Құпия кездесу: Уиткофф Реза Пехлевимен Ирандағы наразылықтарды талқылады
Axios басылымының мәліметінше, өткен демалыс күндері Иранның соңғы шахының ұлы Реза Пехлеви АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесіп, Иранды қамтыған үкіметке қарсы жаппай наразылықтарды талқылаған.
Кездесу мазмұны әзірге жария етілмей отыр.
Axios 13 қаңтарда жоғары лауазымды америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлағандай, бұл жабық форматтағы кездесу өткен демалыс күндері өткен. Сол күні таңертең Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасы жиналып, Тегеран мен өзге қалалардағы наразылықтарға Вашингтонның ықтимал жауап нұсқаларын талқылаған. Басылымның жазуынша, бұл жиынға АҚШ президенті Дональд Трамп қатыспаған. Талқылаулар «алғашқы кезеңде» жүріп жатыр және Иранға қатысты әскери әрекет туралы нақты шешім әлі қабылданбаған.
Axios дерегінше, наразылықтардың бастапқы кезеңінде Трамп пен оның командасы Реза Пехлевиді «маңызды саяси ойыншы» ретінде қарастырмаған. Өткен аптада Трамп телесұхбаттарының бірінде оны Ирандағы билікке ықтимал мұрагер ретінде қолдаудан бас тартқан. Алайда кейінірек АҚШ әкімшілігі көптеген митингілерде шерушілердің Пехлевидің есімін ұрандап жатқанын көріп, таңғалғанын басылым америкалық жоғары лауазымды дереккөздің сөзімен келтіреді.
Axios-қа сөйлеген, жағдайдан хабардар дереккөздің айтуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио соңғы күндері өткен жабық кездесулерде қазіргі кезеңде әкімшілік Ирандағы наразылық білдірушілерге әскери емес қолдау тетіктерін қарастырып жатқанын айтқан.
Бұған дейін Трамп Ирандағы шерушілерді «наразылықты жалғастыруға» және «мемлекеттік мекемелерді бақылауға алуға» шақырып, «көмек жолда» деп мәлімдеген еді. Журналистер бұл сөздің нені білдіретінін сұрағанда, Трамп «оны өздеріңіз түсінесіздер» деп жауап берген. Сонымен қатар ол АҚШ азаматтарын Ираннан кетуге үндеді.
2 қаңтарда Трамп Truth Social желісінде Иранның күштік құрылымдары бейбіт наразылық білдірушілерге оқ атса, АҚШ-тың араласуы мүмкін екенін жазды. Кейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт президенттің әуе соққыларына дейінгі түрлі нұсқаларды қарастырып жатқанын, бірақ дипломатия әлі де негізгі бағыт екенін айтты.
11 қаңтарда Трамп Иран басшылығы келіссөз ұсынды деп мәлімдеген, алайда Тегеран бұл ақпаратты растаған жоқ.
12 қаңтарда АҚШ президенті Иранмен сауда жасайтын барлық елдерге 25 пайыздық кедендік баж енгізілетінін жариялады. Bloomberg мәліметінше, Иранның негізгі сауда серіктестері қатарында Үндістан, Қытай және Түркия бар.
Fox News-тің Sunday Morning Futures бағдарламасында Реза Пехлеви жаппай наразылықтар аясында Иранға оралуға дайын екенін айтып, АҚШ басшылығын «шешуші сәтте әрекет етуге» шақырды. Оның сөзінше, ол қазірдің өзінде өтпелі кезең командасын құруды жоспарлап отыр.
1979 жылғы революциядан кейін АҚШ-та тұрып жатқан 64 жастағы Пехлеви Тегерандағы режимнің ауысуын қолдайды. DW-ға берген сұхбатында журналист Молуд Хожизаде «көптеген ирандықтар үшін Пехлеви – үміттің символы» екенін атап өткен.
Еске салайық, Иранда күн сайын өтіп жатқан жаппай наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда экономикалық дағдарысқа байланысты басталды. Интернеттің өшірілуіне және қауіпсіздік күштерінің қатаң шараларына қарамастан, Тегеран мен өзге ірі қалаларда мыңдаған адам көшеге шықты. Шерушілер «Хаменейге өлім!» деп ұрандап, жүргізушілер сигнал беру арқылы қолдау білдірді.
АҚШ-та орналасқан HRANA агенттігінің мәліметінше, 13 қаңтардағы жағдай бойынша наразылықтар кезінде 2003 адамның қаза тапқаны расталған. Оның ішінде 1850 наразылыққа қатысушы, үкіметке қатысы бар 135 адам, 18 жасқа толмаған 9 бала және шерулерге қатыспаған 9 азамат бар. Кей деректерде қаза тапқандар саны 20 мыңға жеткен.