Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:12

Қожамжаровтың қысымы, Омаровтың мәлімдемесі және депутаттың сауалы

Қожамжаров, Бапи
"Жас Алаш" коллаж

Мәжілістен репортаж

Соңғы уақыттары қоғамда Қайрат Қожамжаровтың артынан ерген әңгіме көбейе бастады. Заманында құрығы ұзын органдардың тізгінін ұстап, талай аты шулы іске инициатор болуымен ерекшеленген Қожамжаровтың кезінде басталған ірі-ірі шенеуніктерді түрмеге қамату үрдісі кейін Алик Шпекбаевтың кезінде де жалғасып, оның арты «түрмедегі шенеуніктерден бір үкімет жасақтап шығуға болады» деген қалжың-шыны аралас сөзге айналған-ды. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін ол сенаторлық жұмысын өз еркімен уақытынан ерте тапсырып, тайып тұрған. Алайда араға біршама уақыт салып, енді оның қысымына ұшырағандар да төбе көрсете бастады. Әуелде туысының, бауырының қатысы бар компаниялардың заңға қайшы әрекеттері жайлы ресми органдар ақпарат таратып келсе, енді тікелей өз есімі де аталып үлгерді. Онда да анау-мынау емес, тура мәжіліс төрінде депутаттың аузынан шықты. 

Бұған дейін Қожамжаровтар әулетіне тиесілі компаниялар туралы «Жас Алаш» арнайы мақала жарияланған. Онда компаниялар мен оған иелік ететін заңды тұлғалар тізіліп берілген. Соның арасында HILL Corporation деп аталатын серіктестіктің мәселесі жұрт назарын ерекше аударған. Сәуірдің басында жарияланған ақпаратта «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясының мотор майларын сатып алу үшін осы компаниямен ғана келісімшарт жасап келгені белгілі болған. Оны басқаратын Қайраттың туған бауыры Дулат Қожамжаров екен. Дәурені жүріп тұрған шақта мұндай жағдайды елестетудің өзі қиын еді. Алайда қолынан күш кеткеннен кейін Қожамжаровтар әулетінің заңсыз істе аты аталуы қалыпты жағдай болып қалғандай.

Ал мұның алдында бұдан да қызық ақпарат жарияланды. Кезіндегі аты шулы ЭКСПО-2017 ісі бойынша 4,5 жыл отырып шыққан Мұрат Омаров YouTubе-арналардың біріне сұхбат беріп, онда Қожамжаровтың осы істің барысын өз бақылауында ұстағанын айтып берген. Омаровтың өзі «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің орынбасары болған. Сот ісі жүрген шақта ол 14 жылға сотталған. Алайда 4,5 жылдан соң шартты мерзіммен босап шыққан. Оның сөзіне қарағанда, Ермегияевтің жанынан Айдос Есболов есімді кеңесшісі пайда болады. Кейіннен анықтап білсе, бұл Есболов та айдан түспеген екен. Жалпақ жұртқа Назарбаевтың әйелі ретінде танылып кеткен Әсел Құрманбаеваның туған бауыры болып шыққан.

«Ол қайдан шықты деп таңғалдым. Ермегияев маған ол Назарбаевтың тапсырмасы екенін айтты. Сол кезде жаңа технологиялар жөніндегі басқарушы директор едім, кейін дәл ұсталар алдында ғана құрылыс жөніндегі орынбасар болдым. Ал мердігерлер қаржы мәселесінің бәрін осы Айдос Есболовпен шешіп отырғанын айтты», – дейді Мұрат Омаров.

Сондай-ақ ол сөзінде осы ЭКСПО ісінің бәрінде Назарбаевтың нұсқауымен Қожамжаров орындаушы болғанын, осы процестің бәрін жеке бақылауында ұстағанын айтады.

Омаровтың осы мәлімдемелері мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың арнайылап депутаттық сауал жолдауына себеп болды. Бас прокуратураның атына жолдаған сауалында Бапи мырза сол сұхбаттағы «ЭКСПО жемқорлығына» қатысты жаңа жағдаяттарға назар аудартқысы келеді. Сұхбат берушінің сөзіне сілтей отырып сөйлеген мәжілісмен сол арқылы Қайрат Қожамжаровтың атын айшықтап көрсетіп қалды.

«Ең бастысы – сұхбат спикері Омаров мырза бұл жемқорлықты «саусақтан сорылған», жалған және жасанды деректер негізінде «қара жіппен көктеліп» жүргізілген іс деп, Бас прокуратура мен кезінде Қайрат Қожамжаров басқарған Антикор агенттігін ашық айыптайды. «Иә, ЭКСПО-да жемқорлық қылмыс болған, бірақ ол жемқорлықты Ұлттық компанияның басқармасы емес, елдің кезіндегі саяси басшылығы тағайындаған басқарма бастығының кеңесшісі жасаған» дейді сұхбаттың спикері. Сотталушылар кезінде ашық айтудан қаймыққан ол кеңесшінің аты-жөні – Айдос Есболов. Оны «анықталмаған тұлға» деп, қылмыстық істің фигуранттары қатарынан алып тастауға ықпал еткен экс-премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Антикордың экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров деп көрсетеді сұхбат беруші», – деп келтіреді депутат.

Ермұрат мырзаның сөзінше, сұхбатта айтылған басқа айыптауларды есепке алмағанда, қоғамға кеңінен тараған осы жазғыруға қатысты тиісті органдар тарапынан жауап берілуі тиіс еді. Бірақ біздің Бас прокуратура мен Антикордың ресми өкілдері ауыз ашпаған. Ал өзі сұхбатта аталған жаңа деректерді пысықтау мақсатында сұхбат беруші азаматпен, іске қатысқан бірқатар адвокатпен бірнеше кездесу өткізген. Жалпы жиыны 500 томнан тұратын қылмыстық іс көшірмесінің негізгі тұстарымен танысып шыққан. Соның нәтижесінде бұл жағдаятты «жаңадан жария болған жағдай» деп бағалай отырып, сұхбатта айтылған деректер негізінде Бас прокуратура тарапынан бірқатар сұрақ төңірегінде жаңадан тексеріс жүргізілуін сұрайды.

Біріншіден, сол кездегі ел басшылығы басқарма төрағасына «кеңесші» ретінде қосып берген және сұхбатта айтылғандай, «параны бірнеше рет қытайдың ала сөмкесімен алған» адам кім? Айыпталушылар тергеу барысында және сот процесі кезінде аты-жөнін атап, одан жауап алуды талап етсе де «анықталмаған тұлға» ретінде ол адам қылмыстық істен неге аластатылды?

Екіншіден, айыптау қорытындысы мен сот ісінде заңсыз сыйақы алған «анықталмаған тұлғаның» аты-жөні өшіріліп, оның орнына ешқандай дәлел-дәйексіз Талғат Ермегияевтің сотталуына байланысты прокурорлық баға берілуі тиіс деп есептейді.

Үшіншіден, тергеудің нәтижесінде 23 азаматтың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына желеу болған пара беруші «сенімді өкіл» кім? Оның аты аталмайды. Тергеу барысында және сот кезінде пара беруші адамның анықталмағаны қалай? Параны алушы – бар, ал беруші кім?

Төртіншіден, басқарма басшысына пара беру дерегіне қатысы бар деп қылмыстық істе көрсетілген, бірақ психикалық ауру ретінде тіркеуде тұрған адамның тергеу мен сотқа куәгер ретінде тартылуы заңды өрескел бұзу дерегі болып табылады. Бір қызығы – жүйке ауруына ұшыраған бұл куәгер сотқа дейін аурулар тізімінен шығарылып, сот біткен соң қайтадан есепке алынғаны қалай?

Бесіншіден, ЭКСПО құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасаған «Рона» серіктестігінің басшылығы ЭКСПО-дан түскен қаражатты офшорға аударып жатқаны тергеу барысында және сот барысында неге назарға алынбаған?

Ермұрат Бапидың айтуына қарағанда, осындай «пара беру» және «жемқорлық» желеуімен қудаланған, ал анығында, кезіндегі жеке-дара билік «қолынан жетектеп апарып соттатқан» тұлғалардың қатарында – арғысы Әкежан Қажыгелдин мен Ғалымжан Жақияновтан бастап, бергісі – Серік Ахметов пен Жақсылық Досқалиевқа дейін бірқатар қиянатты іс бар. Сондықтан Бас прокуратура бұларды да толық реабилитациялауға бастама жасайтын уақыт болды деп есептейді. Сол себепті осы деректер бойынша «ЭКСПО ісіне» қайтадан оралып, елдің Бас прокуроры ретінде сот үкіміне «протест» беруін сұрайды.

Айта кетейік, ресми деректер бойынша, ЭКСПО-ның құрылысына мемлекеттен 565,1 млрд теңге, сол кездегі бағаммен 2,1 млрд доллар бөлінген. Соның жалпы жиыны 10,2 млрд теңгесі талан-таражға түскен болып, сол үшін 23 адам жазаға тартылған.

Ал Қайрат Қожамжаровтың бүгінде қайда, не істеп жүргені туралы арагідік болмаса, толымды ақпарат жоқтың қасы. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 2023 жылдың қаңтарында сенаттағы өкілеті тоқтағаннан кейін жеке заңгерлік компаниясын ашып, жұмыс істеп жатыр. Кейін Болат Назарбаевтың асында Астанадағы республикалық бас мешітте төбе көрсетіп, сол жеке заңгерлік компаниясын жүргізіп жатқанын нақтылаған.

Ербол Тұрымбет

Астана