Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 13 Шілде 2025

Қуандық Түменбай. Бөтен (әңгіме)

Қуандық Түменбай
Фото: ашық дереккөз

Жетімектің жаны тыншымады. Түнімен көз іле алмай дөңбекшіп шықты. Біресе оң қырына, біресе сол қырына аунап түсіп, қасында жатқан зайыбының мазасын алды. Дөңбекши бергесін Әмина да тілін шығарып, шаңқ ете қалды.

Тыныш жатасың ба, жоқ па? Бұрын бір аунап түсіп, қор ете қалушы ең. Не болды сонша?!

Шошқа бағу оңай ма?

Бақсаң бақ, бақпасаң қой. Сенің қасыңда жатқан адам ғой.

Жетімек сол қырына тағы бір аунап түсіп, тынши қалды. Көз алдына қырыққа дейін бас сұғып көрмеген колхоз бастықтың атшаптырым бөлмесі елестеп кетті де, төрде отырған бастық Бижановтың шүңірек көзі қою түнде тесіле қарап тұрғандай көрінді. Тіпті сол шүңірек көз қою түнді қақ жарып, бірте-бірте өзіне жақындап келе жатқандай денесі дір ете қалды. Әйелі: «Сен де бір милау екенсің» деп, жамылып жатқан көрпесін желп еткізіп жұлып ап, жерге жаюлы құрақ көрпеге томп етіп жайғасып, бүрісіп жата кетті. Іле «жат солай дөңбекшіп» деген ызалы үні шықты.

Шошқа бағу оңай емес, – деген Жетімектің жіңішке даусы естілді.

Бұны ауылдастары өз атымен атамай Жетімек дейді, кейде шыр-шыр етіп шегірткенің үніндей боп шығатын даусын естіген жұрт Шірілду дейді. Негізі шыр етіп дүние есігін ашқанда алған есімі Әбдікәрім екен, әкеден бір жасында, шешеден екі жасында тұл жетім қалған бала әр есіктен нан сұрап жеп, әр үйдің отынын бұтап, суын тасып жүріп Жетімек атанып кеткен. Ал осы Жетімекті кеше колхоз бастықтың өзі атын атап, таң атпай шақырғанда «апам да таң, мен де таң» боп есеңгіреп қалды. Әйелі де қабағын шытып, түксие қарады. Бәріне түс ауа қанықты. «Бастықтың қатыны орыс қой, бұл неғып қазақты іздеп қалды екен. Әйтпесе о дүниелік болған шошқашы Шпанковтың орнына бүкіл ауданнан бір орыс табылмай қалды ма екен? Әлде біреулер менің тұл жетімдігімді бетіме басып, «қазақ доңыз бақса, осыдан басқа кім бағады дейсің» деп ақыл қосты ма екен? Менде құдайы қоңсымнан басқа ағайын жоқ. Құдай жалғыз, мен жалғыз, сорайып қалған жалғыз терекпін». Дегенмен бастық Бижанов өзімен адамша сөйлесіп, дәл бір бауыздау құдасын көргендей асты-үстіне түсті.

Уақ мал да, ірі қара да қысқарып жатыр. Шпанков, топырағы торқа болсын, адал еңбек етті. Жылда 100 шошқадан 100 торай өсірді. Оның екі-үшеуін Шпанков, үш-төртеуін шошқаның өзі жеді, – дегенде, Жетімек селк ете қалды.

Сонда шошқа өз баласын өзі жей ме? – деп күбірлеп, бастыққа көз астымен қарады.

Өй, сен қара қойдан басқа не көрдің? Шошқа қарны ашқанда өз баласын өзі жемек түгілі, асап қояды. Осы жағына абай бол. Танаурап ұмтылғанда торайын ала қаш, – деп, дәл бір шошқа бағуға келісім бергендей тәптіштеп түсіндіре бастады. «Қатыны орыс қой, өзі аудан орталығында тұрады. Қатыны «қазақтың ортасына көшпеймін» депті». Ауылдағы қаңқу сөз қалқан құлағында сыбыр-сыбыр естіліп жатты.

Шошқа бағатын бір орыс табылмады ма? – Жетімек аузы қисайып, жалғыз ауыз сөз айтты.

Әбдікәрім-ау, – деп келмеске кеткен ата-анасы айқайлап қойған шын атын атағанда іші тұтанып кеткен темір пештей жылып қоя берді. – Орыстар Отанына көшіп жатыр. Мына жағы Саратов, мына жағы Петропавлға. Тіпті немістер де жайлы жер іздеп, Алматы мен Талдықорғанға қоныс аударып жатыр. Біздің «Қызылтау» сондай бауырмал ауыл ғой. Шпанков та соғыс кезінде босып келген орыстың баласы еді, шошқа бағып, ауылдың атын шығарып кетті. Өлді, өшті, әйелі Клава да көшіп кетіп, орталықтағы моншаға контролер боп жұмысқа тұрыпты. Сонымен келістік қой. Айлығыңа тағы үстеме 20 сом қосамыз. Қой мен жылқы қысқарып жатыр, қосымша ақшаны саған төлемегенде кімге төлейміз. Қайта құру деген осы. Үйің орнында, шошқа базға көшпей-ақ қатынап істей бер. Ауылдың шеті ғой. Амандық болса, бір жылда «Москвич» мініп, Еңбек Қызыл Ту орденін тағасың. Қостанайда әнебір қазақтың шошқа баққан қызы герой болды, – деп, бұл келісім бермей-ақ бәрін мойнына артып қойды. Алақан қышытқан айлық та, мерейді өсірер марапат та сол сөздің ішінде кетті...

Бастық неге шақырыпты? – деді минөт санап күтіп отырған Әмина табалдырықтан аттаған бетте дызақтап алдынан шығып. «Шпанков өлгесін шошқаны қазаққа бақтыратын бопты. Жетімектен басқа кім бар дейсің бағатын» деген жұрттың қаңқу сөзін күні бұрын естіген Әмина әзер шыдап тұр. Күйеуі үндемеді, әйелдің алдында аузының салымы жоқ, апырақтап кете алмайды, сүйегіне сіңген жетімдік сөзден қалдырған. Әмина болса, бұрын есік көрген тісқаққан, қызыл тілінің қышымасы бар көкайыл.

Шошқа бағатын болдым, – деп еді:

Енді саған жылқы бақтырады дейсің бе, – деп төтесінен қайырды.

Жылқы да, қой да қысқаратын болыпты. Енді оның ақшасын маған төлейтін болды, – деп екі беті қызарып, шырылдап жауап бергенде: «Бай-қуатты боламыз ба» деп іліп әкетті. Ол үшін күйеуі не істесе де бәрібір, бір күн біреудің отынына барса, бір күн үпелегі ұшқан сары қамысты өртейді, науқан кезінде қырманға қарауыл, әйтеуір нәпақамен күнін көрген қатардағы колхозшы боп қарайып жүрсе болғаны.

Жетімектің аузынан мүңкіген арақ иісі мұрнын қытықтаған Әмина:

Бастығың 100 грамм құйғаннан сау ма? – деп сұрау сап, миығы тартқанда күйеуі шырылдап қоя берді.

Әмина, айтуға ұмытып барады екем, есіктен шығарда бастық: «100 грамға қалайсың?» деді. Үндей алмадым. Менің сөзімді күтпестен дәу темір жәшікті кілтпен ашып, ашылған бір бөтелкені қырлы стақанға төңкеріп құйып, «Тартып жібер!» деді. Бастық айтып тұрғанда... тартып жібердім де, аузымды сипап тұрғанда: «Жеңіңді иіске де тарта бер. Ертең шошқа базға барып іске кіріс, 100 талпақ танау өзіңді күтіп жүр», – деді. Ләм дей алмадым. Дәл бір менің келісімімді алдын ала алып қойғандай бірден айтады екен. Шықтым да жүре бердім.

Өзі де ішті ме?

Жоқ, қалған арақты сарқып құйды.

Жарымай қалғыр...

Айтпақшы, Әмина, айтуға ұмытып барады екем, бастық бір жылда «Москвич» мінесің деді.

Өзі де жетімнен жетіліп, желегін желпілдете алмай жүрген Әмина сықылықтай күлді.

Оны кім айдайды?

Көреміз.

Тайқар мініп көрмеген Жетімек «Москвич» мінетін болды ма? – деп ішін басып сықылықтай күлгенде күйеуі жіңішке даусымен өтініш айтты.

Әмина, бүгін ертерек жатайықшы.

Әмина одан бетер қос бүйірін басып сықылықтады. Жетімнен жетілген моп-момақан еркектің қызыл сызық тартылған бетіне, тәмпіш танауы мен дір-дір еткен ерніне қарап тұрып, «Сенің де біреуге керек боп қалғаның ба» деп, күлкісін тиып, шырт еткізіп шамды өшірді.

***

Жетімек шошқа базға жүрегі дүрсілдеп әрең жетті. Ауылдан екі шақырым жердегі тормен қоршаулы жатаған тамға оқушы кезінде бір келгені бар. Жетім бала оқу оқып жарытты дейсің бе, сегізіншіні бітірер-бітірместен СПТУ-ға жіберді. Оқушы балдарды үш ай жаздың екі айын күріштің арамшөбін отауға салса, бір рет шошқа базды тазартуға апарған. Әр үйдің дәмін татып, қарнын тойдырып жүрген өзіне танауды қытықтаған қаңсық иіс онша әсер ете қоймады, бірақ ә дегенде ұйытқи соққан жылы желмен бірге жүректі айнытар лептің көкірегін жуып кеткені есінде. Одан әрі ештеңеге мән бермеді, істе деген тірлікті істеп жүре берді. Ал алақанда өскен еркетотайлар, әсіресе қыздар ауыздарына ұшық шығып, біразға дейін еріндері бөртіп, «вазелин» жағып жүрді. Сонда бір томпиған торай қорқақ Тілеске біраз мөлиіп қарап тұрды да, арсалаңдап тұра ұмтылды. Задында сужүрек Тілес табаны жерге тимей тұра қашты. Шошқашы Шпанков қарқылдай күліп, «Әй, Патымаштың баласы, торай саған тимейді, танымай қалған ғой, танысқанша солай болады» деп, «Қайт!» дегенде, торай шалт бұрылып ап науадағы сасық етке бас қойды, сірә, тағы біреу тамағыма ортақ болады деп бойын қызғаныш билесе керек. Сол иіс бүгін тағы да алдынан шығып, тәмпіш танауын бір сипап қойды. «Маған да торай шауып жүрмес пе екен» деген бір сәттік қорқыныш сезімі өн бойынан зу етті. Бірақ қоршаулы қораға кіргенде қаңсық иіске бойын алдыртып, бейтанысқа ажырая қараған доңыз көрмеді. Топ-толық боп, дөңгеленген талпақ танаулары делдиіп, жаңа күтушіге көздері сығырайып бір қарап ап, бірі астаудан жем жеп, бірі табанымен қоршаулы торды тырмалап, бүлк-бүлк етіп тіршілігін жалғастырып жүре берді. Қара жұмысқа қолының иі қанған Жетімек 100 шошқаны баспа-бас санап алғасын ферма меңгеруші жұмыстың тәртібін түсіндірді. Бұның бір түсіне алмағаны – жем жейтін ұзын астаудың ар жағында көлшіктей дөңгеленіп батпақты аймақ жатыр.

– Бұл неменеге керек? – деп еді, ферма меңгерушісі:

– Бұл шошқа аунайтын жер. Сен, қара қойдан басқа не көрдің, тамаққа тойып алғасын осында кеп аунамаса олардың ішкен асы бойына сіңбейді. Осы есіңде болсын, – деп білмейтін нәрсесін тәптіштеп түсіндірді.

«Білмейтініміз жүдә көп екен ғой» деп Жетімек іштей таңғалды. Тапал тамның оймақтай бір бөлмесі ас ішіп, ауыз жібітетін орын екен. «Мейлі, далада қаңғып жүріп те іштік қой атауымызды» деп бұлдыр-бұлдыр боп көкіректе қалған жетім көңілін жұбатып, бала күндері көз алдынан бір аунап түсті. Осылай алғаш жұмыс күнін өткеріп, үйге қайтты...

– Сен, Әмина, анау базардағы емшекқап сататын жұмысыңды тастайсың-ау деймін. Мен үлгере алмайтын сияқтымын, 100 шошқаға жем беру оңай ма? – деп жұбайына жалтақтай қарап, сөз бастады.

– Мен оны сатпасам қатын-қалаш не тағады, бәрінің көкірегі салбырап қалмай ма? – деп Әмина ә дегеннен ащы тілімен шағып алды.

– Салбыраса салбырай берсін. Өзіңдікі аман болсын. Сол болмашы тиын-тебенге бола...

Еркектің аты – еркек. Жетімектің аузының салымы болмаса да, ауыл шетіндегі жаңа кәсіпке бір жағынан қызығып, бір жағынан ел-жұрт елеңдеп, таңғалсын деп, күйеуінің дегеніне көнді. Талпақ танаудың жартысына өзі, жартысына Әмина жем беріп, кейде әйелі тоқшәйнекке су қайнатып, тоқал тамның ішінде бір-біріне қарап отырып шәй ішіп, маңдайлары жіпсіді. Бүгін Әмина бір қимылы ауыр талпақ танаудың сидамдау мегежінді қуып жүріп дегенін іске асырғанын селк-селк күліп отырып айтып бергенде Жетімектің аузы ашылып қалды.

– Соған қарап тұрдың ба? – деді тыңдап болып.

– Қарамай, көзім соқыр емес қой. Доңыз көрмеген басымыз көріп жатырмыз ғой көресіні, – деп шаптығып қалды. – Бүгін ертерек қайтайық. Пірәлінің үйлену тойы ғой. Кешке дейін арнап шақыратын шығар. Шешесі Сәнтай пәдрушкем... күтіп жүрген шығар. Жуынып-шәйініп, уақытылы барайық.

– Сен қайта бер, мен бәрін жайғастырып бір-ақ барам.

Ерлі-зайыпты екеуі шошқа базда отырып терлеп-тепшіп ішкен шәйін ортасынан қақ бөліп, әйелі асығыс орнынан тұрды.

– Қыжым көйлегімді киейін, той ғой, – деді.

– Барыңды ки. Мен де барам ғой, қара шалбарыма қыр сап қой.

Әмина екі шақырым шаңдақ жолдың топырағын борп-борп басып, үйге жеткенше көңілі аттай шауып, алыпұшты.

Көрші үйдің есік алды күндізгідей жарқырап тұр. Ересек балдары ушетшікке сым жалғап, оны жапырағы жайқалған қара ағашқа өрмелеп шығып, бұтаққа сәндеп іліп қойыпты. Дүрс-дүрс еткен әулекі әуен ойнап, бір кезде, сірә, асаба болса керек, «Ал отырайық!» деген жұртты жалт қаратқан шымыр дауыс естілді.

– Құрметті құдалар, төрге, төрге, – деген той иесі Бертайдың да тарғыл даусы шықты.

Әмина екі араға тартылған жыңғыл қораның бер жағында әр сөзге құлақ түре тыңдап тұр. Үстінде етегі жер сызған қоңыр қыжым көйлек.

– Бірінші сөзді әулеттің үлкені, Бертай көкенің туған ағасы Шертай көкеге береміз, – дегенде, «бізді шақырмағаны ма» деп, өксіп-өксіп қалды. – Оу, қырық жылдан бері құдайы қоңсы емес пе едік. Әбдікәрімнің де шалбарына қыр салып қойып едім. Сорлы Жетімек» деп күйеуін кінәлап, тағы бір өксіп ап, үйіне кіріп, даладан шыққан әр сөзге құлақ түрді. Әркім кезек-кезек тоқтаусыз сөйлеп жатыр, ара-арасында «Қамажайға», «Құдағиды ортаға», «Құдағи тост, құдалар түбіне дейін» деген дауыстар жалғыз тұрған келіншектің жүрегін тілгілеп кетті. Сөз бен әуен түн жарымына дейін жалғасты. Осылай тұрғанда сүрініп-қабынып, күйеуі кіріп келді.

Той қайда? – деді жіңішке даусы одан бетер жіңішкеріп.

Той сені неғылсын! – жарым көңіл келіншек ботадай боздап қоя берді.

***

Таң атты. Жыңғыл қораның екі бетінде тізелері томпиып сиыр сауып отырған екі әйел тілге кеп, Әмина шыдай алмай көршісіне наз айтты.

Тойларыңды бізден тығып өткіздіңдер ме?! – деді сиырдың төрт емшегін ызалана тартқылап.

Дәу қайнаға ғой, «олардан доңыздың иісі шығып тұрады» деп шақыртпай қойған. Өзі бірінші боп сөйлеп, бата берді.

Шақырсаң, әтір сеуіп барар едік қой, – Әмина жауап берді де, тағы бір сөз айтты. – Емшек қаптың неше түрін әкеп беруші ем, енді өзің таңдап жүріп, тауып аларсың.

Өзіңдікін жетістіріп ал! – келіншек те көрші ақысын жібермей, қатын ұрыс аяқсыз қалды.

***

Жетімек бағымындағы хайуандарды жемдеп, су беріп шөлін қандырып, батпаққа аунап жатқандарын шыбықпен түртпектеп тұрғызып ап тар қораға қамап, ымырт үйіріле үйге қайтуға ыңғайлана бергенде шаңдақ жолда бір мәшине гүр етіп, шошқа баздың қасына кеп тоқтады. Іле кәбеңкеден түсіп жатқан бастық Бижановты көрді. «Апыр-ай, Бижанов та осы жерге келеді екен-ау» деп ойлап үлгергенше қарны шыққан денелі кісі:

Шошқашы Әбдікәрім, қал қалай? – деп саңқ ете қалды. Бастықтың аузынан азан шақырып қойған есімінің аталғанына іші шым етіп, мәз болса да, «бұл кештетіп неғып жүр» деп бетіне күмәнмен қарады. – Қалай, торайдың қорсылына құлағың үйренді ме? Әйелің де қасыңда ғой. Оған да бағушы ретінде еңбекақы жазамыз. Ауылды ұстап тұрған екеуің ғой, – дегенде, өмірі мақтау естіп көрмеген жігіт алдында тұрған адамды өкпе-бауыры елжіреп жақсы көріп кетті. – Күз түсе, шошқаларың торайлап, көбейе бастайды. Сол кезде әйелің екеуің түнемелікте осында жатасыңдар. Олар оңашада өз баласын өзі жеп қояды. Осы жағына абай бол, – деді де, – Алғашқы айлығың да жақында қолға тиеді. Қайта құру шаруаның еңбекақысын жемейді, – деген сөзіне де іші елжіреп, риза боп қалды. – Сен маған бір семіз торайды ұстап әкеп, қапқа салып бер. Біздің де соғым соятын уақытымыз кеп қалды, – деп, шопыры алып келген қанар қапты қолына ұстатты. Бір ауыз сөзді екі етпей құлақтары салбырап, көздері сықсиып, топырлап тұрған хайуанның арасынан жас болса да іркілдеп, қоң жия бастаған біреуін шиқ-шиқ еткізіп сүйрелеп алып келгенде бастықтың шопыры қанар қапты басына кигізе салды. Торай тырс етіп үн қатпады, қанар қаптың ішінде бүлкілдеп қала берді.

Мангал қыздыратын уақыт та кеп қалды. Сен, Әбдікәрім, есіңде болсын, шошқаны бауыздамайды, жүрегіне үшкір пышақты сұғып алады, – дегенде Жетімектің жүрек тұсы шымырлап қоя берді. – Егер ет жегің келсе, осыны ұмытпа. Бастық екпіндеп сөйлеп тұр.

– Адам мен шошқаның асқазанын бірдей ғып жаратқан. Шошқа батпаққа аунай бергесін оны харамдар қатарына қосып, бауыздамай өлтіретін болған, – деп Бижанов шалт бұрылып сөйлеп бара жатты.

Шопыры бүлк-бүлк еткен қанар қапты иығына салды. «Қатыны орыс қой» деп жұрт айтып жүрген сыбдыр сөзді Жетімек те іштей қайталады. «Бүгін көшенің арғы бетіндегі көрші Ақтай былтыр өлген әкесіне Құран оқытады. Енді соған барайын» деп қара жолдың шаңын бұрқыратып кеткен мәшиненің соңынан ерді...

Үйге келгенде Әмина тағы да қабағы қарс айырылып отыр екен.

Құранға бармаймыз ба? – деді Жетімек бетіне жалтақтай қарап.

Бізді шақырған жоқ, – деп Әмина кемсеңдеп қоя берді. – Бұдан да салбыратып емшекқап сатып жүргенім жүз есе артық еді. Қатардан қалмайтын...

Таңғы сауыннан кейін Әмина көшенің арғы бетіндегі аруаққа Құран бағыштаған үйдің әйеліне сиыр айдап бара жатып наз айтып еді:

Сендердің қолдарың харам ғой, – деді аспай-саспай.

Шақырсаң, кір сабынмен жуып барар едік қой, – деді қатын ұрыстың кіріспесін бастап.

Кір сабынмен үш қайтара жусаң да қолдарың тазармайды, – көрші үйдің әйелі сауын сиырдың жамбасын қызыл шыбықпен шыңқ еткізгенде, «бөтенсіңдер ғой» деген күңкіл сөз құлаққа шалынды.

Әмина бойындағы бар ызасын: «Шу, қарасан келгір!» – деп тарпаң басқан сиырдан алып, кері бұрылып кете берді.

***

Осы ауылға бір зобалаң келді, орысы Ресейге, немісі Германияға, шешені Кавказға көшіп, қырық жыл бір қазаннан ас ішкендердің қатары селдіреп, ауыл жұпыны тартып, жетімсіреп қалды. Далиып жатқан жер де сатылып, сатылған жерде ала тақия кигендер қаптап кетті. Олар көк шөбі жайқалған құнарлы алқапты қоршап тастап, қазық қағып, тас төсеп, там соғып жатыр. Ірі қара мен уақ малдың да басы селдіреп, ауылдың бетке ұстар шаруашылығы – Жетімек бағып-қаққан шошқа баз боп қалды.

Шешен көшсін Отанына, орыс көшсін жайлы жеріне, оу, әнеугүні ғана баласын үйлендіріп, келінге шәй құйдырған қырық жылдан бергі құдайы қоңсы Бертайға не жорық? Ол да аудан орталығы Шерліге күні кеше түн жамылып, ләм деместен көшіп кетіпті. «Келдік, кеттік» жоқ, ел-жұрттан естігені – «шошқа баққан қазақпен қоңсы қонбаймын» депті-мыс. Жетімек пен Әминадан туған жалғыз балаға кеше мектепте бір сыныптасы «шошқа баққанның баласы» деп бетіне басыпты. Сөз жата ма, кеше мектепте айтылған сөз бүгін Жетімектің үйіне жетті. «Өзің Жетімек атанып едің, енді жалғыз балаң «шошқа баққанның баласы» деген ат алды. Құдай-ау, енді қайда барып күн көреміз?! Айдың-күні аманда ел-жұрттың бетіне қарай алмай қалдық қой», – деп Әмина көршісі көшіп кеткен күні иесіз қалған төрт дуалға қарап тұрып көз жасын бұлады. «Қырық жыл көрші боп, базардан емшекқаптың ең тәуірін әкеп беріп жүргенде, сен де қатын басыңмен бір күнде теріс айналып шыға келдің» деп, өсек айтып, өрекпіп отырар құрбысына өкпесін білдіріп, шамы сөніп, терезе-пердесі тұтулы қалған үйді көріп тұрып іші қан жылады. Есік-терезесі тастай қараңғы, тірі жан жоқ үй мола сияқты сұп-суық.

Біз не жаздық осыларға?! – деп Әмина үйге кіріп кеп күйеуіне шаптықты. – Біз де көшеміз. Енді біздің жаман атымыз кір сабынмен жусақ та кетпейді. Осылай қара дақ боп қалғаны қалған. Бір картон қағаз тауып әкел, «үй сатылады» деп жазып, іліп қояйық. Тезірек қарамызды батырайықшы осы жерден.

Шошқа баққанның үйі деп ала қойса... – Жетімек именшіктеп, күбір етті.

Шошқадан алатын айлығыңды тез алып, есептесіп кел. Әкел кардон қағазды! – деп алтыншы сыныпты әрең бітірген Әмина «үй сытылад» деп сия қаламмен бар біліміне қате қосып бадырайтып жаза бастады. – Бала сабақтан келгесін қатесін шығарып берсе, қайта жазамыз. Бар, шошқа баздағы кесе-шәйнекті әкел де, қатыны орысқа барып айт. Көшеміз де. Айлығыңды берсін!

Нәті жуас Жетімек зайыбының айтқанын екі етпей шошқа базға бет алды. Иесін танып, қорсылдап алдынан шыққан талпақ танаулар бұрынғыдай емес, бір түрлі сүйкімді көрінді. Ай бойы бірге жүргесін көркіне көзі үйреніп етене боп кеткендей. «Сендерден біржола алыстап барам, мен де біреуіңді...» дей бергенде, қиялы шорт кесілді. – Ісім харам болғанмен, аузым таза. Мен қатыны орыс Бижанов емеспін ғой. Осы жерден кетсем, тезірек кетейінші. Жұрт үдере көшіп жатыр ғой, біз де ел қатарлы күнімізді көрерміз. Құдай ұрлық істегеннен сақтасын. Жұртқа күстана болғанша...» Тоқал тамның түкпіріне кіріп, шәйнекті тоққа қосты. «Талпақ танауларға қарап отырып бір терлеп-тепшіп шәй ішейін». Ернін күйдіріп, ішер қызыл шәйді ойлағанда көңілі жеңілдеп қалды. «Әмина да дызақтап күтіп отырған шығар» деп күдіктеніп, төртбұрышты терезеден қара жолға көз салғанда май топырақты борп-борп басып, шаңдатып келе жатқан әйел сұлбасын көзі шалып, шұбатылған сымды токтан суырып алғанда есіктен басын сұққан топ-томпақ торайдың қорс еткен даусы қабат естілді. «Келдің бе, мен де кетіп барам» деп ішінен сөйлеп, терезеге қарады. Қатын жүріс жақындап қалыпты. «Әмина не дер екен» деп Жетімекте зәре жоқ.