Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы өседі

Министр Д.Абаев Шымкент жұртшылығымен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, биылдан бастап жергілікті әкімдердің халыққа есеп беруіне өзгерістер енгізілді. Әкімдер енді халықпен кездесу өткізеді. Сол сияқты президенттің тапсырмасымен министрлер де өңірлерді аралап, халықтың талап-тілектерін тыңдауға көшті.
Осы тапсырма бойынша өткен аптада Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкентке келіп, жұртшылықпен жүздесті.
– Біз мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптастыруымыз керек. Жалпы, министрліктің жұмысынан өңір халқы толық хабардар болуы қажет. Әрі қарапайым тұрғындар арасындағы мәселелер көтеріліп, шешімін табуы тиіс. Сондықтан бүгінгі жиында көтерілген барлық проблема назарға алынып, алдағы жоспарға енгізілетін болады, – деді министр кездесуде.
Былтыр үшінші мегаполисте 9 мәдениет нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы 10 нысанға қаржы қаралған. Бұдан бөлек, қалада Конгресс холл мен Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр.
Кездесуде министр мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы туралы сұрақтарға да жауап берді.
– Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы, орта есеппен, әр жыл сайын 20 пайызға өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100 пайызға артады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 1 шілдеден бастап, «ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75 пайызға артатынын атап өткім келеді, – деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, елімізде кино өндірісі қарқынды дамып келеді. Мәселен, «Қазақфильм» киностудиясын жаңғырту жүзеге асырылып жатыр, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл бірлестік биыл көрермендерге 10 пилоттық жоба ұсынады. Рейтингі жоғары анимациялық фильмдер мен кинокартиналарды қазақ тіліне дубляждауға қаражат бөлінеді.
«Сұрақ-жауап» сессиясы аясында министрге маңызды сұрақтар қойылды, олардың басым бөлігі мәдениет саласына және спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыруға қатысты болды. Дәурен Абаев соңғы уақытта өзекті мәселеге айналған Artsport жобасының жабылмайтынын айтты, тек талаптарға түзетулер енгізілетінін жеткізді.
– Өкінішке қарай, жобаға қатысты алып-қашпа әңгімелер де тарап жатыр. Мәселен, бір отбасынан бір ғана бала үйірмеге қатысады деген сөз шындыққа жанаспайды. Алдымен, жобаның жабылмайтынын ескеру керек. Әр бала үйірмеге бара алады. Қазір тек бизнес өкілдерінің жұмысына қатысты талаптар күшейтіліп отыр. Ол, ең алдымен, балалардың сапалы білім алып, шындалуы үшін маңызды. Бұл өзгерістерді ата-аналар қолдайды деп сенемін. 2025 жылға дейін спортпен жүйелі түрде айналысатындар санын 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Былтыр еліміздің шалғай аудандарында 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында – арнайы жоспар түзіліп, 2025 жылға дейін 113 спорт нысанын салу, 21 ғимаратты жаңғырту және 6 нысанды қайта жарықтандыру мәселесі қаралып отыр. Шымкентте ат спорты түрлеріне арналған ипподром салынуда, – деді Д.Абаев.
Түстен кейін министр құрылыстары қарқынды жүріп жатқан қаладағы бірнеше спорттық нысанды аралады.
– Болашақта бой көтерер бұл спорт сарайлары әлі талай мықты чемпиондарымызға тұғыр болатынына сенімдімін. Оған әлеуетіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті деп есептеймін. Сонымен қатар қала маңында орналасқан ауылдық жерлердегі этно-музей, суретшілер үйі сияқты мәдени орындарға арнайы бардым. Жергілікті қолөнер иелері мен қылқалам шеберлерінің небір ғажап туындыларын тамашалап, рухани азық алып қайттық. Шешімін күтіп жатқан мәселелер аз емес. Қойылған сауалдардың бәрін мұқият тыңдап, көп сұраққа сол жерде жауап беруге тырыстым. Кей сауалдардың жан-жақты саралануы керектігін жеткіздік. Айтылған уәждің барлығы өзекті деп білемін. Алдағы уақытта жергілікті әкімдікпен бірлесіп, бизнес өкілдерін тарта отырып, көп сұрақтың оң шешімін табуға болады.
Бұлардан бөлек, сапар барысында киелі орындарға баруды да ұмытпадық. Алдымен, әулие Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы Ибраһим ата мен Қарашаш ананың кесенелеріне зиярат етіп, құран бағыштадық. Жалпы, Сайрам топырағы ежелден сансыз баптардың мекені саналады. Кей деректерде бұл шаһарды ежелгі Исфиджаб қаласы деп те атайтынын білдік. Айтпақшы, Сайрамға жолы түскен адам Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелерімен қатар, Қызыр әулие мұнарасына да соқпай кетпеуі керек. Жалпы, тасын түртсең, тарихы тіл қататын Шымкент топырағында мұндай киелі орындар өте көп. Әлбетте, Шымкент десе, бірден көз алдымызға дархан да қонақжай, іші-бауырыңа кіріп тұратын нағыз мәрт қазақтың бейнесі келеді. Өңір халқының еңбекқорлығы, Отанымызға деген ерекше сүйіспеншілігі, меймандостығы сол себепті де кез келген қонақты тәнті етпей қоймайды. Сапарымыздың барысында шымкенттіктердің бұл қасиеттеріне біз тағы бір мәрте куә болдық, – деді осы сапарын қорытындылаған министр.
Халықпен кездесуден кейін Дәурен Абаев БАҚ өкілдері үшін арнайы брифинг өткізіп, азаматтарды қабылдады. Кездесуге 500-ге жуық адам қатысты.