Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 18 Маусым 2024

Құралай Қантаева, әлеуметтанушы: Агрессияны норма ретінде қабылдай бастадық

Құралай Қантаева

Алдымен Қазақстандағы қылмыстың деңгейі қандай деген сұрақты нақтылап алу керек. Себебі жекелеген қылмыстық жағдайларды, «қатыгездікпен өлтіру», «қатыгездікпен зорлық-зомбылық» жасау дегенді бұқаралық ақпарат құралдары жаппай жарысып жазады.

Дегенмен біз Қазақстанды агрессиялы қоғамға айналып кетті деп айта аламыз ба? 

Ресми деректерге жүгінетін болсақ, Қазақстан 2024 жылғы қылмыс деңгей мәліметтері бойынша 146 мемлекеттің ішінде 76-орында тұр. 2021-2022 жылдармен салыстырған кезде, қылмыс деңгейі төмендеген деп айтуға болады. Дегенмен де, медиа ақпарат құралдарында қылмыс культі, агрессивтіліктің портреті басқаша жеткізіліп жүр. Оған БАҚ-тағы қылмыстың, агрессивтіліктің жаппай талқылануы бірінші дәлел бола алады.

Негізінен, кинофильмдерде, телесериалдарда, видео-ойындарда агрессивті мінез-құлықты нормаға айналдырып жіберу, оларды жиі бейнелеу арқылы конфликті шешудің ең тиімді жолы ретінде таратып жіберу өте оңай. Осылайша, адамдар агрессияны норма ретінде қабылдай бастайды.

Қазір әлеуметтік желілерде, ғаламторда, әртүрлі порталдарда қолданушы өзін анонимді түрде желіні қолдана алады. Бұның өзі әлеуметтік желідегі басқа бір қолданушыға кибербуллинг, моббинг, хейт бар немесе келесі бір адамға жасырын түрде өзінің агрессиясын танытуға мүмкіндік бар екендігін көрсетеді. Сонымен қатар саяси-әлеуметтік факторлардың да әсері бар. Әртүрлі сырттан туындайтын сыртқы күштер, яғни радикалды қозғалыстар. Азғыртушы тараптардың манипуляциясына ұшырау немесе провокациялық материалдардың әлеуметтік желілерде, ақпарат көздерінде тарауы арқылы зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің, қылмыстардың артуына себеп болады. Одан бөлек, халықтың кедейлігі де қылмыс деңгейіне әсер етеді. Жаңа айтқандай, қылмыс деңгейі бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұрған елдер – өмір сүру деңгейі төмен елдер. Демек, адамдардың өмір сүру сапасының төмен болуы агрессивті мінез-құлықтың туындауына, соның арқасында адамдардың бір-біріне қысым көрсетуіне, зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің артуына тікелей себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар қазір менталды денсаулық өте өзекті мәселе. Виртуалды әлеммен тікелей байланыстағы адамдардың бойында үнемі қысым жоғары. Жұмыс орны болсын, отбасы, жалпы әртүрлі әлеуметтік рөлдердегі, түрлі салалардағы тұлғалар үнемі қысым үстінде жүреді. Бұл тікелей стресті туғызады. Ал стресс күйінде жүрген адам саналы түрде шешім қабылдауға қабілетсіз болып келеді. Жаңа айтып өткеніміздей, түрлі қақтығыс кезінде, тараптардың көзқарастары сәйкес келмей қалған жағдайда диалогқа келудің орнына, агрессивті мінез-құлық танытуға бейім. Сондықтан дәл қазіргі уақытта психологиялық аспектіде қатыгездікті түсіндірудің маңызы зор.

Бізге қоғамдық саланы, мәдениетті, медиа контентті зерттеуге көбірек мән беру керек. Сәйкесінше, тереңдетілген зерттеулер, яғни жалпы қазақстандық медиа-контент сапасы қандай, ол жақтағы тематика, қандай бағытта ақпарат көбірек таратылады деген сияқты тереңдетілген талдаулар қажет. Оны біз білім беру, тәрбие жүйесінде қолдана аламыз. Зерттеулер мен талдаулардың пайыздық көрсеткіші тәрбиеге мән беруді қажет ететіндей болса, онда қақтығысты зорлық-зомбылықсыз, бейбіт түрде, саналы түрде шешуге арналған бейнеролик немесе эмпатияны дамытуға арналған материалдар дайындауға болады. Медианы да реттеудің маңызы зор. Әрине, бұл жерде заң тұрғысынан шектеулер бар. Дегенмен де, желі қолданушылардың айла-тәсілдері арқылы зорлық-зомбылықты насихаттайтын кейбір материалдар жарияланып жүр. Осыған шектеуді қатаңдату қажет. Сонымен қатар психологиялық қолдауды, әлеуметтік-экономикалық реформаларды да уақытылы жетілдіріп отырған дұрыс. Себебі адамдарға жан-жақты психологиялық қолдау көрсету агрессияның профилактикасы боп саналады. Адамдар қылмысқа ұрынбай тұрып, оларға эмпатиялық мінез-құлыққа, саналы шешім шығаруға, конфликті дұрыс шешуге, агрессияның алдын алуға жаппай түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Осы әдістер арқылы қоғамдағы зорлық-зомбылықтың, қатыгездіктің деңгейін төмендетеміз.