ҚТЖ басшысының уақытша міндетін Даниал Ахметовтің күйеу баласы атқаруда

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының вакантты орнына уақытша міндетін атқарушы (у.м.а.) ретінде Ерлан Қойшыбаев тағайындалды.
ҚТЖ басшысы лауазымы ресми түрде бос тұр. Әзірге ресми тағайындау жасалған жоқ. Қойшыбаев ішкі тәртіп бойынша уақытша басшы болып отыр. Бұл – мысалы, басқарма төрағасы демалысқа шыққан жағдайда, уақытша міндет атқарушы ретінде орынбасарының уақытша тағайындалатыны сияқты жағдай.
Айта кетейік, бұған дейін ҚТЖ-ны 2021 жылдың сәуірінен бері басқарған Нұрлан Сауранбаев көлік министрі болып тағайындалған еді. Ол бұл қызметке бұрын Тоқаевтың сынынан кейін орнын босатқан Марат Қарабаевтың орнына келді. Қарабаевқа министр ретінде қызметінде жіберілген кемшіліктері үшін сөгіс жарияланған.
Уақытша ҚТЖ басшысы болған Ерлан Қойшыбаев – Аделия Ахметованың жолдасы. Ал Аделия – 2014–2023 жылдары Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Даниал Ахметовтің қызы. Ахметов - «Ескі Қазақстанның» ең ықпалды өкілдерінің бірі саналып келген. Оның әкімдік кезеңінде өңірде жемқорлыққа байланысты жанжалдар жиі тіркеліп, жеке мүдделерді көздейтін тендерлер мен мемлекеттік сатып алулардың ашық еместігі сынға ұшыраған. Бірнеше жобаның құны бекітілгеннен кейін күрт өскені де айтылған. Сонымен қатар Тұрғысын ГЭС-і құрылысына Ахметовтің туыстары қатысқан деген деректер жиі аталған. Жергілікті халық, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері оның отставкасын талап етіп, саясатына қарсы наразылықтарын бірнеше рет ашық білдірген.
Даниал Кенжетайұлының өмірбаянына үңілген жұрт оның еліміздегі солтүстік-шығыстағы бірнеше облыста кезектесіп әкім болғанын білер еді. Ол тоқсаныншы жылдардың басында Екібастұзды басқарып, кейін Павлодар облысына әкім болды. Ол бұл жерде біраз уақыт жұмыс істеп, 1997 жылы орнын Ғалымжан Жақияновқа босатты. Артынша-ақ Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Ол кезде елді басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың сеніміне кірді ме, әлде көңілінен шықты ма — қалай болғанда да, Ахметовтің мансабы үздіксіз өрлей түсті. Кейін ол премьер-министрдің орынбасары, тіпті бірінші орынбасары секілді жоғары лауазымдарға дейін көтерілді.
Ахметовке қатысты “рекордқа” пара-пар деректер аз емес. Ол — бір облысты екі рет басқарған санаулы саясаткерлердің бірі. Мәселен, 1990–2000 жылдары Ләззат Қиынов Маңғыстау облысына екі мәрте әкім болса, Ахметов те дәл сол сияқты Павлодар облысына екі рет басшылыққа келген.