Лондонда Назарбаевтың жиеніне тиесілі қымбат үй күдікке ілінді
Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевке тиесілі болуы мүмкін деген күдікпен Лондондағы зәулім үйді бұғаттады.
Бұл туралы британдық ВВС медиакомпаниясы, Transparency International халықаралық ұйымы мен Finance Uncovered үкіметтік емес ұйымы хабарлады.
ВВС қауіпсіздік деңгейі жоғары бұл ғимарат Лондонда дәулетті адамдар тұратын көшелердің бірінің бойында орналасқан деп суреттейді. Басылымның хабарлауынша, зәулім үйдің жертөлесінде бассейн мен кинотеатр бар.
Бұл үйдің иесі ретінде офшорлық компания көрсетілгенімен онда өткен жылы наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен, бірақ әлі де билікке ықпалы жүретін Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Қазақстан парламенті сенатының қазіргі спикері Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев тұрып жатыр дейді зерттеушілер.
Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі жылжымайтын мүлікті арнайы тергеу аясында бұғаттаған. Яғни 10 наурызда басталатын сот аяқталғанға дейін бұл үйді ешкімге сатуға немесе басқадай жолмен беруге болмайды. Үйдің иесі ретінде көрсетілген офшорлық компанияның заңгерлері қылмыспен күрес агенттігі жүргізіп жатқан "тергеуді доғаруға тырысады" деп хабарлайды ВВС.
Басылымның жазуынша, "қайдан алынғаны белгісіз байлыққа" байланысты үйді бұғаттауға ордер берілген. Бұл — британ үкіметінің осы елден "арам" ақшаға жылжымайтын мүлік сатып алуға қарсы күресте қолдана бастаған жаңа әдістердің бірі.
Қылмыспен күрес жөніндегі агенттік жылжымайтын мүлікті иесі қандай жолмен келген ақшаға сатып алғанын анықтау үшін осы әдісті қолданады. Егер билік мүлік иесінің берген түсініктемесі қанағаттанарлық емес деп тапса, онда тергеу орындары мүлікті тәркілеуді сұрап, сотқа жүгіне алады.
Лондондағы бұл қымбат үй Нұрәлі Әлиевтің атымен байланысы бар жалғыз мүлік емес. ВВС-дің ақпараты бойынша, британ билігі тағы екі жылжымайтын мүлікке ордер берген, күдікке ілінген мүліктердің жалпы құны 80 миллион фунт стерлингке (104 миллион долларға) жуық деп бағаланады.