Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 10 Шілде 2024

Мәдиев vs Смышляева. «Цифрлық шекарада» тыныштық жоқ

Жасұлан Мәдиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Өткенде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевке ресми сауал жолдағанбыз.

 Өйткені ол 5 маусымда өткен AFM online конференциясында «P2P саудасы заңда әлі толыққанды реттелмеген, сондықтан цифрлық шекараны нақты ажыратып беретін нормативті-құқықтық актілер бойынша жұмыс істеу керек» деген еді. Біз сол сөзінің мән-мағынасын егжей-тегжейлі білгіміз келген.

Біздің сауалға араға екі апта салып, «Министрліктер үйі» жақтан оңайлықпен түсіне бермейтін тілде жауап келді. Сол жауабына қарағанда, министр «Цифрлық шекара» деп қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің шығарылуы мен айналымын жүзеге асыруға арналған аумақты айтып отыр. Сосын, заңға «цифрлық активтерді шығару» және «цифрлық актив айналымы» деген нақты ұғымдарды енгізіп, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығарудың және олардың айналымының аумағын ажыратуды көздейді. Ендеше, соны қандай жолмен ажыратқысы келетінін білгіміз келіп, сол жағын тарқатып айтып берер деп үміттенгенбіз. Бірақ осы қысыр жауаппен шектелген екен.

Көршіден көргенін істеп жатқаны ма?..

Жалпы заңға түзету енгізу тәжірибеде жиі болып тұрады десек те, жаңа ұғым енгізуге кішкене жүрек керек. Сол үшін де біздің кей органдар әлемдік тәжірибеде сәтті енгізіліп, қолданып жүрген үлгілерді көшіріп алуға құмар.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де осы кәнігі әдетке салған дегелі отырған жоқпыз. Дегенмен тап осындай «Цифрлық шекара» ұғымы Ресейде де қолға алынған. Олар бірақ Мәдиевтен ертерек кіріскен. «Росткомнадзор» жыл басында бұйрық мәтінін жариялап, қыркүйекте қолданысқа енгізбекші. Сөйткен құжат белгілі бір нарық үшін емес, жалпы интернет қолданушыларына арналған. Сол бұйрық арқылы көрші ел IP-мекенжайлардың базасын қалыптастырғысы келеді.

Ал бізде цифрлық даму министрлігі осы ұғымды цифрлық активтер нарығын реттеу үшін қолданбақшы. Алайда оны реттеп отырған «Цифрлық активтер туралы» заң бар емес пе еді? Көзге ұрып тұрған олқы тұсы бар десек те, сол заңмен-ақ бәрін реттеп отыруға болмай ма?.. (Олқы тұсы туралы өткен жолғы мақаламызда кеңінен жазғанбыз).

Біздің министрге сауал жолдауымызға себеп болған мына жағдай еді. Маусымның 5-і күні өткен AFM online конференциясында криптонарық өкілдері министрден P2P саудагерлеріне неге іс қозғала беретінін сұрайды. Ал криптосаудалаушыларға іс қозғалатын себебі, әлгі «Цифрлық активтер туралы» заңның 6-бабы елдің басын қатырып қойған. Сол бапта «қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналысын жүзеге асыратын тұлға Қазақстан Республикасының дара кәсіпкері мен заңды тұлғасы» екені анық жазылған. Ал біздің нарықта саудаланып жатқан «қамтамасыз етілген» деп саналып жүрген USDT түгел сырттан кірген, яғни оны отандық кәсіпкер шығармаған. Қазір криптонарықта цифрлық актив ұстаушылардың дүрлігіп жатуы бекер емес. Олар Қылмыстық кодекстің 214-бабымен жауапқа тартылғысы келмейді. Дүрдараздықтың бәрі осыдан туып отырғандықтан, министр мырзамыз соны түсініп, жаңа ұғым қуаламай-ақ, алдымен заңдағы осы қайшылықты түзеп жіберсе дұрыс болар еді. «Цифрлық шекарасын» содан кейін-ақ шегендей берсін.

«Ақсақ қой түстен кейін маңырайды»

Ол кісі енді «электронды шекара» ұғымымен алданып жүре тұрсын, өткенде парламент жазғы каникулға кетер шаққа таяғанда қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерге түзету енгізіп жіберді. «Қамтамасыз етілмеген цифрлық актив – қамтамасыз етілген цифрлық активке қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін цифрлық актив» деп қарадүрсінмен қоя салды. Бұл біздің пайымға салғанда, тым қарапайым әрі табиғатына сәйкес келмейді һәм қисынсыз. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның бастамашы болуымен енгізілген осы түзетуге 5 шілде күні президент қол қойып тастады. Енді ол 10 шілдеден бастап қолданысқа енеді.

Мәдиев заңға жаңа ұғым енгізуге енді кіріскелі жүргенде депутат ханымның түзетуі жағдайды мүлде ушықтырып жіберді. Себебі қазақстандықтар жиі қолданатын USDT криптоактиві осыған дейінгі заңда онсыз да қамтамасыз етілмеген цифрлық актив болып саналып келді. Бірақ қылмыстық жауапкершілікке тартылғысы келмегендер тым құрыса сотта олай емес екенін дәлелдеп, сарапшының пікірін ортаға тастап, әйтеуір амалдап көретін. Ал енді жаңа түзету оған да мұрша бермейтіндей етіп мүлде нықтап тастады. (Түзетудің неліктен қисынсыз екенін өткен мақаламызда тарқатып жазғанбыз).

Жағдайды бұлай ушықтырмау үшін Жасұлан мырза әу бастан осы былыққа тосқауыл болып, депутаттармен де, құзырлы органдармен де бұл мәселені ортаға салып, қисынсыз түзетуге жол бермеуі керек еді. Алайда оның орнына өз түзетуін күйттеп жүргенде депутат ханым тірлігін бітіріп тастады. Сөйтіп министріміз кешігіп қалды.

Бұл екеуі бір-бірінің ісінен бейхабар күйде екіжақтап заң түзетіп жүргенде, үшінші жағынан Қаржы мониторингі агенттігі «заңның жолы осы екен» деп, «Цифрлық активтер туралы» заңның 6-бабына сай келмегені үшін USDT саудалаушыларды шетінен сықпыртып жатыр. Сайып келгенде, «аққу, шортан һәм шаянның» мысалына тап болдық. Ақыраяғында қолында билігі бар білдей үш мемлекеттік органның арасындағы өзара түсіністіктің жоқтығы қарапайым азаматтардың басына қылмыстық іс болып түсіп жатқаны өкінішті.

Бекбол Амангелді