Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 17 Сәуір 2024

Махаббатта өкініш бар, үміт жоқ («Бір өкініш, бір үміт» романын қайта оқығанда)

Бір өкініш, бір үміт» романы
Фото:

«Бір өкініш, бір үміт» романы – өткен ғасырдың 80-жылдары оқырман қауым жаппай таласа-тармаса оқыған, қазақ әдебиетінің роман тарихына қапысыз енген, үздік шығармалардың бірі.

 Ол уақыттың студенттері Бексұлтан Нұржеке-ұлы романын қолдан-қолға жүгіртіп, тастамай оқыпты. Дулат Исабековтің «Қарғын», Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар» романдарымен салыстыра, жарыстыра талай сыр-сұхбат та құрылыпты. Бұл шығармалардағы махаббат тақырыбы, жастық пен мастық, еркелік пен тентектік, тіпті қоғамдағы әлеуметтік, бозбалалық еркіндік сипатымен оқырмандарын айрықша елітіп, тебіренткен көрінеді.

Енді, жарық көргеніне қырық жылға тақау уақыт өткенде, біз қайырыла соғып отырмыз. Адам қартайғанмен, сезім қартаймайтынына, кітап ескіргенмен, шығарма ескірмейтініне, уақыт өзгергенмен, заңдылық өзгермейтініне тағы бір көз жеткізіп тұрғандаймыз.

Өткен ғасырдың қойнауында қалған әлдеқандай оқиғаны сүйреп отырып, жаныңа әкелу, ұмыт қалған шабытты өрісті қиып алып, бойыңа тоғыту, сол кезеңдегі оқырманның толқыған көңілін, шалқыған сезімін ой санаңда елестете отырып, жүрегіңе сыйдыру қандай болады десе, «Бір өкініш, бір үмітті» оқығандай болады дер едім.

Шеген кешкен сезімдер мен толқыныстарды еш жатырқамай қабылдауымыздың себебін жазушының өмір шындығы мен адам диалектикасына әжептәуір бойлай алғандығынан іздегеніміз дұрыс болар еді. Бексұлтан Нұржеке-ұлының қалам табиғатына тән осынау ерекшелік ең алдымен автордың өз тақырыбын таба алғандығын аңғартады.

«Бір өкініш, бір үміт» романы тұтас бір дәуір келбеті мен сол кездегі ұр­пақ­тың өмір жолы, тағдыры, қуаныш-реніштері, мөлдір сезімдері көркем суреттелген, өмір шындығынан алынған шығарма. Роман замандастарымыздың өмірден өз жолын тауып, өнерге ұмтылыс-талпынысын, сол мақсатқа жетуге талаптанған ізденістерін, сондай-ақ адамдар бойында адалдық, кісілік, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасу мәселелерін қозғаған таңдаулы туынды», – деп еді жазушы Қуанышбай Құрманғали.

Демек, бұл роман өзінің мазмұндық жағынан да, формалық, фабулалық қырынан да қазақ прозасының айдынында ерекше көзге түскен роман. Шығармадағы бас кейіпкер Шегеннің бейнесі арқылы, оның айналасындағы достары, махаббаты, тіпті жаулары арқылы да қаламгер заманның запыран шындығын һәм сұлулығын жазады. Әр қаламгер өзінің өткен шағын кейін еске алғанда үлкен сағынышпен, зор махаббатпен тебіренері хақ. Бұл шығармада өткен өмірдің өкініші, келер уақыттың үміті бар.

Романның оқырман арасына кең тараған мына бір сөйлемі оңашада адамды ақтарылып, сыр шертуге итермелейді. «Өз әйелімді сүйе тұрып, тағы басқаны ұмыта алмауым, тіпті, сағынуым; бала күннен бірге өскен досымды бар пейіліммен сыйлай тұрып, онымен қырғиқабақ жандармен де жылы сөйлесуім – осының бәрі не қылық, адамгершілік пе, екіжүзділік пе?».

Осылайша, ой толғатқан роман өз әйелін сүйе тұра, басқа әйелді ұмыта алмай жүрген кейіпкер жайында. Шеген мен Бүбіш, Шеген мен Шәзия махаббаты – өмірде болған, бола беретін тылсым сезім. «Барлық әрекетті жиып қойып, тек соны ойлай бергім келеді, ойлай бергім келеді» деген ішкі арпалысы мол Шегеннің Бүбіш пен Шәзия арасындағы отты қоғам өртімен қатар кешуі де оның романдағы шығармашылығына әсер етеді. Құдды өзін неше замандардан бері сол әйелге ғашықтай, неше уақыттан бері темір тордың ішінде отырған бұлбұлдай сезінетін Шегеннің қаламы не болса соны жазып кетпедім бе деп те ойланып қалатын кезі шынайы қаламгерлік психологияны білу деп ұйғаруға болады.

Бексұлтан Нұржеке-ұлы Шегеннің психологиялық ойлары арқылы жалпы қалам ұстағандарға тән қасиетті аршып көрсетеді. Романдағы оқиғалар шебер үйлесіп, кейіпкерлердің қарым-қатынасы шынайы болғандықтан сол замандардағы қазақ жазушысының, қазақ әйелінің мінезін, болмысын тез танимыз.

Әрбір кейіпкерде автор мінезінің, өмірінің, әдетінің, ойларының ұшқыны болады. Өз жаның кешкен аяулы сезімдерді, азапты ойларды ширықтырып жазғанда ғана кейіпкер шынайы шықса керек. Шеген сондықтан да азаптанады, ойланады. Асылы Шеген – романдағы Бексұлтанның проекциясы.

«Бір өкініш, бір үміт» романы – өз көрген-білгенім мен бастан кешкенімді қорытқан шығарма. Бозбаланы күрт есейтетін нәрсе – махаббат сезімі. Аса күшті сезім адамды аса айрықша күйге бөлейді. Сол күйден адам баласы өзінше ой түйеді, өзінше пікір қалыптастырады. Жақсы көру мен жек көру – адам бойындағы ең күшті сезімдер. Сол күшті сезімдердің ықпалымен адамның кісілігі немесе иттігі, адалдығы немесе арамдығы, ұяты мен ұятсыздығы қалыптасады. Міне, осыған өз бағамды беру үшін, «Бір өкініш, бір үмітті» жаздым», – дейді бір сұхбатында жазушының өзі.

Адамның адамдығын сынайтын өмір сенің барлық қасиетіңді іріктеп шығарады. Ондағы сен кешетін сезімдердің бәрі біз ойлағандай ғажайып, біз ойлағандай керемет бола бермейді. Кім не боп қаларын, кім боп қалыптасарын да пешенесінен көреді.

Жазушы болмақ Шегенді: «Тәп-тәуір тілі, қызықты оқиғасы болғанмен, автордың айтқандары адамды иландырмайды. Жалпы, Шегеннің жазғандарынан замана рухы сезілмейді» деп сынайтыны бар. Оған: «Сын емес, сұмдық үкім. Қайта қоғамға қарсы адам демегеніне де шүкір» деп, Шеген шамданады. Ақиқатында, бұл – жазушы Бексұлтанның да ойымен өзектес пікір. Бұдан сол уақтағы Кеңес заманының солақай сыны мен сұм саясатының лебі де есіп тұр. Солақай сын «ұсақ» ұлттық әде­биет­тің сорын қайнатқан кезеңдер болғаны да – ақиқат. Талай таланттың түбіне жеткені де шындық. Небір дарындылар тайқып кеткені де белгілі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Елес» әңгімесіндегідей, ағысқа қарсы жүзбек болғандардың аз қалғаны да рас. Жазушы сондықтан да Шегенге қаратып, Райбек деген кейіпкерінің аузына мынадай сөз салады: «Тіпті тақырып таппасаң, бала күніңді жаз. Бала күн деген жазушының таусылмайтын шикізаты: топырақтың астында қалған ағаштың шіри-шіри кенге айналатыны тәрізді, бала күнгі әсерлер есте сақтала-сақтала жүріп нағыз асыл ойларға айналады. Жалпы, өзінің сәби күнін зерттемеген адам сәбиліктен ұзай алмайды, ессіз балалықтың байыбына жетіп көрмеген кісінің есті болып ер жетуі екіталай».

Осы бір лейтмотив жазушының да негізгі тұғырнамасы іспеттес. Оның әр шығармасынан балалық шақта әсер алған бастаулардың тұнық толқымалары бай­қалып қалады. Еренқабырғадай ұлы таудың ұшар биігінен ұланғайыр етегіне дейін көзімен тінтіп, көңілімен кескіндеген Бексұлтан балалық шағынан нәр тартатыны анық. Туындыларында туған жер табиғаты мен туған өңір адамдарына айналып соғып отыратыны да содан.

Бұл жазушылық туралы әңгіме не үшін айтылып отыр. Өйткені Шеген бұл романда, ең алдымен – жазушы. Оның жазып отырған шығармасы тұтастықты, бірлікті қажет етеді. Автордың өз ойымен параллель жүріп отыратын тұжырымдардың автор үшін, жалпы, қаламгер қауым үшін өміршең, мәңгі екенін білген сайын жазушылық шеберхана оқырманды өзіне одан әрі ынтықтыра түседі.

Тұздық

– Ей, – деді масайрай күліп, – сенің әкең – мен. Мына бұзық шешең шын әкеңді жасырып жүріпті ғой сенен, бұдан былай біліп жүр.

Қалжың екенін ұқса да, әлгі сөз жанына түрпідей тиді.

– Былшылдама, сен менің әкем емессің! Жолама Жәмиханға! – Қалайша батылданып кеткенін Шеген, тіпті, өзі де сезбей қалды. Долданып жылап жібере жаздады.

– Һіһ, қайтеді ей мына күшік? Өй, шешеңді... қарай көр өзін, қайтадан шешеңнің ішіне тығып жіберейін бе?

– Сенің өзіңнің шешеңді...

– Әй, тарт тіліңді!

– Тартпаймын!

– Шегентай, қой! Үлкен кісіге өйтіп айтпа, ұят болады. Ол сенің ағаң ғой.

Жәмиханның өзін жақтамай, оған ара түскеніне бала жарылып кете жаздап ызаланды.

– Ол неге өзі боқтайды?

– Боқтаған жоқ, қалжыңы ғой.

– Мен оны қазір бір періп жіберемін! – Бала жыламсырап, жерден тас іздеді. Сол кезде қырманның шетіне келіп атынан түскелі жатқан атасын байқап қалды. Ызаға булығып тұрған бала: – Ата! – деп жан дауысы шыға бақырып жіберді. – Ата!

Осы психология сізге таныс емес пе? Таныс! Ең алдымен баланың ананы қорғау, қызғану психологиясы бар. Бұл жерде жігіттің де, Жәмиханның да мінездері көрінеді. Ал соңында баланың атасын көре сала жылап жүгіруі, қорғансыз, өзінің әлі де бала екенін сезінгендік. Адам жанын толқытып, толғандыратын тақырыптарды Шегеннің өміріне лирикалық шегініс жасау арқылы үңілетін қаламгер өмірдің қилы-қилы тұстарын, сілемдерін, қабаттарын тереңдеп ашады.

Қашан да шын қаламгердің – жазушының жүрегі, бүкіл жан дүниесі сан алуан мол қазынаның қайнар көзі іспетті. Ол өзінің жан қойнауындағы сол қазынаны қолындағысын анаған да, мынаған да үлестіретін кейбір дарақыларға ұқсамай, әр қазынасын өз орнымен пайдалана білуі керек. Қолыма қағаз-қалам тиген екен деп әр тақырыпқа бір секірмей, өзінің оңтайына келетін машықты тұсын таңдап ала білген жөн. Өнерде мұны амплуа дейді. Роман кейіпкерлері өз заманының, өз кезеңінің мәселелерін, тынысы мен тіршілігін, алуан түрлі өмір салтын қамтиды. Бір ғана білетініміз, шығарманы оқи бастағаннан-ақ өзің есіңді біліп, етегіңді жапқалы іздеп жүрген бір бұлаққа кезіккендей боласың. Және ол бұрын да кім көрінген келіп шөлін басып, шөбін таптап, ат суарып кеткен, жиегі жағал-жағал сасық бұлақ емес, жан мен тәнге ұлы бір күш-қуат беретін нағыз мөлдір, нағыз шәрбат бұлақ екеніне дәмін татқан сайын көзің жете түседі.

Шеген тағдыры, махаббаты күтумен өткен ғұмырдай жанталасқа толы. Ол – жүрек жанталасы, сезім арпалысы. Бүбіштің күйеуге тиетінін естігендегі, оны басқа емес, өзінің анасы көндіріп беретін болғандығын білгендегі жәй-күй ішкі жан дүниеде зор жарылыс тудыратын оқиғалар. Енді анық-қанығын Бүбіштің өзінен білу үшін онымен жолығу керек. Сөйтіп жүргенде оның да сәті түседі.

Тұздық

– Есенсіз бе? – дедім әдейі ерсілеу амандасып.

– Әзірге есенбіз. – Менің шабуылымнан гөрі оның қорғанысы ұтымды шықты, оған ептеп ызаландым. Қыздың жанын онша ауырта алмағаныма айызым қанбай, тағы тиістім.

– Тойға қамданып, киім-кешек, жасау-жабдық сатып алуға шыққан сияқтысыз.

Осы жолғы сөзім ойлаған жерден шықты, қыздың жүзі қолма-қол қуарып кетті. Бетіме қарағысы келіп көзін көтере бере, батылы жетпей, қайта түсірді. Қолын созып, бұтаның бір шыбығын ұстамақ болып еді, қолына ештеңе ілінбеді. Сонан соң қолына қолын сүйкеп, кенет әлденеге бекінгендей басын көтеріп, бетіме тіке қарады. Жанары мөлтілдеп жасқа толып тұр екен. Ет жүрегім елжіреп қоя берсе де, сазарып сыр бермедім. Көзін төңкеріп төмен қарағанында, көз жасы мөлт-мөлт үзіліп кетті. Кірпігі шыланып шыға келді.

– Жарайды, сен жылама, Бүбіш, – деді Жағда даусы жарықшақтанып. – Жаңа өзің айттың ғой маған: «Естігендеріңнің бәрі де рас», – деп. Әкесі өлгенді де естіртеді, сен енді жасырмай шыныңды айтшы: Отарға тиетін болғаның рас па, жоқ па?

– Тимеймін!

– Тимесең, неге құда түсіресің?

– Мен ғой деймісің құда түсірткен, әке-шешем..

Қыз психологиясы, ғашық психологиясы осы жерде өте шынайы суреттелген. Одан әргі Бүбіштің тағдыры мен Шеген өмірі де қаламгер жазуында ерекше шеберлікпен суреттеліп жазылады.

Жазушы романда кейіпкерлердің ішкі болмысына, иіріміне терең мән береді. Оқиға қалай баяу жылжыса, жазушы да жазу мәнерінде соншалықты сабырлы, ұстамды. Бәлкім, бұл Шегеннің есеюіне де байланысты. Сол арқылы кейіпкерлерінің бейнесі барынша бояуы қанық болып көрінеді. Романдағы Боташ сияқты кейіпкерлерге де әділетті қарауға тырысады. Ол да адам баласы. Адам жанының диалектикасы шексіз. Боташ сияқты адамдарды неге ылғи бір жақты жамандай беруіміз керек. Жазушы осы таптаурын ойдан қашады. Бүбіш, Бәтжан, Мәмет, Жәмихан, Сәлима, Қабилардың бәрі мейірімді, шуақты жандар. Бірақ адам ретінде суреттелген. Кемшілігі мен жақсылықтары тең. Я, бірыңғай мінсіз емес.

Бір өкініші, бір үміт. Осы тіркестің өзі адам өмірін бейнелеп тұрғандай. Кімнің өмірі өкінішсіз, кімнің тағдыры үмітсіз дейсіз. Шегеннің тағдыры да бір үміт, бір өкініш арасындағы жол. Осы Шегенді ғалым Бақыт Кәрібаева екіге бөліп қарастыруды ұсынады. Ол бала Шегеннің өмірі жазушы Шегенге қарағанда ұтымды шыққан деп есептейді. Яғни жоғарыда айтқан бірінші бөлім деген тұжырымына қайта келеміз.

Иә, расымен, бірінші бөлімдегі басты кейіпкердің балалық шағы динамикалы түрде оқиғаларды баяндап отырады. Жазушы Шегеннің тағдыры бала Шегенге әбден байланған. Бала Шегеннің тағдырын күл талқан қылмай, тағдыр өткелдерінен аман алып шыққан – сезім мен сенім. Бүбіш бейнесі жақсылық жасаушы, мейірімді жан болып көрінеді. Әрбір адамның өмірінде махаббат ерекше орын алады. Дүниеге көзқарасты да белгілі дәрежеде сезім қалыптастырады. Мына әлемнің жақсылығы мен жамандығын сезім арқылы қабылдай бастайсың. Өйткені өмірді жалғыз сүру мүмкін емес.

«Бір өкініш, бір үміт» романы адалдықты, адамгершілікті айтатын шығарма. Шеген, Бүбіш, Райбек, Шәзия сияқты жастар қазір де бар. Бірақ олардың қарым-қатынасы өзгерген болуы мүмкін. Бірақ негізгі, ең басты құндылық ешқашан өзгермейді. Ол – махаббат. Өзіңе деген, ата-анаға деген, жарыңа деген шексіз, шетсіз сезім.

Бексұлтанның әдебиет әлеміндегі тұсауын Мұқағали кесті. Әйел затының бейнесін, ішкі сырын, шаттығы мен мұңын шебер суреттейтіні үшін қаламдастары оны «қазақтың Мопассаны» атады.

Бұл роман Бексұлтан Нұржеке-ұлының есімімен астасып, екеуі тұтас бір дүниеге айналып кетті. Кейінгі буын оқырмандарға аңыз боп жеткен романның сыры мен сымбатына әлі қанша ұрпақ өзінше үңіліп, өзінше сараптайды. Неге Шегеннің бейнесі сәтті шықты? Неге Шегеннің махаббаты мәңгі махаббат? Оның жауабы да уақыт алмасқан сайын әртүрлі бола бермек.

Бағашар Тұрсынбайұлы