Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:45, 04 Маусым 2025

Қосановтардың жолын Джерутолар жалғайды

Нора Джеруто
Нора Джеруто. Фото Global Look Press

2025 жылы 27–31 мамыр аралығында Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтті.

 39 елден жиналған спортшылар 45 жүлде жиынтығын сарапқа салған бұл бәсекеде Қазақстан атынан 32 атлет бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 6 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады. Біздің спортшылар 3 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізді.

Алтын медаль «жаңа қазақтар» – Нора Джеруто (3000 метр кедергілер арқылы жүгіру, 5000 метрге жүгіру) мен Дейзи Джепкемейге (10 000 метрге жүгіру) бұйырды.

Айта кетерлігі, Джеруто өзі қатысқан екі жарыс бойынша да Азия чемпионатының рекордын жаңартты. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру бәсекесінде қазақстандық спортшы 9:10.46 минут нәтижесін тіркеді. Бұған дейінгі рекорд – 9:34.13 болатын. Оны 2015 жылы Үндістан спортшысы Лалита Бабар орнатқан. Сондай-ақ Нора Джеруто 5000 метрді 14:58.71 минутта жүгіріп өтіп, 2013 жылдан бері мұрты бұзылмай тұрған турнир рекордын (БАӘ спортшысы Беилзем Десалегн – 15:12.84 минут) жаңартты.

Ал биікке секіру бәсекесінде Елизавета Матвеева күміс жүлдегер атанды. Ол 1.86 метрді бағындырды. Ясмина Тоқсанбаева (20 шақырымға спорттық жүріс, 1:32:22 сағат) мен Дейзи Джепкемей (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 9:27.51 минут) қола медальге ие болды.

Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Қытай (19 алтын, 9 күміс, 4 қола), Үндістан (8 алтын, 10 күміс, 6 қола) және Жапония спортшыларына (5 алтын, 11 күміс, 12 қола) есе жіберді. Катар командасы бізбен бірдей нәтиже көрсетті (3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль).

Джеруто жеңіске жеткен екі сында да бұған дейін қазақстандық спортшылар Азия чемпионы атанып көрмеген. Кениядан келген бұл спортшы біздің ел үшін бірнеше рекорд жаңартты. Мысалы, 2022 жылы Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Оған дейін Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында алтын медаль алып көрмеген, еншімізде тек үш күміс пен бес қола медаль болған.

Даниал Ахметов шақырған шеберлер

Бірақ Джеруто мен Джепкемейдің жеңісіне қазақ жанкүйерлерінің іші жыли қоймайды. Биылғы Азия чемпионатында екеулеп жүріп, қоржынға 4 жүлде (үшеуі алтын) салса да көпшілік «мұндай медальдің қажеті бар ма» деп бас қатырып жатыр. Тіпті «мұндай алтынның барынан жоғы» деп қолын бір-ақ сілтеген ағайын да аз емес.

Қазақстан спорты тәуелсіздік алғаннан бері легионер шақырып, оларға көк паспорт таратудан шаршаған емес. Ал одан жеткен жетістігіміз шамалы. Әлем және Азия чемпионатында жүлде алса да Джерутоларды жұрттың қабылдай алмайтыны содан. Мысалы, бұған дейін Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматты алған екен, олар елге небәрі 16 Олимпиада жүлдесін сыйлаған. Халық 16 медаль үшін 126 шетелдікке азаматтық беру ақылға қонымсыз деп санайды. Оның үстіне бұл спортшылардың 60 пайыздан астамы (79-ы) кейін туған еліне қайтып кетіпті.

Осы сәтсіз тәжірибеге қарамай, 2018 жылы сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі әрі Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметовтің бастамасымен Кениядан бірнеше спортшы шақырдық. Нора Джеруто, Дэйзи Джэпкимэй, Каролин Кипкируи, Шэдрак Коэч және олардың бапкері Кеннет Кепиего Ротич Қазақстан азаматтығын алды. Олар Өскеменде құрылған «Алтай Атлетикс» клубына қосылып, ШҚО атынан өнер көрсете бастады. Бірақ Әлемдік жеңіл атлетика ұйымы (World Athletics) ережесіне сай, азаматтығын ауыстырған атлеттер үш жыл «карантинде» болып, 2022 жылдан бастап қана Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысуға рұқсат алды.

Джеруто 2022 жылы шілдеде Юджинде (АҚШ) өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан атынан өнер көрсетті. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру бәсекесінде 8:53,02 минут көрсеткішімен, әлем чемпионы атанып, турнир рекордын жаңартты. Қазақстан 1983 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлем біріншілігінде тұңғыш рет алтын медаль алды.

Бірақ осыдан кейін кениялықтар керемет нәтиже көрсете алмады. Әсіресе 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Джеруто да, Джепкемей де қою шаң арасында қалып, сынға ұшырады. Осы желаяқтарға азматтық берерде Ахметов басқарған Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы «кениялық атлеттердің жоғары нәтижесі отандық атлеттердің нәтижесін жақсартуға және жас балалардың жеңіл атлетикаға келуіне ықпал етеді, елде жеңіл атлетиканың бұқаралық сипатын арттырады» деп уәде еткен. Бірақ бұл үміт ақталған жоқ.

Даниал Ахметов Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын 6 жыл басқарып, былтыр желтоқсанда 70 жасында қызметінен кетті. Оның орнын Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова басты. Ахметов федерация басшысы ретінде шетелден легионерлер әкеліп, оларға Қазақстан азаматтығын беруімен ғана есте қалды.

Жеңіл атлетика жұлдыздары

Жеңіл атлетика – әлемдегі ең танымал және кең таралған спорт түрлерінің бірі. Бұл спорт түрі адам денсаулығын қорғау мен дене шынықтырудың негізгі құралы, ол физикалық қана емес, рухани дайындықты да талап етеді. Жеңіл атлетика жүгіру, секіру, лақтыру сияқты көптеген жарыс түрін қамтиды.

Жеңіл атлетика жарыстары алғаш рет 1896 жылғы Афина Олимпиадасынан бастап өткізіліп келеді, Олимпиада бағдарламасынан ешқашан тыс қалған емес. 1928 жылғы Амстердам ойындарына дейін жеңіл атлетикада тек ерлер сынға түскен. Қазір Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан 48 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның 23-і – ерлер, 23-і – әйелдер арасында өтеді, ал қалған екеуі аралас эстафета бәсекесі. Яғни әр Олимпиадада 144 медаль таратылады. Бұл өте көп. Жеңіл атлетикасы жақсы дамыған елдер осы спорт түрінен-ақ медальді күреп алады. Мысалы, 2024 жылы Парижде АҚШ атлеттері 34 медаль (14 алтын, 11 күміс, 9 қола) алды.

Ал Қазақстанда жеңіл атлетиканың жағдайы мәз емес. Әлемде «спорт патшайымы» атанған танымал спортқа біздің елде қызығушылық аз. Халықаралық жарыстардағы нәтижеміз де көңіл көншітпейді. Париж Олимпиадасына Қазақстан атынан небәрі 7 спортшы барды. Оның ешбірі жүлде ала алған жоқ (арасында жоғарыда біз атаған кениялық легионерлер де бар). Ал 2023 жылы қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ Азия ойындарында 19 спортшымыз бақ сынап, 4 қола медальді қанағат тұтты.

Бірақ Қазақстанда жеңіл атлетика мүлде болмаған деп айта алмаймыз. Санаулы болса да, даңқты спортшыларымыз бар. Кеңес одағы кезінде КСРО құрамасы сапында бақ сынаған, еліміз егемендік алған соң жеке команда ретінде өнер көрсетіп, Олимпиада ойындарында, әлем және құрлық чемпионаттарында жүлде алған 70-тен аса спортшымыз бар.

Қазақ даласына жеңіл атлетика ХХ ғасырдың басында келгені белгілі. 1912-1913 жылдары ағайынды Смородинниковтар Семейде «Нептун» спорт клубын құрып, алғашқы жарыстарды өткізген. Алғашқы ресми жарыс – Бүкілқазақстандық 1-спартакиада 1928 жылы Петропавл қаласында өткен. 1940–1950 жылдары Ольга Гиржон республикадағы алғашқы мамандандырылған жеңіл атлетика мектебін ашты. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары бұл спорт түрлі елде жақсы дами бастады. Спортшыларымыз бүкілодақтық чемпионаттарға қатысып, жүлде алып жүрді.

Қазақстан атынан алғаш Олимпиадаға қатысқан спортшы да, алғаш Олимпиада жүлдесін алған спортшы да – жеңіл атлет. Желаяқ Евгений Кадяйкин 1953 жылы КСРО құрамасына қабылданып, 1956 жылы Мельбурндағы Олимпиада ойындарына қатысқан. Бірақ 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру бәсекесінде сынға түскен жерлесіміз жүлде ала алған жоқ.

Ал ең алғашқы қазақстандық Олимпиада жүлдегері – спринтер Ғұсман Қосанов. 1960 жылы Римде өткен ойындарда 4х100 метрлік эстафетада КСРО құрамасы күміс медаль алды. Қосанов әріптестері Л.Бартенев, Ю.Коновалов және Э.Озолинмен бірге Олимп тұғырына көтерілді. Даңқты желаяқ 1990 жылы дүниеден озды, оны еске алу мақсатында Қазақстанда жыл сайын ірі халықаралық турнир – Ғұсман Қосанов мемориалы өтіп тұрады.

КСРО-ның, Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, рекордсмен Әмин Тұяқовты да ерекше атап өтуге болады. Жақын қашықтыққа жүгірудің хас шебері Олимпиада жүлдесін алмаса да, Қазақстан жеңіл атлетикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан.

Сондай-ақ Вениамин Солдатенко 50 шақырымға жүгіруден 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасында күміс медаль алған. Бұл қатарға даңқты Владимир Муравьевті (спринтер, 1980 және 1988 жылғы Олимпиада чемпионы), Татьяна Лесоваяны (дискобол, 1980 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері), Виталий Саввинді (спринтер, 1988 жылғы Олимпиада чемпионы), Григорий Егоровты (сырықпен секіру, 1988 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері) қосуға болады. Соңғысы тәуелсіз Қазақстан атынан 1993 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде алған. Азия ойындарының чемпионы атанған.

Ал тәуелсіздік алған соң қазақстандық 3 атлет 5 Олимпиада жүлдесін жеңіп алды. Алғашқысы – атақты Ольга Шишигина. Ол 2000 жылы Сиднейде 100 метрге кедергілер арқылы жүгіру жарысында топ жарып, жеңіл атлетикадан Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ ол әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионатының және Азия ойындарының жеңімпазы болған.

Шишигинаның жеңісті жолын 2004 жылы Дмитрий Карпов жалғады. Онсайсшы Афинада қола жүлдегер атанды. Ол орнатқан Азия рекордын (8 725 ұпай) әлі ешкім бұзған жоқ. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындары мен Азия чемпионатында топ жарған.

Одан кейінгі 3 Олимпиадада Ольга Рыпакованың өнеріне тәнті болдық. Ол үш қарғып секіруден Олимпиаданың толық медаль жиынтығын жинады. 2008 жылы Бейжіңде – қола, 2012 жылы Лондонда – алтын, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода – қола медальге қол жеткізді. Рыпакова – үш Олимпиадада қатарынан жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы. Оның бұл жетістігін кейін дзюдошы Елдос Сметов қайталады (Риода – күміс, Токиода – қола, Парижде – алтын алды). Өкінішке қарай, жеңіл атлеттеріміздің жеңісті жолы 2020 жылы үзілді. Кейінгі екі Олимпиадада бұл спорт түрінен жүлде бұйырған жоқ.

Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты, құрлық біріншілігі сияқты ірі жарыстарда үш және одан да көп рет жүлде алған бірнеше қазақстандық спортшы бар. Олар: Ольга Рыпакова – 11 медаль (үшеуі Олимпиада медалі), Владимир Муравьев – 7 (екеуі Олимпиада медалі), Григорий Егоров – 6 (біреуі Олимпиада медаль), Вениамин Солдатенко – 5 (біреуі Олимпиада медалі), Ольга Шишигина – 5 (біреуі Олимпиада медалі), Игорь Потапович – 5, Дмитрий Карпов – 4 (біреуі Олимпиада медалі), Олег Сакиркин – 4, Зоя Иванова – 3 медаль.

Шынын айтқанда, Қазақстан жеңіл атлетикасындағы жақсы нәтиже Кеңес одағы кезіндегі спорт жүйесімен тығыз байланысты. Көбіне КСРО кезінде спортқа келген, сол жүйеде қалыптасқан спортшылар жүлде салғанын байқау қиын емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары КСРО кезіндегі инерциямен тәуір нәтижеге жетіп жүрдік, бірақ кейінгі жылдары елде «спорт патшайымы» мүлде тоқырауға ұшырағанын байқаймыз. Рыпакова болмағанда ХХІ ғасырдағы 20 жыл бойы Олимпиада ойындарына жүлдесіз қалар едік.

Бұған елдегі жеңіл атлетикаға деген қызығушылықтың төмендігі, менеджмент пен маркетингтің нашарлығы, инфрақұрылымның осалдығы әсер етіп отыр. Қазақстанда күні кешеге дейін жеңіл атлетикадан халықаралық турнир өткізуге жарайтын жалғыз стадион болды – Алматыдағы Орталық стадион. Бұл инфрақұрылымның жайы мүшкіл екенін аңғартады. Мысалы, Өзбекстан жастар арасындағы Азия ойындарын өткізуге ниет білдіріп, үлкен Олимпиада қалашығын салып жатыр. Ал біз 100 млрд теңге жұмсалған Олимпиадалық дайындық орталығын 18 жылда әрең салып болдық. Осы кемшіліктер тез арада оңалмаса, атлеттеріміздің ірі жарыстарда олжа салмасы анық.

Қуаныш Қаппас