін соттасып, кінәсі табылмай үш айдан соң орнына кеп еді, тағы жолатпай отыр. Соттың үкімі міне, облыстық оқу бөлімінің хаты міне. Бүгін қала активі өтпекші. Соған...».

      Ана шетіндегі айқайың мына шетіне естілетін, алақандай қалашықтағы даудан жасамыс жазушы құлағдар еді: «Тыныштық үшін басқа қызмет берсе ауыса салмақшы», жүйкесі шаршаған жас жігітке бүйрегі бұрды. Едәуір кәрі жыны да қозғалған.

       Күндүзгі үш. Екі қабатты әкімшілік үйінің үстіңгі қабатындағы нән зал. Оқу бөлімінің қызметкері, қала мектептері деректірі, депутат, мөлтек аудан әкімі, ардагер, тағы-тағылар лық толы. Кәрі арыстан пішіндес, орыс әйелдер «бегемот» атап үлгерген қазанбас әкім (облыс орталығында базары бар, далада мың жылқы ұстайтын), қақ төрде гүмпиіп жалғыз отыр. Үш нөкері жинаған жүк секілді ұзын үстелдің ана шетінде. Әуелі орынбасары баяндама жасады. Әйел дауысты екен. Баяндама атаулы қолпаш сөз еді, бұл тіке оқу бөлімін жерден алып, жерге сала бастағанына аң-таң жазушы бұрынғы басшы жайында екенін барлап, байсал тартты. Әкім соңынан мұрнынан сүйрегендей атын атап, кезекпе-кезек тағы екі мектеп деректірін жарыссөзге шығарды. Бүріскен «бишаралар» орағытып шауып, міңгірлеп, әкім жиі сөзін бөліп, тұқыртып бақты. Бұндай «бас шабандықты» қайдан көргенін жазушы есіне түсіруге тырысты. Екеудің сөзіне аузы тұщымай әкім залға тесілген бойда, жазушы қолын көтерген. Әкім күректей алақанын ашып-жұмып, «қоя тұрыңыз» деген ишаратпен қағазына үңіліп, тіл қатты. Қырылдақ жағымсыз дауыс тосыннан ұрған «қарасуықтай» шіміркенткенімен, сөздің қысқалығы оңды боп, жазушы тағы қолын шошайтқан. Бұл орайда әкім: «Кім сөйлейдіге?» соқпады, баяғы кетпен алақанын ашып-жазып: «Мектеп деректірлері, аппарат қал. Өзгең боссың!» – деді. Баяғыдан бас білген ел лап түрегелсін. Дәмесін үзбеген жазушы көрінбей кетіп, лектен сүзілген мезгіл әкім бұған сұқ саусағын қадай безеп, есік жақты көрсетті. Жүгенсізге жүгенсіз жауап қайыруға жоқ. Бұл – ноқай ишарадан қаны басына шауып, көзі түк көрмей дүрмекке еріп бара жатты.

       Үйге келген бойда қолына қалам алды. Қаламның ұшы босқа сүйректеп, кенет сөзден бұрын сурет сала бастады: төрдегі төртбұрыш басқа қос мүйіз орнығып, екі аяқтың бірі есектің тұяғына айналып, албасты-шайтанға ұқсап кеткен… Оның қолынан келгені сол еді...

Тегтер: