Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:43, 10 Желтоқсан 2024

Кремльдің жаңғырығы. Тасмағамбетов Путинді тәпсірлей бастады

Тасмағамбетов
Фото: odkb-csto.org

2019 жылы, тура 63 жасында зейнетке кетіп, бірнеше жыл тасада жүрген Иманғали Тасмағамбетов былтыр саясат сахнасына қайта оралды. 

Бірақ бұл жолы оны ұжымға Қазақстан президенті емес, Ресей президенті таныстырып, Астанада емес, Мәскеуде мансап алды. 2023 жылғы қаңтарда ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы болып тағайындалды. 

Содан бері Тасмағамбетов Ресейдің сойылын соғатын саясаткерге айналып шыға келді, ол бір емес, бірнеше мәрте Қазақстанға тиімсіз мәлімдеме жасады. Әсіресе Украина мен Ресей соғысында біржола Кремль жаққа шығып алды. Ол мұндай ұшқары ойларын қазіргі қызметіне сай айтып жүргенімен, тәуелсіз Қазақстан тарихында аса ірі лауазымдар атқарған адам ретінде әр сөзі қазақ ішінде көп талқыланады.

Тасмағамбетов өткен апта Мәскеуде бір топ журналисті жинап, баспасөз жиынын өткізді. Ол Батыс елдерін айыптай сөйлеп, НАТО Ресей мен Беларуське түрлі қысымдар көрсетіп, шекарасына қауіп төндіріп отырғанын айтты. Оның бұл сөздері Кремльдің көңілінен шыққаны анық. Өйткені жақында Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде Ресей президенті Владимир Путин осындай ой айтқан. Тасмағамбетов осы жолы Путиннің сол тұжырымын қайталап, тәпсірлеп берді десек те болады. 

Путин Астанада Киевке көмек берген Батыс елдерін соғысқа тікелей араласты деп санайтынын айтып, оларды «Орешник» зымыранымен қорқыта сөйлеген. Ресей президентінің айтуынша, Америка, Британия, Франция зымырандарының ешбірі Ресей ракетасының тырнағына татымайды. Ол Украинаны қожайындарынан көмек алып отыр деп кемсітіп, қажет болса, Киевке «Орешникпен» соққы жасаймын деп сес көрсетті.

Ал Тасмағамбетов соғысқа ашық қолдау көрсетпеді демесеңіз, басқа сөздерінің бәрі Путиннің риторикасымен үндесіп жатты. Мысалы, ол өз сөзінде Ресейдің Батыс елдеріне қарата айтатын атақты «дос емес елдер» тіркесін қолданды. Кремль бұл тізімге АҚШ, Украина және Еуроодақ елдерін қамтитын 50-ге жуық мемлекетті қосып қойған. Оның көбі Қазақстанның стратегиялық серіктестері. Олардың ешбірі Қазақстанға немесе ҰҚШҰ-ға қатысты «дос емес» көзқарас танытқан емес. Соған қарағанда, Тасмағамбетов Ресейдің жауы – ҰҚШҰ-ның жауы деп санайтын сияқты.

Екіншіден, Тасмағамбетов Ресей қаруын мақтауда Путиннен асып түсті. Ол Мәскеу ядролық доктринасын өзгерткен тұста НАТО Ресейге соқтығудан жасқанады деп санайды. 

«Ресей ядролық доктринасына өте ірі өзгеріс енгізгенін жақсы білеміз. Теңдессіз гипердыбыстық қару «Орешникті» соғыс жағдайында сынауды қарсылас жақ ескермей қоймайды. Сондықтан Беларусь немесе Ресейдің батыс шекараларына басып кіру ықтималдығын гипотетикалық тұрғыдан елестетсек, бұл НАТО-ның мүлде ессіз әрекеті болар еді», – дейді Тасмағамбетов.

Сондай-ақ ҰҚШҰ бас хатшысы ұйым өзінің жауапкершілік аймағының шығыс-еуропалық бөлігіндегі жағдайды жіті бақылап отырғанын айтты. Оның айтуынша, НАТО-ның шабуылшы инфрақұрылымы Беларусь пен Ресейдің батыс шекараларына қарай жақындап, әскери белсенділік артып келеді, сондықтан геосаяси тұрғыда кез келген сценарийді жоққа шығаруға болмайды. Тасмағамбетов бұл жерде «кез келген сценарийді жоққа шығармаймыз» деп, ҰҚШҰ күштері Ресейдің Украина немесе НАТО-мен қақтығысына араласуы мүмкін екенін меңзеп отыр. 

Ол Кремль пропагандасының өкілдері сияқты «дос емес елдер ҰҚШҰ аумағына ақпараттық қысым жасап отыр» деп санайды. Оның ойынша, мұндай ақпараттық шабуыл жалпы қауіпсіздікке әсер етеді. Саясаттанушы Дос Көшім Тасмағамбетовтің бұлай сөйлегеніне еш таңғалмағанын айтты. 

Дос Көшім
Фото: ашық дереккөз

«Тасмағамбетовтің мәлімдемесі – қазіргі қызметіне байланысты. ҰҚШҰ Ресейдің бастамасымен құрылған ұйым, сондықтан оның бас хатшысы ресейшіл бағытта сөйлейтіні анық. Мұны тіпті оның қызметтік міндеті деуге болады. Бұған таңғалатын ештеңе жоқ. Ол ҰҚШҰ қызметкері болғандықтан, Ресейдің НАТО-ға деген, Батыс елдеріне деген көзқарасын қайталап, Путиннің бағытында сөйлеуге міндетті болып отыр.  

Тасмағамбетов – биліктің бағытымен жүретін адам. Әкім болса да, премьер-министр болсын, елші болсын, жүйеге бағынып, сол сызған сызықпен жүрген адам. Әлі де сол ұстаныммен жүр. Тасмағамбетовті ресейшіл дей алмаймын. Мұндай адамдарды тоталитарлық жүйеде орындаушы дейді. Тоталитаризмде адамның жеке пікірі, жеке саяси бағыты болмайды, егер болса, жазаға ұшырайды. Сондықтан Тасмағамбетовті ресейшіл саясат ұстанды, Путиннің соңынан ерді деген пікірді қолдамаймын. Ол тек біздің биліктің бағытын ұстанып отыр, егер біздің билік Ресейге қарсы болса, ол да мұндай сөздерді айтпас еді», – дейді сарапшы.   

Культтен күлкіге айналған тұлға

67 жастағы Иманғали Тасмағамбетов ұзақ жыл Қазақстан билігінің биік сатысында жұмыс істеді. КСРО кезінде Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бірінші хатшысы болған. Ал еліміз тәуелсіздік алған соң президент көмекшісі қызметінен бастап, әкім, министр, премьер-министр лауазымдарын атқарды. Елдегі ең соңғы қызметі – Ресейдегі елші болды. 

Тасмағамбетов қызыл коммунистердің қолшоқпары – комсомолды басқарса да, кейін тәуелсіз Қазақстанның жемқорлық жайлаған билік жүйесін құруға белсене атсалысса да, экс-президентті рухани ұстазы санап, өзін «Назарбаевтың продуктысымын» деп атаса да, неге екені белгісіз, кей жұрт оны халықшыл, мемлекетшіл саясаткер санайды. Тіпті Тасмағамбетов басқарса, бізде бәрі жақсы болады деген тәтті үміттің жетегінде жүрген жандар бар. 

Тасмағамбетовшілдер ол Алматыны басқарғанда жол салды, Астанаға барғанда қар күреді деген уәж айтады. Әрбір әкім істеуі тиіс міндетін орындағаны үшін Тасмағамбетовті төбесіне көтеретіндер 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасын естен шығарып алады. Әкімдік шешімімен Шаңырақтағы үйлерді бұзуға барғанда полиция мен халық арасында қақтығыс болып, бір адам қаза тауып, бірнеше адам ұзақ жылға сотталған. Бұл – ел тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі. Сол кезде Алматы қаласын басқарып отырған Тасмағамбетов осы келеңсіздіктің алдын ала алған жоқ. 

Оның 2017 жылы Ресейге елші болып кетіп, 2019 жылы зейнетке шыққаны да ел арасындағы аңызды өршітіп жіберді. Біраз жұрт Назарбаев Тасмағамбетовті басты бәсекелес санағандықтан, саясаттан алыстатып отыр деп болжады. Бірақ ол экс-президентті «128 хан мен қағанның бәрі бірігіп, 15 ғасырда жасай алмаған ісін елбасы небәрі 25 жылда тындырды. Бұл елбасының ұлы ерлігі, бұл барша халықтың ұлы бақыты» деп мақтағаны болмаса, билікте бәсекелес бола қойған жоқ.

ҰҚШҰ – Ресейдің қалауымен құрылып, Ресейдің күш салуымен өмір сүріп келе жатқан ұйым. Сондықтан ҰҚШҰ бас хатшысы Мәскеудің мақұлдауымен тағайындалып, Ресеймен ұқсас позиция ұстанады. Тасмағамбетов те бұл қызметке белсене кірісті. Путинге жақсы атанғысы келді ме, әлде оған алғыс білдіргені ме, әйтеуір, Кремльдің көңілін табуға тырысып жүр. 

Ең алдымен «ҰҚШҰ елдері қару өндірісін бірлесе іске асырса» деген ұсыныс айтты. Өйткені ҰҚШҰ елдері Ресейден қару-жарақ, әскери техника сатып алып отыр. Ол осы ойынан әлі айнымапты. 4 желтоқсанда «Ресейдің әскери-өндіріс кешені тиімді жұмыс жасап тұр» деп мәлімдеді. Одан кейін «Киевке толассыз қару-жарақ жеткізіп жатқан АҚШ пен Батыстың кесірінен үстел басына отырып, мәмілеге келу мүмкін болмай отыр» деп, Украина мен Ресей арасындағы соғысқа Батыс елдерін айыптады. Ол соғысты Ресей бастағанын және оны тоқтатуға ниет танытпай отырғанын ескерген жоқ. Ал жақында Мәскеу ядролық қару тасуға арналған баллистикалық зымыранын соғысқа араластырғанда «Ресей гипердыбысты зымыранды қолдануға мәжбүр болды» деп, тағы Путиннің сөзін сөйледі.

Сондай-ақ былтыр желтоқсанда Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы пленарлық отырыста ҰҚШҰ жарғысына өзгеріс енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Білетіндер ұйым жарғысының ел парламентінде қаралуына Тасмағамбетов түрткі болғанын айтып жүр. Ал биыл Украина Ресейдің Курск облысына шабуылдағанда ұйым «Соғыс ҰҚШҰ жауапкершілігі аумағына ойысты» деп дабыл қаққан. 

Екі жылдан бері ресейшіл мәлімдеме жасаудан жалықпаған Тасмағамбетов өткен апта «НАТО Ресей мен Беларусь шекарасына жақындап келеді» деп, айды аспанға шығарды. Көпшілік бұрынғы «сүйікті» саясаткерін жерден алып, жерге салып, сынап жатыр. Тіпті кейбір жұрт оны «Иванғали» деп атап жүр. Яғни бұрын оны мақтап, культ жасағандар енді күлкіге айналдырды. 

«Тасмағамбетовтің қазіргі әрекетінен ешқандай да қарама-қайшылық көріп тұрған жоқпын. Ол бұрыннан биліктің ұстанымын ұстанып, сол бағытта сөйлейтін адам. Оның нақты өз бетінше тәуелсіз ой айтқанын көрген емеспін. Халықта ол өзгеріс жасай алады деген бір үміт болғаны рас. Бірақ бұл үлкен қателік деп ойлаймын. Ол өмір бойы билік жүйесіне беріліп, қызмет істеп жүрген адам. Сол үшін кейбіреулердің Тасмағамбетов қоғамды өзгертеді деп сенгеніне таңғаламын. Халық көп жыл бойы жалған үмітке сеніп жүр, бірақ оның осы жүйеге толық берілген адам екенін ұмытпаған жөн», – дейді Дос Көшім.

ҰҚШҰ – өз ішіндегі проблемаларды шеше алмай отырған ұйым. Ұйым елдері ішкі және сыртқы қақтығыстарға тап келіп отыр. Мысалы, Арменияның Әзербайжанмен Таулы Қарабақтағы дауы, Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шешілмеген шекара мәселесі бар. Ресей Украинаға соғыс ашты. Қазақстан осының бәрінде бейтарап бағыт ұстануға тырысып келеді. 

Бірақ 28 қарашада Астанада өткен ҰҚШҰ саммитінде Путин Украинаны кемсіте сөйлеп, Батыс елдерін ашық айыптаған. Арада бір апта өтпей жатып, Тасмағамбетов сол сарынға салып, Путиннің сойылын соқты. Қазіргі геосаяси жағдайда ашықтан-ашық Ресейді қолдау – білікті саясаткер жасайтын әрекет емес еді. Тасмағамбетов бұл соғыс Қазақстанның да, ҰҚШҰ-ның да емес, Ресейдің жеке проблемасы екенін ұмытпауы керек еді...

Қуаныш Қаппас