LRT дауы қайта қоздады, кімдердің атын естиміз?

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылдан бастап армандаған, Астананың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов ұсынған, одан кейін де қаншама әкім, қаншама премьер, қаншама министрді аттап өткен, ақыры тұралап тынған, сосын қайта қолға алынған LRT-ны талан-таражға түсірді делінгендердің бірі Түркияда ұсталды.
Ол жайлы 13 мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан осыған дейін халықаралық іздеуде жүрген.
«2019 жылғы қыркүйекте ҚР Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген болатын. Осыған байланысты Түркияның құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізді. Биылғы жылы ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Анталия қаласында ұстады. 9 мамырда Анталия қаласының соты Т.Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазіргі уақытта қамауда. Қазақстанның құзыретті органдары оны елге қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады», – дейді ҰҚК.
Бұл жаңалық бірден қызу талқыға түсіп, жаңалықтардың басты тақырыбына айналды. Әлеуметтік желіде де жемқорлық эталонына айналған LRT тақырыбы қайта қызып жатыр.
Иә, қазақстандықтардың арасында ең танымал жобаға айналған LRT әлі аяқталған жоқ. Оның сонша танымалдылығы да өнімділігінен немесе нәтижелілігінен емес, жемқорлық фактілеріне байланысты болды. Көз жүгіртіп шығайық. Астанада LRT салу туралы арман 2005 жылы туындады. 2011 жылдан бастап жұмыстар жүргізілді. Көп ұзамай-ақ, жоба тым қымбат деп тоқтатылды. LRT-ның орнына БРТ салсақ қайтеді деген идеялар да болған. Алайда үкімет 2015-те қытайлық компаниялар консорциумымен жобаны қайта жандандыру туралы келісім жасады да, екі жылдан соң құрылыс қайта басталды. Одан кейін не болғанын бәріміз білеміз. Бірақ сонша шудан кейін де үкімет бұл жобаны ұмыта алмады. Расында, арбиған бағаналарды не істеуге болады? Ақыры, өзін-өзі ақтамайтын, экономикалық тұрғыдан тиімсіз жоба екені қанша айтылса да 2021 жылы үкімет кепілдігімен 1 млрд доллардан астам несие алу жоспарланды. Шығын азайған емес, ал нәтижесін көру әзірге мүмкін болмай отыр. Өйткені Астана көшелерін жағалай салынған сұрғылт құрылыс кейпін әлі өзгерте қоймады. Оның жолаушы тасымалына жақын маңда көше қоюы да екіталай. Әйтеуір бұрынғы «Астана LRT», қазіргі City Transportation Systems компаниясы жоғарғы жол құрылымының 25 пайызы аяқталды деп сүйіншілегені есімізде.
Жемқорлық эталоны және сырттай соттау
Енді Арданға келейік. 2011 жылы Астана қаласы әкімдігінің жанынан «Астана LRT» компаниясы құрылды. Ол уақытта елорданың әкімі Иманғали Тасмағамбетов еді. 2014 жылы аталған компанияның басшысы болып Ардан тағайындалды. Осы қызметте үш жыл жүрген ақ жағалы ақырында отставкаға кетіп тынған. Орнына келген жаңа басшы креслосына отырар-отырмастан аудит өткізіп, оған құқық қорғау органдары да қатысты. Нәтижесінде қаржы жымқыру фактілері анықталған. 2018 жылдың басында іс қозғалып, тергеу басталды. Келесі жылы Арданға халықаралық іздеу жарияланды.
Әуелі келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден астам екені айтылды. Іске қатысты алты адам күдікті деп танылған. Ресми органдар қылмыстық схеманы бұрынғы әкім орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Ардан бірлесіп ұйымдастырғанын мәлімдеді. Ақша жалған келісімшарттар, іс жүзінде орындалмаған жұмыстар мен қымбаттатылған сметалар арқылы шығарылып, жалған кәсіпорындар бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша отандық және шетелдік компаниялар қатысқан схема арқылы 24 миллиард теңге ұрланған болып шықты. Кейіннен мемлекетке келтірілген жалпы шығын 5 миллиард теңгеден асты делінді. Бұл дау ең үлкен жемқорлық дауына айналып, әрбір адамның назар салып тыңдайтын, қарайтын тақырыбына айналды. Ақыры соңында, 2021 жылы жеті адамға сот үкімі шықты. Ал Сұлтанбеков пен Ардан 2023 жылы сырттай сотталды. Күні кеше Түркияда ұсталған Арданға Астана соты 9 жыл берген еді. Енді елге оралса, арғы жағы қалай боларын уақыт көрсетер. Белгілісі сол, қоғам бұл тақырыпты үлкен қызығушылықпен бақылап отыр.
Біз осы оқиға мен жиырма жылдық «жырға» қатысты экономистің пікірін сұрадық.
«LRT – коррупциямен, коррупция – мемлекеттік жүйемен ассоцияланады қазір. Ашығын айтқанда, жеке сектордағы жемқорлық тәуекелдері төмен секілді қабылданады. Мұны да белгілі бір логикамен түсіндіруге болады. Мемлекеттік құрылымдар бюджет қаражатымен, «ірі» ойыншылар жүретін алаңдармен жұмыс істейді. Мұндай құзыреті барлар «келісу, алу» дегенге жақын болады. Біздің елдің мысалында бұл болжам емес, қорытынды. Мысалы, LRT секілді бюджеті бар, бірақ жекеменшіктегі компаниялар аз емес. Десек те, олардың ешбірі дәл осы кейс секілді жемқорлық эталонына айнала алмас. Себебі адам өз ресурсын өзі қадағалап, өз ісі мен оған қатысты мамандарды бақылаған кезде, мұндайға жол берілмейді. Елдің ақшасы болса ортақ, иесіз. Оның мүддесін қорғап, жаны ашитындардан гөрі, қалтасына басып, өз үлесін алып қалғысы келетіндер көп.
Ал жалпы алғанда, коррупция жақсы емес екенін бәріміз білеміз. Оның залалын теңгемен, доллармен, түрмеге жабылған жылдармен есептеп жатамыз. Бірақ осының бәрінің фонында құлдырайтын тағы бірнеше аспект бар. Мысалы, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің мәліметінше, жемқорлық елдің ЖІӨ-сін жылына орта есеппен 2 пайызға дейін төмендетеді. Өйткені инвестиция тарту қиындайды, бюджет тиімсіз жұмсалады, ал бизнестің белсенділігі мен мотивациясы кері кетеді. Әрі жемқорлық пен кедейлік өзара тығыз байланыста», – дейді қаржы маманы Мақсат Ибадулла.
Ардан жай келмейді, сөйлей келеді
Расында, LRT халықтың билікке деген сенімін әлсіреткені, жүйелі коррупция мен жауапсыздықтың символына айналғаны туралы жиі айтылады. Бірақ бұл жоба бәрінен бұрын мазаққа айналғанын ұмытпаған жөн. Соған қарамастан, үкімет те, Астананың әкімдері де бұл проектіге ерекше махаббатпен қарайды. Бәрі бір ауыздан 2025-те бітіреміз, пайдалануға береміз деумен келеді. Уәдеге де, бұл транспортқа да сенімі мүлде қалмаған халық күтіп те жүрген жоқ. Сарыла тосып жүрген жауаптылар ғана. Мысалы, елорданың әкімі Жеңіс Қасымбек наурызда ғана әлеуметтік желіге пост салып, LRT-ны аралап жүргенін көрсетті. «№ 112 станцияға барып, LRT құрылысының барысымен таныстым. Абу Даби Плазадағы станцияда жалпы ауданы шамамен 5 мың шаршы метр болатын қасбеттің сыртқы металл қаңқасын монтаждау, ары қарай витраждар мен панельдерді орнату жұмысы жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында сынақ жұмысын бастау үшін осыған ұқсас жұмыс барлық 18 станцияда аяқталатын болады», – деп жазды ол. Ал сәуірде премьер-министр Олжас Бектенов барып, аралады. Жауаптылар үкімет басшысына транспорттық жүйені тестілік режимде іске қосу, яғни жолаушысыз пойыздарды сынақтан өткізу күзге жоспарланып отырғанын хабарлады. Бәлкім, жобаны тапсырып, ел игілігіне берсек, онжылдықтарға созылған дау ұмытылады деп үміттенетіндер де бар шығар.
Осы жөнінде заңгер Айыпқан Мұхамадиев былай дейді:
«Бұл о бастан дұрыс есептелмеген, экономикалық тиімсіз жоба болды. Астана қаласының әкімдігі ұсынды, үкімет қолдады да жіберді. Әуежайдан қалаға дейін салсақ керемет көлік түрі болады, тиімді транспорт делінді. Бірақ соның бәрі бекер болғанына бүгінде көзіміз анық жетіп отыр. Жобаның тиімсіз екенін де, ондағы коррупция жайлы да президент айтты, тапсырмаларын да берді. Сол кезде елордадағы халық саны 2-3 есе артса ғана жоба өзін-өзі ақтайтыны да сөз болған.
Әкімдік ұсынды, үкімет қабылдады. Парламент миллиард доллар шетелдік қарыз алуға қарсылық білдірген жоқ. Олар жобаның экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін біле тұра, неге сырттан қарыз алуға келісті? Әкімшіліктер де, ұлттық компаниялар да сырттан қарыз алып, елді берешекке батырды. Оның бәрі парламенттің рұқсатынсыз жүзеге асырылмайтын нәрселер. Сондықтан әуел баста тиімсіз жобаны қабылдағандар да, қаржы министрлігі мен парламент те жауап беруі керек. Ал жақында ғана ұсталған Ардан фигуранттардың бірі ғана. Қалғандары да анықталып, соның бәріне жол берген шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылмаса да, қызметінен кетірілуі тиіс.
Ардан келген соң ол сөйлеуі мүмкін. Бұрынғы істер қайта қаралып, жаңа мәндер пайда болуы да ықтимал. Жаңа фактілерді айтатын болар. Жаңа есімдерді атайтын шығар. Бірақ белгілісі, біреу, әкімді де сайлайтын «Нұр Отан», парламент те «Нұр Отаннан» тұрады. Сондықтан LRT дауына себепкерлердің бірі бүгінгі «Аманат» десек те артық емес».
Баян Мұратбекқызы