Made in niet неден басталады?
«Ұлтты өлтірмейтін
оның төлтума
мәдениеті ғана».
Ақселеу Сейдімбек
Мәдениет – алуан түрлі, терең сырлы, мың қырлы құбылыс.
Ақселеу Сейдімбекше айтқанда, қоғам өмірінің мәнді де, құнды айғағы. Одан да тереңірек тарқатсақ, қоғамның өмір сүруінің міндетті қызметі. Сол мәдениет дегеніңіз патша жарлығымен, үкімет қаулысымен биіктемейді, өшіп те кетпейді. Ол – адам санасындағы өзгерістерге байланысты өркендеп те, құлдырап та жатады. Сондықтан біздің ертеңіміз – мәдениетіміздің деңгейіне байланысты десек қателеспейміз.
Мәдениет неден басталады деген сұрапыл сұраққа екі ауыз сөзбен жауап беретін Ньютон заңдарындай формуласы жоқ. Бәлкім, ол көшеде бара жатқан әрбір адамның тротуарға түкірмегенінен; қиял қанатына ән қондырған домбыра сазынан; бағзы заманнан келе жатқан әдет-ғұрыптың жақсысынан; отанға деген сүйіспеншіліктен; ата-анаға тағзымнан; үлкенге ізет, кішіге құрмет жасаудан; төрт құбыласы түгел, тоқ адамдардан; жаны мейірімге толы жандардан; өнер үлгілерінің озығынан; мемлекеттік тұлғалардың атына айтылатын сын-ескертпелерден; адамдардың табиғатпен қатынасынан; көркем және интеллектуалды шығармашылықтан; т.б. толып жатқан дүниелерден құралатын шығар. Біздің айтайын дегеніміз, мәдениеттің бастауында бірінші кезекте адамдардың ниеті тұратын сияқты. Әр нәрсе ниетке байланысты. Мысалы, кейбіреу намазды ел көрсін деп оқиды. Кейбіреу Құдайға шынайы құлдық жасап оқиды. Сол сияқты ала-құла ниеттен, күлдібадам мәдениет туады. Мәдениет кісіні адам етеді: ниеті неғұрлым таза, түзу болса, соғұрлым елеулі болады. Мәдениетсіздік – надандықтан: кемтілек, лас ниетті адамның озық қасиеттері тағы тұрпайлықтың әсерінен солғын тартып тұрады.
Шариғатта: пенделерінің имандылық ниет-пиғылы дұрыс болған жағдайда, Алла Тағала міндетті түрде олардың тілектерін қабыл етіп, ісін оңға бастырып, жетесіздердің жетім тірлігін түзу жолға салады екен. «Ниетің қабыл болсын!» деп бата беріп, бет сипап жататынымыз бекер емес. Мына бір даналық ойдың дәнін сепкен тәмсілді тарқатып айтып көрейік.
Баяғыда бір адам жоғарыға алақан жайып, Құдайға жалбарынып, күні ұзақ жылай береді екен. Бір күні Алла Тағала: «Ей, қазақ, сен неге жылай бересің?» – депті. «Маған бір үй керек еді» – депті әлгі адам. «Жарайды, саған үй жасайын. Бірақ ана көршіңе екі үй берсем, қызғанбайсың ба?» – депті Алла Тағала. «Жо-жоқ, о не дегеніңіз» – деп, төбе басынан төменге түсіп, ауылға келсе, өзінде бір үй, көршісінде екі үй тұр екен. Іші кішкене күйіңкіреп кетіпті. Біраз уақыт өткен соң тағы да Аллаға жалбарынып, жылай бастайды. «Ей, қазақ, не керек саған?» –дейді Құдай. Әлгі адам: «Маған бір «Волга» керек еді» депті. Үйіне келсе ауласында ақ «Волга» тұр екен. Ал көршісінің ауласында екі – «Волга». Іші қара қазандай қайнап, ертеңіне көз жасын қайта көлдетеді. «Ей, қазақ, саған тағы не керек?» – дейді Құдай. «О, Алла Тағала, менің мына бір көзімді ағызып жіберші» – депті әлгі адам. Өзінің іріңдеген ішкі есебі бойынша, өзінің бір көзі ақса, көршісі екі көзінен айырылып, соқыр болады деп жорамалдайды. Ол адамның тілегі орындалып, жалғыз көзімен жаяулап үйіне келсе, көршісінің қос жанары шоқтай жайнап тұр екен. «Бұ қалай болды?» – деп әлгі кісінің дауысы қатты шығып кетіпті. Сонда Алла Тағала: «Көршіңнің ниеті дұрыс екен», – деп ақ сағымға сіңіп, көзден ғайып бопты.
Сол айтпақшы, ниеті түзу адамның өң бойынан ұлтжандылықтың, отаншылдықтың, қарапайымдылықтың, қанағатшылдықтың, адамгершіліктің арнасы ашылып, көптің көзайымына айналып жүре береді. Осындай адамдар ғана төл мәдениетіміздің туын жықпай, көсегесін көгертеді.
Ақыл-ой алыптарының айтуларына қарағанда, белгілі бір елдің қал-ахуалын, болмысын білгіңіз келсе, музыкасына құлақ түру керек екен. Егер музыка тыңдаған бетте жаныңды еліктіріп, үйіре жөнелсе – ол қауіпті, онда, ел-жұрттың бей-берекет, немкетті, әркімнің өзімшіл күйкі тірлікке малданғаны. Апыр-ай, ә, дерсіз.
Біздің бүгінгі тыныс-тіршілігіміздің беталысына қарап, бойыңызды қорқынышты үрей билейді. Құдай сақтасын! Тыңдағанда жаныңды әлдилер сабырлы сазға, сергек сенімге толы төл мәдениетіміздің бас бармақтай бір саласы – дәстүрлі ән-күй өнерін өзектен теуіп, өшіріп тастаудан да тайынбайтын өгей ұлдар өсіп жетілді. Мүйізі қарағайдай телеарналарда дәстүрлі ән-күй өнеріне бөлінетін уақыты болар-болмас, толар-толмас азғантай ғана пайызды құрайды. Оның есесіне ұлттық «шулар» ұлардай шулап, есіңнен тандырады. Мұның бәрі – рухани қазынаны таңдауға халық қатыспай, тек тұтынатындықтан. Қайдағы бір талғамы төмен, өнерден алшақ бастықсымақтар бар-жоқты жинап, жұртшылыққа зорлап таңады. Қалың бұқара өзінен-өзі тұтынушылық орнында қалып, тым болмаса таңдау функциясы бұйырмаған соң не айтуға болады. Өкінішті-ақ.
Төл өнерімізге тіксініп қарайтын, билік тізгінін ұстап отырған, ұлттық рух бойына сіңбеген кемтілектерді көріп, қазақ руханиятының корифейлері: Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Сұлтан Оразалин, т.б. еске түседі. Қазақтың қамын жеген қайран ағалар-ай!
Мәдениеттің бастауында ниетпен қатар адамның жаны мен тәнінің тазалығы тұрады. Жүрегі таза адам көршінің қойыртпағына, кәрі құрлықтың қаңсығына құмартпайды. Тазалық бар жерде – елге деген сүйіспеншілік ерлікке бастайды. «Батыр ақын болмаса, батырлыққа мін емес. Ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес» (Өмірзақ Қожамұратов) демекші, бір Махамбет бабамыздың өзі неге тұрады?!
Тазалық дегеннен шығады-ау, кавказ халықтарының көсемі, имам Шәміл орыс генералынан: «Сендер неге біздің жерге келіп, бізбен соғысып жатырсыңдар?» – деп сұрапты. Генерал оған: «Біз сендерге – жабайыларға мәдениет пен өркениетті үйретуге келдік», – деп жауап береді. Сонда имам Шәміл жанында тұрған мұсылман сарбазын өзіне шақырады да, оған аяқ-киімін шешіп, аяғын генералға көрсетуді бұйырады. Мұсылман күніне бес рет жуынып тұратындықтан, оның аяғы да тап-таза екен. Содан кейін имам Шәміл орыс солдатын шақырады да, одан да соны істеуді сұрайды. Орыс солдатының аяғы кір болып және алыстан сасық иісі аңқиды. Сол кезде имам Шәміл генералға: «Сонда сендер бізге осындай мәдениетпен келдіңдер ме?» – деген екен. Төл мәдениетіміздің туын көтеріп, тұғырын биіктеткен ұлы тұлға Шәкен Айманов: «Мен Мәдениет министрінен қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын» дегендей, билік тізгінін ұстап, замана бағытын түсініп алған «икемделгіш» шенеуніктер өз ұлтының басынан аттап кетпей, төл мәдениетіміздің төңірегін кір-қоқыстан тазартып, нағыз ұлтжандылық пен мемлекетшілдік сыналар тұста табандылық танытып, нәзік үдеріске айрықша назара аударса дегіміз келеді.
Композитор Россинидің жанашыр достары қаражат жинап, даңқты жерлесінің көзі тірісінде ескерткіш орнатуды ұйғарыпты. Мұны естіген Россини шыр-пыр болып: «Сол ақшаны маған беріңдерші, мен өзім-ақ қашан, қай жерде, қанша уақыт болса да тұрып берейін» деген екен. Сол айтпақшы, өзектен теуіп, өзіміз өшірмесек, төлтума мәдениетіміз – қашан, қай жерде, қанша уақыт болса да жаһандануға жұтылып кетпей, құнды қасиеттерін жоймай, қазақпен бірге жасай береді.