Ливияда Каддафидің ұлы Саиф әл-Ислам қаза тапты
Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің ұлдарының бірі – Сайф әл‑Ислам Каддафи қаза тапты.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
53 жастағы оны Ливия аумағында, Триполи қаласынан шамамен 160 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан Аз‑Зинтан қаласындағы өз үйінде белгісіз қарулы адамдардың шабуылы кезінде көз жұмған.
Саиф әл-Исламның айналасындағылардың айтуынша, үйге басып кірген төрт қарулы адаммен «тікелей қақтығыс» кезінде атыс болған. Оның кеңесшілерінің бірі жергілікті телеарнаға берген сұхбатында шабуыл жасағандар бейнебақылау камераларын өшіріп, Каддафиді атып кеткенін мәлімдеген.
Бұл ақпаратты Каддафидің адвокаты Марсель Чеккальди де AFP агенттігіне растады. Оның айтуынша, әзірге қастандықты кім ұйымдастырғаны және шабуылдың нақты себебі белгісіз. Алайда адвокаттың сөзінше, шамамен он күн бұрын Саиф әл-Исламның жақын серіктерінің бірі оған қауіпсіздікке қатысты ескерту жасаған.
Ливиялық бірқатар басылымдар Саиф әл-Исламның үй маңындағы бақта атып өлтірілгенін жазады. Ал кейбір дереккөздер оның екі қарулы топ арасындағы атыс кезінде қаза тапқанын, топтардың бірі оны тірідей қолға түсіруге тырысқанын хабарлаған.

Саиф әл-Ислам Қаддафи кім еді?
Саиф әл-Ислам – Муаммар Каддафидің екінші ұлы. Ол әкесінің билігі тұсында ресми мемлекеттік қызмет атқармағанымен, елдегі ең ықпалды тұлғалардың бірі саналды. Ливияның сыртқы саясатына елеулі әсер етіп, күрделі дипломатиялық келіссөздерде негізгі делдал рөлін атқарған.
Атап айтқанда, 2003 жылы Ливияның жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуы жөніндегі келіссөздерге делегация басшысы болды. Сондай-ақ 1988 жылы Шотландияның Локерби қаласы үстінде Pan American әуе кемесінің жарылуы салдарынан қаза тапқан 270 адамның отбасыларына өтемақы төлеу жөніндегі келіссөздерге қатысқан. Соның нәтижесінде әрбір құрбан үшін 10 млн доллар өтемақы төленіп, Ливияға қарсы халықаралық санкциялар алынған.
Саиф әл-Ислам Ұлыбританияда, Лондон экономика мектебінде білім алған, ағылшын тілін еркін меңгерген. 2000-жылдары Батыспен қарым-қатынасты жақсартуға және елді оқшауланудан шығаруға күш салған тұлға ретінде танылды.
2011 жыл және Халықаралық қылмыстық сот
Алайда 2011 жылғы халықтық көтеріліс кезінде Саиф әл-Ислам үкіметке қарсы наразылықтарды қатыгездікпен басуға қатысқан. Осыған байланысты Халықаралық қылмыстық сот оны адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша қамауға алу туралы ордер шығарды.
Муаммар Каддафидің өлімінен кейін Саиф әл-Ислам Нигерге қашпақ болғанымен, жолда ұсталып, Аз-Зинтанда түрмеге қамалды. Ол алты жылға жуық қамауда отырды.
2015 жылы Триполидегі сот оны әскери қылмыстар үшін өлім жазасына кескенімен, екі жылдан соң амнистия жарияланып, бостандыққа шықты.
Саясатқа қайта оралу әрекеті
2021 жылы Саиф әл-Ислам күтпеген жерден президенттік сайлауға қатысуға өтініш беріп, бұл шешім Ливиядағы сайлау процесінің толық тоқтауына әкелді. Оның кандидатурасы ел ішіндегі саяси және әскери топтар арасындағы шиеленісті күшейтті.
Сол жылы Ливия прокуратурасы оны ресейлік «Вагнер» жеке әскери компаниясымен байланысы бар деп айыптап, қайтадан қамауға алу туралы ордер шығарды.