Лукашенко: 9 мамырға белгіленген парадты тоқтата алмаймыз
Белоруссия президенті Александр Лукашенко "коронавирусқа қарамастан жеңістің 75 жылдығының құрметіне Минскіде өтетін әскери парадты тоқтата алмайтынын, өйткені бұл мерекені мыңдаған адам күтіп отырғанын" мәлімдеді.
Лукашенко "көп ойланған, ақыры "Ұлы Отан соғысы" ардагерлерінің талабына көнген".
— Әртүрлі вирустар ме аурулар соғыс кезінде де болған шығар, бірақ оны ойлаған да жоқ,- деген Лукашенко "ардагерлер бүгінгі билік пандемиядан қорықты деп санамасын" дегенін айтты.
Бұған дейін 9 мамырға белгіленген әскери парадты тоқтатуды сұрап Белоруссияның 7 мыңнан астам азаматы қол қойған петиция жарияланған. Белоруссия қорғаныс министрлігі "жеңіс парады әскердің ұрысқа дайындығының маңызды бөлігі болғандықтан тоқтатуға болмайды" деп жауап берген.
Ресми мәлімет бойынша, Белорусссияда коронавируспен ауыратындар 3 мамырда 15 828 адамға жеткен. Пандемия басталғалы 97 адам қайтыс болған. Соңғы кездері күн сайын 800-900 адам жұқтыратыны анықталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Белоруссияны қатаң карантин енгізуге бірнеше рет шақырған.