Құлсарыдағы топтық төбелес оқушының өлімімен аяқталды

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында жастар арасында өзара келіспеушіліктің соңы оқушы өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Zhasalash.
Оқиға қаланың сырт жағында болған. Қақтығыс кезінде мектеп оқушылары да болған. Қақтығыс салдарынан М.Сатыбалдиев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы пышақ жарақатын алып, ауруханаға жетпей көз жұмған.
Жалпы бұдан бөлек 2006-2007 жылы туған екі бала түрлі дене жарақатын алған. Тағы бірнеше жарақат алғандар аудандық ауруханаға жеткізілді.
Ал жергілікті полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру шаралары жүргізілген. Іске қатысы барлар полиция бөліміне жеткізілген.
"Үш адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. 2006 жылы туған жасөспірім жансақтау бөлімінде қайтыс болды. 2000 және 2007 жылы туған күдіктілер қамауға алынды. Қазір соталды тергеу басталды, сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деп жазылған басылым мәліметінде.