Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:30, 10 Шілде 2024

«Күткенімдей болмады». Магистратура және мамандар

1
Фото: Freepik

Кеше Қазақстан бойынша магистратураға арналған кешенді тестілеуге тіркелу аяқталды. Бүгінде бакалавриат дипломын алғандардың көпшілігі бірден магистратура оқып, аяқталған жоғары білім алғысы келеді.

 ЖОО дипломымен жұмысқа кірісіп кеткендер де ғылыми дәреже алуға ұмтылатын болған. Бірақ көпшілік мұнда ғылым емес, диплом қуалап келіп, әлеуметтік лифтідегі «плюс» ретінде қабылдайды. Бірі – стипендиясына, бірі – қағаздағы біліктілікке қызығады. Ал ғылым іздеп келген адам үшін біздің магистратураның кем-кетігі мен жетілдіретін тұстары көп.

Магистратура әлемнің біраз елінде бакалаврдан кейін оқытылады. Онда 4 жылдық жоғары білімнен соң тереңірек, нақтырақ, ғылыми білім беріледі. Бұл – өз алдына академиялық дәреже немесе квалификация. Ол жоғары білім жүйесінде XIX ғасырдан бастап орныға бастады. Ал XX ғасырдың аяғында Болон жүйесінің қалыптасуына қарай стандарттау ісі жолға қойылып, білім деңгейін әлем елдері арасында өлшеу, салыстыру, анықтауды жеңілдету мақсатында магистратура да белгілі бір деңгейді білдіретін академиялық дәреже ретінде бейнеленіп кетті. Қазіргі таңда ол екінші жоғары білім емес, аяқталған жоғары білім ретінде оқытылады. Қазақстандағы жағдайға келер болсақ, соңғы жылдары магистратураға 13 мыңнан астам грант тұрақты түрде бөлініп келеді. Оның біршамасы игерілмей қалып, жаңа жыл қарсаңында екінші конкурс өткізіледі. Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер кешенді тестілеу тапсырып, ағылшын тілі, сауаттылық және екі профильді пән бойынша білімін сынайды. Жалпы 150 балдан 75 балл жинағандар конкурсқа қатыса алады. Оқу жылының ұзақтығы ғылыми бағытта – 1, ғылыми-педагогикалық бағытта – 2 жыл.

Грант алып, оқуға түскендер әупірімдеп жүріп оқитындар ғана емес. Бүгінде болашағын ғылыммен байланыстыруға ниетті жастар көп. Алайда олар көбіне «күткенімдей болмады» дейді, еліміздегі магистратураның бакалаврдан айырмашылығы аз екенін айтады. Оған қоса, оқытушыларға, оқу бағдарламасына, шетелдік тәжірибе мен студенттер алмастыру бағдарламасына қатысты және тағы да басқа проблемалар туралы жиі естиміз. Солардың бірқатары туралы жақында ғана магистр атанған жастардан сұрап білдік.

Оқытушылардың өзі Scopus-ты білмейді

Қырмызы Скендирова, медиакоммуникация бағыты бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі:

«Әлбетте, бакалаврға қарағанда магистратурада еркіндік бар, сабақ барысында талқылау, пікір алмасу көп. Ал мен магистратурадан не күттім және екі жылда не көрдім деген сұрақтарға жауап берер болсам, ғылыми-педагогикалық бағыт болғандықтан ғылыми бағытта көп жұмыс істейміз деп ойладым, ғылымды көргім келді. Бірақ олай болмады. Әрине, арнайы пәндер баршылық. Мәселен, ғылыми жазылым бойынша пән өттік. Онда диссертацияны қалай жазу керек, кіріспе деген не, қорытынды қандай болуы керек деген структуралық ньюанстарға мән берілді. Демек, көбіне техникалық талаптармен жұмыс істедік. Әрине, бұл да қажет екені сөзсіз, алайда ғылыми материалдың табиғаты, шығу жолы, Scopus секілді басылымдарға ғылыми мақала жазу, шығару секілді аса маңызды аспектілер бойынша мәлімет алмадық, оқымадық. Жақында ғана магистр деңгейін алып шықсақ та бұл біз үшін жұмбақ күйі қалды. Ғылыми дәрежесі бар маман болсақ та мұндай машықтарды меңгеріп шықпағанымыз өкінішті. Бір жағынан оны түсінуге де тырысамыз. Себебі оқытушылардың өзі Scopus-тың қыр-сырына аса қанық емес.

Тағы бір айта кетерлік нәрсе, біз жаңадан ашылған медиакоммуникация мамандығы бойынша білім алып, алғашқы түлектері ретінде тәмамдадық. Шыны керек, осындай жаңа бағытта оқытатын мамандар сирек. Сондықтан аталған салаға маманданбаған оқытушылармен жұмыс істедік. Н әтижесінде, жалпы журналистиканы оқып жатырмыз ба, медиакоммуникацияны оқып жатырмыз ба, түсінбей де қалдық. Бұл орайда Қазақстанға жаңадан келіп жатқан ғылыми бағытты оқытушылар магистрлермен бірге оқып шықты десек те қате болмас еді. Дата журналистика мамандығы бойынша да осындай мәселе байқалды. Ақырында жаңа мамандықтар білімді тек интернет деңгейінде алды. Техникалық мамандықтарда да осы сынды проблемалар ұшырасып жатады. Дамып кеткен бағыттар бойынша жаңа мамандықтар ашылғанымен оқытатын оқытушылар да, база да жоқ. Меніңше, осы сынды проблемаларға жол бермеу үшін қажетті бағытта оқып келген, шетелде академиялық дәреже алған жас мамандарды көбірек тарту керек.

Және квалификациясы бар мамандар жұмыс істеп жүріп магистратура оқуға қиналып жатады. Өйткені сабақ кестесі кешкі уақыттарға қойылмайды. Кейбір университеттер болмаса, ЖОО-лар бұл факторды ескерусіз қалдырады. Сондықтан дипломы бар мамандарға жұмысын магистратурамен ұштастыру қиындау. Ал реалды жағдайда маманның тәжірибе жинап, өндірісте жүргені тиімдірек емес пе? Әрі магистрлік стипендиямен Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда күн көру мүмкін емес.

Тағы бір маңызды мәселе, бұрындары магистранттарды шетелге жіберіп, белгілі бір уақыт шеңберінде оқытатын, тәжірибе алмасу деген болатын. Ал қазір ол мүмкіндік екінің біріне беріле бермейді. Талаптардың күшейіп кеткені соншалық, біздің қатарластарымыздың арасынан шетелдік тәжірибеге бару ешкімге бұйырмады. Мәселен, Scopus, ККСОН-да мақала жариялауың қажет, IELTS 6 балдан жоғары болуы міндетті, GPA балға да назар аударылады. Оған қоса, құжат жинау жағы да қатты күрделеніп кетті. Тек өз қаражатына барған бір-екі магистрантты естідік. Ақырында тәжірибеден өтетін кезеңіміз құр өтті. Себебі барған институттарымызда жаңа мамандық пен оның ғылыми негіздемесін магистранттарға үйрететіндей деңгей жоқ. Барып-келумен шектелдік».

Шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы жарнама және шындық

Арайлым Мухатбек, екі шетел тілі бағыты бойынша педагогика ғылымының магистрі:

«Магистратурада бакалаврға қарағанда күрделірек, ғылымиланған мазмұнда білім алдық. Біраз еңбектендік, қиналдық. Алайда студенттер алмастыру бағдарламасы бойынша Түркияға барғанымда ондағы деңгейдің басқаша екеніне көзім жетті. Мен Анкара қаласындағы Анкара Хажы Байрам Вели университетінің әдебиет факультетінде бір семестр оқыдым. Біздегі оқытушылар білікті екеніне сенімдімін, бірақ онда бір емес, бірнеше магистрлік, докторлық алған профессорлар сабақ беретін. Оқу процесіндегі атап айтатын ерекшелік – ғылыми мақала жазу. Онда әр семестрде әр сабақ бойынша аралық бақылауға мақала әзірлеп апарасың. Тақырыбын оқу кезеңі басталып жатқанда профессорлармен ақылдасып, бекітесің де, әр сабақ сайын фрагменттеп жазып, тексертіп қайтасың. Толық ағылшынша. Нәтижесінде, зерттеу мен мақала жазу машығы жетіледі. Осылай бір семестрде 8-10 мақаладан жаздық. Әрі жазғаныңды жақсы деп қоя салмайды, әр студенттің жұмысын ортаға салып талдап, қате болса қабылдамай, өткізбей тастайтын. Бұл жас ғалымдардың практикалық сапасын арттырады. Стандартқа сай материал жазуды үйретеді. Бізде де мақала жаздырады, әрине. «Ақшамен шығара салу, жариялай салу» жағы да жасырын жайт емес. Десек те, расында оқуға тұрарлық дүние жазып шығатындай білім алсаң, профессорлар солай оқытса, тексерсе, тығыз жұмыс істесе біздегі ғылымның да деңгейі көтерілер ме еді дейсің.

Осылайша, ғылыми атмосферасы қалыптасқан елде бір семестр білім алдым. Бірақ көпшілік осыған қол жеткізе алмайды. Барғанның өзінде тек оқуың тегін, жолың, жатын орның мен тамағың өз қалтаңнан. Болашақта ЖОО-лар магистрлердің тым құрыса барып, қайтуына жәрдемдесуі керек деп ойлаймын. Тәжірибе алмасу кезінде де тиісті сома елге оралып жатқанда бірақ берілді. Елімізде шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы жиі айтылып, жарнамаланады. Бірақ әлі де жетілдіретін тұстар жеткілікті. Құжат жағы да тым қиындап кеткен. Өзің іздеп жүгіріп, әбден титықтайсың. Сөйтіп жүріп те дымсыз қалуың ғажап емес. Магистрлердің басым бөлігі шетелді қойып, ел ішіндегі басқа қалаларға барып оқуға болатынынан да бейхабар».

ҚазҰПУ мені дайын мүмкіндіктен айырды

Бақдәулет Әзімханов, география педагогтарын даярлау бағыты бойынша педагогика ғылымының магистрі:

«Мен магистратураны Қазақстанда оқыдым. Білім деңгейін төмен деп бағаламас едім. Оқытушылар да жақсы болды. Алайда ағылшын тілі мәселесі кездесіп жатады. Магистранттардың бағдарламасында толық ағылшынша өтуі керек сабақтар болады. Ал тілді жақсы деңгейде меңгермеген оқытушылар өзі түсінбей тұрған материалды магистранттарға да үйрете алмайтыны түсінікті. Бұл тілдік кедергі үлкен проблема ретінде бағалануы тиіс. Өйткені ғылым тілі – осы. Жаһандағы ғылыми ашулар мен жаңалықтар, зерттеулердің басым бөлігі әрі ең сапалылары ағылшын тілінде шығады, таралады. Осылайша, жаңа материалдар арасында байланыс орнап, коллаборациялар жасалады. Бұл көшке ілесіп отыру үшін ағылшынша білу керек. Сондықтан да магистратураға түсер алдында ағылшын тілінен тест тапсырылады емес пе? Ал бізде оқытушылардың көпшілігі шет тілін жоғары деңгейде біле бермейді. Дәл осы себептен де бізге шетелден келіп оқитын магистранттар аз. Әрі халықаралық байланыстар жағы да ақсап тұр. Мәселен, мен магистратурада Литваның Вильнюс университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бір семестрге барғым келді. Бар мүмкіндікті жасадым. Университетті тауып, номинациялық хат жазып, олардың халықаралық қатынастар бөлімімен байланыста болдым. Олар жылдам көмек беретін. Ал ҚазҰПУ-дың халықаралық қатынастар бөлімі мені дайын мүмкіндіктен айырды. Оқу жылының басынан бастап хабарласып, алдын ала айтыңыздар, ескертіңіздер деп, соңдарынан қалмай жүрсем де, үнемі «өзіміз хабарлаймыз» деп қайтарып жіберетін. Содан дайын жүрейін деп өз бетімше құжат жинап, тіпті Вильнюс университетінен қол қойдырып алдым, IELTS сертификатым да бар. Осы қағаздарымды алып, ҚазҰПУ-дың халықаралық қатынастар бөліміне келгенде: «Ертерек жазуыңыз керек еді. Уже бюджет жоқ. Сіздің академиялық оқуыңызды төлей алмаймыз» деп қайырды. Бұл бір менің басымдағы жағдай емес. Ұқсас оқиғаларды талай студент пен магистранттың аузынан естідім, көрдім. Бұл қазақстандық және шетелдік университеттердегі студенттерді қолдау орталықтарының екі түрлі деңгейде жұмыс жасайтындығын көрсетті.

Бакалавр кезімде Австриядағы Зальцбург университетіне барып, бір семестр оқыған едім. Ол жақта магистранттармен бірге де сабаққа қатыса беретінбіз. Себебі әр білімгер қажетті кредитті таңдап, оқи алады. Ондағы магистранттар осыдан 3-4 жыл бұрын 650-700 еуро көлемінде стипендия алатын. Өйткені магистратурада білім алатын студенттердің жұмысқа емес, білім алуға ғана уақыт арнауы керек деген қағида бар. Шыны керек, Зальцбург Австриядағы атақты да университет емес. Одан да мықты оқу ордалары жетерлік. Соның өзінде Қазақстандағы беделді деген университеттерде ондай жағдай жасалмаған. Осының бәрін қорыта келе, біздегі білім сапасы мен процестегі маңызды мәселелерге әлі де көп өзгерістер керек деп есептеймін».

Байқап отырғандарыңыздай, магистранттар оқытушылар мен оқыту бағдарламасына, шетелдік тәжірибе мәселесіне қатысты көп толғанады. Бұл туралы шетелдегі қазақ ғалымы Болыс Сәбитбек: «Академиялық білім беруде теоретиктер емес, практик ғалымдар жұмыс істесе, процесс нәтижелі болады. Әрі ескі советтік жүйемен оқыған оқытушы, профессорлар жаңа дәуірдің жаңа біліміне бейімделу керек. Ал жастар, магистранттар соны талап ете алуы қажет. Бір жағынан мемлекет те бұл академиялық деңгейдің не үшін керек екенін, мақсатын ескере отырып, екі жақты баланс ұстауға, жүйелік қажеттіліктерді қанағаттандыруға ұмтылғаны жөн», – деді.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: