Ливиядағы су тасқыны. Құрбандар саны 3 мыңнан асты (видео)
Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай халықаралық ұйымы хабар-ошарсыз кеткендердің саны 10 мыңнан асады деп есептейді
Ливиядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 3 мыңнан асты. Бұл туралы ел үкіметінің өкілдері хабарлады.
Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай халықаралық ұйымы хабар-ошарсыз кеткендердің саны 10 мыңнан асады деп есептейді. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Дерна қаласының өзінде 700 мәйітті зираттардың алдынан кім екені анықталмай алып кеткені айтылды. Рейтер агенттігімен телефон арқылы сөйлескен бір шенеунік Дернаның 25 пайызы қирағанын айтты.
Елдің су тасқынынан зардап шеккен аймақтарында мәйіттерді жай ғана жинап, санау да қиындыққа айналды. Сондай-ақ, адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетілмейді, зардап шеккендердің ауруханаға жетуі қиынға соғады. Үйсіз-күйсіз қалғандар азық-түлік пен бірінші қажетті заттарға мұқтаж.
«Дэниел» дауылы әкелген нөсер жаңбыр Ливияның солтүстік-шығысында су тасқынына себеп болды. Қалалар мен ауылдар су астында қалды. Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен 100 мыңнан астам адам тұратын Дерна қаласы болды. Қаланың тозығы жеткен қорғанысы мен екі негізгі өзен су тасқынын ұстай алмады. Дерна өзеніндегі екі бөгет бұзылып, қаланы су басқан. Қаладағы үш көпір толығымен қираған. Дерна әдетте құрғақ өзен және тек жаңбырлы маусымда ғана толып кетеді.
Бірден саяси жағдай күрделі Ливияда төтенше жағдай жарияланды. Ел үкіметі халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады. Суға батқан қалалардың кейбірі мүлдем байланыссыз, сондықтан қаза тапқандар саны бұдан да артуы мүмкін. Зардап шеккен аудандарда электр жарығы, интернет және барлық байланыс құралдары өшкен.
Ел әскері апаттың салдарын жоюға кірісті. Әзірге құтқару жұмыстары кезінде 7 сарбаздың хабарсыз кеткені белгілі болды. Армия өкілдері жергілікті телеарналар арқылы да жағдайды баяндап жатыр. Ливияның шығысындағы Бенгази, Сус және Аль-Мадж қалалары да айтарлықтай зардап шекті. Ливияның шығысында коменданттық сағат жарияланды, мектептер мен дүкендер жабылды. Сондай-ақ елдегі 4 ірі мұнай порты да уақытша жабылды.
Алғашында құрбан болғандар саны 150 деп айтылды. Бұл хабар жарияланғаннан кейін Ливияның шығыс бөлігінің премьер-министрі Усама Хамад жергілікті телеарнаның эфиріне шығып, құрбандар саны 2 мыңнан асқанын, тағы мыңдаған адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін айтты.
Су тасқынынан Ливияның батысындағы Мисрат қаласы да зардап шекті.
Ливиядағы Қызыл Крест өкілі Тамер Рамадан апаттың ауқымы жергілікті билік үшін тым үлкен екенін айтты. Сондықтан халықаралық көмек өте қажет.
Сарапшылар бұған дейін бүлінген екі бөгеттің қауіпті екенін ескерткен болатын. Апат кезінде Дерне тұрғындары бөгеттердің жарылғанын білмеген. Дернадан келген Хузайфа әл-Хасади «Әл-Хурра» телеарнасына берген сұхбатында апаттың осынша көп шығынға ұшырауының бір себебінің аймақтың жер бедері екенін айтты.
«Су жиналатын кейбір аңғарлар 400 метр төмен болғандықтан, су атом бомбасындай қуатпен ағып, көпірлер мен үйлерді қиратты. Ауа-райы зерттелмеген, су тасқынының жолына түсуі мүмкін отбасылар эвакуацияланбаған», — дейді ол.
Ливия 2011 жылы Муаммар Каддафи өлтірілгеннен бері екі үкімет арасында бөлінген. Табиғи апатқа байланысты екі үкімет елде үш күндік қаралы күн жариялады.
Өткен аптада дәл осындай тайфун Грекия, Түркия және Болгария жағалауларын басып, ондаған адам қаза тапты. Климатологтар Еуропаның оңтүстігіндегі мұндай су тасқыны, рекордтық аптап ыстық пен өрттер климаттың өзгеруінің ауыр салдары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.