Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:41

Куба АҚШ соғыс ашады деп дайындалып жатыр

Раул Кастро мен Мигель Диас-Канель
Фото: AFP

Куба қарулы күштері АҚШ тарапынан болуы мүмкін әскери қақтығысқа дайындалып жатыр. 

Бұл туралы елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Карлос Фернандес де Коссио мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі әлемдегі жағдайды ескерсек, мұндай қауіпке дайын болмау – аңғалдық болар еді.

«Қарулы күштеріміз әрдайым дайын, қазір де ықтимал әскери агрессияға дайындалып жатыр», – деді ол.

Сонымен қатар, Гавана АҚШ-пен мәселелерді бейбіт жолмен шешуге үмітті екенін атап өтті. Куба тарапы мұндай қақтығысқа нақты себеп жоқ деп есептейді.

Куба билігі АҚШ-тың мұнай блокадасын да агрессияның бір көрінісі деп бағалап отыр. Елде отын тапшылығы мәселесі күрделі күйінде қалып отыр.

Бұған дейін Дональд Трамп Ирандағы әскери операциядан кейін Кубада «үлкен өзгерістер» болатынын айтып, биліктің құлауы «уақыт мәселесі» екенін мәлімдеген.

Ал Куба президенті Мигель Диас-Канель АҚШ-пен келіссөздер жүріп жатқанын растады және Вашингтон тарапынан қысым жалғасып жатқанын айтты.

Сарапшылар бұл жағдайды АҚШ-тың Латын Америкасындағы саясатының күшеюімен байланыстырады.