Ләззат Сүйіндікова туралы

Қазақтың күміс көмей әншісі Ләззат Сүйіндікова туралы Айдар Жорановтың «Жас Алаш» газетіне шыққан «Ғасыр өшірмеген үн» деген мақаласын оқыдым.
Авторға рақмет айтамын. Ұмыт болған әншінің бейнесі қайта туғандай болды. Ләззат 60-70 жылдарда радио арқылы ән салып, халық құрметіне ие болған әншілердің бірегейі еді.
Айдардың мақаласын оқи отырып, кейбір жансақ кеткен жерлерін түзетіп, өз білгенімді айтпақшымын. Ләззат және оның ата-тегі туралы «Қаракерей шежіресі» көп томдығының 7-томында «Қыдыр, Ажығұл, Рақ атанары» тарауында біршама дерек келтірілген. Әбілмәмбет ханның немересі Әбілпейіз сұлтан Найманның Мұрынынан туған Жеті Жолымбетке аға сұлтан болады. Әбілпейіз бен Алексей деген орыс төленгіті бірге келеді. Алексей жеті Жолымбеттің бір атасы Рақ руына сіңеді. Рақтың белбаласы Құттымбетпен дос-жаран болады, қазақ қызына үйленеді. Сүйіндік атты баласы болады. Сүйіндік пысық, азамат болып өседі. Бай болады, қажылыққа барады. Осы Сүйіндіктен Байарал туады. Байарал да әкесінің байлығын шашау шығармай, арттыра түседі. Байаралдың бәйбішесінен Ілән, Ләззат деген қыздар туады. Ләззат 5 жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Байарал бай кәмпескеге ілінеді. Кәмпескеге ілінген Байарал Іләнді алып, Қытайға өтіп кетеді. Қалып қойған әйелі Ләззатты Науалыдағы балалар үйіне жасырады. Өгей анасы кейін халық ақыны Майасар Жапақовке тұрмысқа шығады. Өгей анасы Ләззатты балалар үйінен қолына алады, сөйтіп Ләззат Майасардың қолында тәрбиеленеді. Әкесі алып кеткен үлкен қызы Қытайда Тәшкен Төлеубаев деген жігітке тұрмысқа шығады. Фарида, Әбдеш (тарих ғылымының докторы, көрнекті археолог-этнограф) деген балалары болады.
Ләззат Қарағандыдағы мектепте оқып жүргенде-ақ әншілік өнерімен танылады. Мектепті бітіріп, Петропавлдағы училищеде оқып, еңбек жолын Көкшетауда бастап, ән салып жүргенде 1946 жылы Жамбыл филармониясының директоры, ақын Саин Жұмағали Көкшетауға келеді. Ләззат Саинның алдында бірнеше ән салады. Ләззаттың әсем даусына қанық болған Саин Алматыға шақырады. 1947 жылы Ләззат Алматыға келеді.
Ләззат 1989 жылға дейін Жамбыл филармониясында, Қазақконцертте әнші болып, халықтың сүйіспеншілігіне бөленеді. 1989 жылы Парижде тұратын қыздарына кетеді. 2009 жылы қайтыс болады.
50 жылдай ән салып, халықтың сүйікті әншісі болған Ләззат Сүйіндікова ешқандай атақ алмады. Алмады емес, бермеді. Айдар Жоранов Ләззаттың атақ ала алмауы – Сәкеннің әндерін орындағаны үшін дейді. Олай емес. Сәкеннің әндерін Жүсіпбек, Манарбек, Күләш Сәкиева, т.б. әншілер орындады. Барлығы да Халық артисі атанды. Басты себеп – Ләззаттың Сүйіндік қожаның барлығы да Халық артисі атанды. Себебі Ләззат Сүйіндік қажының немересі, Байарал байдың қызы болғандығы.
Ләззат өзі толтырған өмірбаянында «Қарағанды облысы, Шет ауданында тудым», – дейді. Яғни, Майасардың баласымын дегені ғой. Олай болса, ата-тегі Майасароваға немесе Жапақова болмаған, неге Сүйіндікова болып келген? Мүмкін, әкесінің тастап кеткеніне өкпелі болып осылай жазған болар.
Сөз соңында Айдар Жорановтың Ләззат Сүйіндікованың творчествалық еңбегін жаңғырту туралы пікірлері өте орынды. Туғанына 100 жыл толып кетсе де Ләззаттың әншілік өнерін халыққа қайтадан таныстыру – теледидар қызметкерлері үшін, Мәдениет министрлігі үшін қасиетті борыш болмақ.