Көші-қон саясатының игілігін сезініп отырмыз

Еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап көші-қон саясатына айрықша мән беріп келеді.
Соның арқасында демографиядағы олқылықтардың орнын толтырып, қазағы сирек Солтүстік облысты қазақыландыруға тырысып, елге келуге ынталы кез келген қандасымызға қолұшын созып, шекара асып келген қандастарымыздың жергілікті халықпен тіл табысуына, сол өңірге сіңісіп, еңбекпен қамтылуына баса мән берілуде. Нәтижесінде шекараның арғы бетінде қалған қандастарымыз да елге келуге ынта танытып, атажұртқа бағытталған көш толастар емес.
Шыны керек отыз жылдам астам уақыт береке бірлігі жарасып, тыныштықты ту еткен еліміздегі тұрақтылыққа қызығып елге тезірек көшуге тырысатындар аз емес. Әсіресе былтыр Ауғанстандағы аштық кезінде, күзде Ресейдегі мобилизация кезінде де қандастарымыздың елге қоныс аударуға ынталы екенін сезіндік. Яғни елдегі тыныштықты бағалап, келуге тырысқанын байқадық. Еліміз де өз кезегінде қандастарымызды қиын жағдайда қалдырмауға барынша тырысып, дер кезінде көшіріп алуға, елге жеткізуге тырысуда. Соның дәлелі – Сирияға қатысты «Жусан» операциясы, Түркиядағы жер сілкінісі кезінде де өз қазағымызды іздеп, елімізге тартуға тырысуы еліміздің көші-қон саясатына аса мән беретінін, шекараның арғы бетіндегі әрбір қандастың тағдырына бей-жай қарай алмайтынын аңғартады.
Қазақстанға ерікті түрде қоныс аударған этникалық қандастардың көбі Қытай, Өзбекстан, Моңғолия мен Ресейден келгендер екен. Дегенмен әлі де болса бұл өңірден келушілердің саны аз емес. Мамандар еліміздің көші-қон саясаты осы бағытта өркендей берсе, тарыдай шашылған қазақтың басы бір тудың астына жиналары анық дейді. Дегенмен көші-қон саясатын жетілдіру бағытындағы жұмыстар тоқтамақ емес. Соның дәлелі – көші-қон саясаты жылдан-жылға жетілдіріліп, заңнамалар қабылданып, этникалық қазақтарға құжат рәсімдеу, азаматтық, ықтияр хат алу, тұрақты тіркеуге тұру жұмыстары жеңілдетіліп, оларды жұмыспен қамтып, үй сатып алу, жаңа ортаға сіңісуіне жағдай жасау, балаларын мектепке, балабақшаға орналастыруға мән берілуде. Негізі еліміздегі көші-қон саясаты уақыт талабына сай болуы үшін 2015 жылы Қазақстанның көші-қон туралы заңына алғаш рет толықтырулар мен өзгертулер де енгізілген болатын.
Елімізге келген қандастар оңтүстік өңірге қоныстануға тырысады. Алайда Үкімет бұл көшті Солтүстік өңірге бағыттап, сол арқылы Солтүстік өңірді қазақыландыруға тырысуда. Бүгінде ынталандыру шараларының арқасында, Солтүстік өңірге келіп шаруасын дөңгелетіп отырған қандастар жетерлік. «Серпін-2050» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан шаралар өзінің өміршеңдігін, көтерген жүгінің, көздеген міндетінің аз емес екенін байқатып отыр. Аталған бағдарлама арқылы жастар Павлодар, Петропавлдағы жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, жұмысқа да орналасуда. Яғни көшіп келушілер өз орындарын табуда. Саясаттанушы Қуат Әлім еліміздің көші-қон саясатына жоғары баға беріп отыр. «Қандастарды қоныстандыру кезінде тіл мәселесін шешуге тырысумен қатар, өңірлердегі еңбек ресурстарына деген сұранысты ескеру де байқалады. Олардың тек құжат жүзінде ғана емес ішкі жан дүниесімен Қазақстан азаматы екенін сезінуіне жағдай жасалуы үлкен жетістік. Оларға мемлекет есебінен баспана беру, қоныс аударуға субсидия бөлу жұмыстары қандастарымызға деген қамқор көзқарасты байқатып отыр. Көші-қон дегенде тек шетелден елімізге қоныс аударып жатқан қандастарымызды айта бермей, жас мамандарды ауылдарға тарту жұмыстарының да ойдағыдай атқарылып жатқанына мән беруіміз керек. Бұл бағытта «Дипломмен ауылға» жобасының маңызы зор. Бүгінде ауылға барып, ауылды көркейтуге тырысып жүрген жастар көп. Бұл дұрыс жүргізіліп жатқан көші-қон саясатының жемісі», – дейді.