Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 11 Қараша 2021

Лавровтың айтқанында саяси астар бар ма?

None
None

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Российская газета» басылымында жариялаған мақаласында Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге ксенофобиялық көзқарас барын айтыпты.

Ксенофобия деп отырғанымыз – этноәлеуметтану ғылымында «діні, салт-дәстүрі, ұлты бөлек жандардан қорқу, оларды жек көру» деп түсіндіріледі. Лавровтың мақаласындағы бұл үзіндіні ресейлік сайттар бірінен соң бірі іліп әкетіп, жапа-тармағай жариялап жатыр.      

         Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 29 жыл толуына орай шыққан мақалада көрші елдің білдей бір сыртқы істер министрінің айтқаны мынау: «Өкінішке қарай, кейінгі кезде Қазақстанда орыс тілінде сөйлейтіндерге қатысты бірқатар резонансты ксенофобия көрінісіне куә болдық. Көп жағдайда жекелеген жағдайлар ‒ аймақтағы ұлтшылдықты өршіту мен Ресеймен қарым-қатынасты қолдамауға бағытталған сырттан келетін арнайы ақпараттық әдіс-тәсілдің нәтижесі», – дейді. Сонымен қатар «Нұр-Сұлтанмен екіжақты қарым-қатынас деңгейі әрбір алаңдатарлық жағдай бойынша дереу ортақ шара қолдануға мүмкіндік беретінін айта келіп: «Ол үшін СІМ, құқық қорғау және әділет органдары, сонымен бірге президент әкімшілігі арқылы тікелей коммуникация арналарын пайдаланамыз. Екі елдің үкіметтік емес секторлары, сараптамалық және журналистік қауымдастықтары арасында қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – депті. Лавровтың мұнымен айтпағы не?

         Соңғы кездері көрші елде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар мен орыс халқының жағдайы, Қазақстанның солтүстігінде жатқан жер аумақтарына қатысты мәлімдемелер жиі-жиі жасалып жүр. Бұған дейін ресейлік депутаттар – Никонов пен Жириновский бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жерге қатысты өктем сөйлеп, қазақ халқының шамына тиген. Алайда ақпараттық шабуылдың әлі де тоқтамай тұрғанын көріп отырмыз.  

         Бұған қатысты белгілі саясаттанушы Дос Көшім ксенофобия біздің елде емес, керісінше, Ресейдің өзінде туындап отырған сыңайлы деген ой айтты. «Біріншіден, мәселені анықтап алайық, бұл – «орыс тілінде сөйлейтіндерге қатысты» емес, өздерінің мемлекеттік тілдерінде қарым-қатынас жасай алмайтындарға қатысты іс-әрекет. Егер Лавров мырза қазақ жерінде тек қытай, португал, испан т.б. тілдерде сөйлейтіндердің (қазақ тілін «қақпайтындардың») дәуірі жүріп тұр десе – қатты қателеседі. Екіншіден, егер ксенофобия болса (мемлекеттің тілінде қызмет көрсетуді, жазбалардың қазақ тілінде болуын талап ету, мүмкін, Ресейде ғана ксенофобия болып табылар), бұл ксенофобияның авторлары – Ресейдің саясаттанушылары, саясаткерлері және президенті деп айтуға әбден болады. Олардың соңғы екі-үш жылда Қазақ елі, оның жері туралы ресми айтқан мәлімдемелері, біздің ұйқылы-ояу отырған сыртқы істер министрлігінің өзін нота жолдауға алып келді. Үшіншіден, Ресей мемлекетіне және Ресей азаматтарының құқығына ешқандай нұқсан келмейтін, тек Қазақ елінің ішкі (тілдік) мәселесіне Ресейдің сыртқы істер министрінің баға беруі біздің мемлекет тарапынан жауапсыз қалмайды деп ойлаймын. Мүмкін, Ресей өз тарапынан өздерін-өздері «әлемдегі орыс тілін қорғаушымыз» деп санайтын да болар, бірақ ондай ақымақтыққа ешбір елдің келісім бермейтіні анық. Тілдің қолданылуы  сол елдің ішкі заңымен реттеледі. Сондықтан біздің еліміздің басшылары, сыртқы істер министрлігі Лавров мырзаның ресми пікіріне баға беріп қана қоймай, тәуелсіз мемлекеттің ішкі мәселесіне араласқаны үшін 50 жыл Қазақстанға енгізбеу шарасын қабылдау керек деп ойлаймын», – дейді.

         Отандық сарапшылар мен қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде Ресейдің сыртқы істер министрінің бұл сөзін біраз сынға алды. Солардың бірі Айнаш Керей С.Лавровтың бұлай мәлімдеуі Қазақстанның үкімет басшысы Маминнің жақында Ресей Федерациясына барып келгенінен кейін шығып отырғанына назар аударыпты. «Маминнің ол жақта қандай келісімдер жасап келгенін білмейміз. Осы уақытқа дейін Қазақстанның қамы үшін қандай оң іс жасағаны да ойға келмейді. ҚТЖ-да жүріп, көрші елдің мүддесін қолдады. Ақыр аяғында стратегиялық саланы құртқан болатын. Қазір Лавров Қазақстан билігін өз ұстанымын Ресей қалауынан шығатындай неғұрлым анық білдіруге мәжбүрлеп отыр. Не дейміз, ендеше халық та биліктен нақтылықты күтіп отыр. Биліктің таяудағы шешімдері мен әрекеттерінен Қазақстан халқы да өзіне жауап алып, ойын топшыламақ», – дейді Айнаш Керей.

         Ал мәжіліс депутаты, саясаткер Ерлан Сайыров аталған жайтқа салқынқанды қараған дұрыс екенін айтады. «Бұл сыртқы істер министрлігінің құзырындағы мәселе. Әрбір елдің өзіндік мүддесі, ерекше позициясы болады. Дегенмен де Қазақстанда тіл, дін, ұлт болмысына қатысты ешқандай шектеу қойылып жатқан жоқ. Еліміздің Конституциясы Қазақстанның барша азаматтарына тең құқық береді. Ал мемлекеттік тіл жөніндегі біздің нормативтік-құқықтық актілер халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Сондықтан, менің ойымша, біздің ең негізгі мақсатымыз ынтымақ, ықпалдастық болуы керек. Өз мәселемізді Қазақстанның азаматтары, өзіміз өзара шешеміз. Негізінде, бізге бүгінгі таңда салқынқандылық, парасат, сабыр қажет. Көрші елден мұндай мәлімдемелердің жасалуына Ресейдің өзінің ішкі мәселелері себеп болуы мүмкін. Ол жақта биыл парламент сайлауы өтті, енді келесі саяси циклдар басталады. Бұл ішкі белгілі бір аудиторияға бағытталған болуы мүмкін. Себебі ол елдің сыртқы саясатпен айналысатын ведомствосының жұмыстарының ішкі мәселелерін білмейміз ғой. Сондықтан жеке пікірім, ешқандай арандатуға ермей, өзімізді салқынқанды, сабырлы, парасатты ұстауымыз қажет», – дейді ол.

Тегтер: