Күйші Шаштай
Бабаларымыздан қалған «шамның жарығы түбіне түспейді» деген философиялық терең мәнді мәтелдің шындығына бір дәлелді қазақтың рухани құндылықтарының зерттелуіне қатысты айтуға болады екен.
Мысалы, Ғылым академиясы да, өзге де білім мен ғылым және мәдениет ошақтарының негізгілері де Алатаудың бауырындағы Алматыда болды. Бірақ сол ордалардан тараған ғылыми-зерттеу шырағының жарығы іргедегі елді мекендерге толық түспей қалғанына бас шайқамасқа лажың қалмайды. Біз күйді Қазақстанның сонау Батысынан іздеп, әнді алыстағы Арқадан іздедік те, тура Алматының түбінде тұрған ауылдарды ұмыт қалдырыптық. Соның кесірінен талай жауһарлар өмірден өткен тұлғалармен бірге тарих қойнауына сіңіп, жоқ болып, ел жадынан ұмытылыпты. Ел жадында сақталып, ұмытылмай жүрген тұлғалардың ұрпақтарының ішінде бабалар дерегін білетіндерінің өзі аз. Әйтсе де күдерді мүлдем үзуге болмайды. Қанында бар қасиет қай кезде де өз жаңғырығын естіртеді. Сондай жаңғырықтың бірін біз күйші Шаштай ұрпақтарынан естиміз.
Көкейде жүрген арманымыздың бірі – Алатаудың баурайындағы қазақтардың өнерін өткен ғасырларда өрге сүйреген тұлғаларды табу, елге таныту еді. Елден естуіміз бойынша, ондай тарихи тұлғалардың бірі –Шаштай деген күйші, домбырашы, әнші, сазгер. Біз жақында Шаштайдың ұлы Дүйсенбай ағамызға жолықтық. Арманымызды айттық. Әңгімеміз сырашар түрінде жалғасты:
– Шаштай әкеңіздің туған жылы, туған жері, өмірден озған жылы, жатқан жері?
– Шаштай әкеміз 1905 жылы туыпты. 1993 жылы 15 ақпанда өзіңіз көрген Жамбыл ауылында, 88 жасында қайтыс болды. Сол жерде жерленді.
– Домбыраны кімнен үйренді? Өзіне дейінгі кімдердің күйлерін тартушы еді?
– Атамыз – Күшікбай Жүзгенбайұлы күймен сөйлеген адам екен, бірақ емшілік қасиеті мен есепшілігі, көріпкелдігі басым болыпты да, домбырашылығы кейінгі қатарда қалып қойса керек. Сол Күшікбай атамыздың жақын ағайыны – Мақыш Райымбекұлы деген өзі ақын, өзі батыр, күйшілігі де бар адам өтіпті. Совет дәуірінде репрессияға ұшырап, «халық жауы» деген жаламен атылып кетіпті. Әкеміз сол кісіден домбыра үйреніп, «Нәрікбайдың зары» деген күйін алып қалыпты. Бұл негізінде дастан болса керек, дастанның өте зарлы болғандығынан жыршылар сөзін көп айта бермеген, мәтіні ұмытылып, сол сарын күй ретінде тартылып кетсе керек. Әкеміз өзіне дейінгі Шортанбайдан да, Жамбылдан да естіп, үйренгенін бізге жеткізді. Ал енді туған ағасы Төлеген домбыраның қыр-сырын жақсы меңгерген домбырашы болыпты. Аяныштысы әрі жан тебірентерлігі сол – 1933 жылы ашаршылықта домбыра тартып жатқан күйі о дүниеге аттанып кетіпті. Төлеген әкеміздің күй шығарып тартатын қабілеті де зор болған, сірә. Өйткені ол домбырасын қолына алып сарната, зарлата жөнелгенде, Күшікбай атамыз: «ой, безілдеп қаларсың» дейді екен. Соған қарағанда, шығарған күйлері қайғылы болса керек. Әкеміздің немере ағасы Смағұл да шебер домбырашы болыпты. Оны да 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен НКВД адамдары алып кетіпті. Сондағысы – аштықтан әрең аман қалып, әлі де еңсесін көтере алмай жатқандарға аз да болса азық болсын деп алғаны бір дорба ғана бидай екен. Сөйтіп халқына жаны ашығандарды кеңес өкіметі «халық жауы» деп айдатып жіберген.
Әкеміз әжептеуір күйші болған. Бірде інісі екеуі жол жүріп бара жатса керек. Жолда бір жұпынылау үйге келіп түссе, әлгі үйден бір жас келіншек шығып, қарсы алған екен.
Әкеміз:
– Қарғам, сусының бар ма, шөлдеп келеміз, – десе, әлгі келіншек су беріпті. Мұқағалиша айтсақ : «Су сұраса сүт берген»... болмапты. Содан үйге кіріп отырғаннан кейін әкеміз ілулі тұрған домбыраны көріп, сұрап алып, бір күй тартыпты. Домбыраның да қадірін онша түсінбейтін келіншек қайдан білсін, келген кісінің күйші екенін және күймен осы сәттегі өзінің көңіліндегісін айтып отырғанын. Үй иесі де күйші болса керек, сырттан домбыраның үнін естіп, күй арқылы айтылған назды түсініп, үйге кіріпті де аман-сәлемнен кейін әйеліне:
– Сен мына кісілерді жөндеп күтпепсің ғой, – деп ренжіпті де, арнайы қой алдырып сойып, қол қусыра күтіп, кешірім сұраған екен. Бұл әңгімені атамыздың ағасының баласы Ысқақ атамыз айтыпты елге.
«Әкеміздің күйшілік ортасы» деген ұғымға айналып қайта келсек, туысқан ағалары Мақыш Райымбекұлы, Шортанбай Өтепұлы, оның баласы, әкемнің құрдасы Қыдырқожа Шортанбайұлы атамызды ауыз толтырып айтуға болады. Айтпай кетуге болмайтын тағы бір күйші болған. Ол – Асылбек деген екі көзі соқыр күйші-домбырашы. Ол кісі домбыраны тартқанда дүйім жұртты жылатады екен. Өтеп ақын, Үмбетәлі Кәрібаев сияқты ақындар көп болған Екей – Айқым руында. Сол Екей руы жайлы Шыбыл ақыны:
Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен жүйрік атын.
Қобызы домбырамен қосылып ап,
Болады жын қаққандай кешке жақын –
деген екен. Бұл сөз тегін айтылмаған ғой, ол кезде екінің бірі домбыра тартып, ән айтқан екен...
Енді, бір Нұрғиса ағаның өзі жетеді ғой! Әкеміз тартқан аңыз күйлердің ертеректе шыққаны білінеді, бірақ біздің ғана ауылда ғана тартылады, бір қызығы басқа жерлерде ол күйлер тартылмайды.
– Әкеңіз 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 10-11 жаста. Жас та болса, ол топалаңды көрді. Одан кейінгі кеңестік қоғамның барлық зобалаңын басынан кешірді ғой...
– 1929-30-жылдары байларды кәмпескелеу кезінде, малдарынан айырылып, өздері қудаланған қазақтар тоз-тозы шыққан заманда біздің әкеміз Қырғыз жеріне өтіп кетіпті. Әйтеуір тірі қалудың қамын ойластырған ғой.
1936 жылы жазда Жамбыл атамыз Мәскеуден абыроймен оралғанда, түнде жасырын келіп, құттықтауға кірген екен (Жамбыл атамыздың біздің әкемізден үш жас үлкендігі бар, бір-бірінің қадір-қасиетін жақсы білетін жандар болған екен). Сол жолы Жамбыл атамыз Шаштайды кері жібермей, НКВД-ға апарып, тіркетіп, өзіне атқосшы қылып алыпты. Сонымен ат күректей тоғыз жыл Жамбыл атамыздың қасында жүріпті. Сол жылдары Жамбыл күйлеріне ден қойып, әндерін де үйреніпті. Атақты күрең жорғаны баптап мінетін жалғыз адам болса керек сол кезде біздің әкеміз. Жамбыл атамыздың Шаштай әкемізге сенгендігі сондай, келген гонорарын өзге жақындарының ешбіріне санатпай, әкеме санаттырады екен! Әкем Жамбылдың ұлы Алғадаймен жақсы дос болғанының бір айғағы – жоқшылық заманда бір кәстөмді екеуі кезек-кезек киеді екен.
– Нұрғиса Тілендиев пен әкеңіздің өмірлік һәм шығармашылық байланысы болды ма?
– Нұрғиса аға балалық шағында Жамбыл атамызға келіп тұрады екен, оны Нұрғиса ағаның өзі талай айтқан еді маған. Ол кісі Жәкең мен тәтемнің (Шаштай әкемізді бәріміз «тәте» деп өстік) айтқан әндерін де жатқа айтатын. Өткен күндерді еске алып отырғанда Нұрғиса аға: «Алғадай аға, Шаштай аға үшеуміз шөп шабуға Шотайға (ауыл маңындағы кішігірім тау) баратын едік, сонда Шаштай аға «Угай-ай» әнін керемет айтушы еді», – деп тамсанып қоятын. Мен де Нұрғиса ағаның жанында тура 10 жыл жүрдім.
– Әкеңіз Шаштай қандай күйлерді нәшіне келтіре тартушы еді?
– Әкеміздің орындауында аңыз күйлер – «Көк серке», «Қара жорға», «Сылдырама», «Атсаңшы, аға-ау, атсаңшы!» сияқты күйлер болған, сол күйлердің бәрін жатқа тартамын.
– «Жігітке жеті өнер де аз». Бұл – халық мәтелі. Әкеңіздің домбырашылығынан, күйшілігінен басқа қандай өнері бар еді?
– Әкеміз шығарған әндер бар, бірақ олардың өз уағында әкемнің әндері екенін білмедік, кейін Әлімқұл Жамбылов өлер алдында айтқаннан кейін бірақ білдік. Алғаш «Қымбаттың орындауындағы әндер» деп жазып жіберіп, кейін өкініп қалған жайым бар. Айтып отырғаным – «Екі асыл зат», «Топ шеңгел» әндері.
Әкеміздің өздігінен ән шығарған, бірақ оны ешкімге жария қылмаған, мақтанбаған. Бізге де айтпаған. Өз әлемімен іштей сырласқандай күй кешіп жүретін әндетіп. Ол дабыраға, даңғазаға, жария мақтанға жоқ, сабырлы адам еді. Өзінің сыры өзінің ішінде ғана күй болып күмбірлеп, ән болып тербеліп жататын. Өзі «мынау менікі» демеген соң, біз де мән бермептік, ел де ерен санамаған. Бала кезінде молдадан оқыған, өте зерек болыпты. Арапшаға өте сауатты екенін кейін білдім. Құран Кәрімді апарып бергенімде, оңнан солға алғашқы бетін аша сала судырата оқи жөнелгенде таңғалдым. Молдалардың қатесін тауып отыратын жарықтық. Сондай діни сауаты бола тұра бір адамның жаназасын шығармаған, қазіргі молдалар сияқты жарыса Құран оқып, ақша таппаған жан. Жаратылысы солай болатын.
Сөзді қорыта келгенде, біз бәріміз әкеміздің бойындағы бар өнерін бөліп алыптық. Жұмабай – ақындығын, Мен – күйшілігін. Ермек – әншілігін. Ал енді малшылығы бізге бұйырмады, ол үшін бәрін тастап, қой соңынан кету керек болды, біз оған бара алмадық.
Мінеки, Шаштай күйші әрі домбырашы туралы аз-кем әңгіме осы...
Әңгімелескен– Сағатбек Медеубекұлы