Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:18, 02 Қазан 2023

Криминалистика қағазбастылықтан арылуы керек

Криминалистика
Фото: из открытых источников

Қоғам тыныштығы мен қылмыстың алдын алудағы маңызды саланың бірі – криминалистика. 

Өйткені күдіктіні анықтау мен қылмыстарды ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату криминалистердің мойнында.

Соңғы жылдары елімізде құқық корғау саласында цифрландыру қарқынды дамып келеді. Бұған дәлел қылмыс ашуда көптеген инновациялық құралдар мен технологиялар қолданылуда. Мәселен, Шымкент қаласы полиция департаменті жедел-криминалистика қызметкерлерінің пайдалануында автоматтандырылған цифрлы биометрикалық жеке басты анықтау құрылғысы пайдаланылуда. Бұл «Idemia» компаниясы ұсынған автоматтандырылған жеке басты анықтау және қол іздерін анықтауға арналған жұмыс орны. Бұл кағазбастылықты азайтып, дактилоскопиялауды сапалы әрі жылдам болуын камтамасыз етеді. Бұдан бөлек, бұл кұрылғы қылмыскердің қол іздері арқылы қылмыстың ашылуына зор үлесін қосады.

«Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін маман-криминалистер оқиға орындарын қарап-тексеруге, жедел-тергеу тобының құрамына қатысады. Оқиға орнында қылмыскер қалдырған іздерді табу, бекіту, алу, олар бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізу, зерттеудің сапасы мен толықтығына байланысты жұмыстарды атқару біздің мамандардың мойнында. Бұдан өзге олар криминалистикалық есептер бойынша тексеруді тікелей жүзеге асырады. Міне, осындай жұмыстарды сапалы атқару үшін маманның жауапкершілігімен бірге материалдық-техникалық жабдықталу да мықты болуы тиіс. Сол үшін қазір жедел-криминалистикалық басқармасы қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп жатыр» – деді жоғарыда аталған басқарманың бастығы, полиция полковнигі Д.Абдраманов.

Кейінгі кездері есірткі қылмыстарын анықтау, оның жолын кесу шараларына да жаңа технологиялар қолданылуда. 1 маусымнан бастап Шымкент қаласы аумағында республикалық «Қарасора- 2023» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Шымкент қаласы полиция департаментінің таратқан мәліметіне қарағанда, шараның 3 ай қорытындысы бойынша мегаполис полицейлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 136 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Оның 54-і қылмыс және 82-і қылмыстық теріс қылық қатарына жатады. Соның ішінде, іс-шараның негізгі бағыты саналатын құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру бойынша жалпы 28 дерек анықталған. Полиция қызметкерлері қала аумағында есірткі алқаптарын және есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру деректерін анықтау мақсатында пилотсыз ұшу аппаратын (дрон, квадракоптер) қолдануда. Аталған техниканың көмегімен құрылған мониторинг топпен есірткі өсімдіктері егілуі мүмкін барлық аумақтарға әуеден бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айт кетері, жуырда халыққа арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс, – деп атап өткен болатын.

Қазіргі таңда шымкенттік полицейлер жоспарға сәйкес қаладағы барлық жерлерде тексеру жұмыстарын жүргізуде. «Қарасора-2023» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы 31 қазанға дейін жалғасады.

М. Сәулебек

Тегтер: