Көшербаевтың есебі: Өскеменнің климаты да, уақыт белдеуі де өзгермейтін болды
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев барлық әкімнен асып түсіп, Орталық коммуникациялар алаңында бір сағат есеп берді. Ол экология мен уақыт белдеуіне қатысты сұрақтардың астында қалды.
«Өскеменді экологиялық апат аймағы деп танитын уақыт келді»
Осы жылы облыс халқының саны 720 мыңнан асты. Тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Оларды жұмыспен қамтуда өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандар маңызға ие. Сәйкесінше, кәсіпорындар мен көлік қатары қалыңдаған сайын экология да шешілуі қиын мәселеге айналып барады.
ШҚО әкімі болу – ең алдымен осы мәселені шешумен өлшенетіндей көрінетіні бар. Бұдан бұрынғы әкімдер де сан рет бетпе-бет келген, шешемін деп уәде берген жағдай. Көшербаев та қызметке кіріскен бір жарым жыл ішінде ауаның ластануына қатысты айтарлықтай нәтижеге жете алмапты. Өндірістік қала аталатын Өскемендегі ахуал ушыққан үсті ушығып жатыр. Соған қарамастан, жаңа инвестициялық жобалар мен өндіріс орындары көбейіп жатқанын жоғарыда айттық. Онсыз да кәсіпорындар мен компанияларды айтқанына көндіре алмай отырған әкім енді не істерін кім білсін, әйтеуір, экологиялық жағдайды реттеуге арналған бағдарламасы мен бөлген 14 млрд теңгесі нәтиже бермей тұр. Оны брифингте әкімнің өзі де айтты. Енді арнайы бюро құрып, қоғамдық кеңес арқылы бағдарламаны өзгертіп көрмек.
Бірақ дайын тұрған бағдарламасы да жоқ. Бар айтқан аргументі – әрбір азамат ойын білдірсін, оларды тыңдайық, мәселені бірігіп шешейік дегенге саяды. Алайда айтпай жүрген халық па? Шығыс Қазақстан экономикасының 40 проценті өнеркәсіпке тиесілі. Ауаға бөлінетін улы химикаттардың артып жатқаны – факт. Оны эколог та, ғалым да, қоғам белсенділері мен парламент депутаттары да айтып жүргелі қашан! Азаматтардың ойын тыңдаймын десе, бұған дейін аз айтылған жоқ. Басқасын айтпағанда, қарашаның аяғында Риддер мен Өскемен тұрғындары митингке шығып, экологиялық жағдайды жақсартуды талап етті. Соңғы уақытта ауру-сырқау көбейіп, қаланы көк түтін жайлап жатқаны да айтылды. Осыдан кейін тұрғындарға қауіптен сақтану мақсатында үйде отыру ұсынылған да кезі болды.
Әрине, ШҚО-дағы экологиялық проблемалар бұрыннан келе жатқан күрмеуі күрделі жайт. Оған қатысты бағдарлама, жоспар, жол картасының талайы жасалған. Талай министр мен әкім бас қатырған. Арыға бармай-ақ, соңғы бес жылдықты қарайық. 2020 жылы сол кездегі экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев арнайы жол картасын ұсынып, бекітті. Экс-әкім Даниал Ахметов 2021 жылы үкімет қабырғасында баяндама жасап, 2024 жылға дейін экологиялық проблемаларды кешенді шешудің жол картасы іске асырылып жатқанын жеткізген. Келместей көрінген 2024 те аяқталды. Бірақ прогресс байқалмайды. Экологиялық жағдайдың оңалуы емес, керісінше, ушығуы көрініс беріп отыр. Тұрғындар дабыл қағып, депутаттар мәлімдеме жасады. Естеріңізде болса, жақында ғана сенатор Ольга Булавкина: «Арнайы комиссия құрып, кешенді шешім іздеу керек. Әрі Өскемен қаласының территориясын экологиялық апат аймағы деп танудың уақыты келді», – деген.
Ал Көшербаевтың сөзінше, Өскемен экологиялық апат аймағы болып танылмайды – бұл тақырып күн тәртібінде жоқ. Әкімдік бағдарламаны жетілдіріп, бюро құрып, өндіріс орындарымен меморандум жасау жақтарын ғана қарастырып отыр. Ол облыста өткізген жиналыстарының бірінде:
«Біз климатты, географиялық орнымызды өзгерте алмаймыз. Ал Өскеменнің ауасы бұл бұрыннан бар мәселе. Бір есептен, халық саны көбейіп барады. Зауыттарды да тоқтата алмаймыз. Бірақ түрлі құзырлы мекемелермен тізе қосып, олармен жұмыс істейтін боламыз. «Экология ластанды» деп ол жаққа жетіп барғаннан гөрі датчиктерді орнатып, соның нәтижесіне қарай әрекет еткен жөн сияқты. Экология департаментінің қызметкерлері ауа райы нашарлаған кезде рұқсаттама алып, зауыттарға кіруі керек. Кейбір өнеркәсіптер бұған жол бергілері келмейді. Неліктен? Бәлкім, бір нәрсені жасыратын шығар? Сол үшін қоғамдық топ керек. Ол топқа ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, азаматтық қоғам өкілдері қосылса, кәсіпорын өкілдері қарсылық таныта қоймас. Сол үшін де қоғамдық топ немесе бюроның құрылуы орынды. «Өскемен тынысы» деп атау берсек, көпшілік қолдайтын шығар. Экобелсенділер мемлекеттік органдар мен кәсіпорындармен диалог орнату арқылы мәселені шешу жолдарын қарастыратын болады. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі. Қаланың әрбір тұрғыны осы ұйымның заңды өкілі деп айтуға негіз бар», – деген.
Әлбетте, қоғамдық бақылауды күшейту қажет шығар. Десек те, өзі айтқан датчиктерді орнатамын, ауа райына қатысты қосымша тексерістердің рұқсаттамасын реттеймін десе, әкім мырзаның қолын кім байлап отырғаны қызық. Енді бір жарым жыл бойы Көшербаев шеше алмағанды «Өскемен тынысы» шеше ме? Осыған дейін экобелсенділердің ой-пікірі ескерілсе, экология жағы бір қалыпқа келер ме еді? Алайда мәселе халық пен экологтардың сөзінде емес, әкімдіктің атқарған ісінде болып отыр ғой.
Әкім брифингте қойылған сұраққа жауап беру кезінде мардымды ештеңе айтпады. Бұған қатысты компаниялармен кездесетінін, технологияларға мән берілетінін, салық түсімдері экологиялық мәселелерді шешуге бағытталатынын айтып, ақталды.
Көмір энергетикасына тәуелділік пен қашан келері белгісіз газ
Бұдан бөлек, көмір мен газ жағы да бір ізге түсе қоймаған. Эколог Дәулет Асановтың айтуынша, дәл көмір энергетикасына басымдық берудің кесірінен күзде қала көрінбейтіндей күйге жеткен. «Биыл күзде қаланың көрінбей қалуы ойланбай қабылданған шешімнің бір көрінісі. Өскемендегі ЖЭО 10 жылдан астам уақыт бұрын миллион тонна көмір тұтынса, бүгін ол 1,5 млн тоннаға жетті», – дейді маман.
Оған қоса, Өскемендегі 28 мың жекеменшік үй пеш жылуымен отыр. Әкімнің бұған қатысты айтқаны:
«Бізде жылу энергиясының да, электр энергиясының да жетіспеушілігі бар. Ұлан ауданында ЖЭО салынады. Қалдықтарды азайтатын арнайы технологиялар қолданылады. Ертелі-кеш газ келеді деп күтіп отырмыз, келіссөздер жүргізіліп жатыр. ЖЭО-ны бірден газға қосу үшін бар мүмкіндікті қарастырамыз».
Тағы Зайсан ауданында он жылға жететін газ қоры бар екені де айтылып жүр. Журналистер бұл тақырыпты да көтеріп, барлау жұмыстары туралы сұрады. Әкім он емес, 4-7 жыл деп түзетті де, зерттеу жұмыстарына қатысты компаниялармен сөйлесіп жатқанын, алдағы уақытта ресейлік «Газпром» Өскемен арқылы Қытайға құбырлар тартуы ықтимал екенін, ЖЭО-ларды көмірден газға көшіру жағы назарда тұрғанын мәлімдеді. «Газ келсе, экология мәселесін шешеміз», – дейді облыс басшысы.
Облыс халқы экологиямен қоса, уақыт белдеуіне қатысты да шағымдарын көптен бері айтып келеді. Ал әкім уақыт белдеуі туралы мәселе жергілікті биліктің құзыретіне кірмейтінін, тұрғындардың шағымын жауапты министрлікке жеткізіп жатқандарын айтып, жылы жапты. Тек алдағы уақытта адаптацияға қатысты өзгерістер орын алуы мүмкін екені айтылды. Яғни уақыт өзгермейді. Әкімдік тек қана жұмыс уақыты мен оқу, балабақшаға бару уақытын өзгерту үшін әрекет жасап көреді. Бірақ мұнда да проблема көп. Балабақшаға ерте барған бала ерте қайтады, ал оның ата-анасы жұмыстан қай уақытта қайтады – әкімнің өзі де нақты білмей тұрған мәселе осы. Соған қарағанда, бұл брифинг кезінде айтыла салған шығарып салма сөз сияқты.
Техника тапшы, ал су тасқынына дайындық жақсы
Бұл мәселелерден бөлек, ШҚО қыста қалың қарды тазалай алмай, ол ерігенде тасқынға тосқауыл бола алмай жатады. Өткен қыста «Жас Алашқа» оқырманнан хат келген. Онда ауыл мен аудан орталығы арасындағы жол жабылып, техника жетіспеушілігінен үш-төрт күндеп қатынас тоқтайтыны, тіпті жедел жәрдем жете алмай, қайғылы жағдай орын алғаны сөз болады. Біз биылғы дайындық туралы әкімнің өзінен сұрадық.
«Облыс үлкен болған соң техника жетіспеушілігі кездесіп жатады. Бірден барлық аудандарда немесе біраз өңірде қар жауатын болса, техника бәріне жетпейді. Әрине, біз жолдар ашылмаған аудандарды бақылауға аламыз. Әлеуметтік мәселелермен де айналысамыз, азық-түлік пен дәрігерлік көмек жеткіземіз. Ал техниканы көбейту қаржыны талап етеді», – дейді Көшербаев.
Қыста қарды тазалау, жолды ашу бір мәселе болса, көктемгі ауа райы мен қардың еруін бақылап, сел мен тасқынның алдын алу одан да үлкен шаруа. Биылғы жағдайды көрдік. Әкімдіктер мен ТЖМ «сақадай саймыз» деп, есеп беруін берсе де, ақыры соңында төтенше жағдай жариялап, азаматтарды эвакуациялаумен болдық. ШҚО әкімі де 1 ақпанда су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимін жариялап, 20 наурызда да көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары 93 пайызға орындалды деп сүйіншілеген. Бірақ наурызда Тарбағатай ауданында Шілікті-Ақжар, Күршім ауданындағы Күршім-Ақсуат тасжолын, Зайсандағы бірнеше көшені, Риддерде саяжайларды, Қатонқарағай ауданындағы Жұлдыз, Көкбастау, Жаңа Хайрузовка ауылындағы, Үлкен Нарын ауылындағы аулаларды су басқан. Тағы Марқакөл ауданындағы Жиделі ауылының шетіне еріген су жиналып, Өскемен қаласындағы саяжайлардың аумағы тасқын астында қалған. Су тасқыны біразға дейін жалғасып, қаншама шығын болды. Демек, «100 пайыз» дайындық нәтижесіз болды. Сондықтан біз әкімнен «Ендігі көктемде су тасқынының алдын алу мен дайындық жұмыстарына қатысты стратегия өзгере ме? Қандай өзгеріс күтеміз?» деп сұрадық. Көшербаев болса: «Өткен жылғы стратегия жағдайға сай келмей қалса, бізде бірнеше сценарий бар. Тиісті жаттығулар, ТЖД мен басқа да мекемелер тарапынан дайындық жүргізіледі. Дайынбыз», – деп жауап берді. Десек те, бірінші «дайынбыздан» соң, бұл «дайынбызға» сену қиындау.
Баян Мұратбекқызы