Махамбетов Әсет Кеңесбекұлы – Қазақстан Республикасы Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары «Консорциумды іріктеу қалай өтті»

– Халықаралық консорциумға іріктеу қалай жүргізілді?
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұратын мұқият және кешенді процесс болды. Бұл – ең қолайлы әрі тиімді технологияны анықтау үшін қажет шара.
-
Бірінші кезең: 2022 жылы әлеуетті технологиялардың қысқа тізімі жасалды. Оған төрт компания кірді: Ресейлік «Росатом», Қытайлық «China National Nuclear Corporation», Франциялық «Électricité de France», және Оңтүстік Кореялық «Korea Hydro & Nuclear Power».
-
Екінші кезең: Осы компаниялармен бәсекелі келіссөздер жүргізілді, қосымша ақпараттар сұралды, сондай-ақ вендорлар мен олардың серіктестерінің өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды.
-
Үшінші кезең: Кешенді бағалау жүргізілді. Бұл жұмысты «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС (КАЭС) француздық Assystem инжинирингтік компаниясының қолдауымен атқарды. Олар реакторлық технологияларды бағалаудың арнайы әдістемесін әзірледі. Бұл әдістемеде қауіпсіздік, технологиялық ерекшеліктер, қаржылық тиімділік, халықаралық тәжірибе, кадр даярлығы, жергілікті құрам үлесі және т.б. өлшемшарттар қамтылды. Assystem бұл әдістеменің Қазақстанның ұлттық атом энергетикасы мақсаттарына бейімделгенін және МАГАТЭ талаптарына сай екенін растады.
-
Төртінші кезең: Талдау нәтижелері тиісті ведомствоаралық алаңдарда қаралып, қорытындылар шығарылды.
Нәтижесінде, Қазақстанда АЭС салуға ең қолайлы және жан-жақты ұсыныстар Ресейдің «Росатом» және Қытайдың «China National Nuclear Corporation» компанияларынан алынғаны белгілі болды.
«Росатом» компаниясының Қытай, Түркия, Бангладеш, Беларусь, Үндістан, Иран, Мысыр сияқты елдерде 20-дан астам реактор салу тәжірибесі ескеріліп, аталған компания Қазақстандағы алғашқы АЭС жобасына басшылық ететін халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде таңдалды.
– Сіз бірнеше рет Assystem компаниясын атап өттіңіз. Бұл қандай компания?
Assystem – «КАЭС» ЖШС-нің техникалық кеңесшісі. Бұл компания әлемдегі ядролық энергетика саласындағы үш ірі инжинирингтік ұйымның бірі болып саналады және 55 жылдан астам тәжірибесі бар.
Assystem қауіпсіздік талаптары өте жоғары салаларда қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда олар 12 елде жұмыс істейді және 8 мыңнан астам сарапшыны біріктіреді. Компания жаңадан атом энергетикасын дамытып жатқан елдермен, соның ішінде БАӘ, Сауд Арабиясы және Түркиямен серіктестік орнатып отыр.
– «Росатомның» халықаралық тәжірибесі бар екені түсінікті. Таңдау кезінде тағы қандай факторлар ескерілді?
Шешім қабылдау кезінде тек тәжірибе емес, сондай-ақ қауіпсіздік деңгейі, технологиялық сенімділік, жергілікті өндіріс үлесін арттыру мүмкіндігі, отын циклінің тұйықталуы және жобаларды шетелде іске асыру қабілеті де қарастырылды.
Мысалы:
-
Қауіпсіздік: Барлық реакторлар сейсмикалық белсенді аймақтарда жұмыс істей алады (9 балдық жер сілкінісіне төтеп береді), белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.
-
Қызмет мерзімі: Барлық технологиялар 60 жылдық қызмет мерзімін ұсынады. Бірақ корейлік APR1000 мен француздық EPR1200 реакторлары әлі нақты қолдану тәжірибесінен өтпеген. Ал ресейлік ВВЭР-1200, қытайлық HPR1000 және корейлік APR1400 реакторлары нақты жұмыс істеп тұр.
-
Ядролық отын циклы: Ресей, Қытай және Франция барлық ядролық отын циклы тізбегіне қатысады. Ресей мен Қытай бұл циклдің кейбір элементтерін Қазақстанда орналастыруға дайын екендерін білдірді.
-
Құрылыс көлемі: Ресей мен Қытай өз елдерінде де, шетелдерде де 20-дан астам реактор салып үлгерген. Ал Франция мен Корея қазіргі таңда 2 реактордан ғана салып жатыр.
-
Консорциуммен жұмыс: Ресей мен Қытай халықаралық жобаларда түрлі өндірушілердің жабдықтарын үйлестіріп жұмыс істеу тәжірибесіне ие.
– Алдағы уақытта қандай жұмыстар күтілуде?
Қазір Қазақстан мен Ресей арасында АЭС құрылысы бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары мен жеңілдетілген экспорттық қаржыландыру туралы Үкіметаралық келісімдерді әзірлеу басталды. Бұл құжаттар екі елдің мемлекеттік органдарымен келісіліп, бекітіледі.
Содан кейін, Алматы облысының Жамбыл ауданында инженерлік ізденістер басталады. Бұл аудан АЭС салуға лайықты деп танылған. Ізденіс жұмыстары аяқталған соң, жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Бұл құжаттар АЭС құрылысының негізіне айналады.