Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 23 Қыркүйек 2022

Мәдениет саласына мән берілуде

None
None

Ел дамуының осы жылдарында халқымыздың мәдениет саласының дамуына да айрықша көңіл бөлінді.

ҚР президентінің жарлығына сәйкес, елімізде 2013 жылдан бері 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Аталмыш күні рухани байлығымызды арттыруға, мәдени дәстүрлерінің дамуы мен сақталуына зор үлес қосып жүрген мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне жылы лебіздер мен алғыстар айтылып, еңбектері де еленіп жатады. Сондай-ақ жыл басында мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы көтерілетіні де айтылған болатын. Әсіресе «Ұлттық» мәртебесі бар мекемелердің жұмыскерлерінің айлықтарына қосымша үстемақы қосу мәселесі көтерілген еді. Мұның барлығы еліміздің мәдениет саласының дамуы жолында қолға алынып жатқан шаралар деуге болады.

Осы орайда атап өтер жайт, елімізде ұлттық мәртебесі бар 7 637 мәдени нысан жұмыс істейді екен. Алдағы уақытта олардың санын арттыра отырып, мемлекет қамқорлығына алу қажеттігін көтерген ниеттің артында еліміздің ұлттық құндылықтарын қолдау жатқаны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл, ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдікпен берілетін тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде», – деген еді Қазақстан халқына арнаған алғашқы жолдауында. Демек, мәдениет саласы қазіргі таңда мемлекет басшысының назарында деуге болады. Сондықтан сала мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп, оны шешу жолдары да қарастырылу үстінде.

 Ал 2013 жылдан бері 21 мамырда мәдениет қызметкерлері күніне орай халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланып, олардың назына құлақ түріліп келеді. Соның арқасында сала мәселелері тез шешімін табуда. Жалпы қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр, кино жəне опера əртістерінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ұшан-теңіз. Мәдениетсіз елдің алға дамуында да мән жоқ екені анық.  Осы орайда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғанға дейін де, алғаннан кейін де еліміздің мәдени саласында қаншама өзгерістер болды, әлі де болып жатыр. Еліміз өз мәдениетін, өркениетін шетке ысырып қойып не болмаса қалдырып кеткен жоқ. Керісінше, мәдени саланы қайта жаңғырта отырып, дамыту үстінде.

Жасыратыны жоқ еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары  мәде­ниет­тің дамуындағы ерек­ше­лік­­тер ел ішіндегі саяси және әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайларға тікелей қатысты өрбіді. Бюджеттік қаражаттың жеткіліксіздігінен мәдени ошақтардың қызмет аясы тарылды, әсіресе гастрольдік жә­не көрме жұмыстары күрт азайып, бұрынғы те­­гін қызмет көрсету орындары ақылы қызмет орындарына ауысты, кітапхана, мұражай, мұрағат қорлары азая бастады.

Қазақстанның өз ішіндегі және БҰҰ-мен мәдени-рухани қарым-қатынастар тоқтатылды. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан елімізде шетелдік мәдениеттің нашар үлгілеріне еліктеушілік белең алды. Бұл әрине ел назарынан тыс қалған жоқ. Бұған тосқауыл қою үшін мәдениет саласындағы саясатты қайта қарас­тыру қажеттілігі туындады. Нәтижесінде 2014 жылдың 17 қаңтарындағы елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында мәдениет саласын дамытудың нақты жоспары жасалып, «Қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған елдің мәдени саясаты дамуының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту» туралы нақты міндет қойылды. Аталмыш жолдауды жүзеге асыру мақсатында ҚР мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасы дайындалды. Бұл 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемдік мәдениет пен өнердің даму орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік беретін бағыт бағдар болатын. Қазіргі таңда елбасы бастамалары Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауларынан да көрініс тауып, ҚР мәдени саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын жүзеге асыру жалғасын табуда. Демек, ел мәдениеті қайта серпіліс үстінде...

Тегтер: