Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:47, 24 Шілде 2025

«Қожамжаровшылардың» белді өкілі Талғат Махатов тағы да ұзақ мерзімге сотталды

Махатов
Фото: zhasalash.kz

Қаржы полициясының бұрынғы қызметкері, «Саныч» және «Бетон» деген лақап аттарымен танылған Талғат Махатов — бұрын кеден қызметкері, «Қорғас ісі» бойынша басты куәгер Медет Жамашевты өлтіруді ұйымдастырғаны үшін сотталған, ол тағы да ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. 

Ол бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың командасындағы негізгі тұлғалардың бірі саналады.

Сот үкімінде былай делінген:

«Махатов Талғат Бақытбекұлы ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық), 287-бабы 3-бөлігі (қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды заңсыз алу, сақтау, тасымалдау), 380-бабы 3-бөлігі (билік өкіліне күш көрсету немесе оған қарсы күш қолдану) бойынша кінәлі деп танылып, мынадай жаза тағайындалсын:

– 190-бап бойынша – 9 жыл,

– 287-бап бойынша – 3 жыл,

– 380-бап бойынша – 2 жыл.

ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес, жазалар ішінара қосылып, түпкілікті 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін».

Бұған дейінгі сот үкімдерімен қоса есептегенде Махатовтың жалпы жазасы 24 жыл болды.

Онымен бірге оның сыбайластары – Владимир Мальцев, Наталья Кобзева және Жанна Масимова да сотталды.

Іс материалдарына сәйкес, Махатов өзін Бас прокурордың (ол кезде Қожамжаров) атынан тапсырма орындаймын деп, тендерлерге қатысу, мемлекеттік келісімшарттарға қол жеткізу, халықаралық банк аударымдарын ұйымдастыру, қарыз қайтару және құқық қорғау органдарымен мәселелерді «реттеу» сылтауларымен көптеген азаматтар мен компанияларды алдап, ірі көлемде ақша иеленген. Залал көлемі ондаған миллион АҚШ долларын құрайды.

Айта кетейік, 2023 жылғы 11 желтоқсанда Қожамжаровтың бұрынғы қызметкері, қаржы полициясының экс-қызметкері Ұлан Мәдиев ұсталды. Ол «Қорғас ісіне» байланысты күдіктілерге азап көрсеткені үшін айыпталды. Тергеу деректерінде қыздарды зорлау, күштеп мойындату және Қожамжаровқа жақын тұлғалардың қатысы бар өзге де ауыр қылмыстар туралы айтылған. Бұл істе Талғат Тәтібаев, Сергя Потанин, Мақсат Дүйсенов секілді Қожамжаровтың сенімді адамдарының есімдері аталады.

2023 жылғы 15 желтоқсанда «Қорғас ісі» бойынша тергеудің қайта басталғаны ресми түрде расталды. 2024 жылғы 9 қаңтарда Кенжебай Жұмабеков ұсталды. Ол — Махатовтың жақын досы және Алматы қалалық қаржы полициясының бұрынғы қызметкері.

3 шілдеде Тәтібаев ұсталды. Тергеуді Бас прокуратура жанындағы ведомствоаралық топ жүргізіп жатыр. 11 шілдеде Тәтібаев пен Олеся Кексельге қатысты қылмыстық істер қозғалғаны анықталды. 14 шілдеде Тәтібаев екі айға қамауға алынды, Кексельге де іс қозғалды.