Кіші футболдағы үлкен жетістік

2-4 мамыр күндері Ле-Ман қаласында (Франция) футзалдан 2024/25 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының «Төрттік финалы» өтті. Биылғы бәсекеде «Спортинг» (Португалия), «Пальма» (Испания), «Картахена» (Испания) және қазақ футзалының мақтанышы «Қайрат» бақ сынады.
Жартылай финалда алматылық ұжым Испанияның «Картахена» командасын 3:2 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған. Бұл ойында Алиссон (дубль) мен Деннис гол соқты. Ал Чемпиондар лигасын кейінгі 2 маусымда қатарынан жеңіп алған «Пальма футзал» Португалия үздігі «Спортингті» 3:0 есебімен қапы қалдырды.
Финал нәтижесі қалай болса да, тарих жаңаратыны анық еді. Өйткені «Қайрат» та, «Пальма» да бұған дейін турнирде екі рет топ жарған, биыл қай жеңгені 3 дүркін чемпион атанып, үздіктер көшіне қосылуға мүмкіндік алды. Бұған дейін «Интер» (бес мәрте) мен «Барселона» (төрт мәрте) ғана мұндай жетістікке қол жеткізген болатын. Оның үстіне кейінгі екі маусымда қарсылас шыдатпай жүрген «Пальма» Франция жерінде тағы жеңіске жетсе, қатарынан үш мәрте чемпион атанған алғашқы команда ретінде тарихқа енетіні де өте маңызды болды.
Бірақ финалдық матч тартысқа толы болған жоқ. Испаниялық ұжым 9:4 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды. Кіл бразилиялық ойыншылардан құралған «Қайрат» бірінші таймның соңына дейін тәп-тәуір ойнағанымен, екінші таймда қарсыласына қауқар таныта алмады. Бірінші таймның соңғы 2 минутында екі гол соққан «Пальма» ойынның екінші бөлігінде «Қайрат» қақпасын тағы 6 рет дәл көздеді. Алматылық команданы 2023 жылдан бері жаттықтырып жүрген Марлон Веласко өз отандастарына қарсы ешбір айла ойлап таба алмады.
«Пальма» МФК (Испания) – «Қайрат» АФК – 9:4 (3:1)
Гол соққандар: Гордильо 6, Машадо 18, Ривильос 18, Фабиньо 22, 26, 27, 30, Негиньо 31, Матеус Майя 37 – Кайо Руис 8, Тұрсағұлов 32, Рашит 35, Арриета 39
«Қайрат» құрамы: Деннис (Қ) – Эдсон, Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразов, Кевин Аррьета – Нарын Серіков (Қ), Жахангир Рашит, Денер Родриго, Жулио Занотто, Кайо Руиз, Лукас Отанья, Геге, Вендел Вендес, Алиссон.
«Қайрат» сапында қазақстандық ойыншы аз. Тұрсағұлов, Оразов, Серіков және Рашит қана өз ұландарымыз, ал Эдсон – «жаңа қазақ» (Бразилия тумасы). Командадағы 14 ойыншының өзгесі Латын Америкасынан келген – 1 аргентиналық және 9 бразилиялық футзалшы (біреуі Армения азаматтығын алған). Бірақ футзалдың отанынан келген ойыншылар «Пальмаға» қарсы матчта «Қайратқа» көмектесе алған жоқ. Деңгейлері бұған дейін «Қайрат» өнер көрсеткен Игита, Дуглас сияқты бразилиялықтардан тым төмен көрінді.
Ал «Пальма» Чемпиондар лигасында 2023 жылы дебют жасаған. Содан бері турнирдегі 24 матчтың ешбірінде жеңілмей, қатарынан 3 жыл чемпион атанып отыр. Мұндай жетістікке тарихта ешбір команда жеткен емес. Бұған дейін испаниялық «Кастельон» (2002 және 2003 жылы) мен «Интер» (2017 және 2018 жыл) ғана қатарынан 2 рет чемпион болған. Сондай-ақ 2001/02 жылғы маусымнан бері 24 мәрте өткен Чемпиондар лигасының 14-інде испаниялық командалар топ жарған. Олардан бөлек, Ресей (3 рет), Португалия (3), Қазақстан (2) Бельгия (1) және Италия (1) клубтары алтын алды.
«Қайрат» сөз жүзінде Чемпиондар лигасын 2 рет жеңген тәжірибелі ұжым болғанымен, іс жүзінде турнирді біршама бөтенсіп қалғаны байқалды. Алматылық команда кейінгі 6 жылда алғаш рет финалға шығып отыр. Олар 2019 жылы Алматыда өткен «Төрттік финалда» португалиялық «Спортингке» 2:1 есебімен есе жіберіп, күміс жүлдегер атанған. Ал 2021 жылы Хорватияда үшінші орын алды. Одан кейінгі 3 маусымда «Қайрат» үздік 4 клубтың қатарына ене алған жоқ. Қазір команда сапындағы 14 ойыншының төртеуінде ғана «Төрттік финалда» өнер көрсеткен тәжірибе бар екен. Демек «Пальма» біздің командаға қарағанда әлдеқайда сенімді болды деген сөз. Таблодағы есеп те соны аңғартады.
Ұлттық құраманың ұлы жеңістері
Енді футзал қандай спорт, Қазақстандағы футзалдың дамуы қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Футзал – өткен ғасырдың 30 жылдары футболдың қара шаңырағынан отау болып бөлініп шыққан. Алғаш Уругвайда пайда болып, кейін көрші Бразилия жеріне көшкен кіші теңбілдоп өнерінде күні бүгінге дейін латынамерикалықтар мықты саналып келеді. Мысалы, 1989 жылдан бері футзалдан әлем чемпионаты 10 мәрте өтсе, соның жетеуінде Оңтүстік Американың құрамалары (Бразилия – 6, Аргентина – 1) жеңіске жеткен.
Алаңдағы бес адамның бес саусақтай жұмыла күш жұмсауын талап ететін футзал ойыны жылдамдықты, сезгірлікті, қажырлықты талап ететін тактикасымен, көз арбайтын көркемдігімен көп елде зор қолдауға ие болып отыр. Бұл спортта техникасы мен жылдамдығы үндескен шын шеберлер ғана өнер көрсете алады. Тіпті тұтас әлемді тамсандырған Пеле, Бебето, Роналдо, Роналдиньо, Неймар сынды футбол серкелерінің осы футзалдың шекпенінен шыққанын айта кеткен жөн.
Қазақстан футзал спортында жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Көпшілік командалық спорт түрлері арасында біздің оң жамбасқа келетіні футзал ғана екенін жақсы біледі. Әсіресе кейінгі 10 жылда футзалдан Қазақстан құрамасы үлкен жетістікке жетті. 2016 жылдан бері 3 әлем чемпионаты мен 3 Еуропа чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, 3 мәрте жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасы алғаш қатысқан қарт құрлық біріншілігінде-ақ қолаға қол созған болатын. 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында біздің жігіттер жартылай финалға дейін сүрінбей жетті. Ширек финалда азулы Италияны 5:2 есебімен жеңді. ½ финалда сол жылғы чемпион Испанияға 5:3 есебімен есе жіберді (Ол матчқа әлемнің 5 дүркін үздік қақпашысы атанған Игита қызыл қағазға байланысты қатыса алмады). Ал үшінші орын үшін өткен матчта алаң қожайындарын 5:2 есебімен оңай ұтты. Қазақстандық шабуылшы Серік Жаманқұлов 6 гол соғып, үздік сұрмергендер тізімінде өзге ойыншылармен бірге бірінші орынға жайғасты.
Сол жылы Колумбияда өткен әлем чемпионатында біздің құраманың жолын тағы Испания кесті. Бұл жолы қос команда 1/8 финалда жолыққан. Өкінішке қарай, бұл жолы да пиренейліктер келесі кезеңге өтті (5:2). Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына алғаш рет 2000 жылы қатысқан. Ғасыр басында Гватемала жерінде өткен біріншілікте жақсы нәтиже көрсете алмады, Бразилия, Португалия және Гватемаламен бірге «А» тобында бақ сынап, соңғы орын алған болатын.
Ал 2018 жылы Словенияның Любляна қаласында өткен кезекті Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы 4-орынға тұрақтады. Топта Ресеймен тең ойнап (1:1), Польшаны жеңген (5:1) Какау шәкірттері ширек финалда Сербияны жарыс жолынан шығарды (3:1). Бірақ ½ финалда «ежелгі жау» Испанияға тағы есе жіберді. Бұл жолы матч 5:5 есебімен тең аяқталып, пенальти сериясында Испанияның жолы болды. Үшінші орын үшін өткен матчта Ресейге есе жібердік (1:0).
2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғаш рет үздік төрттікке енді. Какаудан кейін тізгін ұстаған тағы бір бразилиялық маман Кака бастаған біздің жігіттер 1/8 финалда Тайландты (7:0), ¼ финалда Иранды (3:2) жеңгенімен, жартылай финалда Португалияға пенальти сериясында (2:2) есе жіберді. Қола жүлде үшін өткен кездесуде Бразилияға (4:2) жол берді.
2022 жылы Нидерланды жерінде өткен құрлық біріншілігі біз үшін сәтсіз аяқталды. Кака шәкірттері өз тобында бірінші орын алғанымен, ширек финалда Украинаға 5:2 есебімен есе жіберді. Бірақ Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов 7 гол соғып, құрлық біріншілігінің ең үздік сұрмергені атанды. 2024 жылы Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында да Қазақстан құрамасы ширек финалдан қайтты. 1/8 финалда азулы Португалияны жеңген біздің жігіттер ширек финалда Аргентинадан оңбай ұтылды (6:1).
Бірақ кейінгі бірнеше жылда қазақ футзалында құлдырау байқалады. Мысалы, ұлттық құрама 2026 жылғы Еуропа чемпионатына тікелей жолдама ала алмады. Іріктеу турнирінде өз тобында екінші орынға тұрақтады, енді қосымша матчта жолдамаға таласады.
«Қайрат» – халықаралық деңгейдегі бренд
Алматылық команда 1995 жылы құрылған, алғашқы атауы – «Кайнур». Команда үлкен спортқа қосыла сала жақсы нәтиже көрсетіп, 1996 жылы ел чемпионатын жеңіп алды. Бірақ осыдан кейін бірнеше жыл ел біріншілігінде жолы болмай жүрді. 2003/04 жылғы маусымда атауын «Қайрат» деп ауыстырған соң команданың тасы өрге домалап, Қазақстанда ешкімге дес бермейтін үлкен клубқа айналды. Сол жылдан бастап былтырға дейін ел біріншілігінде қатарынан 20 рет чемпион атанды. Тек 2023/24 жылғы маусымда «Семейге» есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.
«Қайрат» ел ішінде ғана емес, әлемдік аренада да үлкен жетістікке жетті. Тіпті Еуропаның сорпа бетіне шығар клубтарының бірі деуге негіз бар. Қазақстан футзалының флагманы УЕФА Чемпиондар лигасын (бұрынғы УЕФА кубогы) екі мәрте (2013 және 2015 жылы) жеңіп алған. Сондай-ақ бірнеше рет финал мен жартылай финалға шықты.
Алматылық клуб 2004/05 жылғы маусымда УЕФА кубогында дебют жасап, келесі маусымда өз тарихында бірінші рет «Төрттік финалға» қатысты. Бірақ жартылай финалда мәскеулік «Динамоға» есе жіберді. Ал 2008/09 жылғы маусымда УЕФА кубогының қола жүлдегері атанды. Команда көптен күткен басты жеңісіне 2013 жылы қол жеткізді. Бразилиялық маман Какау бастаған «Қайрат» Тбилисиде (Грузия) өткен «Төрттік финалдың» ақтық сынында Мәскеудің «Динамосын» 4:3 есебімен жеңді.
Клуб Қазақстанға алғашқы халықаралық ірі трофейді әкеліп, қазақ футболының 100 жылдығына орай жанкүйер қауымға керемет сый жасаған болатын. Бірақ бұл жеңіс оңай келген жоқ, сол жылы «Қайратты» қос бірдей бапкер баптады. Команда 2012 жылы қазанда Жоао Барбозаның жетекшілігімен УЕФА кубогы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, «Төрттік финалға» жолдама алған. Алайда 2013 жылы ақпанда Барбоза ресейлік «Сибиряк» тізгінін ұстады да, «Қайрат» бапкерсіз қалды.
Еуропаның басты турниріне тура екі ай қалғанда бас бапкерсіз қалған «Қайрат» тәуекелге барып, өзінің бұрынғы үздік ойыншысы, бразилиялық Какауды командаға шақырды. Какаудың бапкерлік қызметте тәжірибесі мол болмағанымен, мықты мотиватор еді. Ол командадағы әр ойыншының көңілін тауып, жігерін жани алды. Осының арқасында қысқа уақыт ішінде команданы психологиялық тұрғыда ірі турнирге жақсы дайындай білді. «Қайрат» УЕФА Кубогының ½ финалында атақты «Барселонаны» жеңді, Тбилисиде өткен суперматч 5:4 есебімен аяқталды. Ал финалда мәскеулік «Динамомен» кездесті. Сол кезде төртінші мәрте УЕФА кубогының финалында өнер көрсетіп отырған «Динамо» бұл кездесудің фавориті еді. Бірақ «Қайрат» мәскеуліктерді 4:3 есебімен жеңді.
Араға екі жыл салып «Қайрат» Еуропаның басты турнирінде тағы топ жарды. 2015 жылы Лиссабонда өткен финалда «Барселонаны» тізерлетті (3:2). Дәл осы ойын футзал тарихындағы ең үздік матчтардың бірі деп баға алған болатын. «Қайрат» содан кейін де «Төрттік финалға» 4 рет шықты. Бірақ ешбірінде жолы болмай келеді. 2017 және 2019 жылғы турнир Алматыда өтсе де, алматылық ұжым алтын медальге жете алмады.
«Қайраттың» толағай табысын Бразилиядан келген легионерлер еңбегінен бөле қарауға болмайды. Деңгейі жоғары легионерлердің арқасында жергілікті жастардың футзалға бейімі тез артып, «Қайраттың» ғана емес, ұлттық құраманың да деңгейі тәп-тәуір өсті. Оразов, Тұрсағұлов сияқты әлемдік деңгейдегі ойыншылар шықты. Бірақ осы жақсы үрдіс үзілуге жақын тұр. Жасөспірімдер құрамаларының нәтижесі көңіл көншітпейді. Жанкүйер қауым қазақ футзалы бар жетістігінен айырылып қала ма деп алаңдап жүр...
Қуаныш Қаппас