Кітап оқу – ақпарат алу емес, ол – өзіңе жасалған саяхат

Қазақ қоғамында кітап оқу – тек мәдениет үлгісі емес, бұл – тарихи есеюіміздің, ұлт ретіндегі болмысымыздың рефлексиясы.
Шынымен-ақ, бұл – біздің ұлт ретінде кешігуіміздің, шала жетілген модернизациямыздың, формалды білімге иек артқан сана құрылымының көрінісі. Қазақ оқымаған ұлт емес. Қазақ – тыңдаған, жаттаған, көкейге түйген, ауызша өркениеттің ішінен шыққан ұлт. Бұл – мәдениеттің басқа формасы. Бірақ жазба мәдениетке келгенде, біз өзімізді жолдың екінші жиегінен көрдік. Колониялық тарих, отарлық шектеу, кеңестік иерархия бізді тілдік, танымдық тұрғыда тұсаулап келді. Кітап билік құралына, цензура объектісіне айналды. Осылайша, оқу рухани әрекеттен гөрі идеологиялық талапқа айналып шыға келді. Бүгінгі таңда біз сол ескі жараның орнына жаңаша сылап қойған сияқтымыз. Бізде оқуға байланысты дискурс, негізінен, формалды: оқу дегеннің өзі де диплом алу әлде жоғары балл не мансап үшін деген ой әлі де бар. Яғни білім – тауар. Ал тауарлық қатынаста кітап құндылық емес, тек құрал ғана.
Кітап оқу – тек ақпарат алу, тұтыну емес. Бұл – мәтін мен сөз арқылы тереңдікке бойлау, үн қату, өз ішіңе саяхат жасау. Жазылған әр сөйлем – сенің ішкі «меніңмен» ұшырасу. Кітап жан дүниенің айнасы десек, оны оқу – өз бейнеңді тану. Кітап оқу – уақытты, жоғалғанды табу емес, уақыттың өзінен бас тарту. Оқырман кітап бетінде қазіргі шақтан алыстап, контексті жоқ кеңістікке енеді. Сол кеңістікте ғана сана босап, жаңа сұрақтар туындайды.
Кітап оқу – бұл мәдени акт. Ол тек жеке тәжірибе емес, ұжымдық жадының, тарихи кеңістіктің, тілдік иерархияның әсерінен қалыптасатын процесс. Ұлттың өзін тану жолындағы әрекеті әдетте кітап оқудан басталады. Ал бізде оқу мәдениеті шала жарым мәдени, жартылай әлеуметтік міндетке айналғалы қашан. Қазір кітап оқу элиталық іс, интеллектуалдық мәртебе сияқты көрінеді. Әлеуметтік желіде біреудің кітап оқитынын жариялауы кейде «мен сенен артықпын» дегендей әсер қалдырады. Бұл – оқу мәдениетінің емес, мәдениетті тұтыну формасының үстірттігі. Қазақ қоғамында әдебиет көбіне мектеп бағдарламасының бір бөлігі ретінде қабылданатыны жасырын емес. Біз баланы Абаймен, Мағжанмен, Мұхтармен таныстырамыз. Бірақ танысу – бұл сүйіспеншілікке апарар жол емес. Біз оқуды «жаттау», «талдау», «баға алу» форматына икемдеп, эстетикалық тәжірибені құралдандырып жібердік. Кітапқа деген сенім бұл балалық шақтан басталады. Егер бала кітапты ата-ана қолынан көрмесе, ол үшін кітап тек тапсырма мен жаза құралына айналып қала береді. Біздің балаларымыз үшін кітап оқу – таңдау емес, міндет. Ал міндетке айналған нәрсе ешқашан ішкі құндылық бола алмайды. Қазақ қоғамында көптеген адам кітапты өздігінен оқымайды, әдетте оларға кітап «ұсынылады», «беріледі», «міндеттеледі». Бұл пассивті оқу. Ал шынайы оқу – ізденіс, қарсылық, күмән мен сенімнің күресі. Шынайы оқырман – мәтінді сынай отырып сүйетін адам. Менің ойымша, біз мұндай деңгейге әлі жеткен жоқпыз.
Асылай РАМАЗАН, мәдениеттану магистрі