19:28, 03 Қазан 2018
Лебедева қарсыласып бақты
Лебедеваның допинг-сынамасынан да шикілік шыққаны, туринабол препаратының ізі табылғаны жұртшылыққа ерте белгілі болды.
Алайда ресейлік спортшы екі жыл бойы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысты. Ол Лозаннадағы (Швейцария) Спорттық төрелік сотына апелляция жіберді, бірақ ол өтініш кері қайтарылды. Лебедеваны екі жылға айыптау туралы шешім биылғы 5 қыркүйекте шықты, бірақ жаза мерзімі допинг анықталған уақыттан, яғни 2016 жылдың 12 қыркүйегінен басталды. Оның 2008 жылдың 18 тамызынан 2010 жылдың 10 тамызына дейін барлық жарыстарда көрсеткен нәтижелері есептен шығарылды. Лебедева өзінің рұқсат етілмеген препараттарға жүгінгенін мойындаған жоқ, бірақ өз сынамасынан табылғанын да терістемеді. Кейінірек спортшы ақтығын дәлелдеуден де бас тартты. Осындай даулы шаруадан кейін ақыры күміс медаль шынайы иесіне көшті. Енді Ольга Рыпакова – олимпиаданың үш жүлдесін де иеленген тәуелсіз Қазақстанның алғашқы спортшысы. Оның нәтижесі мынадай: Бейжің – күміс, Лондон – алтын, Рио-де-Жанейро – қола! Естеріңізге саламыз, ұзақ уақытқа созылған допинг дауынан кейін Бейжің жүлделерінен отандастарымыз Илья Ильин (ауыр атлетика, алтын), Таймураз Тигиев (еркін күрес, күміс), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі, қола), Мария Грабовецкая (ауыр атлетика, қола), Ирина Некрасова (ауыр атлетика, күміс) жүлделерін қайтарып берді. Ал қарсыластарының допинг-сынамасы оң нәтиже берген соң, ауыр атлет Алла Важенинаға – алтын, балуан Нұрбақыт Теңізбаевқа күміс жүлде табыс етілді.Фото: zampolitЕсалы Өстемір