Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 08 Маусым 2024

Күйші Қосдәулет

Қосдәулет
Суретті салған суретші Серғазы Жаманқараев

Айналасына атағы мен айбыны тараған Тәтібай болыстың ұлы Нұрмағанбет алыс-жақын ағайынды, құда-жекжатты жиып, ата-бабаларының аруағына бағыштап Құран оқытпақ, ас таратпақ.

Бұл дүбірлі жиынға Қосдәулет ерекше ықыласты болды. Оның білетіні – қолындағы қоңыр домбырасы. Той, жиында талай күй тартысқа қатысқан. Жеңілген кезі жоқ. Бұл жолы да әкесі Нұрмағанбет күй жарысы болатынын бөле-жара айтпаса да өнер сайысы болатынын құлаққағыс еткен. Соған дайындық жасай бастады. Күндіз тауға шығып кетіп, қарағай арасында отырып, жалғыз өзі ұзақ күй тартады. Қожекенің, Рақыштың, Мергенбайдың, Нұрмұхамбеттің, Әшімнің, Бейсенбайдың, Тілемістің, Бөлтіріктің, Сыбанқұлдың барлық күйлерін қайталап, білегін босатып, саусақтарын жүгіртіп, шынтағын жұмсартады. Кейбір күйдің қағыстарын дұрыстап, пернелерінің дыбысын айқындап, саусақтың ұшы тигенде анық шығатындай дәлдеп, кейде нығыздай басып, езіп-езіп көріп, күй реңіне айрықша бояу қосып көреді. Бұрыннан жеткен халық күйлерінің де шығу тарихын жұптап, олардың аңыздарын да ойша қайталап, қырғыздың, татардың, қалмақтың сарындарын да көкейіне түйіп қойды.

Асқа жиналған адамдар топ-тобымен арнайы тігілген үйлерге түсіп жатыр. Оларға табақшылар табақ тартып, біреулер самаурын апарып тынбайды. Бір жерде күрес, тағы бір жерде теңге алу, енді бір жерде жамбы ату жүріп жатты. «Күй сайысы болады» дегенді естігенде Қосдәулет басына шашақты ақпен борланған киіз қалпағын, кеудесіне ақ сәтен жейдесін киіп, оның сыртынан жұқа сырылған барқыт шекпенін желбегей жамылып, домбырасын қыса ұстаған күйі ақ боз үйге жақындағанда көптің назарын бірден аударғанын біліп, өзін қолапайсыз сезінді. Бұрын мынадай сұлу жігітті еш жерден көрмегендей кетіп бара жатқаны тоқтап тұрып, көңіл аудара аңтарыла қарап, өзара күбірлесіп жатты. Шындығында, Қосдәулетті Алла Тағала ерекше әрлі етіп жаратқан. Көзінен ұшқын шашып, ажарлы жүзінен айналасына нұр төгіп тұратын келбетті еді. Қою, қалың қара қасы тік те ұзын кірпігіне үйлесіп, ағы мол дөңгелек көзіне сән қосып тұратын. Еңселі, артық ет жоқ сымбатты да жұп-жұмыр құйылған қорғасындай тұлғасын тік ұстаған қалпы аяғын нық та алшаң басып келе жатқанда көз тоқтатпай өтудің өзі күнә секілді болатын. Оның үстіне бұған күйшілікті де, домбырашылықты да, шешендікті де бірге бере салған. «Жігіт болса, осындай-ақ» болсын дегізетін болмысы әркімді ынтықтырмай қоймайтын.

Алқалаған топтың ортасына барып малдас құрып отырғанда жұрт демін ішіне алып, тына қалған. «Сырттан да, іштен де: «Қосдәулет!», «Қосдәулет күй тартады!» деген сыбыр-күбір басылғанда барып бұл қоңыр да жұмсақ үнімен сөз бастап кетті.

Қазіргі тартатын күйім – «Қамбархан» деп аталады, – деп сәл үнсіз қалды да, айналасына мейірлене қарап, жымиды. Үйдің ішінде иін тіресіп отырғандар бір қозғалақтап қалды. Сыртта жабықтан сығалап, туырлықты түріп тастаған жігіт-желең, қыз-қырқын, бозбалалар тың тыңдаған тыңшыдай тына қалған. Тыңдап отырған жұрттың ойына Қамбар батыр келді ме, әлде бақсылықтың пірі болған Қамбар ата түсті ме, жоооқ, төрт түліктің пірлері – Шопан ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Сексек аталармен бірге өздері сиынатын атбегілердің иесі – Қамбар ата келді ме, тым-тырыс отырды да, бәріне тоқтамай, бұл айтылған адам – күй атасы Қамбархан екенін түсінгендей еңсесін тіктеп, елти қалды.

Қосдәулет қаумалаған халықтың ықыласын көрген соң арқаланып кетті. Екі иығын бір қомдап алып, жұмсақ, қоңыр, үздіге шыққан үнімен сөзін әрі жалғады:

Баяғыда елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Қамбархан деген жігіт бір күні аң аулап жүріп, атып алған аңының терісін сыпырып, қарнын ақтарып тастап, ішегін лақтырып жіберсе, шұбатылған күйі бір бұтақтан екінші бұтаққа ілініп қалады. Келесі жолы аң аулап келе жатып әлгі аң сойған жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір дыбыс естіледі. Аңдаса, бір бұтақтан екінші бұтаққа ілініп, керіліп қалған екі ішекті көреді. Сәл самал соқса болды, ішектер дірілдеп, дыбыс шығарады екен. Қамбархан әлгі ағашты кесіп алып, тұтастай жонып, домбыра жасапты да күй шертіпті. Бұл оқиға елге аңыз болып тарапты да, ол тартқан күй «Қамбархан» аталыпты. Мұны «Назардың ұлы Қожеке шығарған екен» дейді бұрынғылар, – деп, домбырасын қағып-қағып алып, әрі қарай күмбірлете жөнелді.

Әдетте күйшілердің көбі бұл күйді қара қағыспен немесе төкпе қағыспен тартушы еді. Қосдәулет әдейі сүйретпе қағыспен тартты. Мұнысы жұртқа ұнады, жаңаша естілген күйге ынтыға құлақ түрді.

Күй аяқталғанда ғана елеңдесіп, Қосдәулетке ғана құлақ түргендей кейіппен үнсіз отырды. Осыны күткендей, күйші домбырасының құлағын теріс бұрауға келтіріп алды да, айналасына тағы да мейіріммен күлімдей қарап отырып:

Мына күйдің шығу себебін маған дейін айтушылар екі түрлі жеткізеді. Біреулері – Құлпенде деген ел басқарған танымал адамның мінезіне бола шығарылған десе, келесі айтушылар Ресей отарында қалған халық өз жерінде өзі құл болды. Тіпті ел басқарып жүргендердің өздерінің де басында бостандық жоқ пенде еді. Қытай жеріне азаттық іздеп келгенде де көрген күні сол, әрі құл, әрі пенде болды дейді. Қожеке сол өз басында еркіндігі жоқ ел басқарушылардың өкіметке құлдық ұрған пендешілігіне бола «Құл-пенде» деп күй шығарып тартыпты, – дегенде ел арасынан біреулер «рас-ау» десіп, күбірлесіп қалды.

Қосдәулет бұл күйді де нәшіне келтіре асықпай, саспай, баппен тартып шықты. Жұрт: «Ой, бәрекелді!», «Бар бол!» деп әр жерден жақсы лепес айтты.

Осы жолы Қосдәулет шешіле сөйледі. Домбырасын көсіле тартқан сайын арқасы қозып, шабыттанып алды. Жадында бар күйлерді және олардың әңгімелерін бірінен соң бірін тартып, кідірмеді. «Қожекенің мына күйін тартшы», «Мергенбайдың ана күйін тартшы» деген секілді өтініштерге еш қарсылық білдірмей, ықыластана күмбірлетті. Әсіресе Қожекеге келгенде ел ерекше ден қойып, құлақ түреді. Сол туралы «айта түссе екен» деп ентелейді. Өйткені Қожекенің батырлығы да, күйшілігі де ел жадында аңыз болып қалған еді. Мына жиналғандар Қожекенің Ресей отарлық бұғауынан әуелі 25 үйді, одан кейін 400 отбасын жолда кездескен саналуан қиындықтарға мойымай, алдымен Алтай, Тарбағатай асып, одан бері Іле аймағына қалай аман-есен көшіріп келгенін жақсы біледі. Оның осындай жақсылығына бола есімін ерекше құрметпен еске алады, көзсіз ерлігі және өнерпаздығы мен азаматтығы үшін ардақтайды. Әсіресе Қытай өкіметінің қудалап жүріп қалай ұстағанын, қалай түрмеге жапқанын, қалай таскөмірдің шоғымен жотасын қарып азаптағанын және сол азапқа төтеп берген қайтпас қайсарлығын білгісі келеді. Сол оқиғаларға байланысты Қожеке шығарған күйлерді Қосдәулеттің аузынан естігісі келеді. Қосдәулет айтса, әр сөзі құлақтан кіріп, сананы баурап, жүректі жаулап алады. Қожекенің әр күйінің дүниеге келуінің өзі – оқиға. Сол оқиғаның шындығын Қосдәулет қана еш қоспасыз баяндайды. Баяндай отырып тартқанын қалайды көпшілік. Қосдәулет бұл ниетті жақсы түсінеді. Сондықтан да Қожеке өлімінің ащы шындығы осындайда айтылғаны жөн деп білді.. Ел естіп, жадында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізсін. Ол – атадан қалған аманат.

– Мынау Қожекенің «Қыйнау» күйі, – деп, сұңқылдатқанда ел тым-тырыс құлақ түрді.

Келесіде:

Ал мынау Қожекенің «Тас көмір шоғын басқанда» деген күйі, – деп ырғағы мүлдем бөлек күйді ұсынды. Қаумалаған жұрт орнынан тапжылмай тыңдады. Сырттан ентелегендер де ессіз құлақ түрген. Көз алдарында Қосдәулет емес, Қожеке отырғандай, тас көмірдің қып-қызыл шоғы күйшінің жотасын қалай қарып жатқаны елестегендей күйзеліс күйге енген.

Бұдан соң Қосдәулет қырғыз Асаналының күйін шалқытып, тыңдаушыларын бір серпілтіп тастады. Домбыраның үнінен бұрын күйшінің реңін көруге ынтыққандар жабықты тіліп жіберіп, сұқтана қарап қалысыпты. Жұрт «жетер», «жетер» демеді. Қосдәулет айылын жимаған. Ұзақ уақыттан кейін ғана жиналғандар «Бәрекелді!» «Мың жаса!», «Өркенің өссін!» – деп, баталарын берген соң ғана бұл домбырасын түсірген.

Келесі күйшілер де мықты еді. Бірінен соң бірі ортаға шығып, өз өнерлерін көрсетті. Бірақ олардыкі дәл Қосдәулеттікіндей болмады ма, халық көп ұзамай тарқасып жатты. Қосдәулеттің бұл жолы тағы да бағы жанды. Күй тарту жарысынан бас бәйгені өзі алатын болған. Бірақ Қосдәулет алудан бас тартты.

Айналайын халайық, ниеттеріңізге мың алғыс! Пейілдеріңізге құлдық! Аталарыма ас беріп отырған әулеттің баласымын ғой. Тек «күйдің сағы сынбасын, бағы байланбасын» деп қосылып едім. Бәйгені өзім алғаным ұят болады. Мұны басқа күйшіге беріңіздер, – деп қайтарды қазыларға. Оның бұл қылығына да халық дән разы болды. «Өркенің өссін!» деп, бірі бата берсе, енді бірі «туса туғандай-ақ екен жігітің!» деп, таңдайын қақты.

Түйін

Қосдәулет Нұрмағанбетұлы 1900 жылы қазіргі Алматы облысы Шелек өңіріндегі Есдәулет деген жерде дүниеге келген.Жасынан өнерсүйгіш, ақылды, мінезді, сымбатты болып өседі. Елге беделді. Аузы дуалы, өте ажарлы Қосдәулет жиырма бес жасында старшын, тоқсан жасында да болыс болған атасы Тәтібай секілді алғыр, айбынды бола тұра ешбір жанға қатты сөйлемейтін көрінеді. Мінезіне, көркіне, ақылына қоса Қосдәулет асқан күйші де болған. Ол отырған жерге екінің бірі баса көктеп кіре де, бетіне тура қарап сөйлей алмайтын да көрінеді. Бетінен нұры төгілген Қосдәулетті бір көруге, дауысын естуге, күйін тыңдауға үлкен-кіші, әйел-еркек бәрі ынтық болып жүргенде бірде көрші ауылға қонақ болады. Ол түскен үйге «Қосдәулетті көреміз» деп келушілер көбейеді. Жабықтан сығалап, туырлықты тіліп, тесіктен қарап:

Па, шіркін, адамға да осындай келбет береді екен! – деп, тамсанушылардың сөзінен Қосдәулет тіксініп қалады.

Ойпыр-ай! Қосдәулет десең, дегендей-ақ екен. Адамның рухы мен күннің нұрының қосындысынан жаралыпты» деп таңғалып, жағасын ұстайды.

Енді бірі:

– Он саусағына осыншама күйді Алланың өзі дарытқан-ау, – деп сүйсініпті.

Әлденеден жүрегі шым еткен Қосдәулет орнынан атып тұрып, белдеуде тұрған атына мініп, ауылына қарай желе жөнеледі.

Үйіне келгенде ұйқысы келмей дөңбекши береді. Жүрегі қобалжып, басы айналады. Бір бәленің болғанын сезген сұңғыла күйші домбырасын қолына алып, күндіз-түні күй тартады. Күйлері арманға, мұңға толы, өксікті, өкінішті шығады. Жамандыққа, қызғаныштыққа, өлімге қарсы күймен күрескендей көзі жұмылғанша қолынан домбырасын тастамапты. Қасында отырғандар оның «Арман» деген күйін, «Домбырам, енді күй шертпе», – деп тартқан, кейінгіге «Шертпе» деген атпен қалған соңғы күйін алып қалады.

Біреулер «тіл, көз тиді» десе, біреулер «көре алмаған дұшпандар у беріпті» дейді, енді біреулер «өкіметтің тыңшылары қастандық жасады» дейді. Не айтса да, күйден күмбез тұрғызған Қосдәулет ажалынан үш күн бұрын қолына домбырасын тартып жатқан күйде, аспанға қараған қалпы бұ дүниеден озыпты. Бұл –1946 жылдың жазы еді...

Сағатбек Медеубекұлы,

филология ғылымдарының кандидаты,

халық өнерін зерттеуші