01:16, 15 Қазан 2018
Латвияны жеңе алмадық
Ұлттар лигасында алға қадам жасау үшін Қазақстан жеңіске жетуге тиіс еді. Алайда матч барысында толықтай басымдық танытқанымен, отандастарымыз таблоға қажетті таңба жаза алған жоқ.
Латвия қақпасын 23 рет нысанаға алды, бес соққыны дәл жұмсады, ойын барысында допқа 65 пайыз иелік етті. Бірақ бұл құрғақ мәліметтің бәрі жеңіске жеткілікті болмады. Сырт алаңдағы екі кездесуде де жеңіліс дәмін татпағанына қарамастан, Қазақстан Ұлттар лигасында өз тобында дарабоз болуға мүмкіндігі төмендеп кетті. Өйткені осы күні көш басындағы Грузия Андорраны 3:0 есебімен ойсырата ұтты. В.Казаишвили қос таймда бір-бірден гол соқса, «Тобылда» ойнайтын Ж.Канкава 90+4 минутта ойынды түйіндеді. Үш турдан кейін Грузия 9 ұпаймен алда келеді. Ал Қазақстанның, Латвияның және Андорраның 2-ден ұпайлары ғана бар.Латвиямен кездесу алдында да бас бапкер Станимир Стойлов құрамаға көп өзгеріс енгізе қойған жоқ. Серікжан Мұжықов өткен турда алаңнан қуылғандықтан, орнын Бақтияр Зайнутдинов басты. Еркебұлан Тұңғышбаевтың жарақаты толық жазылған жоқ, жартылай қорғаныста оң қанатқа бұл жолы Георгий Жуков жауапты болды. Жуков бұл позицияда Грузияға қарсы ойнаған еді.Стойлов мырза Андоррамен кездесуден кейін құлағын қылтитқан қауіп тағы да алдымыздан шықты: Қазақстан құрамасы ойын тізгінін қолға алып, допқа көбірек ие болғанымен, қарсылас қорғанысын сөге алмайтын болып барады. Көктемдегі жолдастық кездесулерде өзі де шабуылдайтын, қарсыласына да кеңістік беретін Венгрия, Болгария және Әзірбайжанға қарсы отандастарымыз жақсы ойнаған секілді еді. Ал Ұлттар лигасында өткізген үш кездесуде де олар тынымсыз шабуылдады, алайда қорғанысты жарып өте алмады. Дегенмен Андоррамен кездесуге қарағанда, бұл жолы құрама қимылында креатив аз болған жоқ. Екі қапталдан кезек көтеру, айып алаңына енбей соққы жасау, стандарт жағдайларда басымдық таныту – мұның бәрі ақырындап құрамамызға тән өрнек болып келе жатыр. Алайда өзі гол соққан соң, есепті ұлғайтуға немесе жеңіс есебін ұстап тұруға білік әлі жеткілікті емес.Стойлов латыштардан жіберген голға «бала-шағаның қатесі» деп баға берді. Шынында да, бәрі қарапайым стандарт: айып добы оң қапталға әуеледі, оған Малый пен Дубра таласты да, Дубра дәл Карашаускстың алдына салып берді. Бұл сәтте де «Ақжайықтың» шабуылшысын жауып үлгеруге болар еді, бірақ Постников позициясын жоғалтып алды, Бейсебеков қуып жете алған жоқ.Ендігі жағдай қиын… Алдағы үш кездесуді жеңген күннің өзінде, Грузияға жете алмауымыз мүмкін. Бүгін грузиндер Ригада Латвия құрамасымен ойнайды. Мұнда да үш ұпай олжалап кететін болса, басқа командаларға соқыр мүмкіндік қалдырмайды. Солай бола тұрса да, Стойлов шәкірттері босаңсымауға тиіс. Осы Ұлттар лигасына рейтинг бойынша Қазақстан құрамасы УЕФА-ға мүше 55 елдің ішінде 48-ші болып қатысты. Алдымызда кімдер тұрғанын жақсы білерсіздер, ал бізден кейін – Андорра, Сан-Марино, Гибралтар, Косово сияқты әзірше «ергежейлі» құрамалар. Сондықтан екінші орынның құлағы көрініп тұрса да, тым құрығанда Латвия мен Андоррадан алда тұруға тиіспіз.Стойлов бұл құраманы мейлінше жасартып, ойын өрнегін өзгертетінін айтты. Демек, болгариялық бапкер бір күндік жоспар құрып отырған жоқ. Оның жоспары өткен үш ойында іске аспаған болар, алдағы үш кездесуде қалайда нәтиже көрінуге тиіс.Андоррамен өтетін кездесуге Исламбек Қуат қатыса алмайды. Ол үш кездесуде екі ескерту алды.Есалы ӨСТЕМІР
Фото: sputniknews.kz