Көз алдымда тірідей жанып кетті. Жол апатында 8 адамды өлімнен құтқарған түркістандық жігітпен сұқбат

Ажал айтып келмейді. Түркістан облысындағы жол апаты қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.
Облыстық маңызы бар Екпінді-Созақ тас жолы бойында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Grafter автокөліктері соғылды. Нәтижесінде екі көлік жанып кетті. 10 адам қаза тауып (біреуі емханада), 15 адам ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар саны бұдан да көп болар ма еді, егер ол жерде Мұрат Есенқабылов болмаса...
Кейіпкеріміз үшінші көлікте болған. Жалғыз өзі 8 адамды құтқарған. Оның бесеуі 5-12 жастағы балалар. Jas Alash порталының тілшісі Мұрат Есенқабыловпен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрады.
Есімді жиып, жүргізушіні терезеден шығарып алдым
Жол апаты кезінде ол есін жоғалтпаған. Бірден көмекке ұмтылған .
«Жол апаты болған жерде бізі үшінші көлікте келе жатқан едік. Жүргізушінің қасында отырғам. Алдымыздағы »спринтер" көлігі толқығандай көрінді. Сөйтсек қарсы бетке шығып кеткен Nissan көлігінен қашуға тырысқан екен. Бізге ол көрінген жоқ. Лезде екеуі жолаушы жағымен соғысты. Алдымызға Volkswagen Grafter жанымен құлады. Біз үлгермедік. Жол жиегіндегі темір жақтаумен сырғып, «спринтерді» соғып, өтіп барып тоқтадық. Құлап жатқан көлік біздің соққыдан қайтадан төрт аяқтап тұрып қалды. Қауіпіздік жастығы көмектескен болу керек. Аса ауыр жарақат алған жоқпын. Қолым мен басым ауырып қалыпты. Бірден есімді жиып, қасымдағы жүргізушіні терезеден шығарып алдым", — дейді Мұрат.
Екі әйел мен бес жастағы бүлдіршінді бірінші көлік ішінен алып шықтым
«Спринтерге» барсам артқы жағы тұтанып жатыр екен. Екі әйел мен бес жастағы қыз ес-түссіз жатыр. Үшеуін оттан алыс, 30 метр жерге апарып тастадым. Қайтып келсем өрт басталыпты. Екі көліктің алды мыжылып кеткен. Nissan-ның жүргізушісі жас бала, қысылып қалыпты. Тірі екен. Жанында екі қыз қайтыс болған. Көлік жанында бір әйел мен ер адамда «спринтерден» ұшып кеткен болу керек тіршілік белгісі білінбей жатыр", — дейді кейіпкеріміз.
Кішкентай қыз «мамам қалып кетті» деп айқайлады
«Спринтер» ішіне кірсем адамдар шашылып жатыр. 2-3 адам қаза тауыпты. Аман қалғандары көліктен шығып кетіп жатыр. Шамамен 12-14 жастағы бірнеше баланы көзім шалды. Бірінің аяғы сынған, бірі есінен танып қалыпты. Бәрін оттан алыс жерге таси бердім. Бір кішкентай қызды алып бара жатқанда «мамам қалып кетті» деп жанталасты. Ізінен оның анасын алып келдім", — дейді Мұрат.
Екеуі де "Құтқарыңдар!" деген күйі жанып кетті
Мұрат тоқтамай адамдарды таси берген. Тек Volkswagen Grafter-дің алдыңғы орындығындағы екі жолаушыны құтқара алмаған. Себебі олар қатты соққыдан көлікке қысылып қалған. Мұрат Есенқабылов екі адамды құтқаратын ешқандай амал болмағанын қынжыла айтты.
«Спринтердің» алдыңғы орындығындағы екі жолаушы да тірі болатын. Бірі 30-дың айналасындағы жігіт екен. Екеуін де белуардан қысып қапты. Ал өрт әп-сәтте келіп қалды. Құтқаруға тырыстым. Бірақ темірдің арасынан ажыратып алу мүмкін болмады. Екеуі де "Құтқарыңдар!" деген күйі жанып кетті. Бір кезде өрт Nissan-ға өтті. Адамдар жиналып қалды. «Жігіттер, ең болмаса осы баланы құтқарып қалайық» деп айқалап жүріп, өрт сөндіргішті алдырдық. Бірақ көмектеспеді. «Ауди» көлігі Nissan-ның есігін тартып ашпақшы болды. Арқан жалғап, бірнеше рет тартты. Бірақ жіп те отқа оранды. Nissan-дағы жүргізуші де жанып кетті. Осылай көз алдымызда үш адам өртенді", — дейді ол.
3 келіншек, 5 баланы құтқардым
"Өзім арпалысып жүріп 3 келіншек, 5 баланы құтқардым. Сол аралықта жедел жәрдем де, өрт сөндірушілер де, полиция да келді. Жедел жәрдем көмегінен бас тарттым. Ер адам емеспіз бе? Кішігірім жарақатқа бола олар маған уақытын кетірмесін дедім", — дейді кейіпкеріміз.
Мұрат Есенқабылов Түркістан облысы, Созақ ауданы, Бабабта елді мекенінде 1981 жылы дүниеге келген. Үйленген, 4 баланың әкесі.
«Екі қызым студент, бір ұлым 11-сынып, бір қызым 9-сынып оқиды», — дейді ол.
Мұрат Есенқабылов қазір жұмыссыз
Кейіпкеріміз жоғары білімді. Бірнеше жыл мектепте есепші қызметін атқарған.
"Өзіміздегі Мәншүк Мәметова атындағы мектепте 11 жыл көмекші есепші, бас есепші қызметтерін атқардым. Жекелеген мектептердің қысқаруына байланысты жұмыстан босадым. Аудан орталығына барып, қатынап істей алмайтындықтан қазір жұмыссызбын", — дейді Мұрат.
Осындай кезде телефон ұстап, жайбарақат тұрғандарға қатты ренжідім
Кейіпкеріміз сол жердегі адамдарға ренішін де жеткізді. Ол жаралыларды құтқарып жүргенде, басқалар видеоға түсіріп, қарап тұрған екен.
«Мен өлімнен қорықпаймын. йӨліден қорықпа, тіріден қорықй деген сөз бар емес пе? Біраз адамға „келіңдер, көмектесіңдер“ дегенде телефон ұстап, видеоға түсіріп жүрді, оларға қатты қарным ашты. „Машина жарылып кетеді“ деп жақындамады. Адам жаны қыл үстінде кезінде телефонмен жайбарақат тұрғандарға қатты ренжідім. „Адамдық қасиет бар ма өздеріңде?!“ деп бір-екеуіне ұрсып та жібердім. „Мен жараланып жатсам, мына адамдар қол ұшын созбай, тірідей жанып кетеді екенмін ғой“ деген ой келді. Телефонның пайдасы болса, бір жағынан адамдықтан айыратын зияны да бар екен», — дейді Мұрат.
Айта кетейік, Мұрат Есенқабыловтың дерегін белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы facebook парақшасына жазды.
«Ер еңбегін тасалаудан қай ел опа тауыпты, ия, ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті!,, дейді Мұхтар Шаханов!», — деген ақын Мұрат Есенқабыловты «Бүгінгінің батыры!» деп атады.
Тағы бір ақын Ержан Алаштуған да facebook парақшасында Мұрат Есенқабыловтың еңбегі ескерілуі керегін жазды.
«Ер жолдасы – тәуекел!» — деп, еш ойланбастан, көзсіз батырлыққа барған Мұрат Есенқабылов сынды біртуар азаматтың ерлігін ескерсе екен. Қазіргідей, әке балаға, аға ініге, халық билікке, құл Құдайына сенуден қалған заманда Елдің жүрегін жылытып, өскелең өрендерге өнеге болар Мұраттарымыз көп емес қой...", — деді ол.
P.S. Батырлар арамызда жүр. Тек олардың еңбегі елеп-ескеріле бермейді. Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс күймейсің» дейді. Кейіпкеріміз Мұрат Есенқабыловтың жанып жатқан өрттен қаймықпай 8 адамды құтқаруы кез келген мақтау мен марапатқа лайық.