Құрылыс компанияларының салығын халық төлейді

2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі аясында тұрғын үй құрылысына қатысты жеңілдіктер жойылады.
Бұған дейін тұрғын үй салумен айналысып келе жатқан компанияларға мемлекеттен субсидиялар бөлініп, олар қосымша құн салығынан босатылған. 2001 жылдан бері үкімет құрылыс компанияларына барынша қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғап келген.
Алғаш қолдау білдірген жылдары құрылыс компанияларына мемлекет тарапынан құны 130 млрд долларды құрайтын жеңілдіктер жасалыпты. Сондай-ақ осы уақытқа дейін Ұлттық қордың 60 млрд теңгесі, республикалық бюджеттен – 38,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 38 млрд теңге, банктер арқылы жеңілдетілген кредит қаражаты – 50,1 млрд теңге, жалпы жиыны 214,6 млрд теңге құрылыс компанияларына бөлініпті. Нәтижесінде 2019–2022 жылдары Астанадағы 118 нысанның құрылысы аяқталып, 12 мыңға жуық үлескердің баспана мәселесі шешілген.
Үкімет құрылыс компанияларына Ұлттық қор қаражаты қайтарымды негізде бөлінгенін, бұл мәселе үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында екенін жиі айтады. Бірақ әзірге құрылыс компаниялары қордың қаражатын қайтаруға асықпайды. Осылайша Ұлттық қордан бір, жергілікті бюджеттен екі, арзан несиемен тағы қоса қамтылып, 24 жыл бойы барынша жеңілдіктер көрсетіліп, ҚҚС-нан босатылып, арнайы демеуқаржы бөліп әлпештегенімен, құрылыс компаниялары халыққа арзан баспана ұсына қоймады. Керісінше, елде жыл сайын баспананың шаршы метрі қымбаттап, қарапайым азаматтар баспана алу мүмкіндігінен айырыла бастады.
Деректерге жүгінсек, былтыр да, биыл да тұрғын үй құрылысы мен баспана бағасында өсім байқалады. Ұлттық статистика бюросының бізге берген мәліметінше, былтыр жүргізілген құрылыс жұмыстарының 14,3 пайызы тұрғын үйге тиесілі. Баспананың басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында салынған. Бір жылда жаңа тұрғын үй Таразда – 8,6 пайызға, Ақтөбеде – 7,9 пайызға, Талдықорғанда – 7,2 пайызға, Алматы, Көкшетау мен Қызылордада 7,1 пайызға жоғарылаған. Қайталама тұрғын үй нарығы да жетісіп тұрған жоқ. Бұл бағытта Атырау (24,7 пайыз өсім), Алматы (15 пайыз өсім) Астана (11,3 пайыз өсім) көш бастаса, тұрғын үйді жалға алу бағасы бойынша Орал (24,2 пайыз), Шымкент (21,9 пайыз), Петропавл (21 пайыз) өсіммен алда. Сарапшылар келесі жылы пәтер бағасы биылғыдан да жоғарылайды деп болжап отыр. Себебі жаңа салық кодексінде құрылыс компанияларына берілетін жеңілдіктер жойылып, 12 пайыздық ҚҚС салынатыны көрсетілген. Ал мұндайда компаниялар шығынға батпас үшін, әрине, шаршы метрдің бағасын қымбаттатады.
Жалпы үкімет салықты өсіру арқылы бюджетті толтырып, ондағы тапшылықты солай жоймақшы. Мәселен, қазір бюджет тапшылығы 50 пайызға жеткен. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша биыл бірінші жартыжылдықта жоспарланған кірістер көлемі 20 пайызға аз орындалған – 5,6 трлн теңге. Ал шығыстар 95 пайыз жоғары, яғни 10,7 трлн теңге жұмсалған. Үкімет және үкімет мүшелері бұлайша кері кеткен көрсеткішке салықтың аз жиналуы ықпал етті деседі. Енді бюджетке түсетін кіріс көлемін ұлғайту үшін салық саясатын қайта қарап, қосымша құндарды көбейтудің сыры да осында жатыр. Әйтсе де сала мамандарының пайымдауынша, бұл қымбатшылықты үдетіп, баспана нарығын құлдыратуға дейін барады.
Шегені шекара сыртынан тасу мен салықты көтеру
Стратегиялық жоспарлау және бизнесті дамыту орталығының маманы, қаржыгер Алмас Сәлменовтің сөзіне сүйенсек, қазір құрылыс компаниялары үй салып орта есеппен 15 пайыз пайда табады. Енді келер жылдан бастап 12 пайыздық ҚҚС енгізілетін болса, құрылыс компаниялары «нөлге» жұмыс істейді деген сөз. Демек оларда екі нұсқа бар: біріншісі, компаниялар пайдасыз жұмыс істейді. Бұл бағытты таңдаса нарық құлдырайды, дағдарыс болады. Ал екінші бағыт – бұл сала құлдырамас үшін, пайда табу үшін шаршы метрдің бағасын тағы 15 пайызға көтереді.
«Есептесек, 2001 жылдан бері баспана бағасы 21 пайыздан аса өсіпті. Алғашқы жылдары баспана бағасына 2,5 пайыздан қосылып отырса, былтырдан бері 7 пайызға дейін артты. Биыл тіпті қайталама нарықтағы үйлердің бағасы 15 пайызға дейін өскен. Келер жылы бұл көрсеткішке тағы 15 пайыз қосылуы әбден мүмкін. Себебі 2026 жылдан бастап құрылыс компаниялары 12 пайыздық ҚҚС салығын төлейді. Бұған қоса елдегі банктердің корпоративтік табыс салығы 25 пайызға өседі. Бізде үкімет бір жаңалық айтса, оның ауыртпалығы халыққа бірден сезіледі. Енді банктер мен құрылыс компаниялары халыққа салмақ салады. Компаниялар басты табыс көзі ретінде пайдаланатын шаршы метрдің бағасын өсірсе, банктер ипотеканың пайыздарын өсіреді. Қазірдің өзінде жаңа пәтердің бір шаршы метрі 494 мың теңге – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайыз көп. Ал Астана, Алматы қалаларында жаңа үйдің шаршы метрі 580-592 мың теңгеден кем емес. Осы уақытқа дейін банктерге де, құрылыс компанияларына да мемлекеттен қанша жеңілдіктер беріліп келді. Бірақ олар өнімдерін арзандатқан жоқ. Жыл сайын баспананың шаршы метрі де қымбаттай берді, банктердің пайызы да өсіп отырды.
Негізінде, үйдің шаршы метрі қымбаттаған кезде несие пайызы, базалық ставканың мөлшерлемесі төмендеуі керек. Сонда шаршы метрдің қымбаттағанынан халыққа қиындық білінбеуші еді. Бізде мұндай жүйе жоқ. Шаршы метр қымбаттаса, банктер де ипотека пайызын қымбаттата қояды. Келер жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетпейді. Олай істесе инфляция одан әрі үдейді. Базалық мөлшерлеме төмендемегеннен кейін банктер де пайыздарын түсірмесі анық. Жалпы, қазір бізге мемлекеттің көмегімен инфляцияның шегін төмен түсіру маңызды. Үкімет пен Ұлттық банк осыған мән беру керек.
Әлемдік тәжірибеде инфляция түссе, баспана алу жеңілдейді. Еуропа елдеріндегі 2-3 пайызбен ипотека рәсімдеу жолы осы инфляцияны төмендету арқылы келген. Сондықтан бізге қазір импортты алмастыратын бағдарламаларды сауатты жұмыс істету керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі жоқ. Бізде тек құм, тас, шиыршық, цемент бар, болды. Құрылыс материалдары Ресей, Қытай секілді елдерден әкелінеді. Мысалы, жылына ел бюджетінің 20 пайызға жуығы құрылыс саласына жұмсалады. Ал біз бұл салаға қажетті материалдарды шетелден аламыз. Демек бөлінген қаражаттың жартысынан астамы шет мемлекетке кетіп жатыр деген сөз. Сондықтан бізге салықты көбейтуден бұрын осы мәселелерді реттеп алу қажет. Салған үйінің қабырғасына қағылатын шегеге дейін шетелден әкелетін компаниялар бар. Мұнымен инфляция қалай төмендейді?! Сондықтан бұл арада импорттың нарықтағы үлесін азайту керек. Сол кезде инфляцияның деңгейі де төмендейді. Бюджетке келетін кіріс те артады», – дейді сарапшы Алмас Сәлменов.
Маман айтып отырған жайттарға қатысты үкімет кешенді шаралар қабылдауға асықпайды, тек жанама әсер ететін шешімдер ғана қабылдайды. Жаңа салық саясатына көшу де сондай жанама әсерлердің бірі. Салықты өсіру арқылы үнемі бюджеттің бүйірін қампайтып отырамыз деу ақылға қонымсыз.
Жеңілдік, жеңілдік, жеңілдік...
Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың пікіріне сүйенсек, банктердің табыс салығын бұрынғы 20 пайыздың орнына 25 пайыз көтеруі тұрғын үй құрылысына қатты әсер ете қоймайды. Себебі ол салық тікелей банктің пайдасына ғана салынады.
«Алайда біздегі банктер мен құрылыс компаниялары өздерінің пайдасын көбейту мақсатында жыл сайын, әсіресе 2022 жылы зейнетақы қорының артық ақшасын құрылысқа бағыттаған кезде бағаны 40 пайызға дейін көтеріп, табыстарын көбейтіп алды. Сөйтіп олигархтар тұрғын үйдің бағасын шарықтатып қойды да, өздері шылқыған табысқа кенелді. Енді оларға ҚҚС салығы салынатын болса, олар тағы үйдің бағасын аспандата қояды да, тағы табысқа кенеліп отыра береді. Салықты өсіргеннен ірі құрылыс компаниялары ұтылмайды. Жаңа салық саясатын ұстану, керісінше, бай-бағландарды байыта түседі. Мәселен, өткенде елдегі тұрғын үй құрылысы саласындағы ірі компаниялардың бірі BI Group АҚШ нарығына шығып жатқандарын, сол жақтан тұрғын үй сала бастағандарын айтып жатты. BI Group-ты басқаратын кәсіпкерАйдын Рахымбаевтың байлығын Forbes 886 млн доллар деп бағалаған. «Базис-А» холдингінің негізін қалаушы Александр Белович Қазақстандағы ең танымал бизнесмен. Оның дәулеті 745 млн доллар деп отыр. Бұл компаниялар осы уақытқа дейін қаншама жеңілдіктер алып отырып, құрылыс саласына қатысты отандық өнім шығаратын зауыт құруға, осы саладағы импорттың үлесін азайтуға талпынған жоқ. Бюджеттен жеңілдіктер алып, оны шетел нарығына жұмсады, өздері жекелеп байыды.
Салықты арттыру қарапайым халық пен осы салада жүрген ұсақ компанияларға ауыртпалық салады. Осыдан бес жыл бұрын құрылыс нарығынан BI Group пен «Базисті» ысырып, басқа инвесторлар тарту керектігін айттық. Біздегі құрылыс жүргізетін ірі компаниялар мемлекеттен қаражат қана алмайды, жерді де жеңілдікпен алады. Коммуникацияны мемлекет есебінен жүргізеді. Салық төлеуде де жеңілдіктер бұйырып келді. Сөйте тұра олардың жұмыстарын бақылау болған жоқ. Салған үйлерінің сапасына да күмән келтіретіндер өте көп. Бұрын үйлер салынғанда оның іргетасын құю үшін жарты жыл уақыт кететін. Іргетасы қазылып, құйылып, «свай» қағылатын. Оның іші топыраққа толтырылып, оны су құйып қатырып, біраз шаруа жасалатын. Қазір осы құрылыс компаниялары алты айда бір тұрғын үй кешенін салып бітіріп қояды. Өйткені оларға үйді тез-тез салып, сатқан тиімді. Соңғы жылдары Қазақстан нарығына Түркияның құрылыс компаниялары келе бастады. Оларға да бақылау мықты болып жатыр дей алмаймыз», – дейді Т.Шаяхметова.
Қазақстанда баспанаға сұраныс үлкен. Бұл саладағы түйінделген мәселелер өте көп. Ал ол түйінді Бектенов үкіметі салықты өсірумен шеше салғысы келеді. Бұл жағдайды одан ары күрделендіріп жібермесе деңіз...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ