Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:47

Күлкі мен көз жасы және жоқ іздеген көрермен

Күлкі мен көз жасы
Фото: Жас Алаш / ЖИ

Қазір қазақ киносы екі бағытта: бірі – коммерциялық кино болса, екіншісі – авторлық кино бағытында дамып келе жатқандай көрінеді. Қазақ кино өнері жөнінде тартыс пен талас та осы төңіректе туындап жатады.

 Өнердің бұл түрі өндіріс пен табыс көзіне айналғалы қашан. Қазіргі кино­тудырушылардың ұстанымына сай саралар болсақ, фильм жасауда көркемдік талаптардан бұрын, ең әуелі табыс табу үрдісі басты нысанда болуы тиіс. Бұл тұрғыда отандық режиссерлеріміздің дені һәм жекеменшік студиялардың өнімі миллиондап табыс табу жолында барын салуға даяр.

Осыған дейін қазақ киносын арзан әзіл мен бітпейтін комедиядан арылту керек деп біраз жүрдік. Байқасақ, соңғы екі-үш жылда арзан комедиялардың легі азайып, былайша айтқанда, «жылауық» фильмдердің дәуірі басталған сияқты. Ақсақ прокатқа шығып жатқан фильмдердің мақсаты – көрерменді қалайда жылату сияқты. Хош. Әйтеуір қазір үлкен экранға шығып жатқан фильмдер көрерменді не жылатады, не күлдіреді. Ең сорақысы, мұндай фильмдердің әсері де ұзаққа созылмайды. Жаныңа қозғау сап, жүрегіңді жалаңаштап тастайтын шедеврлерді қазіргі кино өнерінен тым сирек ұшыратасың. Мұның себебі неде? Салдары қандай болмақ? «Жас Алаш» осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға кинотанушылар Алма Айдар, Жанкелді Өмірәлиев және Айбек Құдабаев қатысты.

Ж.А: Қазір көрермен кинотеатрдан жылап шығады, режиссерлер де осыны мақсат тұтатындай сезіледі. Мұндай құбылыстың себебі неде? Бұл көрермен сұранысынан туған нәтиже ме әлде режиссерлердің шешімі ме?

Алма Айдар
Фото: ашық дереккөздерден

А.А: Бұл құбылысты бір ғана факторға теліп қою қиын. Бір жағынан, бұл қоғамның ішкі эмоционалдық күйінің айнасы. Әлеуметтік теңсіздік пен тұрмыстық қысым сияқты мәселелер көрерменнің де, режиссердің де ішкі дүниесіне әсер етті. Соның салдарынан фильмдерде ауыр психологиялық тақырыптар мен жан жарасын қозғайтын сюжеттер көбейеді. Сонымен қатар нарық та өзгерісті талап етеді. Бұрын арзан комедиялар қаржылай тұрғыда «тиімді» саналатын. Алайда көрермен жеңіл әзілден шаршаған болар, енді олар шынайылық пен эмоция іздей бастады. Сол себепті продюсерлер де драмалық жобаларға бет бұрып отыр.

Шын мәнінде, соңғы жылдары коммерциялық кино саласында белгілі бір ілгерілеу бар. Ең бастысы, жанрлық тұрғыдан түрлену айқын сезіледі. Бұрын қазақ комедиясы немесе мелодрамасы бірсарынды сюжет пен бір типті кейіпкерлер төңірегінде ғана өрбитін. Ал қазір отандық киногерлер батыл ізденіске барып, жаңа формалармен, жаңа жанрлармен тәжірибе жасап жүр. Мысалы, жақында экранға шыққан режиссер Санат Шапашовтың «Бақыт құшағында» фильмі – қазақ киносы үшін сирек кездесетін мюзикл жанрындағы ірі жобалардың бірі. Бұл біздің кино өндірісінің техникалық және орындаушылық тұрғыдан өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Думан Еркімбектің «Қайтадан» фильмі – фантастикалық драма жанрындағы сәтті қадам. Мұнда режиссер адамның естелік пен уақыт арасындағы байланысын көркем әрі философиялық деңгейде бейнелеген. Ал режиссер Ернар Нұрғалиевтің «Әкесінің баласы» сияқты экшн-комедия үлгісіндегі туындылар қазіргі жастар мәдениетінің, әлеуметтік мінездің айнасына айналып отыр. Яғни, бүгінгі қазақ коммерциялық киносы бұрынғыдай тек күлкі мен мелодрамалық эмоцияға ғана сүйенбей, жанрлық және стильдік кеңістігін кеңейтіп келеді. Бұл үрдіс өте маңызды, өйткені ұлттық кино индустриясы дамуы үшін әртүрлі жанрдағы, әртүрлі эстетикадағы фильмдер қатар өмір сүруі қажет.

Ж.Ө: Әрине, бұл көрермен сұранысынан туған нәтиже. Бірақ мұны да бір үлкен мәселе деп айта алмаймын, бұдан да өтерміз, бұл да бір өтпелі кезең. Кезінде ене мен келін, той туралы ғана түсіріледі деп комедияларға да шүйліккенбіз. Қазіргі таңда ондай фильмдер жоғалып кетті. Соңғы жылдары қазақ киносы «арзан күлкіден» «арзан көз жасқа» көшті десек артық айтқанымыз емес. Бұл, ең алдымен, екі фактордың тоғысуынан туған құбылыс. Біріншіден, көрерменнің өзі эмоционалды өнімге көбірек иек артып отыр. Күнделікті өмірі стресс пен әлеуметтік қысымға толы қоғам үшін кино – жанын босату амалы іспетті. Осыны жақсы түсінген продюсер мен режиссер көрерменді сенімді жолмен «ұстап алғысы» келеді. Яғни, жылатсаң – әсер еттің, күлдірсең – көңілін таптың дегендей. Оның үстіне қазіргі нарықтық жүйеде авторлық кино түсіру тәуекелді қажет ететін амал. Продюсерлер де көбіне «эмоция өтімді» жобаларды қолдайды. Нәтижесінде, бізде философиялық немесе көркем деңгейі жоғары драмалар емес, «ТикТок эффектіне» құрылған сезімдік фильмдер легі көбейіп кетті. Қазіргі таңда кино бизнес көзіне айналды, сондықтан бірінші ретте киногерлер көрермен сұранысына қарайды. Бір-екі күлдіретін жер, бір-екі жылайтын жер, бір көтерілетін әлеуметтік мәселе, бір жақсы ән дегендей – бір өзіндік формуласы бар. Қазір киноны продюсерлер басқарады, ал режиссерлер тек орындаушы ғана. Бізде кейбір режиссерлер жылына 10-нан астам фильм шығарып жүр. Мұндай жылдамдықта өнер туралы ойлап жатқан ешкім жоқ. Тезірек, жылдамырақ, мейлінше арзанға түсіру және барынша қымбатқа сату – басты мақсат. Мысалы, Дархан Саркеновтің өткен аптада «Жездуха Кореяда» атты фильмі шықты, арғы аптада «Сыныптас», өткен айда «Джунглилау», «Жас емес жұбайлар», жазда «Қолыңнан келсе алып қаш» секілді фильмдері жарық көрді. Жыл басында тағы біраз картиналары шықты. Және ол бұл жолда жалғыз емес, сонымен қатар Ернар Нұрғалиев, Мақсат Оспанов секілді режиссерлерді де атап өтуге болады. Бұны да бір жаман құбылыс деп айта алмаймын. Көрермен уақыт келе бұдан да шаршайды және ойын соңында тек ең мықтылар қалады. Біртіндеп бәрі түзеледі.

 

А.Қ: Бұндай тек күлдіру мен жылатуға әкелетін эстетикалық симптом кино көру мәдениетінің төмен деңгейге түсуінің көрсеткіші. Мысалы, көрерменнің басым көпшілігін спекулятивті эмоцияға жетелейтін мұндай дүниелер үндінің коммерциалық Болливуд фильмдерінің түп негізі болып қалыптасқан. Соңғы жылдары біздің отандық фильмдерімізде де осындай тенденция орын алып отыр. Себебі кино өнері мен мәдениетінің фундаментінің жоқтығында. Ал фундамент – ол, әрине, білім. Осыған байланысты біз БАҚ беттері арқылы Киноинституттың құрылуының аса маңыздылығы жайлы айтып келеміз. Әсіресе кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев осы мәселені үнемі көтереді. Алайда, өкінішке қарай, ол кісінің айтып жатқаны далаға кетуде. Биліктегілер үшін бұл аса маңызды мәселе емес сияқты көрінеді.

Ж.А: Ең қызығы, дәл осындай, адамды жылатып-күлдіретін фильмдердің әсері де ұзаққа созыла бермейді. Мәселен, кинодан шығып, фудкортқа тамақ ішуге келген көрермен не үшін жылап, күлгенін есіне де түсіре алмайды. Кино қалай екен десең, білмейміз, әйтеуір жылап шықтық деп жатады. Адам эмоциясы коммерция көзіне айналып кеткен. Қазіргі қазақ киносы неге үнемі эмоцияға сүйенеді? Терең ойды, әдемі әсерді көрерменге жеткізудің өзге формалары неге аз?

Ж.Ө: Көрерменді жылату немесе күлдіру – аз шығынмен тез нәтиже беретін тәсіл. Бірақ бұл өзіңіз айтқандай, ұзақ мерзімді әсер қалдырмайды. Өйткені эмоция – ең үстіңгі қабат, ал киноның күші – оның ішкі мағынасы мен образдық әлемінде екенін жақсы білеміз. Көп режиссерлер форма мен әсерге мән беріп, мазмұн мен контексті ұмытып кетеді. Көрерменге эстетикалық тәжірибе емес, «психологиялық массаж» ұсынылады. Ал терең ойлы фильмдер көп қаржы әкелмейді, сондықтан олар жиі «артхаус» немесе «фестивалдық» деңгейде қалады. Шын мәнінде, кино көрерменді жылау не күлдіру үшін емес, ойландыру, әсер қалдыру, ішкі қозғалыс тудыру үшін өмір сүруі керек. Мойындауымыз керек, бірақ біз ТikТоk-қа қатты жатып алған елміз. Сондықтан біздің күлуіміз де, жылауымыз да оңай және осыны киногерлер жақсы қолданып отыр. Бұл әлемдік құбылыс. Мысалы, осы жақында американдық режиссер Пол Томас Андерсонның «Битва за битвой» деген керемет терең ойлы фильмі шықты. Бірақ біздің кинотеатрларда бұл фильм комедияларға жеңіліп қалды. Әлемдік масштабта да аса бір касса жинай алмады. Ал жыл соңында осы фильм «Оскар» үшін таласады және тарихта аты қалады. Бірақ көп көрермен ол туралы тек сол кезде естіді. Қазір стримингтер жақсы дамыған заман, міне, сол жерлерден салмақты дүниелер іздеу керек. Мысалы, қазір Әділхан Ержановтың «Казахские страшные сказки» атты сериалы жүріп жатыр. Өте керемет жасалған, ой салатын туынды.

А.Қ: Иә, пікіріңізбен толық қосыламын. Нағыз кино өнері – көрерменге ең әуелі ой салуды көздейді. Бірақ, өкініштісі, бүгінгі көпшіліктің құралы мәдени деңгейі мен талғамы төмен адамдардың қолында тұр. Бүгінгі кинотеатрларға кірген кезден-ақ фильмдердің постерларын көріп-ақ осыны байқауға болады. Яғни, кино прокатымен айналысушылардың басты мақсаты – коммерция ғана. Салыстырмалы түрде еуропалық мемлекеттерде тек авторлық киноны көрсетумен айналысатын арнайы кинотеатрлар өте көп. Ал бізде бірде-бір артхаус кинотеатры жоқ. Негізі шынайы өнерге жатқызуға келетін фильмдер ешқашан көп болмаған. Және солай бола береді. Бірақ киноны өнер ретінде бағалайтын қоғамда бұндай фильмдерді әрқашан жоғары бағалап, көрерменге жеткізуге тырысады. Бұл, әрине, жоғарыда отырған шенеуніктердің де мәдени деңгейіне байланысты. Алайда бүгінгі күнде қазақ киносында орын алып отырған жағдай осы саланың тізгінін ұстағандармен тікелей байланысты. Қазақ киносының басшылығында отырған адамдар кімдер? Жауапты министрліктен тартып, «Қазақфильм» киностудиясын, Ұлттық киноны қолдау орталығын, жалпы кинопрокаттың тізгінін кино саласына еш қатысы жоқ, өнерден алшақ адамдар ұстап отырғаны өкінішті‑ақ.

Жуырда еліміздің белгілі кинотанушысы Гүлнар Әбікееваның «Разочарование после надежд: казахское кино накануне краха?» атты мақаласын оқыдым. Сол мақалада ол кісі «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау орталығының деңгейіне қатысты әділ баға беріп, отандық киномыздың мүшкіл жағдайы жайлы ашық айтты. Осыдан 10-15 жыл бұрын қазақ киносы әйгілі Канн, Венеция, Берлин қатарлы «А» санатына жататын кинофестивальдерге жиі қатысып, жүлделі орындарды да иемденетін. Ал қазір қазақ киносы бұндай фестивальдерде жүлде алмақ түгелі қатыспайды да. Шетелдегі фестивальдерді былай қойғанда, қазір кино әлемінде өзіндік орны қалыптасқан «Еуразия» кинофестивалі де жыл сайын өтпейтін болды. Меніңше, біздің билік үшін кино өнері мүлде маңызды емес. Елімізде әлі күнге дейін Киноинституттың құрылмауы, Кинофестивальдердің өткізілмеуі, кинотеатрларда көрсетіліп жатқан фильмдердің деңгейі билікті еш алаңдатпайтыны айдан анық. Мұны Мәдениет министрлігі 12-ші қыркүйек күні отандық киногерлерді кино күнімен құттықтамағанынан-ақ байқауға болады. Оны былай қойғанда, киногерлер Одағы мен киногерлер Лигасының ұйымдастыруымен өткен киногерлердің ашық пресс-конференциясына да еш жауап қатқан жоқ. Дәл сол пресс-конференцияда көрсетілген «Қазақфильм» киностудиясында орын алған заңбұзушылықтарды және Ұлттық киноны қолдау орталығында орын алған жайттарды дәлелдейтін құжаттар мен айғақтарға мән бермей, бейтараптық танытып отыр.

Ж.А: Шыны керек, қазір көрермен киноны «күлдіреді» не «жылатады» деген екі критериймен ғана бағалайтын деңгейге жеткендей. Осылай жалғаса берсе, мұның салдары неге әкеп соқпақ?

Жанкелді Өмірәлиев
Фото: Жанкелді Өмірәлиев

Ж.Ө: Бұл тенденция жалғаса берсе, бізді рухани инфляция күтіп тұр. Кино – ұлттың айнасы, ал егер ол тек эмоциялық реакция тудырса, қоғам да үстірт ойлауға бейімделеді. Көрерменнің талғамы неғұрлым төмендесе, продюсерлер соғұрлым жеңіл жолды таңдайды. Бұл тұйық шеңбер. Сондықтан қазіргі уақытта ең үлкен қауіп – ойлы көрерменнің азаюы. Кино тек көңіл көтеру құралына айналса, ол өнер болудан қалады. Ұзақ мерзімде мұндай үрдіс авторлық стильдердің жоғалуына, нақты режиссер мектебінің әлсіреуіне алып келеді. Жоғарыда айтқанымдай, бұл өтпелі кезең. Кеше күлдірдік, бүгін жылатамыз, ертең тағы басқа бір дүние ойлап табамыз. Мысалы, қырғыздар да қазір біздің прокатта өз орындарын тауып алған. Ең қызығы, олардың фильмдері көбінесе қорқытады, өңкей хоррорлар мен триллерлер. Соңына келгенде көрермен бұның бәрінен де шаршайды.

А.Қ: Деңгейі төмен бұндай фильмдердің көбеюі болашақ ұрпақтың мәдени деңгейінің төмендеуіне алып келетіні анық. Бізден кейінгілер киноның өнер екенін ұмытып, оны тек көңіл көтеретін құрал ретінде қабылдауларына әкеліп соғады. Осылай жалғаса берсе біздің ел визуалды өнер түрін бағаламайтын, кино көру мәдениеті қалыптаспаған халықтардың қатарына енуі әбден мүмкін. Меніңше, еліміздің кино көру мәдениеті қалыптасып, талғамы өссін десек, мемлекетіміз ең алдымен нағыз өнер киносын, демек, авторлық киноларға қолдау көрсеткені жөн. Өйткені халқының болашағы үшін шынымен алаңдайтын билік қоғамның сана деңгейін өсіруге күш салып, киноға бөлінген қаржының қайтымы жайлы емес, өз халқының рухани өсуі мен көркемдік талғамының қалыптасу жолында жұмыс жасайды.

Мысал ретінде Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын», «Студент», Әділхан Ержановтың «Әлемнің мейірлі енжарлығы», «Үкілі кәмшат», Серік Апрымовтың «Бауыр», «Әкеге қоңырау шалу», Эмир Байғазиннің «Өзен» және т.б. көркемдік деңгейі жоғары және мағынасы терең фильмдерді атауға болады. Аталған фильмдер Канн және Венеция қатарлы фестивальдердің жүлдегерлері. Ал бүгін көрсең ертең есіңде қалмайтын, біркүндік коммерциялық фильмдерді жекеменшік студияларға қалдыру керек. Авторлық фильмдер мемлекетіміздің мәртебесін көтеріп, имиджін қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады. Ал сол авторлық фильмдердің режиссерлері нағыз дарын иелері ретінде мойындалып, мәртебеге бөленулері тиіс. Ал бізде мәртебеге бөленетіндер боксшылар мен әншілер ғана.

Ж.А: Және бір қызығы, қазір киноға бара қалсаң, режиссер не айтқысы келді, соңы немен бітеді, бәрі фильмнің басында көрініп тұрады. Ешбір тосыннан өзгеріс көрмейсің. Бұл киноның құнын түсірері анық. Осы туралы не айтар едіңіз? Қазір режиссерлердің көбі көрерменге ұнайтын нәрсені ғана түсіруге ұмтылады. Бірақ өнердің миссиясы тек ұнау емес қой. Осы арада өнер мен нарық арасындағы күресті қалай бағалайсыз?

А.А: «Көрермен түсінбей қалады» деген қорқыныш батыл шешім мен жаңа форма ізденісін тежейді. Осылайша кино «қауіпсіз өнімге» айналады, ал өнердің сұрақ қою мен ой тудыру деген миссиясы екінші қатарға ысырылып қалады. Өнер мен нарық – ежелден бір-бірімен күресіп келе жатқан екі әлем. Нағыз өнер ешқашан ұнау үшін жасалмайтыны анық. Шын өнер шындықты айтады, кейде ол шындық көрерменге ауыр тиюі де мүмкін. Бұл күрестің шешімі – авторлық жауапкершілік пен көрермен мәдениетін қатар дамыту деп ойлаймын. Егер көрермен тек көңіл көтеруді емес, ой тудыратын фильм іздесе, режиссер де тәуекелге бара алады. Қазір біз өнер мен нарықтың тепе-теңдігін іздеп жүрген өтпелі кезеңде тұрмыз. Бізде авторлық киноның сапасы жоғары, режиссерлердің жұмыстары халықаралық фестивальдерде лайықты бағаланып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Алайда, өкінішке қарай, дәл осы фильмдер өз елінде коммерциялық табыс әкеле алмайды. Себебі де жоқ емес. Біріншіден, кинотеатрлар мен дистрибуция жүйесі әлі де нарық талабымен жұмыс істейді. Үлкен экрандардағы басымдық кассалық табыс әкелетін өнімге беріледі. Ал авторлық кино терең мазмұнға, баяу ырғақ пен ойға құрылған туынды болғандықтан, ол тез тұтынуға бейім көрерменге ауырлау тиеді. Екіншіден, көрермен мен автор арасында талғамдық алшақтық бар. Көрермен көбіне эмоциялық жеңіл әсерді қалайды, ал авторлық кино интеллектуалдық қабылдауды қажет етеді. Мұндай фильмді көру ой еңбегін талап ететін процесс болғандықтан, оған бейім аудитория аз. Үшіншіден, бұл киноны тарату мен насихат жүйесінің әлсіздігін де көрсетсе керек. Авторлық киноның өз көрерменін табуы үшін мәдени орта, пікірталас алаңы, талғам қалыптастыратын кәсіби медиа қажет.

Ж.Ө: Иә, қазіргі көп фильмдердің финалы басталмай жатып-ақ белгілі. Бұл сценарийлік дағдарыстың және шығармашылық ізденістің жоқтығының көрінісі. Көрерменге «ұнайтын» нәрсені жасау – продюсерлік тұрғыда түсінікті, бірақ өнердің миссиясы ұнау емес, әсер ету, ой салу. Режиссер көрерменге қызмет етуге тиісті емес, қайта онымен тілдесе алу керек. Ал бізде, өкінішке қарай, диалогтың орнына маркетинг тілі жүріп тұр. Әрине, бұл нарықтың диктаты. Өнер коммерцияға бағынған жерде, форма жеңіп, мазмұн ұтылады. Бірақ тарих көрсеткендей, мәңгілікке қалатын кино әрдайым нарыққа емес, рухқа жұмыс істеген фильмдер. Қазір ешкім тәуекелге барғысы келмейді. Тек көрерменге ұнайтын нәрселерді көрсетсе болды. Әрине, мұндай кезде өнер екінші орынға сырғиды.

Айбек Құдабай
Фото: Айбек Құдабаев

А.Қ: Шынымды айтсам, көрерменнің көзайымына айналып, қомақты қаржы жинаған «Дәстүр», «Дос-Мұқасан», «Паралимпиадашы», «Қайтадан» сияқты фильмдер маған ұнамайды. Иә, көпшіліктің көңілінен шыққан нағыз «халықтық» фильмдер деп осыларды атауға болатын шығар. Менің ойымша, көпшіліктің жүрегіне жол тауып, олардың ыстық ықыласына бөленген аталған фильмдердің көркемдік құндылығы асыра сілтеніп, әсіре жоғары бағаланған сияқты. Өйткені мен киноға ең алдымен өнер тұрғысынан қарап, баға беремін. Бір-бірінен айнымайтын, түсіру мәнері жағынан жаппай ұқсас, өзіңіз айтқандай, соңында не болатыны басталған сәтінен-ақ айқын көрінетін, тіпті ойлануды мүлдем талап етпейтін, баршаға жайлы, оңай сіңімді фильмдер көп сұранысқа ие болатыны өкінішті.

Мұндай фильмдер де, осындай бағытта жұмыс жасайтын режиссерлер де – тым көп. Байқасаңыз, аталған туындылардың авторлары режиссура тұрғысынан бір арнада ағады, стандартты ойлайды, фильмдері бірдей, ұқсас мәнерде түсіреді. Нағыз өнер туындысын жасау үшін әлеуметтік маңызы зор тақырыпты көтеру жеткіліксіз. Мұндай фильмдердің жасаушылары – шынайы суреткер деңгейіне көтерілген ойшыл режиссерлер емес, тек өз кәсібін шеберлікпен игерген, іскер «постановщиктер» ғана. Ал өнер туындысы дегеніміз – бұл ең алдымен жаңашыл форма, өзіндік, бірегей стиль және терең философия. Өзгеге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын, дара көзқарасы қалыптаспаған, бір-біріне егіздей аумайтын, белгілі таптаурындарға толы фильмдердің режиссерлері ешқандай жаңалық ұсынбайды, тіпті қоғамға немесе билікке шағымдануға да батылы жетпейді, сондай-ақ «жаңа мораль» деген ұғымды қалыптастырудан да аулақ. Мұндай фильмдер сізді авторлармен бірге ұзақ ойға жетелейтіндей тереңдікке де ие емес. Иә, олар бар болғаны жанрлық клишелерді, көпшіліктің талғамына сай, «дәл» қолдануды жақсы меңгерген.

Мемлекетке, шенеуніктерге есептің сәнін кіргізу үшін, кинотеатрлар мен продюсерлердің қалтасының қалыңдауына жол ашу үшін, бұқара халыққа жағымды, көңіл көтеруге арналған осындай фильмдердің қажет екендігі таңдандырмайды. Алайда осы туындылардың ішінен жүрек пен сананы бірдей оятатын ащы шындықты, кино тілінің көркем тілімен берілген шынайы кинематографиялық шеберлікті, автордың жан-тәнімен сезінген жанайқайы мен жүректі жарып шыққан сырын мұндай фильмдерден таппайсыз.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: